573
Қоғамдық көлік қолжетімді ме?
Қоғамдық көлік қолжетімді ме?
Жақында ranking.kz мониторинг агенттігі ел азаматтары қоғамдық көлікпен қатынауды азайтқаны туралы дерек жариялады. Агенттік мәліметінше, биылғы қаңтар-қазан айларында жолаушылар тасымалы 24,9 пайызға қысқарған.
Қазір қоғамдық көлік мәселесі қоғамдық проблемаға айналып отыр. Әсіресе, қала ішіндегі автобустарға қатысты халықтың айтар уәжі көп. Қалалардағы көптеген автобус паркі жаңарғанымен, ескі түйткілдердің түйіні тарқатылмай қалғандай. Көліктердің жағдайы көңіл көншітпейді 2020 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 12 мыңнан астам автобустың тозығы жеткен, ал олардың жартысына жуығы нашар күйде. Қоғамдық көлік сапасына қатысты көрсеткіштердің көңіл көншітпейтіндері Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында байқалған. Алматы қаласы мен Алматы облысында да жағдай оң емес. Ал автопарктерді белсенді түрде жаңартып отыратын қалалардың қатарына Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақмола облысы кірген. Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстары да қалыс қалмапты. Дегенмен жаңа автобустардан да ақау шығып жатыр. Мәселен, елордада қоғамдық көліктердің өртенгеніне бірнеше рет куә бодық. Алматыда да осы жағдай қайталанды. Жалпы, қоғамдық көлік қызметіне халық та наразы. Қоғамдық көліктің келу интервалы өте ұзақ, аязда сағаттап автобус күту үлкен машақат болып тұр. Әсіресе, халық жұмысқа баратын, қайтатын уақытта болатын кептеліс кезінде нағыз әуре-сарсаң басталады. Жұмыстан шаршап шыққан ел нөпір халықтың арасында одан әрі титықтайды. Оған қоса, елімізде автобус жүргізушілері тапшы. Бұл туралы биыл қарашада «Қазақстан автомобиль конвенті» қауымдастығының президенті Марат Беркалиев мәлімдеген болатын. Қауымдастық президентінің пікірінше, бүгінде жүргізушілердің орташа жасы 50-55-те екен. Ол мамандардың қартайып бара жатқанын, олардың орнына ешкім келмей жатқанын атап өтті. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, бүгінде отандық автобус парктеріне шамамен 3 500 жүргізуші керек. – Биыл қыркүйекте бұл мәселеге қатысты талдау жүргіздік. Оның қорытындысы бойынша елде шамамен 3 500 автобус жүргізуші жетіспейтінін анықтадық. Мысалы, елордада жүргізушілер таңғы 4-те автобус паркінде болуы керек. Олар күні бойы жұмыс істеп, түнгі 11-де автобус паркіне келеді. Жұмыстары өте ауыр, ал оларды алмастыратын маман тапшы. Біз бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтердік, – деді Мұрат Әмір. Марат Беркалиев қалаларда жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көліктер тозғанын да айтқан болатын. Жекеменшік автобус парктері оларды өз күшімен ауыстыра алмайды. Себебі жаңа автобус қымбат, ал банктегі кредиттің пайыздық мөлшерлемесі жоғары, әрі субсидияны алу да қиын. Ал мамыр айында 2025 жылға дейін жолаушылар тасымалымен айналысатын барлық автобус паркі жекешелендірілетіні хабарланған еді. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлімдеді. Дегенмен жекенің қолына өткен автобус парктерінің де төңірегінде дау көп. Мәселен, ұзақ уақыт бойы еңбекақысын ала алмаған Семейдегі SemeyBus автобус паркінің жүргізушілері талай рет наразылық білдіріп, жұмысқа шығудан бас тартқан болатын. Кіріс өскен Жолаушылар тасымалы бойынша көрсеткіштер төмендегенімен, көлік компанияларының кірісінде өсім байқалады. Биылғы қаңтар-қазан айларында автомобиль және қалалық электр көлігі кәсіпорындарының табысы 247 миллиард теңгеге жеткен, бұл өткен жылмен салыстыр- ғанда 24,1 пайызға өсіпті. Оның ішінде автобус тасымалынан түскен табыс – 66,3 миллиард теңге. Ал пандемия кезінде еліміздегі автобус парктері табысының үштен бірін жоғалтқанын еске сала кетейік. Жолақыға қатысты өзгеріс қатты байқалмайды. Биыл қазан айында автобустағы жол жүру құны Жамбыл облысында бірден 30,8 пайызға өсті. Ал еліміздің басқа өңірлерінде бұл қызмет түрінің бағасы өткен жылғы бағада қалды. Бірақ өткен айда Алматы әкімдігі 80 теңгелік қолданыстағы тариф төмен деген пікір білдірді. Алматыда қалалық қоғамдық көліктерде жол жүру құны жаңа жылда өсуі мүмкін екенін қала әкімінің орынбасары Серік Құсайынов мәлімдеді. Әкім орынбасары субсидияларға қыруар қаражат төленетінін алға тартты. «Тарифті көтеру қажет. Келесі жылы көктемде бұл мәселеге көшеміз», – деді әкім орынбасары. Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист:Тарифті өсіру үшін белгілі бір негіз, факт керек – Жолаушылар тасымалындағы тарифтердің өсуіне қатысты пікір айтар болсам, әрбір қоғамдық, халыққа қызмет көрсету қызметінің барлығында да тарифті өсіру үшін белгілі бір негіз, факт керек. Олардың шығындары жабылмай жатыр ма, қоғамдық көлік қызметіндегілерге мемлекет тарапынан субсидия берілмей жатыр ма, жеке тасымалмен айналысатындарға субсидия берілмесе, онда келісуге болады. Жанар-жағармай бар, қызметкерлердің жалақысы бар, құрал-сайман бар дегендей, яғни шығын көп. Яғни, кететін шығындар мен табысты есептеп, ашық көрсетіп, табыстан гөрі шығын көп екенін дәлелдесе, олар соны негізге ала алады. Ал бізде қосымша табыс табу үшін немесе халықтың есебінен шығындарының орнын жабу үшін осындай тәсілді пайдалануға үйреніп алған монополистер бары жасырын емес. Ал неге олар тиімді жүйе енгізбейді? Мәселен, электромобильдердің шығындары қазіргілерге қарағанда аз. Шығындарды жабудың басқа да жолдарын қарастыруды жолға қою керек. Мемлекет те халықтың пайдасына шешілетіндей мүмкіндіктерге баса мән бергені абзал. Мысалы, тарифті көтеру мемлекетке тиімді болып тұр, ал қазіргідей баға шарықтап тұрған тұста қарапайым халыққа бұл – жығылғанға жұдырық. Сондықтан қоғамдық көліктердегі жолақысын көтеру мәселесі бірінші қоғамдық талқыға түсуі керек, содан соң белгілі бір негіз болса ғана жүзеге асырылуы керек деп есептеймін.
Бүгінде елімізде автобустар мен электр автобустарын шығаратын бірнеше зауыт жұмыс істейді. Бірақ олар ішкі нарықты қамтуға қауқарсыз болып тұр. Автобустардың саны көбейіп, сапасы жақсарса, ол да халық үшін игі өзгеріс болары анық.
Д. Жанатқызы