Ақынның айтылмаған сыры

Ақынның айтылмаған сыры

Ақынның айтылмаған сыры
ашық дереккөзі
382

Аманхан Әлімнің өлеңдегі өрнегі туралы ой

Аманхан Әлім асығып жүреді. Қимылы шалт. Жәй жүргеннің өзінде айналасын дүбірге бөлеп, асығып, аптығып, жер тарпып тұрады. Тірлігі біткенше бір тыным таппайды. Ол – уақыттың адамы. Дәуірге сай тіршіліктің бәрін бітіріп, жақсы мен жаманға үн қатып болып жаны тыншиды. Жер-жәһанның жаңалығын түгел біліп жүреді. Ол – білімді. Уақытқа сай нәрсенің қай-қайсысынан да шет қалмайды. Білсем деп алабұртып тұрады. Бұл – бала күннен бойына сіңген дағды. Ол инженер болса да темірдің тілін тапқан тәуір инженер болар еді. Журналист боп қалам ұстап, ежіктеп сөз қуып кеткен бір пенде ғой. Бойында ақындық бар, бар бәле сонан, соны көрсетем деп, әрі-сәрі боп, қаламның құлына айналды. Ол да дұрыс. Барды көрсеткенге не жетсін. Жоқты көрсетем деп тыраштанып жүргендерге таң қалам. Оның ақындығы қалай өзі? Ақындығы ана сүтімен бойына дарыған. Жаман ақын емес, қатарларының алды, өлеңі жұрттың есінде қалған, шайқап жүрген шайыр. Қараңыз: Қас пен көздің, бауырым, арасында, Асқақ кеуде соңына қарасын ба? Басым кетіп барады білегінде, Санам кетіп барады санасында.   Жаулап алған жанымды талма кеште, Керемет күн кешегі қалмады есте. Ернім кетіп барады ерінінде, Шайқалады шаттығым алма төсте.   Кеш ұғынған қадірін тірегім бе, Сол қыз қазір мұратым, тілегім де. Көзім кетіп барады бұрымында, Өзім кетіп барамын жүрегінде, – деген өлеңін бұл күнде үлкен-кіші жатқа айтады. Бұл – энциклопедиялық өлеңге айналды. Өлеңін жатқа айтқан ақын – бақытты дейміз. Ол біртіндеп сол деңгейге көтерілді. Ақынды мақтап керегі жоқ. Есенин мен Рубцовты, Әбділда мен Мұқағалиды мақтап ешкімге жақпайсың. Әсіресе, қазір біреуді мақтайтын кез емес. Олар – ақын. Аманхан да солардың қатарында. Оның өлеңі есте қалу керек, тосын жұрт іздеп жүріп оқуы керек. Мен «Түркістан» газетіне шыққан «Көзбояуы жоқ көріністер» циклімде мынадай бір эпизод келтірдім. «Аманхан – ақын. Ол өтірік айта алмайды. Мәскеуге, жас жазушылардың кеңесіне бірге ұштық. Жолсерік әкелген тамақты ішпей, көк аспанға үнсіз көз салып отыр. – Неге ішпейсің? – Біріншіні күтіп отырмын... Артынша жолсерікке: «Где мой первый?!» – деді өрекпіп, орысша сөйлеп. Жолсерік жымиды да қойды. Артынша экипаж жетекшісіне кетті. Олар ұшақта «бірінші» болмайтынын айтып, түсіндірді. Сөйтсе, Аманханның ұшаққа алғаш мінуі екен. Кейіннен, КСРО-ның басына күн туған шақта, Жоғары әдеби курсқа түсіп, әңгімені «Мен Мәскеуде оқығанда...», – деп бас­тайтын болды. Оның алдында оқып, КСРО-ның қызығын көріп келген Ұлықбек пен мен үнсізбіз. Ақынға дауа жоқ. Әсіресе, Аманханға...» Осыны көп жұрт оқып, жастар телефон шалды. «Бұл кісі сондай деп естуші едік» деп тамсанып, таңғалып жүрді. «Борщ пен азаматтық борышқа Көк жүзінде де адал біреуді көргендей болдық», – дейді. Ол малдас құрып отыра алмайды. Ауылда туғанмен қалада өсті. Біз ауыл мен қаланың арасында қалыптасқан ұрпақпыз. Бойымызда тұз бар. Сол тұз қазір тұла бойымызды сыздатады да тұрады. Біз беріспеуге тырысамыз. Ауыл мен қаланың айқасы да аз емес. Дәстүрді сақтау – бірінші міндетіміз. Өйткені, азды-көпті айтарымызды айттық. Әлі де айтамыз. Қызыл тілге қамшы салдыртпаймыз. Кейінгі ұрпақты соңымыздан ертсек дейміз. Бұл тұрғыда Аманхан өлеңсөзбен де, көсемсөзбен де көштің алдында. Дәуірдің сөзін көсемсөз арқылы айта білген қаламгер – өзін тапқан қаламгер. Аманхан соның нағыз өзі. Уақыт та соған сай кеп тұр. Біраздан бері «Ақиқат»-тың тізгінін ұстап, уақыттың ақиқатын айтып келе жатыр. Өз қатарымнан кім қай кәсіптің тізгінін ұстап отыр деп ойлаймын кей кездері пенделікке салынып. Аманхан ғарышкер болып кетсе де, қаламына адал болар еді. Қалам оның кеселі ғой. Зымыранның ішінде де өлеңін жазып, жазғанда да тек шабытпен ғана жазып, көсемсөзінің тақырыбын дәл тауып, келгесін Күләй қарындасыма рахаттанып оқып берер еді. Ол – уақыттың перзенті. Уақыттан еш кенде қалмайды. Құдай оны солай жаратқан. Оны жастар ерекше жақсы көреді. Бойында жұртты өзіне тартып тұратын, жек көрсе де қайтып кеп ымыраға тез жығылатын жағымды қасиеті бар. Білімді адам – өтімді. Білімділігімен де жұрттың есінде қалады. Талантын жұрт мойындап, іздеп жүріп оқиды десек, артық айтқандығым болар. Мұндай сөзге жұрт салқын қабақпен қарайды. Әдебиет оқылмайды, дейді. Әдебиет оқылады. Біз кітапты қонышына тығып жүріп оқыған халықтың ұрпағымыз. Ол Д.Лондон мен Э.Хемингуэйді де, С.Есенин мен Әбділданы да жаңғақша шағады. Карл Марксті көп айтады. Бір жақындығы бар ма, білмеймін. Михаил Булгаковты да сүйіп оқиды. Оның «Собачье сердце»-сіндегі: «Следовательно, разруха не в клюзетах, а в головах» деген сөйлемді жанындай жақсы көріп, жатқа айтады. Бүліншілікке қаны қас. Әрдайым бірлікті қалайды, ымыра болса екен деп іштей тынып жүреді. Кім болса соны құр мақтай бермейді, ешкімнің көңіліне қарамай, барын бар, жоғын жоқ деп, Әдебиет институтының табалдырығынан алған тәлімін көрсетеді. Қалтай ағам (Мұхамеджанов): «Мен мақтанбаймын, бірақ кейде мақтанғанымды білмей қалам» дейтін. Сол кісінің тікелей ұрпағы ғой. Мақтанғаны өзіне жарасып тұрады. Осыны ақынға тән айшықтармен көрсетіп те қояды. «Аманхан аға айтып еді» деген кейінгі жастардың ерекше бір ынтығуын да естіп қаламыз. Әдебиетке деген адалдық, білсем деген ынтызар көңіл мен құлшыныс олардың ар жағында көрініп тұрады. Әр нәрсе өз кезінде. Аманханның да өзіне тән сыры мен сымбаты бар. Ащы мен тұщының, апиын мен балмұздақтың дәмін тату – азаматтың өз еркінде. Оның ішінде Алматыға кеп өлең жазып, Абай ескерткіші мен «Арман» кинотеатрының арасында арлы-берлі жүрген ақынға... Поэзия – қырық құпиялы әлем. Ол әдебиет сыншыларының еншісінде. Маған ақынның өлеңін талдағаннан гөрі өлең жазардағы осындай өрекпуін айтқан абзал. Соның кейбір сәттерін ғана сыздықтатып сыр ғып жеткізіп отырмын. Бір-біріміздің білместігімізді білдіріп отырғанға не жетсін. Уақыт аттандап алға шауып барады. Ол – қаламға адал. Өлеңі де, көсемсөзі де елдің есінде. Қашанда айтып жүреміз. Жақсылықты жеткізе білу де оңай емес. Әдебиет әлеміндегі өнеге осы. Ол  қажылықтан оралды. Өмірге салынған жаңа өрім, жаңаша сипат. Жарасып-ақ тұр. Өлеңге де жаңа өрнек салары сөзсіз. Әдебиет – бәрінің төбесінен қарап тұр. Поэзия – биіктен шұқшиған тап-таза әлем. Жұртшылық басына тақиясын киіп, Меккеден оралған ақынға тықырши қарайды. Онсыз өмір ме? Ол  – Әбділда мен Мұқағали, Төлеген мен Жарасқан көрмеген жерлерді көріп қайтты. Осының бәрі поэзия әлеміне жанашырлық, жаңалық әкеледі. Айрықша  жырлар күтеміз. Айтпақшы, Гоголь «Өлі жандарды» поэма деп атаған ғой. Аманхан поэма жазбаған ақын.  Енді уақыты келді. Ол бір нәрсені күтіп жүр.  

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,

жазушы

Серіктес жаңалықтары