Тура би

Тура би

Тура би
ашық дереккөзі
691
Қоғам ахуалы қашанда аумалы-төкпелі. Кейде кеудеңді ашатын таң самалындай еседі, кейде аңызақ аптабымен жаныңды қақсытып, тағы бірде қара суық, ала боранымен тірлік біткен­нің апшысын қуыра түсетіні бар. Бір қисайса жөнге келуі қиын. Сол аумалы-төкпелі құбылыс жақ­сыны жаман деп ұлардай шулайды, жаманды жақсы деп қылғына өзеурейді. Мұны ұйтқы­тушы­лар заманын, құдайын, өздері өмір сүріп, лаң салып жүрген ортасын қарғайды. Содан да біреулер дақпырт даңққа бөленіп, басқа біреулер ақық істері үшін нақақ күйіп жатады. Зардабын қаймана ха­лық көреді.

Бұл неліктен?

Бұл Мүсірепов айтқандай, талай мә­се­ленің тілін, түбін білмеуінен. Ендеше құбылып тұрған маңайдың тілін, көңілін қалай табасың? Осындайда қапалы көңілің біраз шаршай саябырсып, ойға қаласың. Бұл жұртқа не жетпейді, кімдер жетпейді деп жан-жағыңа алаңдайсың. Ұйтқыған құйын­дай адамдар дүниесіне кім басу айта алар деп із­денесің. Мына әлеумет кімнің сөзіне құлақ түре тоқтап, иланар екен, кім дәру сөзін айта алар екен деген үмітпен сол көпшіліктің іші­не көз саласың. Бозғылт өңді бір кісіге назарың тоқ­тай­ды. Ол әуелден анадайдан андыздап көзге ұра қоймапты. Беделді мінбелерден ағыл-тегіл нақыл сөздерін, ұран сөздерін төк­пектете ділмәрси бермепті. Даурық­қан­дарды бірді-екілі лебізімен, ойлы кейпімен сая­бырсыта біліпті. «Оу-у, біздің ортамызда осын­дай жандар әлі бар екен-ау» деп, оның ішкі әлеміне үңілесің. Үңілсең, «Терең ойдың тү­бінде теңізі бар, Тесіле кеп қарасаң, көңіл ұғар» деп Жам­был атамыз айтқандай, талай нәрсе кө­ресің. Сыртқы кейпі мен жан дүниесінен өз­геше бір үндестік табасың. Бұл өзіміз көптен көріп, біліп жүрген аза­мат екенін танып, жүрегің жылып қоя береді. Бәсе... иә, иә... бұл... одағайлана көз­ге ұрмай-ақ, әлгі ұйтқыған құбылыстардың зер­делей сырын ашып, маңайға пәлсапа-дәруін таратып, баршаның сабырмен алға өр­леуіне дақпыртсыз үлес қосып жүрген, бірауыз тура төрелігімен замандастарын жақсылыққа ұйыта білетін кәдімгі... иә, иә... кә­дімгі Сауытбек Абдрахманұлы... Қазір ол осы кісі не айтар екен дегізетін азаматы­мыз­дың бірі. Қолымызды көкірекке қоя тұрып, ақ-адалын айтсақ, солай. Оны мойындамасқа болмай да қалды. Бүгінде қоғамымыздың мызғымас ал­тын діңі осындай тұлғалардан сомда­лып, нығаятынын көріп отырмыз. Олар Ота­нымыздың шаңырағын қандай қиын күн­дерде де сықырлатпай, нық ұстап тұрған емен бақанға, салмақты аспа мен желбауға, қа­зыққа ұқсайды. ...1975 жылдың жазында Маңғыстау об­лыстық «Коммунистік жол» газетінің бас ре­­­дакторы Рысхан Мусин «Социалистік Қа­зақ­стан» газетінің бас редакторы Сапар Бай­жа­новпен ақылдасып, «осы жігітке көмек­те­сейікші, әрі университетке сырттай оқуға түс­сін, әрі бір-екі ай сіздің аппаратта прак­ти­када болып, үлкен орта көрсін» деп мені Алма­тыға азын-шоғын қосымша ақысы бар жол­сапарға жұмсады. Рахаң үлкен жүректі, жа­ны жомарт, көрегенді кісі болатын. Жа­рықтық 1973 жылы мені 8 жылдық және учи­лище бітірген қатырма қағаздарыммен-ақ об­лыстық газетке әдеби қызметкер етіп алып еді. Рахаңның адамдарды танып, өзіне тарта білу, төңірегіне ұйыта білу дарынының арқа­сы ғой, қазір қарасам, сол кезгі «Коммунистік жолдың» аппарат қызметкерлері ЦК-ның саяси органы тұлғаларынан кем соқпайтын: Жанғали Набиуллин, Хамидолла Қыдыров, Ти­хон Әліпқалиев, Айтқали Нәріков, Мұх­та­сын Сухамбердиев, Лебен Сәдуақасов, Жа­рас Ахметов, Киікбай Мырзағұлов, Әнуар Жәні­бе­ков, Темірхан Медетбек... Сайдың тасындай ірі­лер, тойнағы бөлек дөкейлер, әйгілі ақын­дар, жазушылар, облыс номенклатурасының құрамындағы белгілі белділер. Сонымен, жетінші сыныпта адамның, демек қоғамның оқшау табиғаты туралы «оғаш» пікірлерім мүл­де жақпаған, мені «нәсілшіл» деп айып­таған (сол кезде ұлттардың, нәсілдердің бас қондырысына, дене тұрқына, соған сәйкес ақыл-парасатына көңіл қоя бастағам) мұға­лімім, мектеп директоры Қылыш Өтетілеуов ағайдан орта білім туралы аттестат жаздырып алып, ҚазМУ-ға тапсырдым. Сапар Байжанов мені редакцияның Мыңбай Ілес басқарған бас штабына секретариатқа белгіледі. Сағат кешкі дәл алтыда ақын Кеңшілік Мырзабеков «шықпаймыз ба?» деп телефон шалады да, екеу­міз көк базардың жанындағы «Түркістан­да» шөл басамыз. Редакцияда онымен бір ка­­бинетте сол жылы университет бітіріп, бір­ден бас газетке жұмысқа орналасқан қа­тар­ласым Сауытбек Абдрахманов деген жігіт отырады. Шөл басудан тартынып тұрады. Шөлдемей ме, шөлдегенін білдірмей ме... Бір көргеннен кідіріп қалғам. Ақтаудағы, Алма­тыдағы таныстардай, достардай бірден тарт­пады. Кісіге сынап қарай ма... зерттегендей көз сала ма... белгілі бір қашықтықты сақта­ғы­сы келе ме... Алуан-алуан редакциялардағы, Жазу­шылар және Журналистер одақта­рын­дағы ақжарқын жора-жолдастардан, саяси жастар ұйымдарындағы зырғыған қыз­мет­керлерден бөлек... Ерте есейгендік нышаны бар... Өзімше ой түйіп, ұмтыла қоймадым. Бірақ көкейімде жүрді. Жылдар өтіп жатты. Қайта құру деген нау­қан басталды. Ақтаудағы журна­листердің ортасы алаулап, өртеніп кеп берді. Сол айтыс-тартыстың ортасына мен де қойып кеттім. Сөйте жүріп, көзге де түстім. Ре­дак­ция коммунистері мені партия қата­ры­на қабылдады. Көп ұзамай облыстық партия ко­митетіне қызметке шақырылдым. Кейін­нен Алматыдағы Жоғары партия мектебіне ауыстым. Партияның ауылына жақындаған соң, сондағы кадрларға көз сала бастайсың. Көз салғанда алдымен назар тіктегенім – 1987 жылдың басында Орталық комитетке ша­қырылған баяғы Сауытбек. Оған дейін «Социалистік Қазақстанның» тарихындағы ең жас бөлім меңгерушісі, алқа мүшесі бол­ғанын сырттай естіп жүретінмін. Жазған­да­рын жібермей оқимын. Әсіресе, өнер туралы мақалалары, рецензиялары, сұхбаттары көбірек ұнайтын. Желтоқсан оқиғасы партия қызметіндегілерге, соның ішінде газет-жур­нал, радио-телевизияға жауапты адамдарға үлкен сынға айналды. Бір жағынан – Мәс­кеудің талабы, екінші жағынан халықтың намысы оларды қос бүйірден қатар қысты. Сон­да осы Сауытбектің бүкіл республикадағы қазақша баспасөздің кураторы ретінде қай мәселені де салқын сабырға салатынын, ар­тық белсенділік танытпау, саясаттың сөзін сөйлегенде де сойылын соғып кетпеу керегін ыммен ұқтыра алатынын редакциялардағы жігіттерден естіп, сүйсініп жүретінмін. Бұл үшін ұстараның жүзінен өтетіндей сараб­далдық қажет болатыны белгілі ғой. Тағы бір сүйсінгенім мынау. Маңғыс­тау­дың азаматтары ретінде сол өңір­ден шыққан аға-апаларымызға алаңдап жүре­тініміз табиғи жай ғой. Жазушылар ода­ғы­ның екінші хатшылығынан кетіп, бұрын зейнетке жасы толған ірі лауазымды кісі­лердің айлық алып жүруі үшін орналас­тыры­лып қоятын Ескерткіштерді қорғау қоғамын басқаруға жіберген болатын. Сон­дай жағдайда Орталық комитетте мәдениет және өнер секторын басқаратын Сауытбек Әбіш ағаны дүйім топқа шақыртып, сөз беріп, кездесу ұйымдастырып, көтермелеп жүреді екен, сөзі жеткен жерге дейін айтып, Әбіштің асқан ақылын пайдалану керек деп айтады екен. Ақыры Әбекең сол Орталық комитетке шақырылды, көп ұзамай бөлім меңгеру­ші­лі­гіне жоғарылатылды. Осыған да риза едік. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы аса жауапты жылдарда Президент Әкім­шілігінің ішкі саясат бөлімінде меңгеру­шінің орынбасары, бірінші орынбасары қызметінде жүріп, Сауытбек Абдрахманұлы бір формациядан келесі неғұрлым демокра­тия­лық үлгіге өткен мемлекетімізді нығайту­ға үлес қосты. Мемлекет қанша әл-ауқатты, бай болса да, ішкі көңіл күйі үйлеспесе, оның бағы баянды болмайтынын алыс-жақын шет­елдер тірлігінен көріп келеміз. Ішкі саясат қыз­меті дегеніміз – ел ішінің жағдайын реттеп, та­зартып, емдеп отырған органдар қызметін ат­қарады. Кейін Сауытбек Мәдениет ми­нистрінің бірінші орынбасары қызметіне жо­ғарылатылды. Одан әрі «Қазақстан телеви­зиясы мен радиосы» корпорациясында бірін­ші вице-президент ретінде осы күрделі сала­ның тыңайып, пәрменді жұмыс істеуін қамта­масыз ете білді. Ал еліміздің Ақпарат ми­нистрі болған жылдар – Сауытбектің ке­меліне келген шағы. Ол бүгінде Парламент Мә­жілісінің депутаты, Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының же­текшісі. С.Абдрахмановтың «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті» ашық акционерлік қо­ға­мының президенті кезіндегі 16 жыл бой­ғы қызметіне ерекше назар аудару орынды. Ұлтымыздың ата газеті сол жылдары халқы­мыз­дың бағдаршамындай қадір-қасиетін байы­та түсті. Газет Сәкен Сейфуллин, Бейім­бет Майлин, Мұхтар Әуезов қалыптастырған, кейін көзіміз көрген Сапар Байжанов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев дамытқан ел­жандылық дәстүрін одан әрі өрістетті. Сауыт­бек Абдрахмановтың әрқашан әділдік жа­ғын­дағы сарабдал, тура би қасиеті сол ке­зеңде әбден нығайды. Бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе, «Егемендей» ерен газетті басқара жүріп, елдің бәрінің көңілінен шығу қиын-ақ. Біреу­лер мақталғанмен, біреулер сыналып жа­тады. Біреудің жазғаны басылғанмен, біреу­дің жазғаны қайтарылып жатады. Кей ма­қала толық басылады, кей мақала шолақ басы­лады. Соның бәрі үшін бірінші басшыға разы­лық та айтылады, наразылық та айты­лады. Мұны көтере білу, не нәрсеге де кең­дік­пен қарау – біліктілік белгісі. Осы өмірде көргеніміз, шүкір, аз емес. Ғұмыр бойы небір үлкен кеңселерде отыр­ғандардың қызметтер тізімін алып тастасаңыз, олардан келешекке мұра болар не бір ғимаратты, салынған жолды, қандай да бір өнегелі істі таппай, әлгілердің тұт-жа­лаңаш қалатыны бар. Сәкең ғұмыр бойы ай­тулы қызметте жүрсе де, жай функционер бо­лып қалмады, қай лауазымда да қаламы жүй­рік аналитик журналист, өмір құбы­лыс­тарын байқап, зерделей білетін қоғамтанушы, ойлы саясаттанушы, көрнекті әдебиет теоре­тигі, ғылым докторы, жас кадрларды тәр­бие­леп, өсірген ұстаз, байыпты ақылман қалпын сақ­тай алды. Оның «Өлең аудармасының тео­­риясы мен поэтикасы» тақырыбында қор­ғаған докторлық диссертациясының өзінен поэ­зия атты ұлы жаратылыстың болмысын аш­қан ойшылдықты танимыз. Сауытбек Абдрахманов аударылған өлең аударған ақынның да өлеңі екенін, өскен, өркендеген әдебиеттің үлкен бір құрамдас бөлігі оның аударма шығармалары болып табылатынын тамаша дәлелдеп шықты. «Қазақ совет поэзиясының антологиясы» қос томдығы алғаш рет 1967 жылы шыққаны есі­м­ізде. Содан 40 жылдан соң Сауытбек Абд­рах­манов «Жиырмасыншы ғасыр жыр­лайды» деген атпен қазақ поэзиясының авторлық ан­тологиясының қос томдығын шығарды. 50 ақын­ның әрқайсысының поэзиясына ыстық ықы­ласпен үңілген зеректік, талғамды ой-тол­ғам қандай. Өлеңдерді құрастырушы-ав­тордың көңілімен оқып отырғандай боласың (Мереке Құлкеновтің 2014 жылы алып-алып он томмен шығарған «Жыр маржаны» анто­ло­гиясы – өз алдына дара жетістік). Ол екі-ақ беттік түйін сөздерінде әр ақынның өзіндік даралығын дәл көрсетіп отырады. Бір-ақ мысал келтірейінші. «Жұмекен Нәжiмеденов – сөздiң сөлiн сыға, мүмкiндiгiн сарқа пайдаланған ақын. Қа­зақтың өлең өнерiн әуездiк тұрғыдан да, бей­нелiлiк жағынан да анағұрлым байытқан қа­­ламгердiң жазу мәнерi де, ойлау жүйесi де бө­лекше едi. Мысалы, адамды қандай да бiр ой­ды айтқаны немесе онысын қағазға тү­сiр­генi үшiн де жазалауға болады. Мұндайдың мың-мың мысалын бiлемiз. Ал ойды ешкiмге айт­паса да, ешқайда жазбаса да... тек ойла­ға­ны үшiн ғана жазалауға бола ма? «Ойың үшiн сот бар ма, жаза бар ма, жаза болса – дәл менi жа­залаңдар», – дейдi ақын. Соншалықты нен­дей ой ойлады екен?.. Бiз оны ендi ешқа­шан бiле алмаймыз. Жоқ, «ендi» деу де дұрыс емес, бiз оны Жұмекен дәл қазiр ортамызда жүр­се де, қанша жерден еркiндiк болса да бiле алмас едiк. Өйткенi «бiр сөзi бар – бәрiбiр айтылмайды»... Мiне, жұмбақ жанды Жұмекен осындай, айтпай-ақ та ойланта алатын ақын. Жұмекен жырларының ой тұнық­тығы, бояу қанықтығы, бейнелiлiк бедерi, әуездiлiк әлемi авторлық антоло­гия­ның аз сөздi аннотациясында айқара ашыла салмайды. Оның өлеңдерiндегi кездесетiн кейбiр кедiр-бұдырлық Жұмекен жырының қарағайдың қарсы бiткен бұтағындай қайсар болмысынан туындап жататынын да дәйiм есте ұстау керек. Нәжiмеденов өлеңдерiн бас­қа бiрде-бiр ақынның өлеңдерiмен шатас­тыр­майсыз. Қазақ жырында ешкiм елiктей алма­ған жалғыз ақынның Жұмекен Нәжi­ме­денов болатыны тiптi де тегiн емес». Ақынның сон­шама даралығын айшықты айту үшін «еш­кім еліктей алмаған жалғыз ақын» деген ба­ғаның өзі жетіп жатқан жоқ па? Ойлап қа­расақ, дәл солай екен. Сәкең – әдебиеттану, өнертану, тарих­нама тақырыптарына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі көптеген кітаптың ав­торы. Соның ішінде «Тәуелсіздік шежіресі», «Адам­зат күнтізбесі», «Елдік сыны», «Вер бана ат», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен телту­ма», «Перевод поэзии и поэзия перевода» ең­бек­тері... Шоқтығы биік шығармасы – әдеби-фи­лософиялық «Абыз Әбіш» кіта­бы. Бұл кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ие бол­ды. Кекілбаев кемеңгерлігін кешенді түрде ашуға алдымен кірісуге дәл осы автордың, өмір бойы дерлік қатарласа, қанаттаса жүр­ген қаламдас інісінің құқы жұрттың бәрінен де көп екені бір басқа, ол шаруаны дәл осын­дай етіп атқаруға дәл осы автордың мүм­кін­дігі де басқалардан мол еді. Потенциалын айта­мын. Алдағы кезде әбіштанушылар үшін үздік үлгі де осы кітап болатыны сөзсіз. Біз Абд­­рахмановтың еңбегі арқылы Әбіш дары­ны­ның арқа сүйеген асқар тауы өмір бойы жи­наған ұшан-теңіз білімі деген ойға түп­кілікті тоқтап отырмыз. Абдрахманов кіта­бы­ның қолға қалам ұстаған қай жасқа да берер бір ғибраты – осы. «Мұндай кітап ұлы тұл­ғамен ой жарыстыра алатын адамның ға­на қолынан шығуы мүмкін» деп түйін жа­сайды Әбекең кітаптарының тарихи негіздері туралы тұтас зерттеу жазып шыққан фило­ло­гия ғылымдарының докторы Жанбибі Дүй­сен­баева. Қосылмасқа амал жоқ. Әбішті бір адамдай білеміз деген, тіпті онымен жақын жүрген, талай сөй­лес­кен кісілердің өзі Сауытбек Абдрахмановтың кітабынан Әбішті жаңадан көргендей күй кешетініне көз жеткіздім. Бұл еңбек Кекілбаев ке­меңгерлігінің қыр-сырын қопара ашып берді. Оның көркем шығармаларын керіп тұра­тын ой кернеуі байтақ білімнен арна тар­тып жатқанын, дүниенің сыр-сипатын тек суреткер көзімен толық ашу қиындығын, әлем әдебиетінің үздік үлгілері қатарына қоя­тындай «Аңыздың ақыры», «Күй», «Шыңырау» секілді шедеврлер 18 мың ғалам­ның қатпар-қалтарыстарына соншалықты сұңғылалықпен үңілген даналық иесінің ғана қолынан шығарын дәлелдеді. Кекілбаевтың керемет өлкетанушылық қасиетін дәл Абдрах­мановтай ашқан адам аз. Әбекеңнің Маң­ғыстаудың табиғатын, ел жағдайын, шаруашылығын, тарихы мен мәдениетін зерт­теу, таныту арқылы отаншылдыққа, өмір­ді сүюге, қоршаған ортаға мұқият қа­рауға тәрбиелеуі әрі сауапты, әрі жауапты шаруа екеніне осы кітап арқылы бұрынғыдан да көз жеткізе түстік. Әбіштің өлкетанушылық зерт­теу мақалалары Маңғыстаудың тарихы тек жаугершіліктің тарихы емесін, бірақ сол жаугершілік замандар мұндағы намысшыл­дық­ты қатты қайрағанын, ұдайы ұштап отырғанын даусыз дәлелдейді. Сәкеңнің әлем әдебиеті нұсқаларын қазақ тілінде сөйлеткені және бар. Со­­­лардың ішінен арабтың халық романы «Бейбарысты» аударып, ел игілігіне айнал­дыр­ғаны өте сауапты шаруа болды. Бейбарыс­танудың шындап басталуына осы романның қазақша шығуы, оған Әбіш ағаның қатырып тұрып алғы сөз жазуы нақты қозғау салғаны талассыз. Әйтпесе, Бейбарыс тақырыбы сонау 70-жылдардың өзінде Морис Симашконың «Жусан» («Емшан») деген повесінде қозғалған. Алдымен «Простор» журналында, содан кейін жазушы кітаптарында басылған сол талантты туынды қазақша сөйлетілмегендіктен біздің рухани айналымымызға қосылмай қалған. Аударманың қоғамдық ойға да қуат беретінін Сауытбектің осы еңбегі тағы бір дәлелдеді. Аударма демекші, керек жерінде орыс тілінде де еркін көсілетіні, өзіміздегі газеттерді, «Прос­тор», «Аманат» журналдарын былай қой­ған­да, «Литературная газета», «Независи­мая газета», «Аргументы и факты», «Комсомо­льс­кая правда» сияқты жалына оңайлықпен қол апартпайтын беделді басылымдардың бетіне мақалалар шығаратыны, «Худо­жествен­ная литература», «Русский раритет» бас­паларындағы жинақтарға әдебиет­тану­шылық мақалалар жариялайтыны өз алдына бір ғанибет. Уақыты (әлде пысықтығы) жет­пей жүрген шығар, әйтпесе соңына түсіп, қол­жазбасын жеткізіп жатса, оның Пушкин туралы кітаптарына Мәскеу баспалары да қы­зығар еді деп ойлаймын. Пушкин жайын­да­ғы жинақтарға жекелеген мақалалар бас­тыруды місе тұта беру жөнсіз. Мұны ұлы ақын шығармаларындағы түркизмдер туралы зерттеуі пушкинистикаға қосылған нақты үлес деп танылғанын, осы еңбегіне Ре­сей Сөз өнері академиясының медалі беріл­генін білген соң айтып отырмыз. Негізі, мен Сауытбек Абдрахманов жалпы орыс әде­бие­тіндегі, әсіресе ХIX ғасырдағы клас­сикалық про­засындағы түркизмдерді түбегейлі зерт­тесе, үлкен олжаға кенелер еді, бізді де ке­нел­тер еді деп ойлаймын. Түркизмдер, әсіресе Лермонтовта көп болса керек. Ол – танымал кино сыншысы ғана емес, 40-тан астам көркем фильмді қа­зақ­ша сөйлеткен аудармашы ғана емес, «Па­риж. ЮНЕСКО. Әуезов», «Ертегілер елін­дегі екі күн», «Мадридтегі мереке», «Мәңгілік мұрат», «Армысың, Астана!», «Биіктік», «Қа­жы­лық» фильмдерінің де авторы. Теле­ра­диокорпорациядан кеткеннен кейін фи­льм­дер сценарийін жазуды үзіп тастағаны онша дұрыс болмады. Бітпейтін де қоймайтын газет конвейері мүмкіндік те бермеген шығар. Телевизия демекші, кезінде сол мектептен де бір өтіп алғаны Сауытбектің сұхбат­тары­нан да анық аңғарылады. Олардың біразы­ның жазба мәтіні іле-шала газетке жария­ла­нып та жүр. Тасқа басылғанда да ойы анық, тілі жатық шығады. Тіпті, өзіне ғана көріне­тін­дей телесуфлері бар ма дерсің? Баяғы желтоқсан көтерілісі күндерін­де­гі жас қыздардың балапан торғай­дай шырқыраған дауысы, жігіттердің жендет­терге қарсы ақыра ұмтылған қаһарлы үні, қан араласа иленген қызыл қар... Бәрі-бәрі 20 жыл­дай құлағымнан да, көз алдымнан да кет­пей қойған. Мұнай компаниясындағы та­бысты жұмысымнан қол үзе, қазақтың ежел­гіден бүгінге дейінгі ұлы тарихын да, сол бір сұрапыл шақтарды да қамти талдап, көр­кем трилогия жазуға кіріскем. Өліп қалсам, дәл өзімдей етіп оны ешкім жаза алмас, хал­қыма мұра болсын, ертеңгі ұрпақ ашып қа­рап, мән-жайды біле түссін деп, бес жыл іш­тей дайындық барысында үш кітаптық ең­бекті жаттап алдым. Қолжазба бітпей жатып-ақ ол шулы дүниеге айналды. Алғашқы том шыға сала кітапханаларға, оқырман қауымға, әдебиетшілерге тараттым. Бір данасын Сәкеңе апардым. Дереу редакция журналисі Анар Төлеуханқызын шақырып: «Бұл – ұлт қа­м­ында жүрген ардақты азамат ағаң. Мынау тәуелсіздік эпопеясының бірінші томы. Оқып, пікіріңізді жазарсыз», – деді. Бірді-екілі мақала «Қазақ әдебиеті» мен «Ана тілі» газет­теріне шыққалы жатқан, Қадыр Мырза Әли «ке­лесі томға алғы сөз жазам» деп құлшынып жүр­ген, Оңайгүл Тұржан мұздан тайып жы­ғылып, қолын сындырып алса да, 25 беттік ғы­лыми-зерттеу еңбегін жазуға кіріскен, ақын, кітап редакторы Есенбай Дүйсенбайұлы «Осы заманның ой биігінен» мақаласын жа­зып, қуана жар салып жүрген, Мұрат Әуезов Ұлттық кітапханада тұсаукесерін өткіземіз деп, кітапханашылар баяндама әзірлеп, кү­бініс үстіндегі күндер еді. Кідірмей «Егемен Қа­зақстанда» мақала жарық көргенде туыс­қандардың ыстық ықыласына риза көңілім толқыған... Сонымен, «О, Дана Дүние!..» атты три­ло­гиям да, «Періштенің сыбыры» деген романым да лайықты дүниелер боп туды. «Егеменде» Сәкең Қадыр Мырза Әлидің айту­лы мақаласын жариялап, ол трилогияға алғы сөз етілді. Тағы біраз мақала жария­лан­ды. Шығармаларым түгел, алты томдық таң­дамалым мемлекеттік тапсырыспен, ұлт­тық компаниялар күшімен жарық көрді. Мұның бәріне, әрине Сауытбек Абдрахмановтың, Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, Нұрлан Ораза­лин­нің, Уәлихан Қалижановтың және Ұлықбек Есдәулетовтің көп көмегі тиді. Шарықтаған көңілім Ақтауға келгенде оңбай сылқ етіп жер­ге түсті. Жасым 60-тан енді асқан. Екі-үш жыл жұмыс істеу ойымда бар-ды. Қайтейін, басшылардың сәлемін жеткізуші адам: «Біздің қарқынымызға сіз түгілі жас жігіттер шыдай алмайды. Біліміңіз де ескі. Пайдаға аспайды» деп салды. Одан әрі қадам баспадым. «Ей, Жаратқан, туған жерімде көрсеткенің осы ма? Не қорлығың?! Бүгін түннен қалдырмай ал мені!» – деп кешке екі қолымды кеудеме айқастыра жатып қалдым. Таң алдында Ман атаның бейнесі емес, рухындай бұлыңғыр бір­деңе, оның бергі жағында кәсіпкер бауыр­ла­рым Ибрагимнің, Жаңабайдың және Нұр­жан­ның бейнелері қалықтаған түс көріп оян­дым. «Ойбай-ау, Маңғыстау әулиелерінің көш­басы Ман атаның даналығы мен дара­лығын біржола тиянақтайын!» деп қуаттанып тұрдым. Үш азамат жұмыс ашып берді, әжеп­тәуір жалақы белгіледі. Бар жинаға­ным­ды жұмсап, қотыр тастар үйілген ежелгі зиратты қоршай көрнекті кесене тұрғыздым, қандай жағдайда да сынбасын деп Қордайдың қалың қызыл он гранитіне Заратустра, Аристотель, Түмен, Әбіш бастаған әлем ұлыларының Ман туралы нақылдарын ойып жаздым. Маңайын абат­тандыра бастадым. «Ман Ата. Первоче­ло­век Ман» кітабы Елбасы лебізімен жарыққа шықты. Сөйтіп жүргенде Қазақ хандығының 550 жылдығы келді. Ағам Тоқбай Дауылбаев: «Басқа облыстар батырларының Қазақ хан­дығын құрып, нығайтуға қосқан үлестерін жазып жатыр. Біз үнсізбіз. Ұят қой. Деректерің жеткілікті. Мақала жазғаның жөн», – деді. Жазудан қолым шығып кеткен-ді. Әрең-әрең қалпыма келіп, Адай бабамыздың (Адай хан деп те айтылады), оның ұрпақтарының Қазақ хан­дығының әскербасы ретінде қазақ жері­нің қазіргі аумағынан да кең өрістерін қам­тамасыз еткені, хан сарайы мен Адай әуле­ті­нің туысқандық, жегжаттық және дәстүрлі қарым-қатынастары, Адайдың замандасы, әрине пікірлесі Асан Қайғы бабамыздың алысты көздеп жасаған Маңғыстауға страте­гия­лық, экспедициялық сапары туралы кө­лем­ді мақала жазып, осындағы редакцияға тап­сырдым. Бір ай өтті. Тым-тырыс. Мерейтой күні келіп қалды. Астанаға, Сауытбек Абдрах­манұлына тарттым. Кірсем, Сәкең қапылып жиналуда екен. «Премьер шақырып жатыр. Жүріңіз, кеттік. Шаруаңызды машинада ай­тыңыз» деп ілестіре жөнелді. Сонда да «сенге» жібермейді, дистанция ұстайды. Ақтауға қай­тып келсем, мақала сол қалпы «Ұлылар ұластығы» тақырыбымен «Егеменнің» бір бетіне тұтас шығып үлгеріпті. Мерейтой күні көп жылдан бергі қамқор абыз ағаларым Өмір­бек Байгелді, Әнес Сарай, Мырзатай Жол­дасбеков, Әбіш Кекілбайұлына құттық­тап телефон соқсам, бәрі Таразда бір жерде отыр екен. «Мақалаңды оқыдық, көрдік» деп тілектестігін білдіріп жатыр. Елдің мәртебесі. Қадірлі оқырман, осы мақалада көзім­мен көрген оқиғаларды, өмірдің ала­құйын сәттерін, кейбір ұнамсыз фак­тілерді арнайы кірістіргенімді байқап отыр­сыз. Соның бәрі кейіпкеріміздің қоғамдық құбылыстардың алуан кезеңіндегі жарқын, іскер бейнесін, елжандылық, адамгершілік қыр­ларын салыстыра ашуға көмектесіп тұр деп есептеймін. Биыл 70 жасқа толатын Сауытбек Абдрах­манов атақ-абыройдан да кен­де емес. 40 жыл бойы үлкен-кішілі басшы қыз­меттерде жүргені бір басқа, еңбегінің тиі­сінше бағаланбай қалған кезі де жоқ. Жур­налистика саласындағы Президент сый­лы­ғының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс», «Парасат» ор­дендерінің иегері. Ол –тәуелсіз Қазақ­стан­ның мемлекеттік идеяларын жүзеге асырушы көрнекті комиссарлар қатарындағы, сөзі мен ісі бір арнада тоғысқан қалтқысыз тұлға. Бір сөз­бен айтсақ, Тура би.

Мір ШАЙЫР, ақын, жазушы, саясаттанушы Ақтау қаласы

Серіктес жаңалықтары