Ұлылар мекені – ұлт ұстыны
Ұлылар мекені – ұлт ұстыны
Қазақ байтағының кез келген нысаны, тау-тасы киелі. Дегенмен дана ақын, данышпан ойшыл Абай Құнанбайұлы туған, ғұмыр кешкен Семей елінің жөн-жосығы қашанда бөлек. Семей – Абай қазір де егһһһіз ұғым іспетті. Бірін атасақ, екіншісі ойымызда тұрады. Жақында осынау киелі мекенге жолымыз түсіп, Абай еліне тәу етіп қайтқан едік. Абайды, Абай елін пір, кие тұтатын біз бір емес, айтылып, жазылып жүрген әңгіме, дегенмен сапар барысында өзіміз көңілге түйген бірқатар мәселелерді оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.
1. ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ СЕМЕЙГЕ ОРАЛУЫ «Сабақты ине – сәтімен» демекші, сапарымыз Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан атын иеленген университеттің салтанатты рәсіміне қатысумен басталды. Бұрынырақта «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті» деп аталып келген оқу орны Alihan Bokeihan university болып өзгерді. Университеттің бас ғимаратының кіреберісіне Әлихан Бөкейхан бюсті қойылды. Ұлы тұлғаның айбынды да асқақ бейнесін белгілі мүсінші, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Талғат Анарбеков сомдапты. Бюсттің ақ шымылдығын Әлихан есімді жасөспірімдер түсірді. Кешенді іс-шаралар «Әлихан Бөкейхан тұлғасы отандық ғылым контексінде: жаңа пәнаралық зерттеулер мен ізденістер» ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты. Алғашқы болып сөз алған университет ректоры Шырын Құрманбаева: «Президентіміздің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және республика жұртшылығының қолдауымен университет атауы Әлихан Бөкейхан (Alikhan Bokeikhanov University) болып ауысты. Замана ағысында ұлт көшбасшысы болған тұлға есімінің университетімізге берілуінің тарихи негізі бар. Бұл сонымен қатар университет құрылтайшылары мен білім алушыларының ел мен Семей қаласы тарихына және ұлттық мүддені ту етіп көтерген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи қызметіне көрсеткен құрметі», – деп атап көрсетті. Университеттің жаңа атауымен алғашқы болып құттықтаған Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алаш арыстары заманның сын-қатерлеріне қарамай, қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты», – деп Алаш қозғалысына саяси баға берсе, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мен оның серіктері туралы «Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері, Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы, Міржақып – ұлт бірлігі ұранынан айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер, үш қайраткер де бірегей тарихи тұлға» деп атап өтті. Бұл мемлекеттің ұлы тұлғаларымызға деген көзқарасы мен құрметі болса керек», – деді. Қазіргі талаптарға сай онлайн және оффлайн жүйесінде жүргізілген жиын барысында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Жабайхан Әбділдин, абайтанушы, алаштанушы, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелді, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұқұлы т.б. құттықтау сөзін жолдады. Тікелей байланысқа шыққан Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, заңгер ғалым Нұрлан Дулатбеков Ә.Бөкейхан өмірінің көпке соншалықты мәлім емес қырлары туралы сөз қозғады. «Бостандыққа апарар жол – ұлттық ынтымақ қана» деген ұстаныммен өмір сүрген ұлы тұлғаның – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт азаттық және Алаш қозғалысы жетекшісінің ел тарихында алатын орнына, оның артында қалған мол мұрасын насихаттау ісінің мән-маңызына қысқаша тоқталып өтті. Жиналысқа қатысып отырған Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, белгілі ғалым Бауыржан Ердембеков, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы т.б. кезегімен сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Алаштанушы ғалымдар: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры, әлихантанушы Сұлтанхан Аққұлұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Амантай Шәріп т.б. маман, ғалымдар түрлі тақырыптарда баяндама жасады. Салтанат соңында Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, абайтанушы ғалым Ғарифолла Есімге, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым Арап Еспенбетовке, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбайға «Әлихан Бөкейхан университетінің құрметті профессоры» атағы берілді. Құрылғанына ширек ғасырға жуық мерзім өткен университетте бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінің күндізгі және қашықтан оқу бөлімдерінде мемлекеттік грант есебінен және ақылы бөлімдерде 7000-нан астам талапкер білім алады. Оқу ордасының бірнеше буын түлектері бүгінде мемлекет құрылымы мен ел экономикасының сан саласында жемісті еңбек етіп жүр. Шығыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі, көп салалы жоғары оқу орындарының бірі алдағы уақытта да маман даярлау ісіне өз үлесін қоса береді деуге негіз мол.
2. АБАЙ АЛҚАҒАН АЛАШ ҚАЛАСЫ Семей қаласының екінші аты – Алаш. Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың кезінде «Семей – бір губерния елдің миы. Ертістің оң қабағында – Семей, солында Алаш қаласы» деп жазғаны тегін болмаса керек. Үш жүз жылдан астам тарихы бар көне қаланың кез келген көрінісінен, қиылысынан ғасырлар қойнауынан тамыр тартатын тарихтың жібек желісін, Алаштың асқақ рухын байқауға болады. Сырт келбеті-ақ сөйлеп тұрған ескілікті ғимараттар, түрлі кешендер, сондай-ақ соңғы жылдары бой көтерген заманауи құрылыстар, сәулетті сарайлар бұл қаланың ерекше мәртебесін паш еткендей. Ұлы өзеннің қос қапталынан орын тепкен қалада қайда барсаң да, қайда қарасаң да көз алдыңнан көне тарихтың көшелі сілемдері елес береді. Қаланы аралауды, бұл топыраққа табан тіреген қандай да саяхатшының салты бойынша, Абай музейінен бастадық. Мемлекет тарихындағы алғашқы әдеби музей болып есептелетін мәдени кешен ұлы ақынның 150, 175 жылдық мерейтойлары қарсаңында ұлғайтылып, түбегейлі жаңартылып, жөндеуден өткен. Қазір күмбезді ғимараттағы музей экспозициялары жаңадан жабдықталған 11 залда орналасқан: «Абай. Жыл мезгілдері», «Дала әуендері», «Ақынның балалық шағы», «Ақынның қалыптасуы», «Абай шығармашылығы», «Абайдың ақындық мектебі», «Абайдың отбасы», «Қара сөздер», «Абай мұрасы», «Мультимедиялық зал» және «Балалар бөлмесі» атты залдарда ақынның өміріне қатысты архивтік мәліметтер, кұнды құжаттар, сол заманда өмір сүрген халықтың тұрмыстық-этнографиялық өмірін бейнелейтін заттар, қол өнері мен бейнелеу өнерінің үздік туындылары, Абайдың ақын шәкірттерінің қолжазба мұралары мен фотосуреттер, сирек кездесетін кітаптары рет-ретімен қойылған. Қаланың бүгінгі келбеті дегенде өткен жылы пайдалануға берілген Абай мешітін, әуежайын, спорт кешенін, төрінде Әлихан Бөкейханның келісті ескерткіші орнатылған «Алаш ардақтылары» аллеясын, айрықша көз тартар аспалы көпірді, т.б. атап өтуге болады. Бір сөзбен, қаланың тыныс-тіршілігі тәуелсіз Қазақстанның жанды бір бөлігіндей, Абай елінің, ұлы ақынның өткен жылғы 175 жылдық мерейтойының серпінімен, қарқынымен, жасап, жайнап жатқанының куәсі болдық. ХХІ ғасыр – білім мен біліктіліктің, тың ізденістердің ғасыры. Семейге ат басын бұрған адам алдымен Абай еліне келдік деп біледі. Сол ыңғайда мұнда келген қонақтар мен туристерге дана данышпанның өмірі мен шығармашылығын танып-білуге барынша жағдай жасай білсек, өткенімізге байыпты көзқараспен қарап қана қоймай, елдің туризм, ішкі саяхат саласын дамытуға үлес қосқанымыз. Бұл – біздің бабалар алдындағы аманат парызымыз. Осындай ой жетегінде біз «Абай жолына» түстік, Қарауылды бетке алдық.
3. ҚАРАУЫЛДА БАНАН ӨСЕДІ Абай – бір ұлттың салт-санасының құндылық-құбылыстық рухани жаңғыруының көш басында тұрған ұлық ұстаз. Оның ғибратты ғұмыры тұтас бір халықтың бойына парасаттылық пен адамгершілік ұстанымдарын қалыптастырды. Сол тұрғыда ақын атын иеленген ауданның барша рухани-мәдени тыныс-тіршілігі негізінен Абай есімімен байланысты болып келетіні де өзінше бір заңдылық. Аудан орталығы – Қарауыл кентінің бірнеше жеріне Абай ескерткіштері орнатылған. Сондай-ақ Әнет баба, Құнанбай ескерткіштері бар. Мұнда ұлы ақынның шығармашылығына арналған республикалық «Абай оқулары», көрмелер, шолулар, оқырмандар конференциялары дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады, оларда Абай әндері шырқалады. «Абай оқуларында» республиканың барлық облысынан және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген жас таланттар Абай, Шәкәрім шығармаларын мәнерлеп айтудан, әндерін орындаудан және өз шығармашылықтары бойынша сайысқа түседі. Аудан халқы даңқты жерлестерінің рухани мұрасына үлкен жауапкершілікпен, зор құрметпен қарайды, талмай оқып үйренеді және ерекше қастерлейді. Жолбасшымыз, Қарауылдағы Абай мектебінің директоры Р.Тілеуханов ауданның бүгінгі бағыт-бағдары, әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық жағдайы жөнінен хабардар етті. Бірқатар тарихи, рухани, кәсіби нысандармен, олардың жұмыс барысымен жақын таныстырды. Кеңес өкіметі тұсында, 1929 жылы атышулы елді ұжымдастыру науқаны кезінде Құнанбай ашқан «Ескі тамдағы» тарихи бастауыш мектеп, мүлкі Жидебайға (кейінгі музей-қорыққа) көшіріліп, өзі жаңа құрылған Шыңғыстау ауданының орталығы Қарауылда 5 сыныптық шаруа жастар мектебінің іргетасы болады. 1935-1936 оқу жылының басында 5 сыныптық шаруа жастар мектебі Үкімет қаулысымен «Қарауыл орта мектебі» болып қайта құрылды. 1939 жылы желтоқсан айында «Ескі там» мектебінің түлегі, болашақ классик жазушы Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен мектепте «Абай ұрпақтары» қолжазба журналы жарық көреді. 1940 жылы ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай мектепке Абай есімі беріледі. Мектеп 1970 жылы 19 қаңтарда жаңадан салынған үш қабатты ғимаратқа көшті. Бүгінде мектеп-лицей деңгейінде өсіп-өркендеп, заманауи технологиямен жабдықталған. Жас ұрпақты бәсекеге қабілетті ету жолында сапалы тәрбие мен білім беруді жалғастырып келеді. Осы сапар алдында «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Қарауылда банан өседі» деген қысқа хабарды естіп қалған едік. Әуестікпен сол жөнінде сұрағанымызда Роллан мырза: – Иә, мектептің қосалқы шаруашылығында банан өсіріп отырғанымыз рас. Бұл жақтың табиғаты қатал, тропикалық жеміс-көкөністер өнім бермейді деген бос сөз. «Қалауын тапса, қар жанады» демекші, шындап шұғылданса кез келген өсімдіктің жемісін татуға болады. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды аяқсытпаймыз, алдағы уақытта да жалғастырамыз. Тек жеміс ағаштары емес, түрлі гүлдердің дәнін, тұқымын тауып ексек пе деген ойымыз бар, – деді нық сеніммен. Екінші бір ойландыратын, қолға алатын мәселе – жоғарыда аталған «Абай ұрпақтары» қолжазба журналдарының жай-күйі. Ертеректе, қазіргідей емес, баспа өнімдері, ақпарат құралдары тапшы кезде үзбей жазылып отырған қолжазба журналдар бүгінде мектеп қорында сақтаулы тұр. Біз бірнеше санын парақтап көрдік. Құдай-ау, мұнда не жоқ дейсіз?! Абай өлеңдері мен өмірбаянынан бастап, оның заманындағы, айналасындағы би-шешен, ақын-жыршылардың шығармашылығы, ел мен жер шежіресі, ел аузынан жиналған ғибрат сөздер, билік, шешендік кесімдер, т.с.с. құнды, сирек дерек-дәйектерге тұнып тұр. Жергілікті ақын-жазушылар шығармашылығына, жас тарихшылардың ізденістеріне де орын бөлінген. Осында сапарлап келген құрметті қонақтардың, белгілі тұлғалардың қалдырған қолтаңбалары өз алдына бір төбе. Тіпті журнал соңында, сол кезгі тәртіппен берілген, журнал қызметкерлері, мектеп оқушыларының өздері құрастырған кроссворд-сөзжұмбақтардың өзі өте тартымды, көзге ыстық. Алдағы уақытта телегей теңіз Абайтану ілімінің бір жылғасы ретінде журнал материалдарын эпистолярлық жанр үлгісімен, іріктеп болсын, таспаға түсіріп, басып шығарған жөн сияқты. Бұған осы сала бойынша ізденіп жүрген мекеме-институттар, жекелеген маман-ғалымдар назар аударады, атсалысады деп сенеміз.
4. АЙПАРА АНА, ӨСКЕНБАЙ БИ БАСЫНДА Ұзыннан ұзақ көлбей созылып жатқан Шыңғыс тауынан бастау алатын Бөкенші өзенінің оң жағасында, Құлыншақ-Ақберді қыстауларынан қозы көш жерде орналасқан Айпара ана кесенесі, Өскенбай би қорымы «Жидебай-Бөрілі» мемориалдық кешені нысандары қатарында да аты аталмайтын, сәл жырақта жатқан киелі мекен. Бастап апаратын арнайы жол да жоқ, дала жолымен, тау-тасты құлдилап жүріп отырып жетеді екенсің. Есесіне – жатаған жоталардың ортасына орналасқан кесене келісті құрылыстық шешімімен бірден көз тартады. Өскенбай Ырғызбайұлы – Абайдың атасы, атақты би. Ырғызбайдан Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай туған. Өскенбай жасынан зерек, есті болып өседі. Кеңгірбай би Ырғызбай жастай өлген соң, інісінің орнына оның баласы, осы Өскенбайды сүйеніш етеді. Қартайған кезінде жол өз баласы Ералынікі бола тұра, батасын беріп, Өскенбайды би қояды. Өскенбайдың әділдігіне тәнті болған ел арасында «Ісің адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ералыға бар» деген тәлімді сөз пайда болады. Өскенбай үлкен әйелі Зере бәйбішеден Құттымұхамбет, Құнанбай, Тайбала есімді екі ұл, бір қыз сүйеді. Құттымұхамбет жастай қайтыс болған. Зереден кейінгі төрт тоқалынан Өскенбай би тоғыз ұл көрген. Өскенбай би дегенде ойға оралатын бір оқиға – баласы Құнанбайдың 1851 жылғы шілде айында, Көкшетаудың Арғын-Қамбар руы жайлаған Көкжайдақ деген жерде әкесіне арнап, үш жүзге сауын айтып берген атақты асы. Аруақты атасы Өскенбай биге берілген ұлан-асыр асқа бес жасқа толған кезінде бала Абай да Зере әжесіне еріп барған. Бұл ас бұрын-соңғы астардың ең ірісі, айтулысы болады. Асына Өскенбайдың ел жиналды, Бас қосып үш жүз бірдей мұнарланды. Бойында Қарқаралы, Қу, Ереймен, Мың сан қол бұлтша шөгіп жатып алды. (Ілияс Жансүгіров). Ең бастысы – Құнанбайдың құнанбайшылығын барынша танытқан, бұдан былайғы билік-төрелігінің бастау көзіндей болған астың арты аңыз болып тараған. Дәстүрлі теңге алу, қыз қуу, жамбы ату, жаяу жарыс, құнан бәйге, түйе жарыстардан бөлек екі түрлі ойын түрі сыналған. Бірі – ұйыған қатық толы тайқазанға алтын теңге тасталып, тістеп алып шығу бәсекесі. Екіншісі – қайымалы інгеннің бұйдасын бір әйел адам жалаңаш келіп шешіп алса, түйе соныкі деген бәсеке... Бес жүз үй толған қонақты ет пен қымызға апталап мелдектеткеннен кейін артылып қалған мал-мүліктің өзі орасан мол болған. Астың жай-жапсарын барынша білгіңіз келсе, жазушы С.Ләмбековтің «Тәттімбет» хикаясын, алаштанушы, абайтанушы ғалым Т.Жұртбайдың «Кешегі өткен би Құнанбай» зерттеу еңбегін оқыңыз деп кеңес береміз. Өскенбай би басына да сәулетті тастан ескерткіш белгі орнатылған екен, қорым қоршалған, бейіттің қақпасына биге қатысты тағылымды сөздер, өлеңдер қашап жазылыпты. Бар әттеген-айы, жоғарыда айтқанымыздай, аңыз ана мен атақты бидің басына апарар арнайы жолдың жоғы. Алдағы уақытта асфальт болмаса да, көтерме жол төселіп, жол бойына сілтеме тақталар орнатса жөн болар еді. Сондай-ақ Ақшоқыға, Құнанбай би қорымына бастап апаратын жолға да әлі күнге асфальт төселмеген. Күре жолдан Ақшоқыға дейінгі 20-25 шақырым жолға асфальт табылмай қалғаны ақылға сыймайды... Әйгілі Қоңыр әулие үңгіріне асатын жолдың жайы тіптен нашар! Жалпы, осы мемориалдық кешен құрамына кіретін негізгі нысандардың арасын оңтайлы, жедел байланыстыратын жол торабын ойластырып, жүзеге асыру жобасы сұранып-ақ тұр.
5. ЖЕР КІНДІГІ – ЖИДЕБАЙ Жидебай! Қазақ тарихындағы, әсіресе оның рухани әлеміндегі аса айшықты, аса айбынды, шын мәніндегі ренессанстық тұлға, ұлы Абай жерленген қасиетті топырақ. Дана Абай ойы-қыры, тау-тасына көз суарып, дархан даласының баурайында өсіп-өнген құтты мекен. Ұлы ақынның мәңгі өлмес туындылары жер-жаһанға дәл осы жерден тараған. Жидебай – Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан шұрайлы аумақ. ХІХ ғасырдың орта тұсында Жидебайды аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы өз иелігіне алып, қыстау салдырған. Құнанбай дүниеден өткен соң бұл мекенді хакімнің інісі Оспан иеленген. 1891 жылдан кейін қыстау Абайдың еншісінде болды. Еуразияның кіндігі саналатын, соны айғақтайтын белгі қойылған осы жерде ақынның музей үйі бар. «Абай-Шәкәрім» кесенесіне келген адам ат басын ең алдымен осы музейге тірейді. Бірнеше рет күрделі жөндеуден өткен, реставрацияланған музей үйінің арнайы жабдықталған бөлмелері мен ауласында сол кездергі тұрмыс-тіршілікті бейнелейтін заттар, бұйымдар көрмеге қойылған. Атап айтқанда, ас үй заттары, ат әбзелдері, шаруашылық құралдары, аңшылық тақырыбындағы экспозициялар т.б. рет-ретімен орын тепкен. Бір бөлмеде хакімнің Еркежанға сыйға тартқан күміс ертоқымы, генерал-губернатор сыйға тартқан үш ауызды берен мылтығы, Құнанбай қажының тақиясы мен кісе белбеуі, Ұлжан ананың өз балаларын нәресте кезінде қырқынан шығарғанда пайдаланған жез легені мен қазмойын құманы, бір бөлмеде Абай пайдаланған тоғызқұмалақ, дойбы тақталары, шақшасы, есепшоты тұр. Қалай дегенде де, Абай елі – еліміздің қай бұрышынан қарасаң да көзге түспей қалмайтын рухани мекеніміз. Абай – біздің ар-намысымызға, өмірлік өлшемімізге, ұлттық парасат-пайымымызға айналған абызымыз. Біз Абай мұрасын тек бір халықтың, тек бір мемлекеттің көлемінде ғана емес, дүниежүзілік өркениет ауқымында қарастыруымыз керек.
Жомарт ОСПАН
Нұр-Сұлтан – Семей – Қарауыл – Жидебай – Нұр-Сұлтан.