26 шілдеде Шымкент қаласындағы әскери бөлімде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймадағы жарылысқа қатысты айыпталған 16 адамға үкім оқылды, деп хабарлайды azattyq.
Сот 16 адамның 12-іне 4-10 жыл аралығында түрме жазасын берді, 4-і шартты түрде сотталды. Шартты жаза мерзімі 4 пен 7 жыл аралығы.
Сотталушылардың біреуі үкіммен келіспейтінін айтты. Қалғандары пікір беруден бас тартты. Жәбірленушілер өздеріне өтемақы төленбегенін айтып, наразылық білдірді.
Бұған дейін прокурор соттан айыпталушыларды 4 жылдан 10 жылға дейін соттауды сұраған еді. Адвокаттардың сөзіне қарағанда, айыпталушылардың барлығы кінәсін мойындамаған.