«Қазәуеқұтқару» техникасының тек 25%-ы ғана жаңартылған

«Қазәуеқұтқару» техникасының тек 25%-ы ғана жаңартылған

«Қазәуеқұтқару» техникасының тек 25%-ы ғана жаңартылған
ашық дереккөзі
50268
«Қазәуеқұтқару» мекемесі Қазақстанда құрастырылған екі жаңа МИ-8 тікұшағымен толықты, деп хабарлады turkystan.kz. Әскери техника Алматыдағы авиажөндеу зауытында құрастырылды. Қазіргі кезде «Қазәуеқұтқару» техникасының тек 25%-ы ғана жаңартылды. Жалпы техниканың 35 түрлі үлгісі бар. Екі жыл бұрын Ресеймен арадағы келісімдерге сәйкес ресейлік Ми-8 АМТ тікұшағының өндірісі Қазақстанда қолға алына бастаған. Қосалқы бөлшектер сол елден жеткізіледі. Техника Қазақстанның күш құрылымдарының қажеттіліктері үшін жиналады. Бүгінгі күнге дейін «Қазәуеқұтқару» алты тікұшақпен толықты.
«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында біздің материалдық техиникалық база тағы да жаңа техникамен толығып жатыр. Бұл әрине біз үшін айтулы жаңалық. Ми-8 және оның экспорттық модификациясы Ми-17 әлемдегі ең ірі тікұшақтардың бірі. Оны түрлі жағдайға пайдалануға болады. Сондықтан өндірушілер үнемі жаңартып тұрады», - деді «Қазәуеқұтқару» АҚ баспасөз хатшысы Алмас Ғабдуллин.
Жаңа тікұшақтар еліміздің әр аймағында жұмыс істейтін болады. Басым көпшілігі таулы аймақтарда құтқару шараларын жүргізуге арналған. Тікұшақтар табиғи апат аймақтарына, авариялық-құтқару жұмыстарына, орманды қорғау, өрт сөндіру мен санитарлық авиация қызметіне ыңғайланып жасалған.
«Биыл жазда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түркияға көмек көрсету үшін екі Ми-8 АМТ тікұшағы жіберілді. Ондағы тапсырмалар сәтті орындалып, барлық құтқарушылар туған жеріне аман-есен оралды. Бауырлас елге қолдан келгенше көмек көрсетіліп қайтты», - деді Алмас Ғабдуллин.
Құтқару ұшақтарын қайта жарақтандыру әлі де жалғасады. Авиация паркі тағы 5 Ми-8 АМТ тікұшағымен толығады деген жоспар бар. Келесі жылы «Қазәуеқұтқару» тікұшақтарының саны 40-қа жетеді.

Серіктес жаңалықтары