50447
Жауратпашы жұлдызыңның жүрегін...
Жауратпашы жұлдызыңның жүрегін...
Қазақы комплекске күйінгенде Мейірхан ақынның (Ақдәулетұлы) айтатын бір сөзі бар: «Құл ешкімді сүйе алмайды, жарығым». Жұматай ақынның (Жақыпбаев) тіліне түскен осы бір сұрапыл шындық біздің бүгінгі болмысымыздың терісін іреп, күн сайын шыңғыртып отырса да, есіміз кірер емес. Сананың көргенсіздікке, ұятсыздыққа құлдануынан арылатын түрі көрінбейді. Керісінше «Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма, шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін» (Абай) демекші, «әркімнің өз шындығы бар» деп (негізі әркімнің өз шындығы жоқ, көзқарасы, түсінігі ғана бар) ауызға не түссе соны айтып, өзгенің адамдық тұлғасына күйе жағып, намысын қорлаудан жүзі жанбайтындардың көбейіп бара жатқаны өкінішті...
Жалпы қазақтың жек көру үдерісі» кеше-бүгін басталған нәрсе емес. Бірақ ондай нәрсе бұрында бұқаралық ақпарат құралдарында ашық айтыла бермейтін. Себебі ол кезде газет-журнал, радио-телевизия − бәрі мемлекеттің бақылауында болатын. Сондықтан біреудің біреуге деген ашық жеккөрінішіне жол берілмейтін. Тәуелсіздік алдық, тіліміз шешілді. Ақиқатпен бірге іштегі қыжылымызды ашып айта беретін болдық. Жұлдызымыз қарсы болса, ұнатпаған кісімізді тұқыртуда ештеңеден аянбайтын безбүйрек қалыпқа ендік. Біреудің кемшілігін тауып, артын ашу, тағы біреудің әлсіздігін біліп, келеке ету, енді біреудің бұрынғы бір кезде кеткен қателігі болса соны айдай әлемге паш етіп, қыбы қану − бізге сөз еркіндігі деген қасиетпен бірге еріп келген кеселді әдет болды. Бұл сол тұста өздерін «тәуелсіз басылым» санайтын қаптаған жекеменшік газет-журналдардың көбінің нан табудағы стратегиясына айналды. Басында «Ұят емес пе? Көрініп тұрған мінді көргенсіз айтады» дейтін, адамдық ар-намыстан әлі айырыла қоймаған халық қарсыласа бергеннен ештеңе өнбеген соң тулап-тулап, шаршап басылды. «Ұра берсең Құдай да өледі» деп қазақ астарлағандай күнде, күнде емес-ау, сағат сайын айтыла берген соң өсек-өтірікке құлақ үйренді, «сұмдық-шындықтарға» ет өлді. Бірте-бірте дозасы көтерілген «масқара», «жаға ұстататын» жаңалықтар сананы улап, жаман бірдеңе естімесек басымыз ауыратын күйге жеттік. Бірақ нағыз сұмдық ол емес еді. Ол осындай пәлелерді жасауға әрбір адамның қалағанынша үлес қосуына жол ашылуы еді. Интернет жүйесі дамып, әлеуметтік желі дегендер пайда болғалы бері онсыз да жел сөзге үйір қазекемнің Құдайы берді десе болады. Аузына келгенін айтуға ерік беретін сол нәрсенің кесірінен өзіне ұнағанын қылмыс жасаса да ақтап алуға, ұнамағанын − елдің маңдайына біткен марғасқа болса да жамандап, жала жабуға әдеттеніп кетті елдің көбі. (Абай сөзімен айтқанда, «Қабағын итше өшігіп шыға келер, Мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп»). Міне, соның тақсыретін енді тартып отырмыз... Ең жаманы − қаймана қазақ туралы артық-ауыс әңгіме емес, ұлтымыздың атын шығарған көрнекті тұлғалар мен талантты жастарды тұқыртуға бағытталған кеселді сөз, керкеткен әрекеттің өршуі болып тұр. ...Осыдан аз ғана уақыт бұрын ән көгіне шарықтай көтеріліп, күллі әлемнің көзайымына айналған Димаш Құдайберген сияқты талантты әншіміздің алдымен Беларусьте, соңынан Қытайда даңққа бөленіп, өзінің ерекше даусымен, бөлекше әуезімен дүниежүзін таңғалдырғанда бөркімізді аспанға атып, қазақ қазақ болғалы жетпеген жетістікке жеткенімізге жарылып кетердей мақтанғанымыз қайда? Күні кеше ғана емес пе еді? Күні кеше ғана емес пе еді Димаш Жапонияға барғанда оның келгенін әуежайда қазақша хабарлағанда төбеміз көкке жеткені? Күні кеше ғана емес пе еді АҚШ-та Димаш айтқан қазақша әнді халық қосылып қазақша шырқағанда көзімізге жас келгені? Күні кеше ғана емес пе еді АҚШ президентінің таққа отыру рәсіміне Димашты ән салдыруға арнайы шақыртқанда «біздің ұл осындай» деп кеудеміздің мақтаныш кернегені? Күні кеше емес пе еді, ғарыш кемесімен Марсқа есімі жеткізілгендердің қатарында Димаш та болғанын білгенде қол шапалақтап қуанғанымыз? Ал содан кейін не болды? Біресе оны «Қытайдағы қазақтардың мәселесін шешуге араласпады» деп саясатқа сүйрегіміз келді. Біресе Димаштың руына тиісіп, қазақ екеніне күмән келтіргіміз келді. Біресе «Ресейге барып біздің «керемет сарапшыларды» орысқа жығып берді деп күстаналағымыз келді. «Америкаға барып әлемдік шоу-бизнес орталығында өнерімді шыңдаймын» десе, елді тастап барады деп гуледік... Бірақ, Құдайға шүкір, «Аққа Құдай жақ» демекші әлдебіреулердің арам пиғылы жүзеге аспады, халықтың бағына жаралған − Құдай бере салған балаға қаскөйлердің сөз-оғы дарымады. Ең бастысы, оның қадірі қазақ ішінде ғана емес, күллі әлемнің кеңістігінде! Өзіміз «қазақтың атын дүниеге танытқан талантты бала» деп мақтанудан аса алмасақ, Димашты әлем ерекше ұлықтап жатыр. Чили мен Польшада жиырма төрт сағат бойы Димаштың орындауындағы әндер беріліп тұратын радиолар ашылды! Димаштан соң әлем қазақ тіліне қызығып, қазақша ән салуға талпына бастады. Ал біздің қоғамда... әлгіндей әрекеттер, болғаны өкінішті, ол – ұлттың бетіне салық болатын көргенсіздік. Қателіксіз қоғам да, адам да болмайтын шығар, бірақ қателігінен сабақ алмайтын қоғамның соры бес елі. Енді міне, Димашқа жасаған жаңағыдай парықсыздығымыздан көп уақыт өтпей-ақ тағы бір талантты жасқа шүйлігіп жатырмыз. Ал бұны аяқсыз қалдыруға болмайды. Ел боламыз десек, есімізді жиюымыз керек! Елдің есінде болар, 2019 жылдың 18-24 наурыз аралығында Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен әлем чемпионатында Қазақстанға тұңғыш рет осы бір спорт түрінен алғаш рет күміс медаль бұйырып, оған қолымызды жеткізген 19 жастағы қазақ қызы Элизабет Тұрсынбаева болатын. Мәнерлеп сырғанауда бұрын-соңды бұндай биікке көтерілмеген елді қалай танытып еді сол қыз? Мәнерлеп сырғанау − би мен спорттың үйлесімінен тұратын ғажап бір өнер. Онда сұлулық пен шеберлік қатар сынға түсіп, көргеннің көзін арбайтын ерекше бір сиқыр бар. Ал оны меңгеру – арқылы ерекше өнер көрсету мыңның бірінің маңдайына жазылатын бақыт. Сол үдеден шыққан Элизабет қандай ерлік жасап еді? Ол қазақ қанында бар тәуекелшіл мінезге басып, күллі әлем қас қақпай күзетіп отырған жарыста орындалуы аса қиын, тіпті мәнерлеп сырғанауда ересектер арасында бұрын ешкім жасай алмаған әдісті орындады. Ол − 1909 жылы швед мәнерлеп сырғанаушысы Ульрих Сальховалғаш рет жасаған қимыл элементі, яғни мұзайдында тіке секіріп, шыр айналатын ерекше қимыл еді. Міне, осы «сальхов» аталатын қимылды осы кезге дейін ересектер арасында ешкім үш рет айналып орындаудан аса алмап еді. Соны тұңғыш рет қазақ қызы − Элизабет Тұрсынбаева бұзып, тіке секіріп төрттік сальховты орындады! Бір сәт бүкіл әлем демін ішінен алып тұрып қалғандай болды. Адамдар көз алдында болған оқиғаға сенер-сенбесін де білмейтін күйде еді. Тек жарыс барысын түсіндіріп отырған комментаторлар ««Тұрсынбаева төрттік сальховты орындады» деп жарыса сүйіншілегенде ғана спорт жанкүйерлері жаңа рекордтың орындалғанын білді. Бұл туралы хабар таратқан әлемдік БАҚ-тар Тұрсынбаеваның ерлігін «Мәңгілікке секіру» деп бағалады. Міне, осыдан кейін ғана қазақтың көпшілігі мәнерлеп сырғанау дегеннің не екеніне назар аудара бастады десе болады. Тіпті, мұзайдында әлемнің ең мықты спортшыларымен бәсекелесіп жүрген Элизабет есімді қазақ қызы бар екенін білді. Қапияда сөнген Денис Тен секілді жұлдызымызды жоқтатпай, ол ұстаған туды одан әрі биікте желбіретіп, халқын даңққа бөлеген қаршадай қазақ қызын шын мәнінде батыр деуге болады. Ол Мәскеуде туып, сонда жетістікке жетсе де шеберлігі толысқан шақта әкесінің кіндік қаны тамған Сыр бойына келіп, мәртебелі жарыстарға Қызылорда облысының атынан шығуы да ұлттық тұрғыдан алғанда азаматтық, отаншылдықтың үлгісі еді. Біз соны бағалай біліп пе едік? Әрине, солай! Жасындай жарқылдап шыққан қызды төбемізге көтеріп, мақтан тұттық. Ол рас. Алайда дәл бүгінгі жағдайда өз бауырымызға өзіміз аяқ астынан неге суық тартып қалдық? Спортта болсын, өнерде не басқа салада болсын өмір бойы бір деңгейде тұру қиын. Қаншама жетістігің болса да! Демек, әр нәрсенің уақыты бар. Мәңгіліктің бір мезетінде күшті болсаң, келесі мезетінде сенен де мықтылар шығуы мүмкін. Кейде әлдебір жағдайлардың себебінен үлкен спорттан кетіп жататын да кездер бар. Көбінесе денсаулыққа байланысты. Міне, осындай жайтқа Элизабет қызымыз да тап келіп отыр. Сондықтан ол жаттығуларда алған жарақатының себебінен өзінің спортшы ретінде карьерасын тоқтататынын мәлімдеді. Бұл, әрине, күллі қазақ елі үшін күтпеген жағдай, бірақ болмасты болдырамын деп өрекпуден не пайда бар? Сондықтан саналы азаматтардың бәрі, оның ішінде спорттан хабары барлары мұны аса күйінбей, қалыпты жағдай ретінде қабылдады. Әрине, оны өте ауыр қабылдағандар жоқ емес. Әсіресе, Элизабеттің анасы Падишахан Сұлтанәлиева. Ата-ана болған соң жасынан баулып, биікке талпынтып өсірген өз перзентінің спорттың ең биік шыңдарын бағындырғанын қалайды ғой. Басқа басқа, Элизабет сияқты жеңіс тұғырына бір табан жақын тұрған спортшы перзенттің ойламаған жерден мұзайдындытәрк етуі кімге де болса оңай емес. Сондықтан Элизабетті дүниеге әкелген ананың күйінішін түсінуге болар. Әрине, мұндай алмағайып кезеңде журналистер де спортшыдан не оның ата-анасынан қызықты сұхбат алып қалуға тырысады ғой, спортшының денсаулығы неге сыр берді, спорттағы жолын аяқтауына басқа себеп бар ма деген сияқты нәрселердің сырын ашқысы келеді. Оны бекерлей алмайсың. Элизабеттің анасынан сұхбат алған МатчТВ арнасының тілшісі қазақ спортшысына қатысты көптеген сұрақтар қойған. Оның ішінде Элизабеттің денсаулығы, спортшы ретінде қалыптасу жолы, жеңісінің маңызы − бәрі айтылған. Тек «Элизабет Қазақстанның атынан шығуына шешім қабылдауына ата-бабаларыңыздың сол жақтан екені себеп болды ма?» деген сұраққа (қызының спорттық карьерасының ертерек тоқтағанына көңілі түсіп тұрған ана ғой) Падишахан Сұлтанәлиева: «Солай айтуға да болады. Күйеуім бұл жол баламыздың жетістікке жету жолын тездетеді деп ойладық. Бірақ оған қалай өкінемін?! Біз мәнерлеп сырғанау спорты жоқ ел үшін жарысқа қатысудың қиындықтары болатынын білмедік. Егер сіз атынан барған ел әлемдік аренада мәнерлеп сырғанауда орны бар ел ретінде қарастырылмаса... бұл – тозақ. Төрешілер жоқ, техникалық бақылаушылар жоқ, сахна артында қолдау жоқ. Ғасырлар бойы көшбасшылық үшін күрескен державаларда жеңіске жету үшін бәрі жасалған. Олар өз спортшыларын қорғап, төрешілермен жұмыс істейді. Үлкен спорт үлкен саясатпен тең. Мен мұны тым кеш болғанда ғана түсіндім. Егер мәнерлеп сырғанаумен айналысқысы келетін немерелерім болса, Қазақстандағы жағдай өзгермесе Ресей үшін ғана бәсекелес бол дер едім. Бірақ бұл тек менің пікірім екенін баса айтқым келеді», − деп жауап берген. Әрине, ашу үстінде айтты десек те, спортшының анасының бұл сөздерінен аса шектен шыққан ештеңе көрінбейді. Ал үлкен спортта үлкен елдердің сесі басым болатыны, сондықтан кейде спортшысы қанша мықты болса да, кішкене елдердің шетқақпайға ұшырайтыны өтірік емес қой. Бірақ бұл арада сұхбат алған журналист де берілген жауапты түрлендіріп жіберген көрінеді. Ол туралы сұхбат беруші өзінің Facebook парақшасында «Журналиске әлемдік спортта жеңу тозақ десем, ол Қазақстандай елдің атынан қатысу деп бұрып жіберіпті» деп жазып отыр. Ал енді Падишахан Сұлтанәлиеваның осы айтқанын Қазақстанның рейтингіден басқа нәрсе қызықтырмайтын сайттары үзіп алып, түрлі саққа жүгіртіп жатыр. Оны әлеуметтік желіге бөлісіп, бүйректен сирақ шығарып жатқандардың есеп-саны жоқ. Сондағы айтатыны «Қызы Қазақстанның атынан шыққанына неге өкінеді?», «Ұлты басқа болған соң қазақты менсінбей айтып тұр», «Қазақстанбұл әйелдің қызына бар жағдайды жасады, соны білмейді» т.с.с. қаптаған айыптаулар. Ау, анасының айтқан бір сөзі жалпақ жұртқа бұрмаланып жетсе Элизабеттің не жазығы бар? Ешкім ата-анасына қалай сөйлеуді үйретпейді ғой! Дегенмен қазаққа даңқ сыйлаған спортшы қыз анасы үшін кешірім сұрады: «Мен бұл жайында бірнеше рет айттым, енді тағы да қайталағым келеді: Ұлттық Олимпиада комитетіне, Қызылорда облысының басшылығына, Мәдениет және спорт министрлігіне бүкіл мансабым бойына маған қолдау көрсеткені үшін шексіз ризашылығымды білдіремін. Менде барлығы жақсы және Қазақстанның атынан әлемдік аренада өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе болды. Анамның сөздері қатты батып кеткен жандар болса, кешірім сұраймын. Өкініштісі сол, қазір біз екі жақтамыз, ол Мәскеуде, ал мен Қазақстандамын. Мен барлық жағдайды бақылауда ұстап тұра алмадым. Бұлай болып тұрады. Қандай жағдай болса да, мен анамды жақсы көремін. Анам өте ашық адам, ойында не тұрса соны жайып салады. Біздің барлығымыз бірдей ойлап, бірдей сөйлей бермейміз. Біз бөлек жандармыз. Әркімнің өз ойын айтуға толық құқығы бар. Егер сіз бір адамның орнында болып көрмесеңіз, ол жайында пікір айтудың қажеті жоқ. Ата-ана деген әрқашан баласы үшін жанын беруге даяр тұрады, әсіресе аналар», − деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасына. Қандай қиын десеңші! Сен бар жаныңды салып өз Отаның үшін аянбай тер төгіп жеңіске жеткеніңде қуанған халық, кішкене бір әңгіме үшін сені, сенің отбасыңды жерден алып, жерге салып жатады. Бұл жай адамның өзіне оңай емес, ал ел намысын қорғап жүрген спортшыларға тіпті ауыр тиері анық... Жалпы, ел болғымыз келсе, майда-шүйде әңгімеге мән бермеген дұрыс қой. Үлкен елдің азаматтары ондай ұсақ-түйек нәрселерді құлағына да қыстырмайды. Ал біз әшейін бір сөз үшін елдің мерейін көтеріп, жалауын биікте желбіреткен жастарымыздың намысына тиер сөз айтып, ақымақтық жасаймыз... Кім не десе о десін, Димаш, Элизабет сияқты жастар – қазақтың бағына туған, Қазақстанның даңқын көтеру маңдайына жазылған таланттар. Біз соларды төбемізге көтеріп, мақтаныш ету арқылы мықты ел, дарынды халық екенімізді мойындата аламыз әлемге. Ендеше жұлдыздарымыздың жүрегін суық сөзбен жауратудан аулақ болайық!Ахмет ӨМІРЗАҚ