50248
Қорғаныс министрлігі кәсіпкердің ақшасын төлемей қойған (ВИДЕО)
Қорғаныс министрлігі кәсіпкердің ақшасын төлемей қойған (ВИДЕО)
Павлодарлық кәсіпкер Қорғаныс министрлігінен тиісті ақшасын ала алмай жүр, деп хабарлады turkystan.kz.
«Астана» телеарнасы кәсіпкердің шамамен 130 млн теңге алашағы барын жариялады. Кәсіпкердің айтуынша, тендер арқылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы әскери қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жұмыстары аяқталысымен, министрлік ақша төлеуден бас тартыпты.
Олар бастапқыда кәсіпкерге жұмыс ұсынып, кейін оны өзге мердігерге беріп жіберген. Осылайша, бір жұмысқа екі рет конкурс өткізген деп отыр.
- Қорғаныс министрлігі төлем жасамағандықтан, біз биыл салық та төлей алмай отырмыз. Жалпы қарызымыз 12 млн теңгені құрады. Оның ішінде салықтан бөлек, жұмысшылардың жалақысы, құрылыс материалдарын жеткізіп берген кәсіпорынға да қарызбыз. Банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз, - дейді Евгений Кузьменко.Ол атқарған жұмыстың жалпы көлемі 128 млн 880 мыңға бағаланған. Ақысын ала алмаған соң сотқа да жүгінген. Бірақ сот кәсіпкердің арызын қанағаттандырмаған.
- Біз келісім шартты өзгерту жөнінде техникалық кеңес хаттамасы бойынша жұмыс істедік. Ал сот бізге «қосымша келісім шарт жасасу керек еді» дегенді айтады. Дегенмен тапсырыс беруші тарап атқарылаған жұмысты жоққа шығарып отырған жоқ. Бұл әскери қойма жабық мекеме. Сонда жабық мекемеге жекеменшік кәсіпорын жайдан-жай кіре алмайды. Бізде барлығы құжат жүзінде болды. Бастысы, атқарылған жұмыстың нәтижесі бар. Сот оны да көзге ілмей отыр, - деді кәсіпкердің адвокаты Мұхтар Батырбаев.Еңбегінің өтеуін даулаған азамат кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес өкілдеріне де барған.
- Мемлекеттік сатып алу кезінде өрескел заңбұзушылық болған. Бұл бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізуі керек. Бюджет ақшасы болғандықтан, тиісті шара қолданылуы тиіс. Қазір Қаржы министрлігінің атына хат жаздық. Аталған факті бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Жұмыс орындалған. Сондықтан министрлік ақы төлеуге міндетті, - деп отыр өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Серік Әубәкіров.Ал Қорғаныс министрлігі мұның барлығын жоққа шығарған.
- Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық экономикалық соты «МИККОН» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде таныды. Ал аталған кәсіпорынның атқарылған жұмыстарының актісін сот қабылдаудан бас тартты. Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды, - деп жазылған Қорғаныс министрлігі берген жауапта.Осылайша, амалы таусылған кәсіпкер Жоғарғы сотқа шағымданғалы отыр.