312
Жыл соңына дейін 37 жатақхана пайдалануға беріледі
Жыл соңына дейін 37 жатақхана пайдалануға беріледі
Жыл соңына дейін 37 жаңа студенттер жатақханасы пайдалануға беріледі, - деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар соңғы үш жылда үшінші әлеуметтік бастама шеңберінде елімізде 85 жаңа жатақхана іске қосылып, 22 мыңнан астам студент қоныстанды. Айта кеткен жөн, соңғы 10 жылда елімізде тек 8 жатақхана салынған.«Министрлік Елбасының үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студенттер жатақханаларын салу мен қайта құру қарқынын жеделдетудің жаңа тетіктерін әзірледі. Атап айтқанда, жатақханалар нысаналы құрылыс және жоғары оқу орындарының өз қаражаты есебінен, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша салынады. Яғни, инвесторлар өз қаражатына жатақхана салады, ал министрлік оларға мемлекеттік тапсырысты орналастырып, студенттің әрбір жатын орнын төлейді», — деп атап өтті ҚР БҒМ Қаржы орталығының президенті Асқар Ибраимов.Құрылыс жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін ұлғайту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл қалаларда жатақханаларға аса қажеттілік байқалады. Сондай-ақ қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімін 8 жылдан 5 жылға дейін қысқарту жөнінде ұсыныс әзірленген.