Достықтың жаршысы

Достықтың жаршысы

Достықтың жаршысы
ашық дереккөзі
1512

Қай қиырда жарық дүние есігін ашса да, өзінің түп-негізін ұмытпаған қазақ баласы ұлтының рухани әлемінен көз жазбайды. Сондықтан ата-ананың тәрбиесінен бойға сіңген ізгі қасиет пен білімге деген құмарлық ұштасқанда талапшыл баланың болашаққа құлаш сермеп, биік мақсаттарға ұмтылуы табиғи.

Жас­тайынан қазақ, өзбек әдебие­тінің бұлағынан рухани нәр алып, оларды тел еміп, сусындаған Қал­ды­бек Сейданов екі ел әдебиетін түпнұс­қа­дан оқып, өзі де екі тілде бірдей жаза­тын, бірдей сөйлей алатын қаламгер ре­тін­­де қалыптасты. Ол − 1964 жылы Ташкенттегі Ни­за­ми атындағы Мемлекеттік педа­го­гикалық институтының «Тарих-фи­ло­логия» факультетінің қазақ бөлімін бі­тірген соң, сол жылдың бірінші қыр­күйегінен бастап, Өзбекстан Республикасы Ғы­лым академиясына қарасты А.Пушкин атындағы (қазір Әлішер Науаи атындағы) Тіл және әдебиет институтының «Әде­биеттер байланысы» бөліміне аға лабо­рант болып жұмысқа орналасады. Сөйтіп жү­ріп қазақ-өзбек әдебиеттану ғылы­мы­ның өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұр­ғыдан зерттей бастайды. Сөйтіп, атал­ған институтта кіші ғылыми қызметкер мін­детін атқара жүріп, 1969 жылдың 13 қарашасында «Өзбек-қазақ халықтары достығының екі ел көркем әдебиетінде бейнеленуі» деген тақырыпта Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Беруни атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, әдебиетші ғалым Юсуф Султанов жетекшілігімен Алма­ты­дағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет жә­не өнер институтының біріккен ғы­лыми кеңесінде кандидаттық диссерта­ция­сын сәтті қорғап шығады. Қ.Сейдановтың ғылыми жұмысына Қазақ­стан Республикасының ірі ғалым­дары академик Мұхаметжан Қаратаев, академик Зәки Ахметов, ақын әрі ғалым Әбділдә Тәжібаев, Мүсілім Базарбаев, Рах­манқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахметов, Евгения Лизунова, Шәмшиябану Сәтбаева сияқты т.б. ғылым докторлары жоғары баға беріп, өзбекстандық жас ғалым бола­ша­ғына үлкен үмітпен қарайды. 1964 жылдан 1981 жылдың 16 шілде­сі­не дейін Өзбекстан Республикасы Ғы­лым академиясының А.Пушкин атындағы Тіл және әдебиет институтында түрлі лауа­зымда он сегіз жыл қызмет атқарған Қалдыбек Сейданов белгілі өзбек ғалым­дары академик Иззат Сұлтанов, Юсуф Сұл­танов, филология ғылымдарының док­­торлары, профессорлар Хамил Яқубов, Матяқуб Қосжанов, Хафиз Абдусаматов, Са­лақидин Мамажанов, Төра Мырзаев, Бақ­тияр Назаров т.б. тұлғалармен қыз­меттес бола жүріп, қазақ-өзбек әдеби-мә­дени байланыстары жайлы жүйелі зерт­теу жұмыстарын жүргізді. 1981 жылдың 16 шілдесінен бастап, Ни­зами атындағы Мемлекеттік педагоги­ка­лық институтына жұмысқа кіріп, ондағы «Қазақ филологиясы» кафедрасы­ның меңгерушісі, доценті болып 1993 жыл­дың бірінші ақпанына дейін он екі жыл қызмет атқарған ол студенттерге «Әде­биеттану ғылымына кіріспе», «Әде­биет тарихы», «Әдебиет теориясы», «Әде­биет сыны», «Арнаулы курс» сияқты т.б. пән­дерден лекция оқып, ұстаздық етті. Ғылыми зерттеу жұмыстары мен пе­дагогикалық қызметті қатар ұс­тап, жүйелі түрде жүргізе білген қарымды қаламгер 1970 жылдан бүгінге дейін, үлкенді-кішілі 22 ғылыми зерттеу еңбек­терін қазақ және өзбек тілінде шығарып, 800-дей әдеби, ғылыми мақалаларын қазақ, өзбек тілдерінде жариялады. Бұл орай­да оның «Адабий қардошлик» (1970), «Мухтар Авезов ва қардош халқлар ада­биети» (1977), «Адабий хамкорлик» (1978), «Достық әуендері» (1978), «Дустлик куйлари» (1980), «Некоторые вопросы ка­захской филологии» (1983), «Ўзбек-қо­зоқ ўзора адабий алақолари тарихидан» (1984), «Хамза ва қордаш халқлар ада­биёти» (1995), «Қазақ әдебиеті сынының даму тарихы» (1997), «Әуезов әлемі» (1997), «Чингиз Айтматов ва ўзбек ада­биёти» (1999), «Әуезов және Орта Азия әде­­­биеті» (2005) сияқты т.б. еңбектерін атап өткен орынды. Қалдыбек Сейдановтың өзбек­стан­дағы қазақ мектептеріне сіңірген ең­бегі де елеулі. Ол Өзбекстан Респуб­ли­ка­сындағы 380-ге жуық қазақ мектеп­тері­нің 5, 7, 9, 10, 11 сыныптары үшін «Қазақ әде­биеті» оқулықтарын жазып, олар 2005 жыл­дан 2021 жылдар аралығында, 4 рет ба­сы­лып шығып, Өзбекстандағы қазақ мек­тептерінде оқитын балалардың қазақ әде­биетінен лайық білім алуына көп кө­мегі тиіп жатыр. Сондай-ақ 2006 жылы 5-9 сыныптар үшін «Қазақ әдебиеті» атты бағдар­ла­маны жазып жарияласа, 2005 жылы жо­ғарғы оқу орындарының филология бө­лім­деріне арнап «Арнаулы курс», «Ар­наулы семинар» сабақтары үшін оқу­лықтар шығарды және 10 томдық «Таң­дамалы шығармалар» жинағы жарық көр­ді. Мұның сыртында Орталық Азиядан әде­биет классиктері мен талантты ақын-жа­зушылар жайында жазған мақа­ла­лары­ның өзі бір төбе. Қ.Сейданов кейінгі жылдарда да бірнеше кітап шығарды. Мәселен, 2018 жылы қазақ-өзбек халықтарының достығы, әдеби-мәдени байланыстары жай­лы «Өзбекстан», «Әдебиетшілер» бас­па­ларынан «Туысқандар» (көлемі 30 баспа та­бақ), ұлы Абайдың 175 жылдығына орай 2020 жылы «Абай және Орта Азия» атты (көлемі 22 баспа табақ), 2021 жылы Әлі­шер Науаидың 580 жылдығына орай «Науаи және қазақ әдебиеті» (көлемі 18 бас­па табақ) монографияларын шығаруы ерен еңбектің жемісі деуге болады. Қалдыбек Сейданов белгілі әдебиет зерт­теушісі, сыншы-ғалым ғана емес, ол қаламы төселген прозашы да. Оның қаламынан шыққан «Тоғысқан тағ­дырлар», «Сүймегенге, сүйкенбе» атты қа­зіргі жастар өмірінен сыр шертетін ро­­м­андарымен бірге, «Тағдыр» атты пове­сін, «Махаббат машақаты», «Ана арманы», «Жы­лы-жылы сөйлесең», «Ақ қыз», «Кере­мет келін», «Ерте үзілген гүл», «Өмірде не бол­майды», «Жалқау бала» «Күй құдіреті», «Ке­лін» сияқты т.б. 20-дан астам әңгі­ме­лерін де оқырман қауым жылы қабыл­да­ды. Сондай-ақ ол «Сезім сырлары» (2013), «Өмір өрнектері» (2018) атты жыр жинақ­тары­ның авторы. Ол аудармашы ретінде де қазақ ті­лінен өзбек тіліне, өзбек тілінен қа­зақ тіліне аудармалар жасап, екі ел әде­биетінің толымды туындыларын бір-бі­ріне танытуға еңбек сіңірді. Қ.Сейданов өз­бек әдебиетінен Айбектің «Гүлнар әп­ке», Әділ Яқубовтың «Жоғалған жұлды­зым», Өткір Хашимовтің «Мен қалай жын­дандым», Тахир Мәліктің «Еркін», Еркін Мәліктің «Шайтанның шатақтары» атты прозалық туындылары мен орыс қаламгері Виктор Алисмановтың «Әйел құдіреті» атты шығармасын қазақшаға ау­дарып, қазақ оқырмандарын өзбек қа­ламгерлерінің шығармаларымен та­ныс­тырды. Ал өзбек тіліне Әбділдә Тәжібаев, Тұ­манбай Молдағалиев, Қадыр Мыр­залиев, Мұхтар Шаханов, Қайрат Жұ­ма­ғалиев, Батима Батырбекованың өлеңдері мен Тәкен Әлімқұловтың әңгімелерін, «Қазақ мақал-мәделдерін» аударып жария­лап, өзбек оқырмандарын қазақ поэзия­сы­мен таныстырды. Қалдыбек Сейдановтың Өзбекстан­да­ғы қазақ баспасөзіне де қосқан үлесі мол. Ол 1993 жылдың 20 ақпанынан 2003 жылдың 12 шілдесіне дейін Өзбек­стан Республикасы Олий Мажлисі мен Ми­нистрлер кабинетінің қазақ тілінде шы­ғатын республикалық «Нұрлы жол» га­зетінің бас редакторы болып қызмет ат­қарып, ол жақтағы қазақ журна­лис­ти­ка­сының дамуына, көптеген қазақ қалам­гері­нің республикаға танылуына зор ықпал етті. Сондай-ақ 1989 жылдан 2013 жылдың басына дейін Өзбекстан Жазушылар Одағы жанындағы «Қазақ әдебиеті» кеңесінің төрағасы ретінде де, Өзбекстанның барлық облысында және Қарақалпақстан Республикасында қалам тер­беп жүрген қазақ ақын-жазушы­лары­ның басын қосып, жыл сайын ақындар мү­шәйрасын өткізуге, ақындар айтысын ұйымдастыруға басшылық жасады. 1963 жылдан күні бүгінге дейін қазақ, өз­бек халықтары достығы мен әдеби-мә­дени байланыстарын жүйелі зерттеп, екі ел әдебиеттану ғылымының дамуына сү­белі үлес қосып келе жатқан Қалдыбек Сей­дановқа 1991 жылы «Өзбекстан Рес­пуб­ликасына еңбегі сіңген мәдениет қыз­меткері» атағы берілсе, 1996 жылы Өз­бек­стан Республикасы Егемендігінің 5 жыл­дығына орай «Шухрат» медалімен мара­пат­талды, сондай-ақ Өзбекстан мен Қа­зақ­стан Республикалары Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдығына байланысты екі елдің төсбелгілері берілді. 1999 жылы Астанада өткен Орта Азия мен Қазақстан әде­биет, мәдениет және өнер қайрат­кер­лерінің Құрылтайына қатысып, «Астана» ме­даліне ие болса, өткен жылдың соңын­да Өзбекстан Республикасы президенті Шав­кат Мирзиеев қолынан «Достық» ор­денін алу құрметіне ие болды. Алпыс жылдай уақыт бойы туысқан екі елдің арасындағы туысқандық пен дос­тық, ынтымақ пен бірлік үшін тер тө­гіп келе жатқан Өзбекстан Тұран Ғы­лым­дар академиясының және Қазақстан Гума­нитарлық ғылымдар академиясының академигі, қарымды қаламгер Қалдыбек Сей­дановтың әлі де берері мол. Ел мен елдің арасын жақындатып, достықтың жаршысы болғандар әрдайым құрметке лайық.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары