Тынысы ашылып, тіршілігі қызған өңір
Тынысы ашылып, тіршілігі қызған өңір
Осыдан 6 жыл бұрын Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, халық саны көбейген тұста төртінші аудан құрылған болатын. Ол кезде Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы еді. Облыс әкімдігі мен мәслихатының «Шымкент қаласында төртінші ауданды құру және қала аудандарының шекараларын белгілеу туралы» бірлескен қаулысы мен шешіміне сәйкес төртінші ауданның атауы Қаратау ауданы болып бекітілді. 2015 жылдың сәуір айынан бастап әкімдік аппараты толық құрамда жұмысын бастады.
Басты мәселе – шалғай ауылдардың инфрақұрылымы
Аудан әкімі Абзал Әліқұлов қалаға кейін қосылған және жаңадан бой көтерген шағынаудандар мен тұрғын алаптарының инфрақұрылым мәселелері әу бастан да қиын болғанын айтады. Әсіресе, әлі де ауызсу, табиғи газ және жарық, жол мәселелерінің түйіні шешілмеген елді мекендер бар. Алайда мұның барлығы да рет-ретімен шешімін тауып келеді. Ал бұдан бөлек, Қаратау ауданында көз тартар көркем ғимараттар орналасқан. Жаңа қала бой көтеріп келеді. Қала бойынша құрылыс жұмыстарының 60 пайызы Қаратау ауданында жүргізіліп жатыр екен. Әсіресе, мемлекеттік бағдарлама аясында қолжетімді тұрғын үй құрылысы қарқынды. BІ-group, «Отау-строй», «Оңтүстікқұрылыссервис» компаниялары салып жатқан тұрғын үй кешендері жаңа шағынаудандарда бой көтеріп жатыр. Пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлердің саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр 537 616 шаршы метрлі тұрғын үйдің кілті табыс етілсе, алдыңғы жылы оның саны 40 пайызға төмен болатын. Бүгінде аудан аумағында орналасқан 24 елді мекенде 247 мыңнан астам халық тұрады. Аудан көлемі – 32,256 гектар. Жоғарыда атап өткендей, аудан аумағындағы шалғай өңірлерде инфрақұрылым жағдайына баса назар аударылған. Аудан әкімі бүгінде осынау жұмыстардың қаншалықты деңгейде атқарылып жатқанына көңіл бөлді. Абзал Шымкентбайұлы бүгінде аудандағы 47 202 жеке тұрғын үйдің 36 324-і тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтылып отырғанын жеткізді. Ал 5 937 тұрғын үй кесте бойынша, 4 941 үй тасымал сумен қамтылыпты. Елді мекендерді таза ауызсумен қамту бойынша Көмешбұлақ су жинақтаушысынан Тұран шағынауданы айналма жолына дейінгі аумақтағы 2 ниткалы суаққы құрылысы былтыр мамыр айында басталған. «Сарыағаш-Аман» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс келесі айдың соңында пайдалануға беріледі. Ал, Тассай тұрғын алабын ауызсумен қамту жұмыстары 2018 жылдың соңында басталып, биыл ел игілігіне ұсынылған. Бұдан бөлек, қазір Тұран, Достық, Азат, Асар-2, Нұртас шағынаудандары мен Қайнарбұлақ тұрғын алабының Жаңақұрылыс аумағына сапалы ауызсу беру жұмыстары жүріп жатқан. Ауданда осынау жұмыстар аяқталса, аймақтың сапалы ауызсумен қамтылу көрсеткіші 83 пайыз болады. Сонымен қатар ауызсуды қамтуды қажет ететін 6 елді мекен «Шымкент қаласын дамытудың 2020-2023 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» енгізілген. Аудан тұрғындарының 78 пайызы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің балансындағы орталық электр жүйесін қолданады. Ал 21 пайыз тұрғын жеке меншіктегі электр трансформаторлары арқылы электр жарығын пайдаланып отыр. Бүгінде Тұранда, Достықта, Тассайда және Қайнарбұлақ шағынауданында электр желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Ал 47 202 тұрғын үйдің 34 833-і табиғи газды тұтынады. 12 мыңнан аса үй жылу үшін қатты отын пайдаланады. Елді мекендерді табиғи газбен толық қамту жоспарларына сай қазір бірқатар ауылдарда газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін біраз құрылыс аяқталып, тұрғындар игілігіне ұсынылғанда ауданды табиғи газбен қамту 85 пайызға жетпек.
Спорт алаңқайларына ден қойылған
Шыны керек, соңғы жылдары жол салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл аудан аумағындағы Ақжайық, Азат, Бозарық, Нұртас, Асар-2, Қайтпас шағынаудандары мен Сайрам, Шапырашты, Орманшы, Мәртөбе, Қайнарбұлақ, Өтеміс, Таскен, Достық, Тассай тұрғын алаптарындағы ұзындығы 42,3 шақырым 38 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір аудандағы жалпы ұзындығы 61 шақырым көшелерге шағал тас төсеу жұмыстарына қаржы қаралып, Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Асар-2, Достық, Тұран шағынаудандарында шағалтас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қосымша 52,5 шақырымға шағал тас төсеуге ұсыныс жолданған. Қаратау ауданы аумағында 439 көп-қабатты тұрғын үй 159 аулаға біріктірілген. Биыл осынау аулалардың 32-не қосымша балалар ойын және спорт алаңқайын салу жұмыстары жоспарланып, мемлекеттік акт алынған. Қазір 7 аула мен 1 елді мекенге балалар ойын алаңқайын салу жұмыстарына қаржы қаралып, құрылысын жүргізуді жеңіп алған мердігер мекемелер жұмыстарын бастап кетіпті. Жуырда Шымкент қаласы мәслихат сессиясында Тұран, Ақжайық және Асар шағын ауданындағы 39 үйге қарасты 21 аулаға балалар ойын алаңқайы мен жаттығу тренажерларын орнатуға қаржы қаралыпты. Қазір құжаттандыру шаралары жүріп жатыр. Одан бөлек, көпфункционалды 25 ашық спорт алаңқайын салуға 479,7 млн тенге, 2 әмбебап спорт алаңқайын салуға 116,1 млн тенге қаралып, Мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс өткізілуде. Бұдан өзге демеушілер есебінен де ашық спорт алаңқайларын салу қарқын алды. «Ауданда бейберекет қоқыс жиналуына жол бермеу мақсатында тұрғындарға қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелермен келісімшарт түзу қажеттігін айтып жатырмыз. Нәтижесінде, тұрғындардың 99 пайызы келісімшартқа отырды», – дейді Абзал Әліқұлов. Аудандағы 481 көпқабатты тұрғын үйдің 384-і орталық жылу жүйесіне қосылса, 97-і автономды жылуды тұтынады. Атап өтейік, көпқабатты тұрғын үйлерге 6 сервистік мекеме қызмет көрсетеді екен. Олар кіреберістер мен баспалдақтарды тазалау, жертөледегі жиналған суды шығару, үй ауласын тазалау, жертөледегі инженерлік жүйелерді күтіп-ұстау жұмыстарын атқарады. «Сонымен қатар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты тұрғындарға тұрғын үйлерді басқару жүйесін, «Мүлік иелерінің бірлестігін» немесе «Қарапайым серіктестік» құру қажеттігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, қазір 9 мүлік иелерінің бірлестігі және 183 қарапайым серіктестік құрылды», – дейді аудан әкімі.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы