50444
Айнұр Хаменова әпкесін ғайбаттап жатқандарды сынға алды
Айнұр Хаменова әпкесін ғайбаттап жатқандарды сынға алды
10 желтоқсанда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова пара алды деген күдікпен ұсталған еді. Осы жағдайдан кейін көпшілік арасында әкім орынбасарын сынағандар да, қолдағандар да пайда болды, деп хабарлады turkystan.kz.
Аталған оқиғаға қатысты Бақытгүл Хаменованың туыстары да пікір білдіре бастады.
«Отбасымыз үшін жайсыз тиген оқиғаға байланысты қолдауларыңызды білдіріп, жылы сөзбен демеп жатқандарыңыз үшін бек рахмет! Ғайбаттың жеті атасын жаудырып, сансыз сауапқа ие қылып жатқан «тілеулестерге» де рахмет! Әке мен шешенің адал тәрбиесін көрген, ізгі істерімен талай жанның, талай игінің батасын, алғысын алған апам Бақытгүлге бір Алла өзі жар болсын», - деп жазды Бақытгүл Хаменованың сіңлісі Айнұр әлеуметтік желіде.Оның айтуынша, апасы балалары мен туған-туыстарына көңіл бөлетін уақыты болмаса да мемлекеттік қызметті адал атқарған.
«Алланың бергеніне қанағат» деген ұяда өскен апамның осы кезге дейін сүйенгені де, сенгені де — бір Алла. Екі баласына, туған-туыстарына көңіл бөлетін уақыты болмай, жауапкершілікпен еңбек еткеніне көбіңіз куәсіз. Әлі-ақ реттелер жағдай. Жығылған кезде жұдырықтамай, сүрінген сәтте сынамай, жай ғана адам болып, тілеулестік танытқан әрқайсысыңызға Алла разы болсын», - деді Айнұр Хаменова.Естеріңізге сала кетейік, Атырау соты жемқорлық жасады деген күдікке ілінген облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алды.