50292
«Топырақ үстіне асфальт төседі»: Әкімдік не дейді? (ВИДЕО)
«Топырақ үстіне асфальт төседі»: Әкімдік не дейді? (ВИДЕО)
Әлеуметтік желіде Атырау облысы Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолына қатысты видео тарап жатыр, деп хабарлады turkystan.kz.
Бейнежазбада үйілген топырақ үстіне асфальт төселіп жатқаны айтылған. Осыдан кейін Құрманғазы ауданының әкімдігі мән-жайды түсіндірді.
Белгілі болғандай, 2018 жылы Құрманғазы ауданының Ақкөл ауылында жаяу жүргінші жолдарын реконструкциялау жұмыстарына жоба жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққан. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталғанымен, 2020 жылы қаражат бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Қазіргі таңда қаражат бөлініп, жұмыс қайта жалғасуда. Мердігер мекеме – «БекетСәтЖол» ЖШС, тапсырыс беруші – Құрманғазы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
«Жоба бойынша қарастырылған 8 шақырым жаяу жүргіншілер жолының қазіргі таңда 3,3 шақырымы төселген. Жобаға сәйкес, жаяу жүргіншілер жолы құрылысына 15 см құм қиыршық тас қоспасы (ПГС), 4 см асфальт салынуы қажет. Құрылыс жұмыстары толықтай жобаға сәйкес жасалуда. Қазіргі уақытта ауа райының қолайлы болуына (+6,+8) байланысты құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыс өндірісінде қолданылатын материал сапасы мен ауа райы жағдайында пайдалану мүмкіндігін растайтын тиісті сертификаттар мен жол зертханасының қорытындылары бар» деп жазылған Құрманғазы ауданының әкімдігі таратқан ақпаратта.Жол құрылысы тапсырылғаннан кейін мердігер мекеме оның сапасына қатысты 24 айға кепілдік береді.