567
Драматургияға жаңалық әкелген жазушы
Драматургияға жаңалық әкелген жазушы
1912 жылы Швед академиясы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алуға неміс драматургі Герхарт Гауптманды лайық көрді. Мүйізі қарағайдай сарапшылардың сол жолғы қабылдаған шешімі халық күтпеген тосын жағдай болды. Әсіресе, бұл жаңалық атағы дүрілдеп тұрған, қаржысы да қомақты марапатты кім алуы ықтимал екенін талқылап жүрген әдеби қауымның ортасында қызу пікірталас туғызып, оның ыстығы көпке дейін басылмай қойды. Себебі осыдан бір жыл бұрын ғана Нобельден қалған мұраны еншілеген неміс прозаигі Паул Хейзеден кейін оның сол елдің тағы бір қаламгері Герхарт Гауптманның қанжығасына байлануы жұрттың көңіліне күдік ұялатып, көп күмән туғызды. Шындығында, адамзаттық ақыл-ойдың алыбы Лев Толстой немесе әлем әдебиетінде өзіне лайық орны бар қаламгерлер Генрик Ибсен мен Эмиль Золяларды сыйлықтан құр қалдырған Швед академиясының мұндай шешімін қай жағынан алып қарасақ та түсіндіру қиын. Мысалы, екі жыл бұрын ғана Швед академиясының сарапшылары Нобель сыйлығын кімге беру керек екенін талқылап, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ортақ шешімге келгенде, шығармалары өз заманының идеологиясымен иістеніп кеткен сол кездегі көптеген қаламгердің дүниесіне мүлде ұқсамайтын Хейзе творчествосын таңдап, оның өнердегі осы бір ерекшелігіне баса назар аударған болатын. Ал Герхарт Гауптманға Нобель сыйлығы берілген уақытта, керісінше оның өзекті мәселелерді көтере білген батылдығы, қоғамдық белсенділігі, азаматтық ұстанымы басты назарда болғанға ұқсайды.
Қалай десек те, Нобель сыйлығын кезектесіп еншілеген Паул Хейзе мен Герхарт Гауптман — шығармашылық әлемі бір-біріне мүлде ұқсамайтын жазушылар. Тіпті, екеуін бір-бірінің антиподы десек те қателеспейміз. Міне, осыдан-ақ Швед академиясында марапатқа лайық әдеби туындыларды таңдаудағы талғамдардың да, шығармаларды бағалайтын өлшемдердің де Еуропаның құбылмалы ауа райындай жиі-жиі өзгеріп тұратынын анық аңғаруға болады.
Неміс халқының ХХ ғасырдағы ең атақты драматургі Герхарт Гауптман ұзақ өмір сүрді. Ол Бисмарк Германияны біріктірген уақытта дүниеге келіп, фашист басқыншыларына қалай күйрете соққы берілгенін көзімен көрді. Қандайда бір халықтың ірі суреткері ұзақ өмір сүргенде, оның шығармашылығының ондаған жылдар бойы ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналып кететіні – заңды құбылыс. Міне, сондықтан да орыстың ұлы кемеңгері Толстой немесе немістің ірі драматургі Гауптман сияқты суреткерлердің туындыларынан біз рухани ләззат алып қана қоймай, елдің тарихын да ойша шолып, тамыр ұстаған балгердей сол кездегі дағдарыстың, саяси өзгерістің себебін болжап, әлеуметтік ахуалды ғана емес, сонымен бірге өнердегі көркем жаңалықтың дүниеге келуінің құпиясын да терең тани түсеміз. Біз бүгін шығармашылығын тілге тиек етіп отырған Герхарт Гауптманның жаңашыл бағыттағы драмаларынан, оқырман қауым аса жақсы біле бермейтін романдары мен әңгімелерінен, сол мезгілдегі халықтың көңіл күйі анық байқалады.
Германияның әйгілі қаламгерінің өнердегі жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Өмір соқпағын шиырлап, шығармашылық ізденістің азабын тартты. Әуелі сурет мектебінде оқыды, қолданбалы ғылыммен де шұғылданды. Жаны тыным таппай көп саяхаттады. Өмір мектебінен тәлім алып, буыны бекіп, бұғанасы қата бастаған болашақ жазушының бойында сол жылдары кедейлер мен жапа шеккендерге деген аяушылық сезімі оянып, халықты сүліктей сорған тоғышарлар мен шенеуніктерді жек көріп кетті. Әйткенмен, ғасыр тоғысындағы Гауптманның демократиялық идеалдары анықтығымен де, батылдығымен де даралана алмады. Ол нағыз төңкерісшілдіктен іргесін аулақ салды. Бірақ социал-демократтардың күресі мен неміс пролетариатының жалынды сөздерінің Гауптман творчествосына қатты әсері болғаны анық. Атақты драматургтің «Тоқымашылар» пьесасы осы сөзіміздің дәлелі болуға әбден жарайды.
Гауптманның «Тоқымашылар» пьесасының немістің ұлттық драматургиясында алатын орнының айтарлықтай биік болғанын айрықша атап өткен ләзім. Неміс халқының төңкеріске деген құлшынысын асқан шеберлікпен ашық та анық жеткізе алған Гауптман сияқты драматург неміс театрының тарихында бұрын-соңды болған емес. Ал «Тоқымашылар» – қоғамдық санада төңкеріс жасаған шығарма. Гауптманның тоқымашылардың шеккен қайғы-қасіретін керемет дәлдікпен, фабрика қожайындарының әлемін ащы мысқылмен, халықтың жүрегінде өшпенділік отын туғызатын суреткерлік шеберлікпен жеткізе білген таланты таңғалдырады. Сондықтан да «Тоқымашылар» неміс төңкерісшілерінің сүйікті пьесасына айналды, ХІХ ғасырдың соңындағы орыс жұмысшыларының ерекше бағалап, жақсы көрген ең танымал туындысы болды.
Дүниеге келген өнердегі түрлі ағымдар Гауптман творчествосына да өз әсерін тигізбей қалған жоқ. Көптеген натуралист жазушылар сияқты оның да әдебиеттегі жаңа ағым – символизмге бүйрегі бұрды. Қаламгердің «Ганнелланың ғибадаты» пьесасынан натуралистік және символистік көріністің түйіскені анық байқалады. Дегенмен символист драматург болғанымен, Гауптман толық күйде символистік болып табылатын бірде-бір пьеса жаза алмады. Жазушының символистік туындыларының ішінде «Батып кеткен қоңырау» пьесасы ғана табысты болды. Тақырыбы жағынан бұл туынды Генрик Ибсеннің «Өлгендер қайтып оянғанда» пьесасымен қатты үндеседі. Екі драматургтің туындысында да өнердің қоғамдық өмірдегі алатын орны, суреткердің тағдыры мен борышы мәселесі көтеріледі. Гауптман өз пьесасында шығармашылық жұмыстан бостандықтың шексіз мүмкіндігін тапқысы келген қоңырау жасаудың хас шебері Генрихтің сарқылмас күш-қайратын көрсеткісі келеді.
Символистік драмалармен қатар, Гауптман отбасылық-тұрмыстық пьесалар да жазды. Жазушы отбасылық драмалары арқылы қоғамдық ахуалдың ұсқынсыз сипатын әшкерелеуге тырысты.
Гауптманның атағын айдай әлемге танымал еткен – «Ымырттағы махаббат» туындысы. Бұл пьесаның
М.Әуезов атындағы академиялық драма театрымыздың сахнасында да қойылғанын айта кеткім келеді. Оны ұлттық сахнамыздың төрінде Қазақстанның Халық әртісі, белгілі режиссер Рубен Андриасян қойып, көрерменді тәнті етті. Сәтті қойылымның өңін ашып, әрін келтірген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған дарынды топтың көрсеткен пьесасы қазақ көрермендерін қатты тебірентті. Оқиға желісі сонау 30-жылдардың басындағы қоғам өміріндегі өзгерістерді, ақыры Германияда үкімет басына фашизмнің келуіне себеп болған жағдайдың алғашқы кезеңін баяндайды. Жасы 70-ке келген Матис Клаузенің 20 жастағы Инкен Петерске деген сүйіспеншілігі, екеуінің бас қосуы, үйлі-күйлі болып, ержеткен ұл-қыздарының қызғанышын туғызады. Олар әке байлығын өгей шешелеріне бұйыртпаудың барлық айла-амалдарын қарастырады. Дүниеқоңыздық пен ашкөздіктің құлы болған балаларының адамшылық қасиеттен жұрдай екені Клаузенің жанын күйзелтіп, жүрегіне салмақ түсіреді. Жанына жақын Штейниц (Қ.Тастанбеков), Гейгер (Т.Аралбай) сияқты жақтастары қанша қорғаштаса да зұлымдық жеңбей қоймайды. Оқиға Матис Клаузенің қайғылы өлімімен аяқталады.
Бір ғасыр бұрын неміс қаламгерінің бұл пьесасы Еуропа театрларының сахнасында қойылғанда «Ол бірден жеңді. Оның пьесасы қойылған шағын ғана ескі театрда дауласқан, келіспеген, тамсанғандар көп болды, бірақ немқұрайды қараған бірде-бір көрермен болған жоқ» деп есіне алады өнер үшін үлкен жаңалық болған сол кездегі оқиғаны неміс жазушысы Генрих Манн. Расында да, пьесаның премьерасы – неміс театрының тарихы үшін айтулы жаңалық. Сыншылар жас жазушының шығармашылықтағы табысы туралы айтып қана қоймай, натуралист-қаламгерлердің өнердегі жеңісін мойындай бастады.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Гауптман пьесалары немістердің ғана емес, Еуропа театрларының сахналарын жаулап алды. Ресейде де неміс қаламгерін жұрт жақсы таныды. Гауптман 1906 жылы Мәскеу Көркем театры пьесаларын Берлинде қойғанда Станиславскиймен танысып, ұзақ жылдар бойы орыстың атақты режиссерімен шығармашылық байланыста болады. Суреткерлік қиялының байлығы, түрлі әдеби канонды бұза алатын батылдығы, сезімтал байқампаздығы, күрделі ситуация жасай білетін шеберлігі, жанрлық құрылымдарының әр алуандағының арқасында Гауптман пьесалары көрермен көңілінен шығып, зор табысқа қол жеткізді. Неміс театрының сахнасында Бертольт Брехттің туындылары қойылғанға дейін Гауптманның ұлттық драматургияда қарсыласы болған жоқ.
Алайда Гауптман Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін ғана әлемдік ой-санаға қатты әсер еткен драматург бола алды. Соғыс жылдарында оның шовинистік ұстанымға бүйрегі бұрып тұрды. Орыс қаламгері Максим Горький де, француз жазушысы Ромен Роллан да таңдаған жолының дұрыс емес екеніне оның көзін жеткізе алмады. Германия жеңілгеннен кейін ол Веймар республикасын қолдады. Гитлер билікке келген соң Гауптман ұлтшылдарды жек көргеніне қарамастан, фашистерге қарсылық білдірмей Отанында қалып қоюды мақұл көрді. Сол үшін оны көптеген замандасы айыптап, қатты жазғырды.
Жазушы неміс ұлтшылдарына ашықтан-ашық қарсы шықпағанымен, 1931 жылы сөйлеген сөзінде халықты төніп келе жатқан қауіп-қатерден сақтандыра да білді. Ұлтшылдар үстемдік құрған жылдары Гауптманның пьесалары Германияда өте сирек қойылды. Дей тұрсақ та, 1942 жылы Гауптманның 80 жылдығына орай немістердің ұлтшыл үкіметі қаламгердің 17 томдық шығармалар жинағын басып шығаруға қомақты қаражат бөлді.
Гауптманның ұлтшылдарға деген көзқарасы екіжақты болды. Бір жағынан ол қатал режимнің дөрекілігі мен рухсыздығын жек көрді, екінші жағынан олардың кейбір әрекетіне қолдау білдірді. Мысалы, ол Германияның Ұлттар лигасынан шығуына қарсы болмады. Соған қарамастан суреткер «Ұлы ұйқы» деген фантастикалық поэмасы мен ежелгі грек мифінің сюжетіне құрылған драмалық тетралогиясын жазып, аңыз арқылы Екінші дүниежүзілік соғыстың сұмдығын әшкереледі. 1945 жылы ерекше жақсы көрген Дрезден қаласын одақтастардың қалай бомбалағанын көзімен көріп, бұл оқиға оған қатты әсер етіп, жазушының жанын жабырқатып жіберді. Көзі қарауытып, жан дүниесі теңселіп кеткен Гауптман қатты күйзеліске ұшырап, сырқаттанып қалып, 1946 жылы қайтыс болды.
Өмірден өткеннен кейін кезінде жұлдыздай жарқыраған Гауптман атағының жарық сәулесі бірте-бірте көмескілене бастады. Бүгінде Германиядан басқа елдерде, әсіресе оның соңғы жылдары жазған пьесалары аса көп қойыла бермейді. Сыншылар жазушының соңғы 25 жылда жазған пьесаларының аса үлкен құндылығы жоқ екенін айтады. Тіпті, Гауптманның өнеріне үлкен құрметпен қарайтындардың өзі жазушының ең алғашқы туындылары-ның ғана сәтті шыққанын мойындай-
ды.
Гауптманның есімі негізінен оның театрдағы табыстарымен өлшенгенімен, шығармашылық жолын ол ең алдымен новелла жазудан бастаған. Ол романдар да, балладалар да жазды. Солардың ішінде «Атлантида» – Гауптманның ең әйгілі романы.
Дегенмен 1912-1913 жылдары жарық көрген романның танымал туындыға айналуына шығарманың көркемдік ерекшелігінің де, автордың да түк қатысы жоқ. 1912 жылы алып мұхитта айсбергке соқтығысып қалып, соғысқа дейінгі ең үлкен лайнер «Титаник» суға батып кетеді. 2 мыңнан астам адамның үштен бірі ғана аман қалған кеме апаты әлемдік қауымдастықты қатты толқытып жіберді.
Әйелі және үш ұлының артынан кеткен Гауптман да сол уақыттары «Эльга» кемесімен Америкаға жүзіп барған болатын. Ол жылдар жазушының жан күйзелісіне ұшырап, бірінші әйелімен арасындағы қарым-қатынасының қиындап кеткен кездері болды. Он жылға созылған отбасылық дағдарыс жазушының көптеген туындысында, оның ішінде «Атлантида» романында да айшықты ізін қалдырды.
«Титаник» трагедиясынан кейін бірнеше айдан соң неміс оқырмандары «Атлантида» романымен танысқанда, олардың көзіне Гауптман алып мұхиттағы болатын апатты көре білген әулиедей болып елестеді. Өйткені жазушы романындағы «Роланд» пароходының қалай суға батып кеткенін суреттейтін оқиғалар «Титаник» кемесіндегі апаттан аман қалған жолаушылардың айтқан әңгімелерімен сәйкес келіп жатты. Міне, осыдан кейін Гауптманның әулиелігі мен көріпкелдігі туралы әңгімелер жұрттың арасында желдей есіп кетті.
Шығармашылық әлемде Гауптман немістің ұлы қаламгері Гетені пір тұтты. Ұлы ақынның әлеміне жақындағысы, творчествосынан үйренгісі келген ниеті қаламгердің соңғы жылдардағы шығармаларынан айқын көрініс тапты. Гете арқылы оның Шекспир творчествосына деген махаббаты оянды. Әсіресе, ағылшын ақынының Гамлет драмасы Гауптманның ұзақ жылдар бойы санасын жаулап алып, ойынан кетпей қойды. Гауптман өте еңбекқор жазушы болды. Ол бір мезгілде бірнеше шығарма қатар жазып, кейде бір романының соңғы нүктесін әлі қойып үлгірмей жатып, жаңа туындысын бастап кететін. Әдебиеттегі пір тұтқан әулиесі Гетеге еліктеп, ол өзінің соңғы жылдардағы шығармашылық табыстарына қатты қуанды. Әрине, бүгінде Герхарт Гауптманның көптеген туындысы ұмытылып, санадан сыпырылып қалғаны айдай ақиқат. Алайда оның есімі өз ұлтының тарихында Шиллерден соң неміс театрын әлемдік сахнаға қайтадан жарқыратып алып шыққан бірден-бір қаламгер ретінде мәңгі қалатыны ақиқат.
1912 жылы Нобель сыйлығына ұсынылған үміткерлер:
1. Карл Шенхерр (1967-1943). Аустрия жазушысы, әрі драматург. «Сенім мен Отан» деп аталатын трагедиясы Еуропа театрларында қойылды. Шығармаларының желісі бойынша көркем фильмдер түсірілді. 2. Эмиль Верхарн (1855-1916). Бельгияның атақты ақыны, драматург, символизмнің негізін қалаған суреткер. 3. Пенчо Славейков (1866-1912). Болгар ақыны, аудармашы, сыншы. 4. Джеймс Фрэзер (1854-1941). Ағылшын дінтанушысы, антрополог, этнолог, мәдениеттанушы, фольклоршы және дін тарихшысы, ағылшын әлеуметтік антропологиясының өкілі. Тотемизм мен магияны, діни сенімнің өзгеруін зерттеуге зор үлес қосқан ғалым. «Алтын бұтақ» атты 12 томдық еңбектің авторы. 5. Томас Харди (1840-1928). Танымал ағылшын жазушысы, ақын. 6. Бернард Шоу (1856-1950). Ирландияның әлемге әйгілі драматургі. 1925 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 7. Георгиос Сурис (1853-1919). Грек ақыны, драматург және публицист. Поэзиядағы жаңа Афина мектебінің өкілі. Негізінен сатиралық жанрдағы шығармалар жазған. 8. Харальд Гефдинг (1843-1931). Даниялық философ және теолог. Копенгаген университетінің профессоры. Жас күнінде Серен Кьеркегордың ықпалында болып, кейін позитивизм бағытына көшкен. 9. Карл Гьеллеруп (1857-1919). 1917 жылы Дания мемлекетінің атынан әдебиет саласындағы алғашқы Нобель сыйлығын иеленген қаламгер. 10. Рафаэль Альтамира-и-Кревеа (1866-1951). Испан тарихшысы, заңгер, ұстаз, қоғам қайраткері. Америка өнер және ғылым академиясының құрметті мүшесі. 11. Анжель Гимера (1845-1924). Шығармаларын каталанск тілінде жазған испан ақыны, жазушы, драматург. 12. Бенито Перес Гальдос (1843-1920). Испан әдебиетіндегі сыншыл реализм бағытының ірі өкілі. 13. Сальваторе Фарина (1846-1918). ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында оқырманға кеңінен танымал болған италиялық романист және новелист. 14. Уильям Чапман (1850-1917). Канадалық ақын. 15. Генри Джеймс (1843-1916). Америка жазушысы. 30 жасынан бастап Еуропада өмір сүрді. Әлемге әйгілі психолог Уильям Джеймстің бауыры. Шығармашылықпен айналысқан 50 жыл ішінде 20 роман, 112 әңгіме мен 12 пьеса жазды. 16. Юхани Ахо (1861-1921). Финляндияның тұңғыш кәсіби жазушысы, журналист, аудармашы. 17. Бергсон Анри (1859-1941). Әлемге әйгілі француз философы. 1927 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. 18. Эрнест Лависс (1842-1922). Француз тарихшысы. Француз академиясының мүшесі. 19. Пьер Лоти, шын аты-жөні — Луи Мари-Жюльен Вио (1850–1923). Француз флотының офицері, жазушы. 20. Жан Анри Фабр (1823-1915). Француз этномологі, жазушы, көптеген ғылыми қоғамдастықтың мүшесі. 21. Анатоль Франс (1844-1924). Әлемге әйгілі француз жазушысы. 1921 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты. 22. Ярослав Врхлицкий (1853-1912). Чех ақыны, драматург және аудармашы. Чех әдебиетіндегі космополиттік мектептің өкілі. 23. Карл Шпиттелер (1845-1924). Швейцариялық ақын. 1919 жылы Нобель сыйлығын иеленді. 24. Свен А́ндерс Геди́н (1865-1952). Швед саяхатшысы, географ, журналист, жазушы және қоғам қайраткері. 25. Карл Густав Вернер фон Хейденстам (1859-1940). Швед жазушысы, 1916 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты.Амангелді Кеңшілікұлы