1049
Қыбыр-қыбыр құмырсқа
Қыбыр-қыбыр құмырсқа
Жан-жағымыздағы құж-құж қайнаған тынымсыз тіршілікке бір сәт зер салып қарасақ, қоршаған табиғаттың өзінен көп нәрсе бізге – адамдарға үйренуге болады екен. Халық арасында құмырсқалар жайында небір қызықты ертегілер, аңыз-әңгімелер, эсселер мен жыр-өлеңдер бар. Тіпті, құмырсқа қасиетті жәндік қатарына қосылып, діни кітап Құранға да енгізілген.
...Кеңес заманында туристік сапармен бірнеше мемлекетте болдық. Бірде Клайпеда қаласының маңындағы Балтық теңізі жағасындағы «Алтын шағылдар» («Золотые дьюны») демалыс үйінде демалғанымыз бар. Курш түбегінің бір жағалауы теңіз болса, екінші шығыс беті – көл, түбектің ұзындығы 98 шақырым – Клайпедадан Калининградқа (бұрынғы Кенигсберг қаласы) дейін созылып жатыр. Ені бар болғаны – 1,5-2 шақырым. Түбектің табиғаты керемет: қалың орман, көз жауын алатын өсімдіктер өсіп, жабайы аңдар мен құстар еркін мекен етіп жатыр. Тіпті, олар адамдардан еш сескенбейді. Қалың ағаш арасындағы алаңқайларда арнайы тақтай-ағаштармен қоршалған көлемді үйінділер көзге шалынады. Кейін білдік, бұлар құмырсқалардың мыңжылдық илеуі екен. «Табиғатты аялауды, қорғауды осы елдің адамдарынан үйрену керек» деген ой тоқып, ризашылық сезімге бөлендік. Ойланыңызшы, тіршілік үшін қажетті әсем табиғатты бұзбай, оған еш зиян келтірмей, алақанымызға салып аялау барлығымызға артық іс болмас еді ғой... Әттең, әзірше бізде олай болмай отырғаны өкінішті.
Қытайда бұдан 5 мың жыл бұрын жазылған «Бың Цау Гаң Му» кітабында құмырсқаның қасиеті туралы қызықты дерек келтірілген. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, олардың қаншама ғасырдың ширегінде өзгермей келуі – физикалық және қоғамдық жаңданудың әсерінен. Демек, құмырсқалар кез келген дүниені қорек көзіне айналдыру мен өндірісті жүргізіп кетудің жолдарын жетік меңгерген бірден-бір тіршілік иесі болып саналғаны. Олардың шындығында физикалық қуаты орасан болғаны соншалық, өздерінен 100 есе үлкен затты еш қиналмай тасымалдай береді.
Ғалымдар құмырсқалардың ұйымдасып жұмыс істеу құпиясын түсіне алмай келеді. Өте күрделі жұмыс атқаратын жәндіктер бойына туа біткен инстинкті реакциямен тіршілік кешеді дегенге бұл күні біз түгілі олардың өздері де сенгісі келмейді. Ғалымдар олардың жұмылып жұмыс істеу барысында аса қажетті ақпаратты қайдан алып, қалай оны бір-біріне тілсіз таратып отыратынын таба алмайды. Ашылмай тұрған ең үлкен құпия – ғылыммен жасалатын жұмыстарды іске асырғанда ақыл-ой, интеллектіні қайдан алады? Ақпарат қоймасы құмырсқаның қай жерінде сақталады? Cебебі оның жүйке талшықтары тым жіңішке һәм өте нәзік.
Құмырсқалардың өмір сүру тәсілін «микроскоп» астына алып зерделейтін болсақ, адам мен олардың қоғамдық құрылысында таңғалдырарлық ұқсастық бар екенін байқауға болады.
Құмырсқалар қауымы жалпыға бірдей қатаң тәртіпке түгелдей бағынышты. Қауымдағы әрбір мүшенің өзіне тиесілі міндеті бар. Аса жауапты міндеттермен ұйымдасқан жәндіктер кез келген көңіл күйді сезініп, жұмыс барысында аянбай еңбек етуден ешқашан қашпайды. Жай ғана жыбырлап жүріп, не болса соны кеміріп жеп, басы ауған жаққа қаңғып жүре беретін көп жәндіктің бірі болса құмырсқа тіршілігіне ешкім де қызықпас еді. Гәп сонда – бұл жәндік алдына мақсат қойып, жоспармен жұмыс істегенде алдына жан салмайды. Мысалы, құмырсқаның адам секілді қолға үйретілген «жуас үй жануарлары» болады. Оларды «құмырсқа сиыры» деп атайды. Орыстар оны «тлей» дейді. Асыранды «мини сиырлардың» денесінен тәп-тәтті шырын бөлінеді. Сол шырынды құмырсқалар негізгі ас-сусын ретінде ішіп, рақаттанып, мас болып жүреді. Сиырларды асырау үшін адам секілді олар да бақташы жасақтайды. Олар сиырды уақытымен тойдырып, сауып, бөпелерін тап-таза ас-ауқатпен асырайды. Сиырлардың емін-еркін жайылуына, өсіп-өнуіне кепілдік беретін құмырсқалар ішінен күзетшілер, қорғаушылар тобы іріктеледі. Жайылып жүрген тлейлерге тентек жәндік тиісетін болса, қарауыл құмырсқалар қырғын төбелесті бастап кеп жіберуге дайын. Бақташылар міндеті тлейлерге құнарлы «жайылым жер» тауып беріп, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонуын қамтамасыз етеді. Шаңқай түс болып, күн ысығанда оларға шөп-шаламнан қалқа құрастырып, көлеңке жасайды. Қар түсіп, күн суытса, ұрғашы сиырларды жып-жылы, құп-құрғақ мекенжайға жайғастырады. Құмырсқалардың дені сау болып, ұрпағы жақсы дамуы үшін сиырдың баппен күтілімі ауадай қажет. «Сиыры» семіз болса, құмырсқа да күйлі. Сондықтан өз бетінше өсіп-өнетін «сиырға» қарағанда, құмырсқалардың қарауында өскен тлей өте тез, әрі аман-сау көбейеді. Сондықтан тлей құмырсқадан қожайын тапса, бала-шағасына дейін шаттанып, қуанады. Құмырсқаның жүйке жүйесінің физикалық көлемі өте-мөте кішкентай. Ал тіршілікте қолданып жүрген оқу, айла, өнер, білімі шамадан тыс көп... Ендеше осындай қиын әрі әркелкі өмір сүру салтын құмырсқаларда сана болмағанда, не анықтап, жүйелеп бере алады? Ғалымдардың айтуынша, бұл қоғамдық жәндіктердегі жоғары сатыға дейін дамыған өте күрделі тума инстинкттер жүйесі деп болжайды.
Әлем әдебиетінде белгілі француз жазушысы Бернард Вербердің «Құмырсқалар», «Құмырсқа күні» және «Құмырсқалар революциясы» кітаптары әлем оқырмандарының үлкен қызығушылығын тудырғаны белгілі. Француз әдебиетінің кейбір сын-ескертпелеріне қарамастан, аталған үш кітап рекордтық көрсеткішпен 10 миллион таралыммен Еуропа және Солтүстік Америка елдеріне тарады. Құмырсқалар өркениетін баяндаған бұл шығарма әлем оқырмандарын тамсандырды. Олардың біразына тартымды мультфильмдер де түсірілген. Орыстың белгілі жазушысы И.Крыловтың да «Шегіртке мен құмырсқа» атты мысал-шығармасы бар Енді қазақ әдебиетіне келер болсақ, Спандияр Көбеевтің «Құмырсқа мен көгершін» әңгімесі, Мұзафар Әлімбаевтың «Құмырсқалар» дейтін өлеңі мен Есенғали Раушановтың «Құмырсқамен дипломатия» өлеңі – қазақ әдебиетіне қосылған қомақты дүниелер. Мұхтар Мағауиннің «Құмырсқа-қырғын» әңгімесі дәл осы тақырыпқа арналған. Ондағы көркемдік сипаттама құмырсқалар өмірі жайлы тамаша жасалған әліппелердің бірі екенін айтады көпшілік. Байқап отырсыздар, құмырсқалар тақырыбы – әлемдегі ең қызықты тақырыптың бірі. Өйткені құмырсқа өзінің еңбекқорлығымен, қанағаттылығымен кімді болмасын таңдандырады, сүйсіндіреді.
Шынында да, қанша жетілдік, дамыдық, санамыз өсті десек те, адамға табиғаттан үйренер іс аз емес-ау, тәйірі! Тек соған бір сәт болса да зерделей қарап, жалықпай сараптап, көңілге тоқып, санамызға сіңіріп, оны ақылмен өмірімізге, игілігімізге пайдалана білген артық болмас, сірә.
Әлі де қоршаған табиғаттың адамзатқа берер тағылымы қаншама?! Кім білсін...
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тараз қаласы