«Nur Otan»-да жыл басынан бері 28 мың қоғамдық қабылдау өткізілді

«Nur Otan»-да жыл басынан бері 28 мың қоғамдық қабылдау өткізілді

«Nur Otan»-да жыл басынан бері 28 мың қоғамдық қабылдау өткізілді
ашық дереккөзі
365

Жыл басынан бері «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 144 мыңнан астам азамат жүгінді. Депутаттар мен мемлекеттік органдардың басшылары 28 мыңнан астам қабылдау өткізді деп хабарлайды партияның nurotan.kz. ресми сайты.

Талдау көрсеткендей, өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және т.б. мәселелермен байланысты. Қазіргі таңда өтініштердің 98%-ы шешіліп, консультациялық, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді. 2% орындалу үстінде. «Nur Otan» жұмысының маңызды бағыттарының бірі ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету екенін ескере отырып, партияның баспасөз қызметі бұл жолы Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында шешілген өтініштердің тарихымен бөлісті. Мәселен, Қарағанды облысындағы «Nur Otan» партиясының Саран қалалық филиалына тұрғындар мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер үшін спорт алаңын салуды сұрап, бірнеше рет өтініш білдірген. Азаматтардың өтініштері негізінде бұл мәселе партияның қалалық сайлауалды бағдарламасына арнайы бір тармақ ретінде енгізілді. Нәтижесінде, бүгінде Саран қаласында жалпы ауданы 800 шаршы метр болатын әмбебап спорттық-ойын алаңы салынды. Павлодар облысында «Nur Otan» партиясы атынан сайланған мәслихат депутаттары ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарды қолдауға бюджеттік қаржыландыруды ұлғайтуды жақтап дауыс берді. Бұған дейін партияның облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Кедергісіз келешек» жобасы аясында арнайы қабылдау ұйымдастырылып, оның барысында ерекше балалардың ата-аналары денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларына қатысты түрлі сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта осы өңірдегі 67 балаға көмек көрсетілді. Қостанай облысындағы Алтынсарин ауданының тұрғыны, арбадағы мүгедек жан Светлана Гурцкая пәтеріне газ кіргізуге рұқсат алуға көмек көрсетуді сұрады. Бұған дейін оның бұл өтінішін орындаудан аудандық газ қызметі бас тартқан. Нұротандықтардың араласуымен аталған мәселе оң шешімін тапты. Түркістан облысында Қазығұрт ауданының тұрғыны Комила Абдурасимова мүмкіндігі шектеулі ұлына арба сатып алуға көмек көрсетуді сұрады. Оның бұл өтініші ескерусіз қалған жоқ. Аудандық мәслихат депутаттары Аманжол Ашықбаев пен Айгүл Арынғазиева К.Абдурасимованың отбасына арнайы барып, мүгедектер арбасын сыйға тартты. Сонымен қатар, халық қалаулылары оған тұрақты жұмысқа орналасуға көмектесті. Партия баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жалпы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 2025 жылға дейін ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 22 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын бейімдеу жұмысы жүргізіліп, мүгедек балалар үшін кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығы және тағы басқа оң өзгерістер қамтамасыз етіледі. Еске сала кетейік, тұрғындар өз сұрақтарымен «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуына болады: 1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); 2. WhatsАpp: 8 700 800 4441 3. E-mail: komek@nurotan.kz  width= Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейін кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады. Сондай-ақ, партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары