Әлем әдебиеті классиктерінің ішінде шығармаларын сүйіп оқитын суреткерлерімнің бірі – француз жазушысы Ромен Роллан. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен осы қаламгердің «Толстойдың өмір» атты көлемді еңбегін ана тілімізге тәржімалап, ол «Әлем әдебиеті» журналында жарық көрген болатын. Сол кездері мен оның суреткерлік талантымен қатар, сыншылық шеберлігіне де таңғалып, телегей-теңіз біліміне тәнті болғаным бар.
Ұлы жазушы ғана емес, сонымен бірге «адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген» гуманистік идеалдарымен Жер шарындағы халықтардың жүрегін елжіреткен Толстой шығармашылығына лайықты бағасын берген талай-талай зерттеулер мен еңбектерді оқыдық қой. Әйткенмен, Ромен Ролланның бұл дүниесі маған ерекше әсер етіп, жанымның нәзік пернелерін дірілдетіп жіберді. Ол өз кітабында әрі ұлы суреткер, әрі кемеңгер, сондай-ақ қоғамдағы биліктің қолымен жасалып жатқан әділетсіздіктерге шыдамай, мінез көрсеткен бүлікшіл Толстойдың әр жазған туындысының, әр жазған хатының астарында жасырынып жатқан шындықты саралап, ұлы жазушының шығармашылық табиғатының даралығын «майдан қыл суырғандай етіп отырып» асқан шеберлікпен ашады. Ғұлама Толстойдың неліктен адамзат баласының бәрі ұлылығына табынған Шекспирге қатты шүйліккенін, неліктен музыка әлемінің данышпаны Бетховенді мойындамағанын жан-жақты талдап, себебін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Ұлы жазушыны жан-тәнімен сүйген Ромен Роллан өз кітабында Толстойдың жұрт айтып жүрген кемшілігінің, шын мәнісінде оның ешкімге ұқсамайтын мінезі екенін дәлелдеп, оқырманды ойға шомылдырады.
Міне, сондықтан да мен Ромен Ролланның гуманист жазушы болғанын айрықша атап өткім келеді. Адам өмірін ең биік құндылық ретінде бағалаған ол сталиндік репрессияның жазықсыз құрбаны болған талай ақын-жазушылардың тағдырына араша түсті. 1935 жылы жазушы халқымыздың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың түрмеден босап шығуына көмек көрсетті. Бұл жөнінде татар жазушысы Сәйфи Құдаштың қалдырған естелігі де бар. Оқиғаның қысқаша тарихын баяндайтын болсақ, 1926 жылы Мағжан бірінші рет тұтқынға алынды. Он жылға жазаға кесілген ақын Карелия лагері мен орманында ауыр күн кешеді. Онда да ол адал еңбек етеді, әуелі мұғалім, сосын бірнеше лагерьдің біріккен санитарлық бөлімінде жұмыс істейді. Мағжанның әйелі Зылиқа ханым күйеуіне талай рет барады. Әр барған сайын ол Ленинградқа жер аударылған профессордың, медицина ғылымының докторы әйелінің үйіне тоқтайды екен. Ол профессор лагерьде Мағжанмен бірге болған, санитарлық қызмет жағын басқарған. Ол Мағжанды қарауына қызметке орналастырады. Соның ықпалымен, нақты көмегімен ол медицинаны оқып, үйрене бастайды. Профессордың әйелі оған қажетті әдебиет пен кітаптарды жеткізіп береді. Сөйтіп, нағыз ізгі жанды адамдар озбырлық пен сойқандықтың қорқынышты кезінің өзінде лагерьдің қатал режимінен қорықпай, қанатымен су сепкен қарлығаштай, тұтқындағы кісілерге көмектескен... Ленинград профессорының кеңесімен, оның әйелі мен Зылиқа ханым күйеулерінің хаттарын алып, Мәскеуге М.Горькийдің қабылдауында болмаққа бел байлайды. Бір өкініштісі, сол кезде М.Горький Мәскеуде жоқ болып шығады. Күйеулерінің хаттарын олар Горькийге деп, оның хатшысына тапсырады. Әйел байғұстар «енді не істейміз?» – деп ұзақ толғанады. Сосын әлгі хаттардың көшірмесін алып, аты әйгілі Ромен Ролланға бармақ болады. Бұл мұңлықтар оның үлкен гуманист, интернационалист жазушы екенін, сол кезде әйелімен Мәскеуде тұрып жатқанын білетін. Роллан бұларды жылы шыраймен қабылдап, екеуінің әңгімесін шын ықыласымен тыңдайды, ал оның орыс әйелі бұлардың әңгімесін қолма-қол французшалап, ал күйеуінің сөзін орысша айтып отырады. Р.Роллан қазақ жазушысы мен орыс профессорының қасіретті тағдырына соншалық жаны ашып, оларға көмектесетінін, Горькиймен сөйлесетінін айтып, уәде береді. Сөйтіп, екі әйел жүрегінде үміт оты ұшқындап, Ленинградқа қайтады. Қош, сонымен 1935 жылы гуманист жазушы Ромен Ролланның ықпал етуімен және М.Горькийдің көмегімен М.Жұмабаев түрмеден босап шығады.
Ұлы қаламгер артына өте бай әдеби мұра қалдырды. Әрине, бір әңгіме төңірегінде оның бәрін талдап-түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан да біз ұлы қаламгердің ең негізгі шығармасы, он кітаптан тұратын «Жан-Кристоф» туындысына ғана қысқаша тоқталамыз. Бұл көлемді шығармада ұлы музыканттың туғаннан бастап өлгенге дейінгі өмірі баяндалады. Бітімі бөлек романның құрылымы жазушының басқа шығармаларына мүлде ұқсамайды. Шығармада романтикалық шиеленіс те, сыртқы оқиғалар да аз, керісінше ұзақ толғаныстар, кейде тұтас бір бетке дейін созылып кететін лирикалық проза көп. Романның кейбір тұстарында әңгімелеу машығы публицистикалық сарынға ауысып кетіп жатады. Баяндау мәнері құбылмалы, диалогтер ой мен сезімге бай болғанымен, қарапайым тіршіліктегі тұрмыстық әңгімеге мүлде ұқсамайды. Қызық оқылатынына қарамастан, «Жан-Кристофты» жеңіл оқылатын беллетристикаға жатқыза алмаймыз. Бір таңғаларлығы автор өз романының қызықты, жалпы оқырманға түсінікті болып шығуына аса қатты көңіл бөлмейді. Шығармада түрлі дәуірлерде өмір сүрген композиторлар мен жазушылардың есімдері көзге ұшырап, оқиға барысына орай өнер туындаларына байланысты түрлі сезім пайда бола бастайды. Көп ретте шығармада оқырман қауымға аса жақсы мәлім емес, қоғамдық және көркем өмірдің оқиғалары туралы әңгімелер де өрбиді. Міне, осындай қарапайым оқырман үшін тосын жаңалықтары болғанына және көлемінің үлкендігіне қарамастан «Жан-Кристоф» көпшіліктің көңілінен шығып, жұрт іздеп жүріп оқитын туындыға айналды, шетелдердің тіліне аударылып, шығарманың авторына әлем оқырмандарының ризашылық білдірген хаттарының тасқыны ағылды. Ірі туындысын аяқтай салысымен 1913 жылы Ромен Роллан әдебиеттегі бірқатар кертартпаның қарсылығына қарамастан, алдымен француздардың құрметті легионының орденін алып, кейін Француз академиясының үлкен сыйлығын иеленді. «Жан-Кристоф» қоғамдық оқиға ретінде қабылданып, ХХ ғасырдағы көркемдік мәдениеттің бетін айқындап берген әдеби шығармалардың қатарына қосылды.
Енді Нобель сыйлығын алған француздың ұлы суреткерінің өмір жолына да қысқаша шолу жасап кетейік. Ромен Роллан 1866 жылы Францияның оңтүстік өңірінде ауқатты отбасында дүниеге келді. Баласына жақсы білім беру үшін, шешесінің талабы бойынша олардың отбасы 1880 жылы Парижге көшіп барады. Бала күнінен Ромен музыкаға құмартып, шешесі оған пианинода ойнауды үйретеді. 1886 жылы ол ұлы Людвик атындағы лицейді тәмамдап, беделі жоғары мектепке түсіп, тарихты зерттеп, 1889 жылы оқытушының дипломын алып шығады. Студент шағында Роллан адамзаттық ақыл-ойдың алыбы Лев Толстойдың философиялық және шығармашылық көзқарасымен танысып, кейіннен хат жазысып, ұлы суреткердің көзқарасы Роланның дүниетанымының қалыптасуына игі ықпалын тигізеді. 1889-1891 жылдары Римге барып, музыканың тарихын зерттеумен шұғылданады. Міне, осы кезеңде Шекспир пьесаларының әсерімен әдебиетке деген қызығушылығы оянады. 1892 жылы атақты филологтің қызы Клотильде Бреальға үйленіп, Парижге қоныс аударып, ұстаздық және ғылыми жұмыспен, нәпақасын тауып, сондай-ақ әдебиеттен де қол үзбейді. 1885 жылы Роллан музыка саласынан кандидаттық диссертациясын қорғап, арнайы ол үшін ашылған мекемеде музыкатану кафедрасын басқарады. Алдағы 17 жыл бойы ол әдебиеттен де қол үзбей, Сарбонна мен басқа да білім беру мекемелерінде музыка мен қолданбалы өнерден дәріс оқиды. Сол уақыттары «Екі апталық дәптерлер» журналында тырнақалды туындылары жарық көреді. Ең әуелі ол пьесалар жазды. Француз театрларында тоғышарлық гүлдеп тұрғандықтан, бастапқы кезде оның пьесаларын талғамы төмен көрермен салқын қабылдады. Міне, осыдан кейін Ролланға халықтық театр туралы ой келіп, ол да Толстой сияқты көрерменді қаһармандық мысалдар арқылы тәрбиелеу керек деген байламға келеді. Алайда оның «Халық театры» деген еңбегін ешкім елемеді. Міне осындай сәтсіздіктен кейін Роллан өмірбаян жанрына ден қойып, «Бетховеннің өмірі», «Микеланджелоның өмірі», «Толстойдың өмірі» деген еңбектерін жазды. Өмірбаяндық жанрдағы бұл үш іргелі еңбектің жазушы шығармашылығында алатын орны биік. 1904 жылдан Ролланың ең негізгі шығармасы, он кітаптан тұратын «Жан-Кристоф» романы жарық көре бастады. Осы көлемді туындысы Ромен Ролланды әлем оқырмандарына әйгілі етті. Негізінен тап осы «Жан-Кристоф» романы үшін 1915 жылы Ромен Роллан әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталардың алдында ол Швейцарияға көшіп барып, соғысқа қарсы мақалалар жазып, олар отаншылдық рухына қатты берілген еуропалықтардың қатты наразылығын туғызды. Роллан Қазан төңкерісі мен КСРО туралы жақсы пікірде болды. Пролетариат жазушысы Максим Горькиймен хат жазысып тұрды, 1935 жылы Совет Одағында болып, Сталиннің өзімен сөйлесті. Қаламгер қоғамдық және саяси өмірге де қатты көңіл бөліп, көптеген дүние жазды. 1920 жылы үнділердің діні мен саяси ойларына қызығушылық танытып, үнді ойшылдары мен қоғам қайраткерлері туралы өмірбаяндық кітаптар жазды. 1934 жылы Мария Кудашеваға үйленіп, төрт жылдан кейін Швейцарияны тастап, туған Отаны Францияға қайтып оралды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазушы Везледе өмір сүріп, 1944 жылдың 30 желтоқсанында құрт ауруынан қайтыс болды.
*1914 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілмеді.
Амангелді
КЕҢШІЛІКҰЛЫ