533
Мәулен ӘШІМБАЕВ: Жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдықтары
Мәулен ӘШІМБАЕВ: Жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдықтары
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламент Сенаты Жолдауда жүктелген міндеттерді дер кезінде орындап, Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын іске асыруға өз үлесін қосуға дайын екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялап, еліміздің алдында тұрған негізгі басымдықтар мен мақсат-міндеттерді анықтап берді. Осы ретте, алдымен, биылғы Жолдаудың нақтылығын атап өткен жөн. Президентіміз коронавирус пандемиясын және соның салдарынан болған экономикалық дағдарысты еңсерудің, сондай-ақ, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудың нақты жоспарын жасап берді. Жаңа құжатта қазіргі таңда қоғамды алаңдатқан маңызды мәселелер қамтылған және оларды шешу жолдары ұсынылған. Жолдауда белгіленген басымдықтар Мемлекет басшысының стратегиялық бағдарын дәйекті түрде іске асыруды көздейді. Бірінші кезекте, шағын және орта бизнесті кең көлемде қолдау шаралары әрі қарай жалғасады. Президентіміз «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының тиімділігін атап өтіп, олардың мерзімін әрі қарай ұзартуды тапсырды. Соған сәйкес қазақстандық бизнесті қолдау жалғаса береді. Мемлекет басшысы соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейіп бара жатқанына назар аударды. Соған байланысты бюджеттік тәртіпті сақтау қажеттігін айтты. Бұл мәселе Сенат отырыстарында бюджетті қарау кезінде бірнеше рет көтерілген еді. Одан бөлек, ел Президенті Үкімет пен Ұлттық банкке мемлекет қаржысын басқаруды реттейтін бөлек Тұжырымдама әзірлеуді тапсырды. Жолдауда әлеуметтік проблемаларға айрықша басымдық берілген. Оған індеттің халықтың табысы мен әлеуметтік ахуалына айтарлықтай зардабын тигізуі себеп екені сөзсіз. Осы ретте Мемлекет басшысының ең төменгі жалақыны 42 мыңнан 60 мыңға дейін көтеру, қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге жеңілдіктер беру, еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту және бизнес үшін бірыңғай төлем енгізу сияқты бастамалары қазақстандықтардың табысын арттыруға арналып отырғанын айтқан абзал. Президентіміздің мектептердегі орын тапшылығын жою бойынша берген нақты тапсырмасы да өте өзекті. Соған сәйкес 2025 жылға дейін салынуға тиіс мектептер саны 800-ден 1000-ға дейін көбейтілді. Жолдауда зейнетақы жинақтарын пайдалану арқылы қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешуге арналған қосымша шаралар да айтылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы инфляцияны 4-6 пайыз деңгейінде ұстап тұру туралы нақты тапсырма беріп, азық-түлік бағасының бақылаусыз өсуіне жол бермеу қажеттігін айтты. Жолдаудың ауқымды бөлігі өңірлер мен ауыл-аймақты дамыту мәселесіне арналған. Сенаторлар негізінен өңірлердің өкілдерінен сайланатындықтан, Мемлекет басшысының бұл бағыттағы тапсырмалары біздің Палата үшін аса маңызды. Барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңсіздікті азайту және олардың қаржылық дербестігін арттыру бойынша тапсырмалар берілді. Еліміздің ішкі байланысын жақсарту үшін көлік инфрақұрылымына қатысты бұған дейін басталған барлық жобаны аяқтау керектігі де айтылды. Мемлекет басшысы су ресурстарын үнемді пайдалану мәселесіне назар аударып, тиісті органдардың алдына су инфрақұрылымын жаңғырту, өнеркәсіп пен экономиканы экологиялық тазарту және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін қойды. Жолдауда ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды. Президентіміз мемлекеттік аппаратқа ебін тауып орнында отыра беруге және тапсырмаларды орындаудан жалтаруға ешқандай жол берілмейтінін шегелеп тұрып айтып, негізгі басымдықтарды нақты көрсетіп берді. Қазіргі таңда еліміз дамудың шешуші кезеңіне қадам басты. Сондықтан мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Бұл ретте Парламентке де Президент бастамалары мен тапсырмаларын іске асыруға арналған заңдарды дер кезінде қабылдау міндеті жүктеліп отыр. Парламент Сенаты осы бағытта барлық мүдделі тараппен бірлесіп жұмыс істеуге және Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын іске асыруға өз үлесін қосуға дайын, - деді Сенат Төрағасы.