21 қыркүйекте қандай маңызды оқиғалар болды?

21 қыркүйекте қандай маңызды оқиғалар болды?

21 қыркүйекте қандай маңызды оқиғалар болды?
ашық дереккөзі
588
1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ГФР-ға ресми сапармен барды. Сол күні Н.Ә.Назарбаев ГФР федералды президенті Рихард фон Вайцзеккермен, экономика министрі Юрген Меллеманмен, ХДО/ХӘО парламенттік фракциясы төрағасының бірінші орынбасары Вольфганг Бечпен, Дойче банк басқарма мүшесі Герхард Круппен, Сименс АГ концернінің басқарма мүшесі Петер фон Сименспен кездесті. 1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Албания Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату туралы нота алмасу өтті. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттiк өкiмет және басқару органдарының сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру және оны үйлестiру, сондай-ақ мемлекеттiк органдар лауазымды адамдарының құқыққа қарсы iс-әрекет жасағаны үшiн жауапкершiлiгiнiң шүбәсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi республикалық комиссия құрылды. 1995 жылы Украина астанасы Киевте Абайдың 150 жылдығына арналған мерекелік шаралар болып өтті. Сондай-ақ 2006 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Мәскеудегі Чистопрудный бульварында қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткішін ашқан. 1997 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің резиденциясында ресми сапармен келген Украина президенті Леонид Кучмамен кездесті. Н.Назарбаев пен Л.Кучма Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы келісім мен бірлескен коммюникеге қол қойды. 2001 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Ватикан қарым-қатынастарын дамытуға қосқан елеулі үлесі, екі мемлекет арасындағы сан тарапты байланыстарды орнатуға тигізген ықпалы үшін Ватиканның Мемлекеттік хатшысы Анджело Соданоны І дәрежелі Достық орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазына комитеті әлемнің ең жоғары сыйлығы - ақпараттық технологиялар саласындағы ерекше интегралды ақпараттық жүйені енгізгені үшін Мемлекеттік және коммерциялық емес ұйымдар санатының The Computerworld Honors халықаралық бағдарламалар сертификатымен марапатталды. 2005 жылы Қазақстан Республикасындағы Ұлттық түрік мәдениет орталығының өкілі Зиятдин Қасанов көп ұлтты елде ұлтаралық бірлік пен келісімді нығайтқаны және ЮНЕСКО-ның осы саладағы стратегияларына белсенді қолдау көрсеткені үшін Алтын қыран құрмет белгісімен марапатталды. Сыйлықты орталық жетекшісіне Еуропалық комиссияның мүшесі Ким Сен тапсырды. Сонымен қоса оған Азия - одна семья халықаралық қайырымдылық қауымдастығының және Еуропалық университетінің Құрметті ғылым докторының дипломы тапсырылды. 2005 жылы Алматының Орталық көрме залында Динозаврлардың қайтып оралуы атты көрме ашылды. Көрмеге динозаврлардың табылған сүйектерінен ғылыми талдау негізінде жасалған роботтандырылған макеттер қойылған. Заманауи компьютерлік бағдарламалардың көмегімен палеонтологиялық зерттеулердің қорытындысы негізінде диназаврлардың сыртқы келбеті, терісі қалпына келтірілді. Көрменің негізгі ерекшелігінің бірі - 400 миллион жыл бұрыннан қазіргі күнге дейінгі жер бетіндегі тіршіліктің кезеңдері көрсетілген. 2009 жылы Атырауда Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Каспий аймақтық Орхус орталығын құру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжатқа Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің, облыс әкімдігінің, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының және республиканың үкіметтік емес ұйымдары экологиялық форумының өкілдері қол қойды. Бұл республикамыздағы аймақта құрылған алғашқы Орхус орталығы. 2010 жылы Астанадағы Конгресс-холлда мемлекеттік тілді меңгерген түрлі ұлт өкілдерінің Тілі бірдің тілегі бір атты жалпы республикалық форумы өтті. 2011 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында ҚР Ұлттық банкі Менің Қазақстаным тақырыбында үздік монета дизайнына байқау жариялады. 2011 жылы Мемлекет басшысы Францияның жетекші талдау журналдарының бірі L'ESSENTIEL des Relations Internationales-ке сұхбат берді. Беделді басылымның сұрақтарына жауап берген Президент Қазақстанның дамуы, ішкі саяси тұрақтылықтың құпиясы, елдің халықаралық аренадағы басымдықтары жайлы әңгімеледі. 2011 жылы Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-сессиясы өз жұмысын бастады. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. 2011 жылы Мемлекет Басшысы Н. Назарбаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында Эксон Мобил корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Рекс Тиллерсонмен кездесті. Кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, АҚШ компанияларының қазақстандық жобаларды іске асыруға қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды. 2012 жылы Мадридте Қазақстан және кино: 1970-2011 циклы ашылды, оның аясында қазақстандық режиссерлердің жұмысы көрсетілді. Циклге Қызғалдақ, Қыз Жібек, Көшпенділер, Мұстафа Шоқай, Қош бол, Гүлсары және т.б. кірді. 2014 жылы Лондонда қазақстандық Жасыл экономика үшін коалицияның британдық өкілдігі ашылды. Оның басты мақсаты - Қазақстанда экологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік бизнес пен инвестиция тарту. 2014 жылы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы аумағындағы Тақсай қорғанынан 2012 жылы ақсүйек әйелдің қабірі табылған болатын. Оның бейнесі қалпына келтіріліп, Алтын ханшайым деп аталған көрме Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды. Сонымен қатар, көрмеден біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға жататын ақсүйек әйелдің аса құнды әшекейлері және тұрмыстық бұйымдары да орын тапты. 2015 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Руанда Республикасының Президенті Поль Кагамемен кездесті. Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен күн тәртібіндегі барынша өзекті халықаралық мәселелер талқыланды.

Серіктес жаңалықтары