744
Роллан Сейсенбаев - 70 жас
Роллан Сейсенбаев - 70 жас
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әдебиетшілер мен ғалымдар, студент жастар «Абай» халықаралық клубы мен «Аманат» әдеби журналының 15 жылдығын және аталған әдеби клуб пен басылымның құрылтайшысы, жазушы Роллан Сейсенбаевтың 70 жылдығын атап өтті.
Жиынның ашылуында сөз алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов құттықтау сөзінде атап өткеніндей, халықаралық «Абай» клубы мен «Аманат» әдеби журналы Қазақстанның әлемдік бренді болып табылады. «Бүгінде қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевтың клубы заманауи авторлардың, әлем әдебиеті классиктерінің және таңдамалы басылымдардың бірегей 200 томын шығарып, көпшілік оқырмандарға ұсынуда. Бұл өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі үздік үлгі болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «біздің бүгініміз бен болашағымызға құнды дүние бере алатын қазыналы кітаптар қорын жасау – жоғары талапты қажет ететін ең жауапты міндет», – деп атап өтті Ғалым Мұтанов.
Шара аясында «Менің жүз кітабым» сериясы басылымының таңдаулы жобасының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, әл-Фараби кітапханасында ұйымдастырылған көрмеде дүниежүзінің белгілі қаламгерлері мен заманауи ақын-жазушылардың кітаптары қойылды.
Роллан Сейсенбаев әлемдік әдебиет пен қазақ классиктерінің рухани мұрасын, ұлы ақын-жазушылардың шығармаларын кеңінен таратуды мақсат тұтады. Ол Лондонда Абай үйі мен Еуропада Қазақстанның көркемөнер орталығын ашуға мұрындық болған тұлға. Сондай-ақ, бүгінде Роллан Шакенұлы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Әлем халықтары әдебиеті институтының және халықаралық Абай клубының директоры қызметін қатар атқаруда. Институттың бағыт-бағдары – елдің мәдени өмірін дамыту, қазақ тілін өркендету және шетелдік баспалармен қарым-қатынасты нығайту. Мұнда студенттер мен қонақтар үшін белгілі қазақстандық және шетелдік ақын-жазушылармен әдеби кештер мен кездесулер ұдайы өткізіліп тұратыны мәлім.
Роллан Сейсенбаев – Дүниежүзілік өнер және мәдениет академиясының (Сан-Франциско) академигі, Мотовундық халықаралық баспагерлер тобының мүшесі, көптеген республикалық, халықаралық марапаттар мен әлемдік мәдениетке қосқан үлесі үшін берілген әдеби сыйлықтардың иегері. «Белсенді азаматтық көзқарасы, сан қырлы таланты, дарындылық қасиеттері оны заманауи көрнекті жазушылар қатарына қосты. Роллан Шакенұлының шығармалары көптеген әлем тілдеріне аударылып, Қазақстан, ТМД, Еуропа, АҚШ елдерінің мектеп бағдарламаларына енгізілген», – деп атап өтті ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі Алуа Темірболат.
Ал Роллан Сейсенбаевтың айрықша жобаларының бірі – халықаралық «Аманат» журналы. Қазақстан оқырмандарына жақсы таныс осынау көркемдік және қоғамдық-саяси басылым беттерінен оқырмандар белгілі қоғам қайраткерлері мен мемлекет басшыларының ой-толғаулары, әлемдегі белгілі жазушылардың шығармашылығы туралы ақпарат алып отырады. Бір сөзінде Мәскеу жазушылар одағының хатшысы Евгений Попов: «Мен Ролланмен 40 жылдан бері таныспын. Ол маған қазақ мәдениеті мен поэзия әлемінің есігін ашып, мен білмейтін жаңа кеңістіктерге жетеледі. Роллан ашқан Халықаралық «Абай» клубы мен әдеби «Аманат» журналы – көркем сөзбен жазылған керемет дүниелер. Мұндай бірегей басылымдар ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде де жоқ», – деп атап өтсе, Украинаның Халықаралық әдебиет және өнер академиясының президенті Сергей Дзюба 70 жасқа толып отырған қазақтың біртуар ақын-жазушысы Роллан Сейсенбаевқа «Мертвые бродят в песках» атты шығармасы үшін Николай Гоголь атындағы әдеби сыйлығын табыстап, Украина Ғылым академиясының академигі атағы берілгенін жариялады.
Шығармашылық кеште Сергей Дзюба ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтановтың украин тіліне аударылған «След на песке» атты өлеңін оқыды. «Мен ректордың өлеңдерін украин тіліне аудардым. Әсіресе, «Құмдағы із» және «Жұлынған жапырақ» өлеңдері маған қатты ұнайды. Жақын арада өлеңдер Украинаның белгілі «Вселенная» журналында жарияланады», – деп атап өтті Сергей Дзюба. Сондай-ақ, жиналған қауым алдында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановқа Халықаралық әдебиет және өнер академиясының философиялық поэзияға қосқан үлесі үшін марапатының табысталуы кештің қуанышты тосынсыйына айналды.
«Халықаралық «Абай» клубы мен «Аманат» жорналы әлем халықтарының тілі мен мәдениетін, рухани байлығын сақтап қалу үшін теңдессіз үлес қосып отырған шығармашылық зиялы қауымның басын біріктіруде», – деді Роллан Сейсенбаев. Ол жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, ТМД елдерінен келген көрнекті ақын-жазушыларды Халықаралық «Абай» клубының медалімен марапаттады.
Алма Құрманбаева,
ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің доценті