1163
Мұхиттан мұнай сүзген Ғалия
Мұхиттан мұнай сүзген Ғалия
Ғалия Садықова 20 жасында мұнай кен орындарын іздеумен айналысатын шетелдік компанияға жұмысқа тұрған. Сейсмикалық инженерия мамандығы бойынша білім алған ол қызығы мен қиындығы мол жұмысы туралы сағаттап айтуға бар. Бүгінде өзі секілді мұнай саласында жұмыс істегісі келетін жастарға жол көрсетіп, ментор болып жүрген Ғалияға хабарласып, сұхбат алған едік.
– Бізде мұнай іздеу жұмыстары ерлердің қолынан ғана келеді деген түсінік қалыптасқан. Ал сіз бұл стереотипті бұзып қана қоймай, болашағын бұл іспен байланыстыратын жастарға ментор болып жүрсіз. Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
– Мамандық таңдауда көп ойландым. Таңдаудағы алғашқы критерийім – мамандығым ата-анамның көңілінен шығуы керек. Сол себепті мектепте оқыған жылдары көп ойдың жетегінде жүрдім. Астронавт, эколог, дәрігер, дизайнер болғым келді. Бұлар бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі саланың маманы ғой. Осындай сан алуан мамандықтардың арасынан таңдау жасаймын деп көп ойландым. Десе де, менің болашақ кәсібімді таңдауға бір оқиға әсер етті. Бірде анам екеуміз ұшақта болған кезде ол маған бір сұрақ қойып: «Қызым, егер болашақта планетада аласапыран уақыт туса адамзат қай мамандық иелерін ғарыш кемесіне отырғызып құтқарады? Бір сәтке фантазияңды қосып, осы сұраққа жауап берші», – деді. Сол кезде мамандық таңдаудағы ұстанымым анықталды десем қателеспеспін. Инженер боламын! Ұшақта анам екеуміз кетіп бара жатқанда осындай тоқтамға келдім. 16 жасымда мұнай-газ бағытындағы отандық оқу орнының студенті атандым. Геофизика, мұнай-газдың сейсмологиясы пәндерін өзіме жақын тұттым. Бұл пәндерді оқи отырып, менің мақсатым айқындала түсті. Өзімді барлауда, теңіз бен мұхитта және шетелде жүргендей елестеттім. Төртінші курста оқып жүргенімде бір шетелдік компанияның хабарландыруына көзім түсті. Қажет құжаттарды тапсырып, бағымды сынап көруге бел будым. Жұмысқа қабылдау алдындағы конкурстық сұхбаттасу Абу-Даби қаласында болды. Тағдырдың маған қарайласқаны шығар, сол уақытта ата-анаммен Дубай қаласында едім. Анам мені бір қаладан екінші қалаға жіберуге қарсы болды. Сол кезде «оқуды бітіру кешіне арнап көйлек сыйламаңыздар, оның орнына мені сұхбаттасуға жіберіңіздерші» деп жалындым. Дегеніме жеттім! Бардым. Шыны керек, қатты қорықтым, көп сұраққа жауап бере алмадым. Десе де, сұхбат алған мамандарға «Ренжімеңіздерші, бірақ мен бұл сұрақтардың жауаптарын білмеймін», – деп шындықты айттым. Әрине, осыдан кейін залда отырған мамандардың мені өз компаниясына жұмысқа алғысы келмегені айтпаса да түсінікті. Сонда да қайтпай «Мені барлық кәсіби машықтарға үйретіңіздерші! Қолымнан келеді!» деп табандап тұрып алдым. Осы сөздер мен үшін шешуші болған секілді. Бір-екі аптадан соң жұмысқа шақырту алдым. Алғашқы жұмыс вахтам Мексика шығанағында өтті. Студент кезде армандаған сәттердің орындалғанын сол кезде түсіндім. Мұнай барлауында, теңізде және шетелде қызметтемін! Өзімді бақытты сезіндім.
– Мұхиттың ортасында айлап қызметте болудың өзіндік ерекшеліктері де бар шығар. Сондай оқиғалардың бірін айтып берсеңіз.
– Техникалық жағынан аса жауапты жұмысқа қатысың бар екенін сезіну зор жауапкершілік жүктейді. Жағалаудан алыста, теңіздің ортасы болған соң барлық техниканың үздіксіз жұмыс істеуі өте маңызды. Қызмет бабымен Америка, Колумбия, Мексика, Бразилия, Норвегия, Сенегал, Гана, Индонезия, Малайзия, Вьетнам, Дания, Англия, Шотландия елдерінде жұмыс бабымен болдым. Бірнеше ай кезекшілік жұмыстан соң бірден үйіме, елге ораламын. Анамның қасында боламын. Өкінішке қарай, әкемнің дүниеден озғанына бірнеше жыл болды. Әрине, қызығы мен шыжығы мол жұмыстың кемшіліктері де бар. Көп отбасылық мерейтойлар мен шаралардан тыс қаласың. Әріптестерім балаларының тұсаукесер тойына, туған күн кештеріне, үйлену тойларына бара алмай жатады. Сондай жұмыс күндерінің бірінде Норвегияда болған кезекті кезекшілігімде ауа райы бұзылып, теңізде қатты толқын соқты. Сол күні ішім түйіліп ауыра бастады. Госпитальға барып, дәрігерге қаралдым. Ол қажетті анализдердің барлығын алды. Жағалаудағы дәрігерлермен хабарға шығып, кішігірім консилиум өткізді. Сол сәтте капитан тікұшақ шақыртып, мені жағалаудағы ауруханаға апаруға тапсырма берді. Ауырып тұрсам да қиындыққа төтеп бере алатынымды көрсеткім келіп, теңіздегі қолайсыз ауа райына қарамастан келген тікұшаққа өз аяғыммен баруды ұйғардым. Тікұшақ қонатын алаң жаңбырдан тайғақ, теңіздегі толқындардан тікұшақ алаңға көп уақытқа дейін қона алмады. Айнала тас қараңғы. Бір сәтте тікұшақ қонған соң мен оған қарай жүре бастағанда, толқын соғып, құлап қалдым. Сол сәтте «өлген жерім осы шығар» деген үрей келді. Сосын мені Норвегия елінің ауруханасына алып келді. Сол мезетте анама хабарласып үлгердім де, барлық тексеруден соң шаршағандықтан, қатты қалжырап бірден ұйықтап кетіппін. Таңертең аурухана қызметкерлері оятып, анама хабарласуды сұрады. Неге дейсіз ғой? Себебі мен анама ауруханада екенімді айтып, ал тексерулердің нәтижесі жақсы екенін айтпай ұйықтап қалған екенмін. Менен хабар болмаған соң ол Норвегия еліндегі жұмысымның филиалына, содан соң ауруханаға, мені қабылдап алған дәрігерлерге хабарласқан. Абырой болғанда бұл оқиға сәтті аяқталып, жұмысыма оралдым. Әлі күнге дейін сол күнді еске түсірсем, денем тітіркеніп кетеді.
– Өзіңіз секілді мақсат қоя білген жастарға кәсіби мансабын табуға жәрдем беріп жүргеніңізді білеміз. Бұл бағыттағы жұмысыңыз қалай өтіп жатыр?
–Менторлық бағыттағы жұмысым университетте жүргенде басталған еді. Оқып жүріп көптеген форумға, конференцияға қатысатынмын. Барлық білген-түйгенімді қойын дәптеріме түртіп жүретінмін. Ал соңғы курста шетелдік компанияға орналастым. Курстас қыздар сондай белді компанияға жұмысқа тұруымның сырын сұрағанда, сол қойындәптеріме жазылған кеңестерді оқи бастаймын. Достарыма белді мұнай компанияларына қалай құжат тапсыру керек, сұхбаттасу кезінде сұрақтарға қалай жауап берген жөн және басқа да қажетті кеңестер бере бастадым. Бүгінде сол достарымның барлығы – ірі компаниялардың қызметкерлері. Сол кезден бастап маған Ресейден және алыс шетелден жастар жаза бастады. Барлығына да қолымнан келгенше көмек беруге тырыстым. Университет қабырғасында басталған достық көмек бүгінде халықаралық деңгейдегі жастарға деген менторлық бағытқа айналды. Әр «оқушым» бойынша өзіндік дерекқорым бар десем болады. Олардың даму жолын жазып отырамын. Мұның барлығы да дұрыс нетворкинг деп ойлаймын.
– Оқырмандарымыздың арасында сіздің менторлығыңызға жүгінгісі келетіндер болса, оларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Кеңес алғысы келетін жастарға қашанда ашықпын. Әлеуметтік желідегі парақшама жазған сұрақтардың барлығына жауап беремін. Егер тәлімгерім болашағын халықаралық мұнай компаниясымен байланыстырса және алдына нақты мақсат қойып, нақты қадам жасауға бел буса кеңес беруге дайынмын. Ең алдымен, тайм менеджментті құруға, адамның нақты жоспарына назар аударамын. Тіпті, демотивацияланған жастарды да байқаймын. Бұл мәселеге де көңіл бөлемін. Бұл фактордың барлығы да болашақ кәсіби маманның өз арманындағы мансабын табуға септігі зор. Айта кету керек, тәлімгерлерімнің арасында жасы үлкен мамандар бар. Олар көбіне тұрақты жұмысы мен қоғамда қалыптасқан ортасы бола тұра, өзінің жанына жақын кәсібін іздеп, маған көмекке жүгінеді. Сондай жандарға менторлық жәрдем беремін. Олардың қатарында тек мұнайшылар емес, робототехника, маркетинг және басқа сала мамандары да бар. Жол көрсете отырып, өзім де көп дүниелерді үйренемін.
– Қазір уақытын алдын ала жоспарлап, тіпті алдағы бірнеше жылға жоспар құрып қоятындар баршылық. Осындай time-менеджмент сізде де бар шығар. Ендеше жоспарыңызды айтсаңыз.
– Жоспарым көп. Жақын уақытта кәсіби менторларға арналған платформада өзімнің парақшамды ашып, оқушылар мен студенттерге ментор болуды ойлап отырмын. Мектеп пен университет қабырғасында жүріп-ақ жастар нақты жоспар құру арқылы өз жеке кәсіби жолына жылдамырақ түссе деймін. Бүгінде өзімнің авторлық менторлық бағдарламамды дайындаудамын. Бұл бағдарламаны кәсіби методистердің және бағдарлама жасаушылардың көмегіне жүгініп іске асырамын. Авторлық бағдарламаның мазмұнында алпауыт компанияларға түйіндемені қалай толтырып жолдау керек, сұхбаттасу барысында өзіңді қалай таныстыру керек және одан басқа да маңызды тапсырмалар мен кеңестер болады. Бағдарламамды тәмамдаған тәлімгер барлық қажетті ақпаратты бойына сіңіріп, әлемнің кез келген ірі компаниясына қызметке орналаса алады. Жеке жоспарларыма келетін болсақ, магистратура бөліміндегі оқуымды тәмамдап, біліктілігімді арттырғым келеді. Өзімнің кәсіби жолымды одан әрі де мұнай саласымен байланыстырамын. Ең бастысы, мен – бақыттымын! Бақытымның бірден-бір себебі – өз арманымдағы жұмысымды істеу!
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Алар асуларыңыз көп болсын!
Сұхбаттасқан Бибігүл Бөкенбай