724
Сапаны санақ анықтай ма?
Сапаны санақ анықтай ма?
Тамыз айының басында елімізде он тоғыз миллионыншы тұрғын дүниеге келді деп сүйіншілеп едік. Арада бір ай уақыт өткен соң халық санағы басталды. Науқанды өткізу үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Халық саны белгілі болса, санақ өткізудің, осындай қысылтаяң шақта бюджетті одан әрі ортайтудың не мәні бар? Жалпы, «халық санағы не үшін қажет?» деген сұрақтар халық арасында туындап отырғаны да жасырын емес.
Халық санағы елімізде осымен үшінші мәрте өтіп жатыр. Ең алғашқы Ұлттық халық санағы 1999 жылғы 25 ақпаннан бастап 4 наурыз аралығында өткізілген. Екінші санақ 2009 жылғы 25 ақпан – 6 наурыз аралығында болды. Осы санаққа бөлінген қаражат талан-тараж болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен еді. 2018 жылғы сәуірде пилоттық санақ өтті. Жоспар бойынша кезекті санақ 2020 жылы ұйымдастырылуы керек болған еді, пандемияға байланысты бұл мүмкін болмады. Енді міне араға 12 жыл салып кезекті жалпыхалықтық санақ басталды. Науқан қазанның аяғында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы деректерді жинау екі әдіспен жүзеге аспақ. Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz сайтында онлайн сауалнама жүргізу. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында 24 сағат бойы жұмыс істейді. Екінші әдіс – 1-30 қазан аралығында өтетін дәстүрлі жаппай сауалнама. Яғни қызметкерлер үй-үйді аралау арқылы мәлімет жинайды. Қазіргі ахуалға байланысты тек вакциналанған қызметкерлер ғана жұмысқа тартылады. Санақ жүргізу кезінде интервьюерлерде көк түсті сөмке, шарф және куәлік болады. Мәліметтерді қайта-қайта енгізбес үшін ЖСН арқылы тұлғаның санақтан өткен-өтпегені анықталады. Сонымен қатар, eGov.kz Электронды үкімет сайтының басты парағында sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтына өтетін сілтеме бар, ол арқылы онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады. Сондай-ақ, респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде және т. б. нысандарда орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушы учаскелерде санақтан өте алады.Сан белгілі болса, санап не керек?
Статистика бюросының ресми өкілі санақ тек халық санын анықтаумен шектелмейтінін айтады.
Олжас САЙЛАУБЕКҰЛЫ, «Ұлттық халық санағы-2021» ресми өкілі:– Санақ тек адамдардың санын анықтау емес. Халық санағында 91 сұрақ қарастырылған, оның негізгі принципі қазіргі кездегі халықтың ахуалын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айқындау, көші-қон басқа да маңызды мәселелер бойынша нақты деректер алу, және оны әрі қарай пайдалануға ұсыну екенін айтып өткен жөн. Бұл –әлеуметтік саланың көптеген аспектілері бойынша ахуалды болжауға мүмкіндік береді. Санақ қорытындысының негізінде мемлекеттік органдар өздерінің жоспарларын құрады, әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын жасайды. Ғылыми қауымдастықтар мен қоғамдық ұйымдарға қажетті мәліметтер алынады. Қай елді мекенде не жетіспейді, неге мән беру керек, сол анықталады, мәселелерді шешуге жол ашылады. Санақ нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және дамыту үшін қажет, яғни құрылыс және баспаналарды бөлу, демографиялық және көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында және жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі.Экономист-сарапшы Мақсат Халық та санақтың пайдалы тұстары бар екенін айтады, бірақ осындай қиын кезде бюджеттен қыруар ақша бөлу тиімді ме деген сұрақ туындайтынын да қосты, сол себепті науқанға қарастырылып отырған қаражатты бақылауда ұстаған жөн дейді сарапшы. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:
– Он жыл сайын санақ өткізіліп тұрғаны дұрыс деп есептеймін, белгілі бір дәрежеде халықтың жағдайын санақ арқылы білуге болады, оңтайлы тұстары бар. Бірақ коронадағдарыс кезінде бюджет қаражатын жұмсау қаншалықты тиімді деген сұрақ, әрине орынды. Не десек те, қазіргі бөлінген қаражатты ерекше бақылауда ұстаған дұрыс. Өйткені осы мақсатқа бөлінген ақша талан-тараж болғанын білеміз. Науқанның онлайн өтуі белгілі бір дәрежеде санаққа жұмсалатын шығынды азайтуы керек деп есептеймін.Ұлттық статистика комитеті де заманауи технологияларды қолдану арқылы санақ өткізу 2009 жылғыға қарағанда 2,6 есе арзанға түседі деп сендіріп отыр. 2021 жылғы халық санағын өткізуде бір адамға жұмсалатын шығын 1,1 АҚШ доллары дейді жауаптылар. Ал 2009 жылғы халық санағы кезінде адам басына 2,9 АҚШ доллары кеткен екен.
Санаққа қанша ақша жұмсалады?
2018 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта (бесжылдық кезең) халық санағын өткізуге бюджеттен 9,1 миллиард теңге бөлінген. Статистика бюросының есебіне сүйенсек, қаражаттың басым бөлігі қызметкерлердің жалақысын төлеуге қарастырылған екен. Тағы біразы санақ өткізуге арналған планшеттер (Қытайда шыққан KOUZONE MTK6592 маркалы планшеттің біреуі шамамен 39 000 теңге тұрады) мен «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамытуға жұмсалады. Алайда, бір айта кететін нәрсе, санақтан онлайн өтуге арналған sanaq.gov-та да біршама ақау барын байқауға болады. Тіркелу коды бар смс-хабарламаны ұзақ күту, сайттың жүктемесі бойынша кедергілер бар екені де айтылып жатыр. Мұны онлайн санақтың алғаш рет өтуімен байланыстырып, ақтап жатқандар да бар. [caption id="attachment_155865" align="alignnone" width="1920"] sanaq.gov.kz[/caption] Ал 1,1 миллиард теңгеге сатып алынған 27 412 планшет санақ аяқталғаннан кейін мемлекеттік органдарға берілмек екен. Статистика бюросы осы кезеңде 32 509 адам жұмысқа орналастырылатынын мәлімдеген еді. Бірінші кезеңде тіркеуші ретінде 4 562 адам, ал екінші кезеңде санақ жүргізетін интервьюер қызметіне 23 033 адам қабылданады. 1-кезең интервьюеріне (тіркеушіге) 30 күн үшін 75 743 теңге төлеу жоспарланған. 2-кезең интервьюеріне (санақтан өткізушіге) 94 679 теңге төленеді. 45 күнге толық көлемде қызмет көрсетілген кезде 1-ші және 2-ші нұсқаушы-бақылаушы 113 614 теңге жалақы алады. Жұмысқа алынған санақ персоналы арнайы дайындықтан өтеді. Уақытша қызметкерлермен өтеулі қызмет көрсету шарты жасалады. [caption id="attachment_155866" align="alignnone" width="686"] sanaq.gov.kz[/caption]Жеке деректерді желіге жүктеу қауіпсіз бе?
«Халық санағы кезінде алынған деректер басқаның қолына түсуі мүмкін бе?» деген сұрақ та көп адамды мазалайтынын байқауға болады. Статистика бюросының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы алаңдауға еш негіз жоғын айтады:– Санақ басталмас бұрын оған тыңғылықты дайындық жүргізілді. Пилоттық санақ өткізілді, соған байланысты электронды жүйені баптап, реттеп, арнайы сертификаттаудан өткізілді. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты күнделікті мониторинг жүргізіліп отырады. Азаматтардың толтырған анкеталары шифрланып, сол күйінше біздің орталық серверге, Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне түседі. Сертификатталған, қауіпсіз байланыс желісі арқылы тізбектеледі. Сайтқа қандай да бір кибершабуыл жасала ма, оның барлығы ҰҚК тарапынан мониторинг жүргізіледі. Азаматтардың жеке деректері тек статистикалық мәліметтер үшін ғана пайдаланылады, – дейді ол.Ал ІТ маман Тимур Бектұр ықтималдық әрдайым бар екенін айтады.
– Онлайн өткені уақыт талабы деп ойлаймын. Ал қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, халық санағын жүргізіп жатқан жүйені техникалық тұрғыдан толықтай аудит жасап барып, сұрақ не күмән туындаса ғана бірдеңе деуге болады. Нақты техникалық себеп болуы керек. Ал ықтималдық әрдайым бар. Бірақ ол деген қауіпті дегенді білдірмейді, – дейді маман.
«Біртүрлі» сұрақтар немесе «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?»
Жалпы, санақ 91 сұрақтан тұрады. Сауалдарға қарап бұл санақ жай ғана санақ емес, әлеуметтік сауалнамаға көбірек ұқсайтынын аңғаруға болады. Алайда адамдардың көбі, соның ішінде қоғам белсенділері санақ сұрақтары «біртүрлі» екенін айтып, сынға алып жатыр. Шынында да, оғаш, тосаңсытарлық сауалдар көп. Мәселен, «Сіз қанша тірі бала тудыңыз?», «Оның ішінде Сізде туылғаны», «Тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) сыртқы қабырғаларының материалдарын көрсетіңіз», «Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу қиындықтарын сезінесіз бе?» және солай жалғаса береді. 2021 жылғы 15 қыркүйекте Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов халық санағының аралық қорытындылары туралы баяндаған еді. Сол кезде азаматтардың үй-жайы туралы алынатын мәлімет ары қарай елді мекендердің тұрғын үй қорының жағдайына сараптама жасау үшін қажет екенін, бала туу туралы сұраққа жауап алу нәресте және бала өлімі туралы жан-жақты толық мәлімет жинақтауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.Ал «Тұрмыс-тіршіліктің шектеулері жайлы сауалдар мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі жандар мен өмір сүруінде үлкен қиындықтары бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген адамдардың саны туралы неғұрлым толық деректер береді», – дейді Нұрболат Айдапкелов.Одан бөлек, санақ сұрақтарындағы грамматикалық қателерден де көз сүрінеді. Орыс тілінен сол күйі қотара салған калька аудармалар да көзге ұрып тұр. Елорда көшелерінде ілінген халық санағының баннерлерінен де «Қазақстанда әркім маңызды» деген жазуды байқадық. Ал Статистика бюросының өкілі бұл сұрақтарды мүдделі органдар мақұлдағанын айтады.
– Бұл сауалдардың барлығы үш мәрте қоғамдық талқылауға жіберілген болатын. Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында жарияланды. Оған қоса мүдделі мемлекеттік органдар мақұлдаған, оны статистика бюросы өзі құрастырып, бекіте салған жоқ. Келісуден, бекітілгеннен кейін ғана Әділет министрлігі оны бекітеді, сөйтіп санақ парақтары жасалады. Ашық нормативтік құқықтық актілер порталынан бөлек, sanaq.gоv сайтында да барлық мәліметтермен танысу мүмкіндігі болған. Ешқандай сыни пікір айтылған жоқ. Тек «ұтқыр телефон» деген сөзге қатысты сын айтылды, бірақ «ұтқыр» сөзі 2000 жылы бекітілген термин ретінде termincom.kz сайтында тұр. Оған қоса, сұрақтар бұған дейінгі санақта да қолданылған, – дейді Олжас Сайлаубекұлы.Сонымен қатар, санақ сұрақтарына немқұрайды жауап беру мәселесі де қарастырылған екен, азаматтар жалған ақпарат бергені үшін жауапқа тартылмайды. Бірақ жауапты мамандар сұраққа мұқият жауап беріп, санаққа жауапкершілікпен қарау маңызды екенін айтады.