16 қыркүйекте болған маңызды оқиғалар

16 қыркүйекте болған маңызды оқиғалар

16 қыркүйекте болған маңызды оқиғалар
ашық дереккөзі
333
1992 жылы Тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін елдердің Парламентаралық ассамблеясы құрылды. 2000 жылы Атырауда Мысыр билеушісі болған Бейбарыс сұлтанның 775 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға араб елдерінің ғалымдары қатысты. Сонымен қатар қазақ тіліне аударылған Әз-Захир Бейбарыс өмірбаяны атты кітаптың тұсаукесері болып, Атырау облыстық қазақ драма театры жазушы Р.Отарбаевтың Бейбарыс атты пьесасын сахналады. Шежіре бойынша Бейбарыстың атамекені - Каспий теңізінің маңы, бір деректерде - Еділ-Жайық бойы. Кіші жүздегі Байұлының Беріш руынан деген мәлімет бар. 2005 жылы Түркияның Измир қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Измир провинциясының губернаторы Оғыз Қаған Көксал, осы қаладағы құрметті консулдықтардың басшылары, іскер топ өкілдері, қазақ диаспорасы мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. 2005 жылы Алматыда қоғам қайраткері, экономика ғылымының докторы, академик Ерік Асанбаевтың (1936-2004) тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Ерік Асанбаев 1936 жылдың 10 наурызында Торғай (Қостанай) облысының Байғабыл ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін және аспирантурасын бітірген. 1958 жылдан бастап Қазақ КСР-нің Қаржы министрлігінде экономист, Жобалау комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР вице-президенті болған. Көптеген ордендермен және медальдармен марапатталған. 2005 жылы Алматыдағы Орталық ғылыми кітапханада ақын, жыршы, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаушы Көсембек Байғұттыұлының (1884-1951) Заман атты кітабының таныстырылымы өтті. Рәсім аясында автордың жеке мұрағат материалдары қойылған көрме ашылды. Үш қиян баспасынан жақында ғана ақын немересі Бақыт Хамзақызының құрастыруымен шыққан туындыға К.Байғұттыұлының заман, өмір ағысы жайлы жырлаған өлеңдері, айтыстары, қоғамның келеңсіз жақтарын сынап жазған мысалдары және шығыстық үлгіде жазылған Бес сері дастаны енген. Халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын ел аузынан жинап насихаттауда көп еңбек сіңірген К.Байғұттыұлының шығармалары қазір Орталық ғылыми кітапхана қоры мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар мен текстология бөлімінде сақтаулы. Қазақтың қарт ақыны Көсембекпін, Сөзге бай, тілге жүйрік, шешен бекпін деп жырлаған ақын ХХ ғасырдағы қуғын-сүргіннің құрбаны болған. 2005 жылы Өскеменде Қазақстанда құрастырылған SKODA автокөлік маркасы сатыла басталды. 2005 жылы Ақтөбедегі Мұғалімдер үйінде Кеңес одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойына арналған екі томдық фотоальбомның таныстырылымы болды. 2 мың дананы құрайтын екі томдық басылым 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) шығарылған. Бірінші томда бүгінгі күнге дейін жинақталған мұрағаттан алынған, Әлияның туған-туыстарының, майдандас жолдастарының сөздерінен жиналған барлық материалдар 304 беттік кітапта көрсетілген. Екiншi кiтап Батыр қызға арналған өлеңдер, әндер, дастандар, әңгiмелерден тұратын көркем шығармалардың жинағы болып табылады. Фотоальбомда Әлияның барлық суреттері, туған жері Қобда ауданының және жерленген Псков облысында түсірілген фотосуреттері жинақталған. 2006 жылы Алматы облысы Қарасай ауданында Наурызбай батырға ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы - Нұрлан Далбай. 2007 жылы Қазақстан Венада Атом энергетикасындағы Жаһандық серіктестікке қосылды. Оның барысында Қазақстан Қағидалар хаттамасына қол қойды және осынау үдеріске толыққанды мүше атанды. Жиналғандардың алдында сөйлеген МАГАТЭ Бас директоры Мохаммед Әл-Барадэй, атом энергетикасы дамуының болжануына байланысты осынау бастаманың өзектілігін атап өтті. Біздің еліміз Атомдық энергетика саласындағы Жаһандық серіктестіктің негізгі қағидаларын бөліседі және өз атомдық энергетикалық технологиясын дамытуды сезімтал технологиялар әзірлемеу міндеттемесін алған мемлекеттерге ядролық отынға кепілдікті және әділ қолжетімділік беру қажеттілігін атап көрсетеді. АҚШ Президенті Дж.Буш 2006 жылы ұсынған Атом энергетикасындағы Жаһандық серіктестік бастамасы әлемдік энергия тұтынымының өсуіне байланысты таза, қауіпсіз және қолжетімді ядролық энергияның келешектегі арту ықтималдығына байланысты халықаралық мәмілеге талдау жасауға бағытталған. Бүгінде Серіктестікке 16 мемлекет, оның ішінде атом энергетикасындағы өз жетістіктерімен көзге түскен және алдыңғы қатарлы технологияларға ие Қытай, Ресей, АҚШ, Франция елдері мүше. 2009 жылы Ақтөбе облысы мен Чех Республикасының сауда-өнеркәсіптік палаталарының арасындағы ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойды. Қол қойылған келісімшартта Чех Республикасы мен Ақтөбе облысының арасындағы сыртқы экономикалық байланыстарды нығайту және дамыту, ақпараттық-консультациялық, маркетингілік іс-шараларды дамыту, сондай-ақ оқу ынтымақтастығы мен тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылып отыр. 2010 жыл. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының Х Саммитінде экономикалық және сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталған Түркі іскерлік кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Түркі мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Бакуде арнайы Қор құрылып, ТҮРІКСОЙ Астананы 2012 жылғы түркі әлемінің астанасы деп жариялады. 2010 жылы Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның бастамасымен Қазақстанда алғаш рет кәсіпкерлікті қолдау аймақтық орталығы құрылды. Оның салтанатты ашылу рәсімі Павлодарда болды. 2010 жылы Қазақстанда алғаш рет Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хаттамасы оқулығы жарық көрді. Авторы - Бауыржан Байбек. Қазақстанның бүкіл қалыптасу, даму тарихы көрініс тапқан кітаптың басты ерекшелігі автордың еліміздің бүкіл тарихи даму жолындағы мемлекеттіліктің рөлін көрсетіп, тарихи даму жолына баға беруге ұмтылуында болды. 2011 жылы Астанада Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі тақырыбында Қазақстан тарихшыларының I Конгресi өтті. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған Тарихшылар конгресінің негізгі мақсаты отандық тарих ғылымын жаңаша зерделеу болды. Ғылыми мәжіліс барысында Тәуелсіздік жылдары кезінде тарих ғылымының даму барысы талқыланып, жаңа әдістемелік бағдарламаларды әзірлеу жайы сөз болды, отандық тарихтың методологиясын зерттеудің өзекті мәселелері, ұлттық идея, әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның кірігуі, қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын сақтау және басқа да өзекті мәселелер қаралды. 2011 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Атырауда Медикер-Атырау медициналық орталығының ашылуына қатысты. Барлық қажетті заманауи техникалық құралдармен жабдықталған орталықтың жалпы ауданы 5 476,8 шаршы метрді алып жатыр. Медикер-Атырау медициналық орталығы сақтандыру компанияларының 30 500 аймақтық клиенттеріне, сонымен қатар Атырау облысының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Емдеу-диагностикалық жұмыстарды сәтті жүргізу үшін орталықта Қазақстанның алдыңғы қатарлы емханаларының мамандарымен, сондай-ақ Германияның Фрайбург қаласы университеті емханасының Халықаралық медициналық қызметтер орталығымен Интернет арқылы кеңестер өткізіледі. 2013 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттің солтүстік бөлігінде, қаланың ең биік нүктесінде орналасқан Бәйдібек би ескерткішіне барды. Ауданы 6 700 шаршы метрді құрайтын ескерткіш демеушілер, азаматтар және бизнесмендердің қаражатына салынды. 2014 жылы Алматыда Ә.Қастеев атындағы ҚР мемлекеттік өнер музейінде танымал Ресей суретшісі Никас Сафроновтың Таңдамалы жеке көрмесі өтті. 2014 жылы Қазақстан Ғарыш Сапары Ұлттық компаниясы АҚ (ҚҒС) Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) мәселелері бойынша өткен алтыншы саммитте ЖҚЗ жерсеріктік операторлары арасында жыл дебютанты номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 2014 жылы танымал әнші және продюсер Қыдырәлі Болманов құрамында сынап пен кадмий жоқ Балбала батареяларын шығарды. 2014 жылы Алматыда Х Еуразия кинофестивалі ашылды. Фестиваль қазақ режиссері Шәкен Аймановтың жүз жылдығына арналды. Бағдарлама аясында Жамбыл, Біздің сүйікті дәрігер, Тақиялы періште, Атаманның ақыры фильмдері тегін көрсетілді. 2015 жылы Астана мен Алматы туристер үшін тартымдылығы бойынша ТМД-дағы үздік ондыққа кірді. Рейтинг турфирмалардың көмегінсіз, еркін саяхаттайтын ресейлік туристер тарапынан 2015 жылы ТМД елдеріндегі қонақүйлердің брондалуы бойынша мәліметтерге негізделе жасалды. Жалпы, туристер арасында танымал ТМД қалаларының алғашқы ондығына мына қалалар енген: Минск, Киев, Алматы, Баку, Ереван, Астана, Витебск, Бишкек, Ташкент және Кишинев. ТМД-дағы ең қымбат астана Астанада қонақүйлердің бағасы орта есеппен тәулігіне 115 долларды құраған болса, тәулігіне 30 доллармен Бішкек ең арзан астана болған. 2015 жылы Урал федералдық университетінің ректоры В.Кокшаров Нұрсұлтан Назарбаевқа мемлекеттік қызметтегі айрықша еңбегін бағалау белгісі ретінде Құрметті доктор дипломын тапсырды. 2015 жылы Көкшетауда жаңа Науан Хазірет мешіті ашылды, онда бір мезгілде 1 200 адам құлшылық ете алады. 2015 жылы Сочиде Қазақстан мен Ресейдің ХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті, оған екі мемлекет басшысы - Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысты. 2015 жылы Астанада Аутизм. Әлем баршаға ортақ бағдарламасы аясында аутизмге шалдыққан балаларға арналған Асыл Мирас орталығы ашылды. 2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін Бішкекке барды. Күнтәртібіне көптеген мәселелер қойылды. Мемлекеттер басшылары отырыста 15 мәселені талқылады. ТМД-ның 25 жылдығын тойлауға байланысты біріккен мәлімдеме, ТМД-ның келесі төрағасы мен Мемлекет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өткізілетін орын туралы шешім қабылданып, Достастықтың қазіргі заман сын-тегеуріндеріне бейімделу мәселелері қаралды. Үлкен блоктың бұл отырысы негізінен қауіпсіздік мәселелеріне арналды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде заңдылық актілер нормаларын тиімді жүзеге асыру мақсатында консультативтік-кеңестік орган - Депутаттық этика жөніндегі кеңес құрылды. Кеңеске белгілі қоғам қайраткері, Мәжілістің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Қуаныш Сұлтанов жетекшілік етті.

Серіктес жаңалықтары