437
Мына жұрт Хейзені біле ме екен?
Мына жұрт Хейзені біле ме екен?
1910 жылы, әлем әдебиетіндегі ең әйгілі марапатты неміс қаламгері Пауль Хейзенің иеленгені есіме түскенде осындай бір мазасыз ойлар көңілімді түрткілеп, жаныма тыныштық бермей қойды. Бірақ амал нешік? Әлем әдебиетінің мұзжарғыш кемесіндей болған Лев Толстой, Антон Чехов, Шервуд Андерсен, Марк Твен, Марсель Пруст, Теодор Драйзер, Джеймс Джойс, Франц Кафкалардың талантына бұйырмаған бақ 1910 жылы қатардағы көп жазушылардың бірі Пауль Хейзенің қолына қона кетті. Атағы дардай сыйлықты ол Германия мемлекетінің атынан алды.
Парадокс! Неге екенін білмеймін, айналдырған он жылдың ішінде неміс халқы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына осымен үшінші мәрте ен салды. Әйткенмен осыған қарап ХХ ғасырдағы сөз өнерінің зор табысы мен бағындырған асқар биігін Швед Академиясындағы сарапшылардың көзіне шалынып, көңілдерінен шыққан туындылары арқылы бағалаудың еш қисыны жоқ. 1910 жылға дейін оны неміс ұлтының атынан алған тарихшы Теодор Момзен, философ Рудольф Эйкен мен біз бүгін шығармашылығын тілге тиек етіп отырған Пауль Хейзелерді қазір әлем оқырмандары аса жақсы танымайды. Ең қызығы, Пауль Хейзенің алғаны аздай, іле-шала бір жылдан кейін Нобель сыйлығы тағы да бір неміс драматургі Герхарт Гауптманның қанжығасына байланды. Әділіне жүгінсек, Швед Академиясындағы сарапшылардың сол жылдардағы жасаған таңдауы қарапайым оқырмандар түгіл, әдеби орта үшін де мүлде түсініксіз жағдай.
Біз бұдан бұрынғы әңгімелерімізде Нобель сыйлығын тақымына басқан тарихшы Теодор Момзен мен философ Рудольф Эйкендердің өз заманының белгілі ғалымдары болғанымен, артына қалдырған еңбектерінің аса құнды қазына бола алмағанына егжей-тегжейлі тоқталып, шамамыз жеткенше себебін түсіндіріп беруге тырыстық. Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Пауль Хейзені де аты да ұмытылған, шығармалары да аса көп оқылмайтын қаламгерлердің қатарына қоссақ, қателесе қоймасымыз айдан анық.
Артына жиырма томнан астам әдеби мұра қалдырғанымен, Хейзенің туындылары уақыт сүзгісінің елегінен өткен жоқ. Бірақ өткен ғасырдың басында неміс қаламгерінің негізгі шығармаларының Ресейде кітап болып басылып шығып, новеллаларының орыс классигі Тургеневке қатты ұнап, «Көктемгі сулар» повесін жазуына әсер етуі Пауль Хейзе шығармашылығының өз замандастарына тигізген ықпалының аз болмағанын аңғартады. Әйткенмен талай-талай таланттарды дәмелендірген биік мәртебеге қол жеткізген қаламгер туындыларына деген оқырман көңілінің кенеттен келген күздей суып кетуінің себебі неде?
Жалпы, Хейзе шығармашылығына деген қызығушылық ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында, суреткер новеллаларындағы көтерген мәселелеріне байланысты пайда болған сыңайлы. Германия мен Еуропадағы қоғамдық ахуалдың тұрақсыздығына қарамастан Хейзе прозасында отбасы, неке, қарапайым адамдық сезімдер негізінде мәңгілік өмірлік құндылықтар дәріптеліп, мына дүниеге оптимистік көзқараспен қарауды қалыптастыру бағыты насихатталады. Сол кездегі жазған туындылары идеологиямен иістеніп кеткен қаламгерлердің дүниелеріне мүлде ұқсамайтын Хейзе шығармашылығының осындай қырына Швед Академиясының сарапшылары баса назар аударған болуы әбден ықтимал. Дегенмен дүниені дүрліктірген ірі оқиғалардан соң, саясаттан іргесін аулақ салып, бейбіт өмірдің ләззатын жырлаған Хейзе туындыларына деген оқырман көңілі тез суып қалды. Мақалалары мен хаттарында теориялық тұрғыдан дәлелдеп, новеллаларында көрсеткен жазушының сөз өнеріндегі көркемдік тәсілі немістің классикалық эстетикасымен тығыз түйіседі. Екінші жағынан жазушының кештеу келген романтизммен үйлесетін новеллаларында суреткерлік шеберлікпен баяндалатын өмір шындығына сын көзбен қарау да бар.
Дегенмен жиырма томнан астам әдеби мұрасы бар қаламгердің атын да, жазған шығармаларын да бүгінде әдебиет саласын зерттеп жүрген мамандар болмаса, қарапайым оқырмандар жөнді білмейді. Жиырмасыншы ғасырдағы әлемге танылған, Нобель сыйлығын иеленген немістің ірі классиктері Томас Манн немесе Гюнтер Грасстың туындыларындай Хейзенің кітаптары бүгінде миллиондаған данамен жарық көріп жатқан жоқ. Дей тұрсақ та, өз дәуірінде ол жазған шығармаларында сөз өнерінің эстетикалық және ізгілікті қасиеттерін сақтап қана қоймай, оны жаппай оқырманға жақындата алған бірден-бір қаламгер болды. Әсіресе, мұндай дара сипат жазушы новеллаларында айқын көрініс тауып, оны тек Германия жұртына ғана емес, шетел оқырмандарына да кеңінен танымал етті. Кеңес заманында жазушы шығармашылығына арналған К.Мартенстің, А.Гугниннің, Р.Самариннің әдеби зерттеулері жарық көргені мәлім. Шет елдің әдебиеттану ғылымында да Пауль Хейзе шығармашылығы жан-жақты зерттелді. Алайда неміс ғалымдары Хейзенің әдеби мұрасын тек реализмнің контексінде қарастырады, екіншіден ол зерттеулерде жазушының эстетикалық ізденістері мен өмірлік ұстанымы ескерілмей, көп қырлы шығармашылығының кейбір аспектілері ғана талданады. Неміс новеллистикасының дәстүрін жалғастыра отырып, ол бұл жанрдың теориялық мәнін түсіндіруге зор үлес қосты, шекарасын кеңейтіп, поэтикалық новелла жазудың жарқын үлгісін танытты.
1852 жылы Италияға жасаған сапары Хейзе шығармашылығында айшықты ізін қалдырды. Жазушының көркемдік әлемінде адалдықтың, махаббат пен отбасының көрінісі болып саналатын италиялық бикештер мен тамылжыған табиғаттың әсем көрінісі пайда болды. Осы саяхаттың арқасында жазушының тұтас бір италиялық новеллаларының топтамасы дүниеге келді.
Әрине, бір мақаланың төңірегінде Пауль Хейзенің шығармашылығын егжей-тегжейлі талдап шығу мүмкін емес. Біз негізінен жазушының сан қырлы шығармашылығының басты ерекшеліктеріне ғана назар аудардық. Енді әлемге әйгілі марапатты иеленген неміс қаламгерінің өміріне де қысқаша шолу жасай кетейік.
Пауль Хейзе 1830 жылдың 30 наурызында Берлин қаласында дүниеге келді. Әкесі Карл Вильгельм Людвиг Хейзе классикалық филологияның профессоры болды. 1847 жылға дейін Фридриха-Вильгельм гимназиясында оқып, оны өте жақсы нәтижемен тәмамдады. Отбасының мүмкіндігі мен байланыстары жас Паульдің шығармашылық адамдарының ортасына жақынырақ болуына көп септігін тигізді. Гимназиядағы оқуын аяқтағаннан кейін ол Берлин университетінде классикалық филологияны зерттеумен айналыса бастады. Екі жылдан кейін, өнер тарихы мен роман тілдерін зерттеу үшін Бон қаласына қоныс аударды. 1850 жылы Пауль Хейзе романдық филология тақырыбына арналған диссертациясын жазуға кіріскенімен, білім мекемесіндегі бір профессордың әйелімен жүріп, көңілдесі болғаны үшін Берлинге қайтарылады. 1851 жылы «Тонниель» ұйымы ұйымдастырған әдеби байқауға қатысып, жеңіп шығады. 1852 жылдың мамырында Хейзеге трубадурларға арналған еңбегі үшін доктор атағы берілді, ал пруссия университетінің стипендиясы оған провансалдық манускрипттерді зерттеу үшін Италияға баруына мүмкіндік туғызды. Италияда жүріп жарық көрмеген қолжазбаны көшіргені үшін оның Ватикан кітапханасында жұмыс істеуіне тыйым салынады. Міне, осылайша ол 1853 жылы Германияға оралып, әдеби қызметпен айналысуға кірісіп кетеді. Баварияның королі ІІ Максимилиан оған Мюнхен университетінің профессоры атағын береді. Аталған университетте дәріс оқымағанына қарамастан профессор атанады. Үйленгеннен кейін 1854 жылдың 15 мамырында Мюнхенге келіп, келесі жылы перзент сүйіп, ұлы Франц дүниеге келеді. Ұлынан басқа бірінші әйелінен жазушының тағы да үш баласы болды. 1859 жылы Хейзе Германиядағы бір үлкен әдеби басылымның бас редакторы қызметіне тағайындалды. Бірнеше жылдан кейін ауыр сырқаттан әйелі дүние салды. 1867 жылы екінші рет үйленіп, уақытының бәрін әдеби қызметке арнады. 1910 жылы неміс жазушысы Пауль Хейзе әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленіп, екі жылдан кейін Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына бірнеше ай қалғанда өмірден өтті.
Пауль Хейзе – артына өте мол әдеби мұра қалдырған қаламгер. Ол өте көп жазды. Жазушы қаламынан туған шығармалар 20 томнан асады. Прозалық туындылардан бөлек, жазған өлеңдері де бар. Драматург ретінде де ол өнімді еңбек етті. Бірнеше романды дүниеге әкелді. Бірақ неміс әдебиеті үшін басқа туындыларынан гөрі Хейзе новеллаларының алатын орны әрқашан биік. Әлеуметтік мәселелерді қозғаған әдебиеттегі натуралистік бағытты жазушы қолдамады. Жазған новеллаларында ол әртүрлі пейзаждарды жасады. Алғашқы туындыларында әлі де өркениеттің дауылы жетпеген табиғаттың балғын шағы, адамның табиғатпен байланысы суреттеледі. Осы тұрғыдан алғанда қазақ жазушысы Оралхан Бөкей мен неміс қаламгері Пауль Хейзе шығармаларының арасынан бір үлкен туыстықты, үндестікті сезгендей боласың. Айталық, Оралхан Бөкейдің «Терісаққан» немесе «Кербұғы» туындаларын оқығанда Хейзе шығармаларында шеберлікпен суреттелетін адам мен табиғаттың үндестігін сезгендей әсердің бесігіне бөленесің.
Пауль Хейзенің кемеліне жеткен шағында жазған новеллаларында қаланың тіршілігі де суреттеледі. Ол шығармаларды оқу барысында қаламгердің көркемдік әлемінің қалай дамығанын анық сезесің. Хейзенің новеллаларын тілге тиек еткен соң, автордың өзі «өлеңмен жазылған новелла» деп атаған туындылары жайлы бір ауыз сөз айтпай кетуге болмайды. Дегенмен Хейзе туындыларының мысалына сүйене отырып, оған мынадай анықтама бере аламыз. «Өлеңмен жазылған новелла» дегеніміз – прозалық новелланың барлық жанрлық белгілері сақталған лиро-эпикалық туынды. Бірақ ол шығармада өлеңнің көлемі мен буыны сол күйінде сақталады». Зады бұл жаңалық Хейзенің көркем прозадағы ең батыл эксперименті.
Ұзақ жылдық ғұмыры бар шығармашылығында неміс суреткері Гете мен классицизм дәстүріне адал болды. Бірақ Хейзе классицизм әдебиетінің идеялық мазмұнын өз бетінше түсіндірді. Сөз өнерінің биік адамгершілік мұраты мен эстетикалық деңгейін сақтай отырып жазушы классицизм әдебиетінің идеалдарын қоғамның сұранысына лайықтап бейімдеуге тырысты. Бұл өз кезегінде қаламгерден образдар мен шиеленістің ауқымын өзгертуді, оны жаппай неміс оқырманының талғамына ыңғайлауды талап етті.
Екінші жағынан бұл бізге романтизмнен іргесін аулақ салып, бірте-бірте реализмге қарай бағыт ала бастаған неміс әдебиетімен П.Хейзе шығармашылығының әдемі үйлесім тапқаны туралы айтуымызға негіз бола алады. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында мұндай құбылыс «бидермейер әдебиеті» деп аталып жүр. Сыршылдық, камералық, сентименталдық, дүниені әсірелеу – әдебиеттегі бидермейерлікке тән сипаттар. Хейзе тап осы сипаттарды новелла жанрында шебер қолданды. Жазушы новеллаларының басты кейіпкерлері – қарапайым шет аймақтық тұрғындар, бейшара суретшілер, әртістер мен пошта тасушылар. Хейзе новеллаларының сюжеттері жеке өмірдің үзігін ғана суреттеп, өздеріне дән риза неміс бюргерлігінің жайлы тіршілігін оқырман көзіне елестетеді. Дей тұрсақ та, бидермейер әдебиеті уақыт өте келе «бюргелік» тамырынан ажырап, бұқаралық әдебиетке айналды.
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ