50482
Қасым-Жомарт Тоқаев Путинге алғыс айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Путинге алғыс айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты, деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2021 жылғы ықпалдастықты қорытындылап, алдағы кезеңдегі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту, сондай-ақ экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ортақ жоспарды талқылады.
Мемлекеттер басшылары өзара сауда-саттықты жандандыру шараларын қарастырып, халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ пандемияның салдарын еңсеру және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды талқылады.
Қазақстан Президенті биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселенің кездесуде қарастырылғаны үшін Ресей тарапына ризашылығын білдіріп, осы саладағы ынтымақтастық туралы тиісті келісімге ҰҚШҰ аясында қол қойылғанын еске салды.
Мемлекет басшысы пандемия кезінде көмек көрсеткені үшін Ресей Президенті Владимир Путинге алғыс айтты.
– Қазақстанға қиын кезеңде қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ уағдаластықты орындау мақсатымен Қарағандыда ресейлік Спутник V технологиясы негізіндегі бірлескен өндірісті жолға қоя алдық. Спутник V вакцинасы COVID-19 індетінің таралуына тосқауыл қою ісінде шешуші рөл атқарды деп айтуға болады, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ұйымға келесі жылғы төрағалығы барысында Қазақстан ТМД аясындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін айтты.