Цойдың соқпағы

Цойдың соқпағы

Цойдың соқпағы
ашық дереккөзі
852

Аптаның басы ауыс-түйістен басталды. 20 желтоқсан күні Мемлекет басшысы Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цойды қызметінен босатты. Ведомство бұл өзгерістің се­бебін министрдің басқа қызметке ауысуымен байланыстыра түсіндірді. Ал Денсаулық сақ­тау министрінің қызметін Жандос Бүркітбаев уақытша атқаратын болды.

Ойда жоқта министр болып, аяқ астынан қыз­меттен кеткен Алексей Цой не атқара алды? Үкімет­тің үмітін ақтады ма? Халық не күтті? «Өткелде» ауысқан министр Алексей Цой Денсаулық сақтау министрі қызметіне былтыр, 2020 жылғы 25 маусымда Елжан Біртановтың орнына тағайындалған болатын. Бұл кез індет ушығып, денсаулық сақтау саласы шатқаяқтап тұрған шулы уақыт еді. Дәріханалардан ең қажет деген дәрі-дәрмек пен медициналық бетперденің табылмауы, ауруханаларда бос орын болмауы жалпы елдің пандемияға, ешқандай қауіп-қатерге дайын болмауы жүйесіз жүргізіліп келген жұмыстың нәтижесі іспетті болды. Ведомствоны бір жарым жылдан аса басқарған министрдің өзі де «шулы» министрлердің бірі ретінде есте қалды. 2020 жылғы 22 маусымда Алексей Цой Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол кезде сол уақыттағы министр Елжан Бір­та­нов індет жұқтырып, оқшауланып жат­қан. Ал арада 3 күн өткен соң Цой министр болды. Одан соң Елжан Біртанов сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілініп, тергеуге алынды, іс әлі жалғасып жа­тыр. Министрлікке қатысы бар құры­лым­ның екі топ-менеджері жұмыстан кетті. «СҚ-Фармацияға» қатысты да үлкен дау туды, кейіннен компанияның жұмысы тек­серіліп, дәрі-дәрмек тапшылығының се­бебі анықталғандай болды. Бір айта кете­тін нәрсе, адвокат Ерлан Мәкен «СҚ-Фар­ма­ция» компаниясының бұрынғы бас­шысы Берік Шәріптің ісіне қатысты сотқа Алексей Цойды куәгер ретінде шақыруды талап етті. Бірақ ведомство өкілі бұл артық екенін айтып, мәлімдеме жасады. Селкеу түскен сенім немесе халық Цойдан не күтті? Пандемия басталған кездегі алашапқын халықтың денсаулық сақтау саласына деген сенімін сетінетті. Өзін-өзі емдеп, қойдың майы, імбірдің тамырын іздеп кеткен елдің ауыс-түйіске мән беруге мұршасы болмады. Бірақ біраз уақыт өткен соң Алексей Цой елдегі ең жиі талқыланатын, ең көп сыналатын ми­нистр­лердің қатарына қосылды. Бұған министрдің үш сценарийлі болжамдары мен вакцина дауы ықпал етті десе де бола­ды. Оған қоса, халық жағдай тұрақтала бас­тағанда аяқасты пайда болатын штам­дардың үздіксіз тізбегінен қажыған да еді. Вирусқа, вакцинаға, жүйеге сенбеген ха­лық министрге де аса сенім артпады, ол кез­де елдің ойы жалғыз-ақ індет аяқталса де­ген тілекте тоғысты. Ал биыл маусымда халықтың 53,3 пайы­зының медициналық көмектің сапа­сына әлі де көңілі толмайтыны туралы ста­­­тистика БАҚ-та жарияланды. Бұған қатысты министр бұл статис­ти­ка тәуелсіз сараптамалық ұйым­дар­дың объективті бағасы екенін алға тар­тып, тіпті Еуропада да медкөмектің са­па­сына берілетін оң баға 65-70 пайыздан аспайтынын айтқан еді. Министрдің бұл жауабына Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығ­матулин тағы да сын айтты, министрге ха­лыққа жақын болуға, ауруханаларға ба­рып ондағы кезекті өз көзімен көруге кеңес берді.
– Қазір Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі­не оңай емес екенін түсінеміз. Бірақ ха­лық­пен байланыс орнататын уақыт келді. Жур­­­налистер қойған сұрақтардың жар­тысына да жауап бермейсіз. Кім үшін жұ­мыс істеп жүрсіз? Барып, адамдармен сөй­­­­лесіңіз. Олар бізді сайлайды, ал Пар­ла­мент сізді тағайындады. Ел басшылығы, Парламент сізді қолдады. Сізге қаражат бө­лінді. Жұмыс істейтін уақыт келді, – деген еді Мәжіліс Төрағасы.
Министр қызметтен кеткенде ха­лық арасында анау айтқандай у-шу байқалмады, кейбіреулер сәттілік тілеп жатса, енді біреулер жалғыз министр­дің орнын ауыстырғаннан нәтиже жоғын айтып жатты. Мемлекеттік тілде сөйлемеген министр Мәжіліс Спикерінің сынынан-ақ тү­сінікті, экс-министр халыққа да, БАҚ-қа да аса қатты ашық болған жоқ. Бір­­лі-жарым телеарна, порталға сұхбат, пікір берген. Аса көп емес. Жалпы, Алексей Цой тілге байланысты жиі сынға ұшырады, оның мемлекеттік тілде мәлімдеме жасағанын да естімедік. Дегенмен еліміздегі министрлердің қанша тіл білетіні жөнінде Ranking.kz сарапшылары жасаған зерттеуде Алексей Цой қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді деген мәлімет бар. Үкіметтің үдесінен шықты ма? Экс-министр қызметін бастағанда Мемлекет басшысына дәрі тапшы­лығы болмайды деп уәде берді. Ол үшін көтерме және бөлшек баға екі есе төмен­дегені, коронавирус инфекциясы және пневмониямен ауырып жатқандарға дәрі-дәрмек тегін берілетінін айтты, сонымен қатар коронавирусты емдеуде қолда­ны­латын дәрілердің бағасы 27 пайызға арзан­дағанын жеткізді. Министрдің бұл уәдесі орындалды, алғашқы ажиотаждан кейін елде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалған жоқ. Дегенмен бұл кезде «СҚ-Фарма­ция­ның» да жұмысы жөнге келе бастаған еді. Алексей Цой қызметінен кеткеннен кейін жасаған мәлімдемесінде өзіне жүк­телген міндеттерді тізбектеп, қорытынды жасаған екен.
– Мемлекет басшысы COVID-19 бойын­­­ша жағдайды тұрақтандыруды, ден­саулық сақтау жүйесінің әлеуетін арт­тыруды тапсырды. Біз эпидемио­ло­гиялық қауіп-қатерге ден қою үшін жағдай жа­садық: әр өңірде жаңа инфекциялық ауру­х­аналар салынды, жедел жәрдем паркі ашылды, жасанды тыныс алу аппараттары, ауыл­дағы жылжымалы медициналық ке­шен­дер жаңартылды, отандық фарма­цев­тика өнеркәсібі өнімділік өскенін көр­сетеді, дәрілік заттар мен медициналық мақ­саттағы бұйымдардың қажетті қоры жа­салды, СЭС пен зертханалық қызметтің әлеуе­ті артты, QazVac вакцинасы шы­ғарыл­ды және тағы да басқа, – деп жазады ми­нистр.
Министр атап өткен инфекциялық ауруханалардың төңірегінде дау болғанын айта кету керек. Жауаптылар COVID-19 жұқтырған науқастарға арнал­ған модульді аурухананы салу кезінде 3,9 мил­лиард теңге жымқырылды деген кү­дікке ілінген еді. Одан соң тағы бір ин­фек­циялық аурухана алғашқы ызғарға төтеп бере алмағанын БАҚ жарыса жазды. Экс-министр тұсында қабылданған игі заң жобаларын айтпай кету ағат­тық болар еді. Түрмелердегі медици­на­лық қызметті Ішкі істер министрлігінен Ден­саулық сақтау министрлігіне өткізу, био­логиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жә­не медқызметкерлердің мәртебесін кө­теру, фармөнеркәсіпті дамыту қарас­тыра­тын заң жобалары әзірленген. Алайда денсаулық сақтау саласын цифрлан­дыру сияқты даулы мәселені ми­нистр жолға қоя алмай кеткені айтылып жатыр. Одан бұрын Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин экс-министр­ден вакциналанған адамдардың санын дұрыс жариялауды сұраған еді. Бұл –вакциналардың екі дозасы арасындағы уақыт мәселесі талқыланған тұс болатын. Одан бөлек, экс-министр вакциналау қар­қынының бәсеңдігіне байланысты да сынға қалды, қыркүйекке дейін 10 мил­лион адамды вакциналаймыз деген меже орындалмады. «Осы мақсатты орындама­саңыз отставкаға кетесіз бе?» деген сұрақ та төтесінен қойылды. 14 желтоқсанда Үкіметтің кезекті оты­рысында есеп берген Цой коронавирусқа қар­сы вакцинаның екі компонентін 8,3 мил­лион адам алғанын мәлімдеген. Соның ішін­де 150,6 мың жасөспірімге және 38 мың әйел адамға Pfizer вакцинасы са­лы­нып­ты. Осы айтылған Pfizer вакцинасын жет­кізу мәселесінің сиырқұйымшақтанып кетуі де кезекті сынға ұласқанын айтып өту керек. Цойдың қызметін депутаттар да сынады. Ал депутат Лариса Павло­вец Алексей Цойға халықпен сөйлесу үшін ауруханаларға баруға кеңес берген бо­латын. Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова вакциналау бойынша жұмыс ша­ла атқарылғанын және Денсаулық сақтау ми­нистрлігі коронавирусқа қарсы күресте өз тәжірибесінен де, әлемдік тәжірибеден де сабақ алмағанын мәлімдеген болатын. Бұған экс-министр халықтың вакцинаға де­ген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін бар­лық шара қабылданғанын атап өтті. Ал Алексей Цойға қызметінен кет­кен­нен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оған белсенді жұмыс істе­гені, әсіресе індеттің таралуына қарсы кү­рес­те атқарған еңбегі үшін алғыс біл­дірді. Вакцинаның жыры «Алексей Цой министр болған тұс» вак­циналау процесімен ассоциа­ция­ла­натыны анық. Жалпы, министрге тағылған мін мен айтылған сынның көбі осы мә­се­леге байланысты болды. Оған ақпаннан қыркүйекке дейін 10 миллион адамды вакциналау мін­деті жүктелді. Алғашында ерікті вак­цинаны алуға құлықтылардың саны өте аз болды, вакциналау динамикасының көрсеткіштері көңіл көншітпеді. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, халық вакцинаға үмітпен емес үреймен, күдікпен қарады. Бұдан кейін Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты сынады. Осыдан кейін ғана статистика көрсеткіштеріне жан біткені байқалды. Ashyq жүйесі қол­да­нысқа енгізілді. Қоғам төрт түске – қы­зыл, жасыл, сары, көкке жіктелді. Алға­шын­да тек ауырған-ауырмағаныңды, ауыр­ған адаммен байланыста болғаныңды, не болмаса болмағаныңды ғана айқын­дай­тын жүйе кейіннен вакцина паспортымен бірік­кеннен кейін басқаша сипат алды. Оған қоса, жаңа «бизнес» пайда болып, ми­нистрге тағы бір мәселемен қүресуге тура келді: вакцина паспортын сататындар мен сатып алғандар геометриялық прог­рессия бойынша өсті. Ashyq жобасын бірлесіп әзірлеген ве­домстволардың басшылары Бағдат Му­син­ге және Алексей Цойға наразылық біл­діру­шілер көбейді. Тіпті, Ата Заңдағы 145-бап­ты алға тартып, бұл адам құқығын бұзу еке­нін айтып жатты. Бірақ Әділет ми­нистр­лігі Конституцияның 39-бабы 1-тар­мағына сәйкес, азаматтардың құқығына шек­теу қойылатын жағдай болатынын, олардың бірі халықтың денсаулығын сақ­тау мәселесіне байланысты екенін тү­сін­дірді. Вакцинаға қарсы болғандар министр­лікке дейін барды. 19 шілде күні он шақты адам вакциналау процесін тоқтатуды талап етті. Олармен кездесуге ведомство­ның вице-министрлері шықты, бірақ ан­ти­ваксерлер Цойдың өзі шықсын деген та­лап қойып, түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуге тырысқан қызметкерлерге тап берді. Ал 19 қарашада 50 шақты әйел жина­лып, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың отставкаға кетуін талап етті, олар балаларға вакцина салу шешіміне қарсы шықты. Кейіннен Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кейбір адамдардың өзі­нің отставкаға кетуі туралы өтінішіне қа­лай қарайтынына қатысты пікірін айтты.
– Мен оған еш ренжіген жоқпын, се­бе­бі біздің елде кез келген азаматтың өз пі­кірін білдіруге құқы бар. Мен мұны жеке пікір ретінде қабылдаймын, – деді экс-ми­нистр.
Жалпы, Цой сынды жеңіл қа­был­дай­тынын, өзі туралы карикатураларды дос­тары жіберіп отыратынын да айтқан еді. Осы тұстағы тағы бір елеулі оқиға – отандық вакцинаның өндіріле бас­тауы. Ғалымдар мен сарапшылар мұ­ның үлкен жетістік екенін, вакцинаның тиімділігі жоғары екенін жарыса айтысты. Алексей Цойдың өзі де отандық QazVac вак­цинасын алған алғашқылардың бірі бол­ды. Жамбыл облысында вакцина өн­діретін зауыттың іргетасы қаланды, алайда салынып бітпеді. Сонымен қатар вакци­наны әлі күнге дейін Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы ресми түрде мойын­да­ған жоқ. Отандық вакцинаның өндірісіне қарамастан, Ресей вакцинасына көбірек сенім артылды. Оған отандық вакцина өнді­рісінің ішкі нарықты қамтуға қауқар­сыз екені себеп болды деп түсіндірілді. Елі­міз жаппай вакциналауды Ресейдің «Спутник V» вакцинасынан бастады. 10 млн доза вакцина сатып алынды. Қыруар қар­жы бөлінді. Одан бөлек, Ресейден «Спутник Лайт» вакцинасын сатып алуға тағы ниет білдірдік. Ал ДДСҰ мойындаған Pfizer вакцинасы ұзақ уақыттан соң елге әзер жетті.  width= Тағы несімен есте қалды? 2020 жылғы қарашада Алексей Цой жұмыста физикалық жаттығу жасау ере­желерін бекітті. Ережеге сәйкес ұйым­дарда жұмыс уақытында дене жаттығуларын жасау керек. Жұмыс беруші орындалатын жұмыс түріне, еңбек жағдайына, қызмет­кердің жасына және жынысына байла­нысты арнайы жаттығуларды дайындайды. Қызметкерлер жаттығу жасайтын бөлме таза болуы керек және жаттығуға дейін бөлме желдетілуі қажет. Кейіннен бұл үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайтыны да ескертілді. Министрдің 2021 жылғы 27 мамыр­дағы шешімі жұртты дүрліктірді. Ведомство жыныс ауыстыруға рұқсат беру туралы бұйрық шығарды. Жыныс ауыстыру үшін адамның жасы 21-ден асуы керек, психикалық және мінез-құлық ауытқулары болмауы керек деген талап бар. Оған қоса, ота тегін жасалатыны да айтылды. Кейін­нен министр осыған қатысты мәселені кеңірек түсіндірді. Оның айтуынша, жы­ныс ауыстыруға қатысты мәселе бұрыннан талқыланып келе жатыр. 2003 жылы Қа­зақстанда барлық нормативті құжат қазір­гімен салыстырғанда бірдей болған.
– Оған дейін де сол ережелер болған. Тиі­сінше, біз көптеген жыл бұрын бекітіл­ген бұйрықты қайта шығардық. Мұндай жағдай іс жүзінде Қазақстанда аз және олар мемлекет есебінен төленбейді. Яғни, бұл тек азаматтардың құқығы. Мемлекет бюджеті есебінен немесе сақтандыру қоры есебінен төленбейді. «Цой бірдеңе шығар­ды» деп шулатып жіберді. Ол маған дейін, тіп­ті менің алдымдағы бес министрге дейін болған жағдай, – деп түсіндірген еді экс-министр.
Мыңжылқы Бердіқожа, дәрігер, медицина сарапшысы:

Өзіне жүктелген міндеттерді орындады

– «Алексей Цой қызметінен кетті» деген хабар ойламаған жерден келді. Десек те, бұл күтіп жүрген жаңалық қой, өйткені өзіне жүктелген міндеттің барлығын атқарып шыққандай болды. Ол басшылық еткен кез пандемияға қатар келіп қалды, модульді клиникалардың қаражатын қадағалап, аяғына дейін жеткізу керек еді. Коронавирус қарқыны қазір бәсеңдеді, дегенмен «омикронға» байланысты ахуал күрт өзгеріп кетуі ғажап емес. Бұл проблеманы болашақ министр шеше жатар. Жалпы, Цойдың және командасының жұмысына оң баға беруге болады. Әрине, олқылықтар болған шығар, бірақ көзге көрінетіндей нәрсе болмады. Экс-министр өзі публикаға жақын емес. Пресс-конференцияға көп қатыса қойған жоқ. Цифрландыру, тағы басқа бойынша сын айтылып, мәселе көтеріліп жатыр, оны жауапты органдар тексеріп, баға берер, министрдің жұмысының нәтижесін уақыт көрсете жатар. Жалпы, біздің салада жолға қойылуы тиіс мәселе көп. Педиатрия факультеттерін қайтару керек, осы сала назардан тыс қалып қойды. Медицина бойын­ша мамандар тапшылығы байқалады. Ана мен бала өлімі азаймай тұр. Дәрігерлердің жалақысын көтеру керек. Алайда оның барлығы жүйелі мәселелер, жалғыз Денсаулық сақтау министріне ғана қатысты емес екенін ескеруіміз керек.
Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы:

«Қанағаттандырарлық» деген баға беруге болады

– Алексей Цой Денсаулық сақтау министрі қыз­метіне 2020 жылғы маусымда келген болатын. Жал­пы алғанда, бұл саланы бір жарым жылдай басқарды. Осы уақыт ішінде Цой мырзаның атқарған жұмысына «қанағаттандырарлық» деген баға беруге болады. Бір жағынан Цой өзіне тапсырылған министрліктің жұмысын бір ретке келтіре алды. Ол министр лауазымына тағайындалған кезде пандемияға байланысты денсаулық сақтау саласында үлкен дағдарыс басталған болатын. Ел ішінде пандемия өршіп, ең керек деген дәрі-дәрмекке тапшылық байқалды. Одан бөлек, министрлікте жемқорлық бойынша бірқатар резонансты іс ашылды. Мысалы, Цойға дейін басшылықта болған Біртанов мырзаға қатысты тергеу әлі күнге дейін жалғасуда. Яғни, Цой өз қызметіне кризис-менеджер ретінде келді және көптеген қиындыққа қарамастан пандемияның айналасындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша министрліктің жұмысын барынша жүйелі түрде жүргізуге тырысты. Белгілі бір деңгейде ол өз алдына қойған тапсырмаларды орындады. Дегенмен де Цойдың тұсында денсаулық сақтау саласындағы негізгі проблемалар шешілді деп айта алмаймыз. Бұл – мәселенің екінші жағы. Иә, пандемия бойынша жағдай бір қалыпқа келді, вакциналауға байланысты да жақсы көрсеткіштер бар. Бірақ денсаулық сақтау бойынша халыққа көрсетілетін қызмет, ол медициналық көмектің сапасы, дәрігерлердің жағдайы, дәрі-дәрмек шығару өндірісі – осы сияқты фундаменталды мәселелер түбегейлі өзгерген жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Цой мырза пандемияға байланысты пайда болған уақытша мәселелердің шешімін таба алған министр ретінде есте қалатын сияқты. Бірақ оны ден­саулық сақтау саласындағы реформатор деп айтуға мүлде келмейді. Мұндай жаһан­дық өзгерістерді жүзеге асыруға Цойдың уақыты аз болды, ал өз еркімен қыз­меттен кет­кеніне қарағанда аса қатты құлқы да болмаған сияқты.

Қысылтаяң шақта ең жауапты қызметтің бірін атқарған Алексей Цойдың жұмысына шолу жасап көрдік. Сарапшылардың пікірі де бір арнаға тоғысқандай болды. Жақсы лебіз білдіргендер көп. Не десек те, экс-министр еңбегінің нәтижесі уақыт өте байқалады. Жаңа министрдің кім болары әзірге белгісіз, дегенмен әдеттегідей одан күтер жақсы­лығымыз көп.

Серіктес жаңалықтары