Екібастұздық Hobbit – әлемдік киберспорт алаңын бағындырған ойыншы

Екібастұздық Hobbit – әлемдік киберспорт алаңын бағындырған ойыншы

Екібастұздық Hobbit – әлемдік киберспорт алаңын бағындырған ойыншы
ашық дереккөзі
254

ХХІ ғасырда киберойын спорт әлеміне жаңа толқын болып енді. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, 2025 жылы киберспорт стриминг көрермендерінің саны әлем бойынша 1 миллиардқа жетеді. Аудиторияның негізін 18 бен 35 жас аралығындағы жастар құрайды.

2017 жылы Польшаның «Краков Арена» ста­дионында мыңдаған көрермен Абай Ха­сеновті «Hobbit! Hobbit!» деп ұрандап қо­ше­меттеген болатын. Киберспортта олимпиада іспеттес PGL Major Krakow – 2017 тур­ни­рін­де Абайдың командасы жеңімпаз атанып, көп­ке танымал болды. Өз кезегінде Абай Hobbit Хасенов «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы атан­ды және Forbes Kazakhstan тізіміне ең та­ны­мал әлемдік спортшы ретінде енді.

– Абай, әлемдік киберспорт алаңын­да сізді Hobbit есімімен барлық жан­күйер­леріңіз таниды. Бұл есім сізге ба­ла кезде қойылғанын да естідік. Осы ту­ра­лы айтып кетсеңіз.

– Киберспорт ойынына 9-10 жасымда кел­дім. Сол уақытта қаладағы, тіпті елдегі ойын­шылардың арасындағы ең жасы мен едім. Кішкентай болсам да, өзімнің лақап атым­ды BOSS деп қойғанмын. Бауырларым бұл атауға күліп, кіп-кішкентай болып, бас­тық болғаның қалай дейтін еді. Сол уақытта әлем­дік кинопрокатта «Властелин колец» кинотуындысының алтын уақыты бас­тал­ған болатын. Фильмнің басты кейіпкері «кіш­кентай» Хоббиттің есімін иеленуді бауыр­ларым ұсынғанда, ойланбастан келіс­тім. Міне, содан бері аренада Абай Хоббит Хасеновпін.

– Киберспортқа 9 жасыңызда кел­діңіз. Бала болсаңыз да, бұл спорт түрі­нің болашағын сезген боларсыз. Осы спорт жолындағы мансабыңыздың бас­тау жолына тоқталып өтсеңіз.

–10 жасымда Павлодар қаласында бол­ған республикалық іріктеу турнирінің жеңім­пазы атанғанмын. Сол жеңістің буы­мен Алматы қаласында өткізілген рес­пуб­ликалық чемпионатқа бардым. Бұл тур­нир­дің нәтижесінде ІІІ орын иегері атандым. Сене­сіз бе, 10 жастағы балақай жасы үлкен спорт­шылармен бір қатарда тұрып, сайыс­ты және де жеңімпаздар қатарынан бой кө­терді. Мен үшін бұл – үлкен жеңіс. Тіпті, жа­сы үлкен және бізден де мансабы биік «бә­секелестерім» турнирден соң менімен бір­ге фотоға түсіп, қолтаңба алған еді. Бұл чем­пионаттан соң да талай жарыстарға қа­тысып, жеңімпаздар қатарынан көріндім. Алайда Алматыда өткен турнирдің орны ерек­ше ғой. Ескере кететіні, бұл турнирдің бар­лығына да туған ағаммен бірге қатыс­қан­мын.  width=

– Бала кезіңізден киберспортпен әуес­теніп, талай ел ішіндегі турнирге қа­тыс­тыңыз. Халықаралық деңгейге кө­терілудің алғашқы қадамы қандай бол­ды?

– Дұрыс айтасыз, бұл спорт түрімен 10 жа­сымнан бастап 10 жыл бойы айналысып кел­ген уақытта маған әлемге танымал ки­берс­порттық ұйым өте тиімді ұсыныс жа­сады. Ол кезде еліміздің жоғары оқу орын­дары­ның бірінде студент болатынмын. Оқу­дың аяқталуына бір-ақ семестр қалған кез­де осы ұсыныс келіп түсті. Мен оқуымды аяқ­тап, қолға диплом алам ба, әлде әлемдік аре­нада бәсекеге түсіп көрем бе деген екі ой­да болдым. Осы сәтте ата-анамның маған көр­сеткен қолдауы зор болды. Оқудан ака­демиялық демалыс алып, киберспорттық ұйым­мен келісімшартқа қол қойдым.

– 2016 жылы Tengri командасында ой­нап жүргенде сізді Gambit Esports ки­берспорттық ұйымы байқайды, со­сын өздерінің командасына шақырады. Келісімшарт бойынша сізді спортшы ретінде өте қомақты қаражатқа «сатып ала­ды». Солай ма?

– Рас, 2016 жылы киберспортты қойып, оқуым­ды жалғастырамын ба деген екіұдай ой­да жүрген едім. Сол бір мезетте маған АҚШ кибер компаниясы мен Gambit Esports киберспорттық ұйымы қоңырау шалып, тиімді ұсыныс айтты. Көп ойланбастан Gambit-ке келдім. Се­бебі команданың құрамында қазақстандық та­нымал киберспортшылар ойнап жүрген. Атап айтсақ, Дәурен Adren Кыстаубаев. Ал олар­мен бір аренада бәсекелесу, футбол­шы­ларға Криштиану Роналдумен ойнағанмен пара-пар еді. Ұйым мені 100 000 долларға «са­тып алады». 2016 жылы бұл ТМД аума­ғын­дағы ең қымбат трансфер болған. Келі­сім­шарт өзін ақтады деп айтсақ болады. 2017 жылы біз Counter-Strike-тың PGL Major Krakow турнирінде жеңімпаз атанып, ки­берспорт әлемін бір сілкіндіріп тастады деу­ге болады.

– Киберспорт – жас спорт түрлерінің бірі. Кез келген спортшы сияқты сіз­дер­дің де жаттығуға арналған күн тәр­ті­бі бар шығар...

– Тәртіп бар жерде тәрбие бар, табыс бар. Киберспортшылар да қатаң тәртіпке ба­­­ғынады. Сағат таңғы оннан он бірге дейін өзі­міздің жеке уақытымыз. Одан соң тура бір сағат әр спортшы жеке тапсырмаларды орын­дайды. Бұл жерде спортшыға жеке­ле­ген тапсырмалар жаттықтырушыдан келеді. Кім­нің қандай әлсіз тұстары бар, сол бағыт­та тапсырмалар орындайды. Жаттықтыру­шы­ға келіп түскен жауаптардың нәтиже­сін­де барлығымыз бас қосып, тура бір сағат тал­қылаймыз. Талқылауға барлық теория, так­тикалық шабуылдар, қарсыластар тура­лы ақпараттар және басқа да маңызды жұ­мыс бағыттары енеді. Түскі сағат бірден екі сағаттай басқа командалармен жат­ты­ғуға шығамыз. Түскі үзілістен соң ойынды қай­та жалғастырамыз. Сонда бір күннің 9 са­ға­­тын, кейде 10 сағатын жаттығу жұмыс­тары­на арнаймыз. Күнделікті жаттығу­лар­дан бөлек, команда құрамының ас мәзірі де ерекше. Майлы, ауыр тағамдардан бас тар­тып, жеңіл, қуат көзі көп табиғи өнімге баса назар аударамыз. Ас мәзірін диетолог ба­қы­лайды. Себебі киберспортта басқа да спорт түрлері секілді шапшаңдық пен ой сергектігі өте маңызды. Командада психолог маман да бар. Психологке жиі барамыз деп айта ал­маймын. Чемпионаттар алдындағы жат­тығу жұмыстары мүлдем басқа. Ол кезде бар­лығымыз белгіленген күннен екі апта бұрын бас қосып, екі есе көп уақытты жат­тығуға арнаймыз.

– Кәсіби спортшылардың зейнет жа­сы көп жағдайда 35-40 жас деп көр­сетіледі. Бұл жас аралығынан бастап спортшының физикалық мүмкіндігі өз­геріске ұшырап, көп ауыртпалыққа тө­теп бере алмауы мүмкін. Соңғы 20 жыл­да танымал бола бастаған ки­берспорттың спортшылары неше жас­та зейнетке шығады?

– Сізбен келісемін, 35-40 жас – кәсіби спор­тшы­ның зейнет жасы. Алайда киберс­порт­қа қатысты еш нәрсе дөп басып айтуға болмайды. Өзіңіз атап өткендей, бұл спорт түрі соңғы 20 жылда ғана қалыптасып ке­леді. Киберспортшылар зейнетке шығатын жас­қа әлі жетпеген секілді. Бұл бағыт қан­ша­лықты жас болса, біз де соншалықты жас­пыз. Бірақ әріптестеріміздің арасында 36, 37 жастағы ойыншылар да кездеседі. Өзі­ме келетін болсам, жоспарым бойынша 32 жасыма дейін киберспорттың белсенді ойыншысы болуға толықтай дайынмын. Спорттық мансабымды аяқтап, елге орал­ғым келеді. Туған жер ыстық қой. Елі­міздің киберспорт бағытындағы болашағын дамытқым келеді. Соған үлес қоссам деген арман бар. Қазір киберспорт академиясын аш­тым. Академиямның оқушылары алғыр жә­не белсенді. Олардың кәсіби ойыншы атануына барымды салып жүрмін. Қа­зақ­станда бойында дарыны бар балалар өте көп және оларды байқау, кәсіби машық­тан­дыру – менің мақсатым. Киберспорт әле­мінің білікті кәсіби мамандарын даярлап, олар­ды әлемдік аренада танымал етсем дей­мін. Бүгінде академияда оқып жүрген оқу­шылардың арасынан үшеуі шетелдің таны­мал кибер ұйымына мүшелікке өтуге тал­пынуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Бибігүл Бөкенбай

Серіктес жаңалықтары