50666
Ақтөбеде балықшылардың көлігі суға батып кетті (ВИДЕО)
Ақтөбеде балықшылардың көлігі суға батып кетті (ВИДЕО)
Мұз үстінде жүрген балықшылар көлігі кенет су қоймасына батып кеткен, деп жазды turkystan.kz.
Оқиға кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Аймақтық «Диапазон» сайты оқиға 28 желтоқсанда болғанын жазды. Жүргізуші мен жолаушы дер кезінде көліктен шығып үлгерген. Кейін құтқарушыларды көмекке шақырған.
Құтқарушылар 29 желтоқсанда Land Cruiser маркалы автокөлікті Ақтөбе су қоймасының жағалауынан 50 метр қашықтықта орналасқан 2,5 метр тереңдіктен көтере алды. Авариялық-құтқару жұмыстары X-Terra еріктілер командасымен бірлесіп ұйымдастырылған. Нәтижесінде машина су астынан аман-есен шығарылды. Жұмыс кезінде құлаған жерде мұздың қалыңдығы 5-7 см болған.
Өңірлік ТЖД адам үшін қалыңдығы кемінде 10 см, жеңіл автокөліктер үшін кемінде 20 см, ал жол талғамайтын көліктер үшін кемінде 30 см мұз қауіпсіз деп саналатынын ескертіп отыр. Бұл ретте көлікпен арнайы өткелдер арқылы өту қажет.
«Өңір тұрғындарына 27 градус аязға қарамастан, кез келген су қоймасының мұзы ойылып кетуі мүмкін екенін ескертеміз. Мұздың қалыңдығын қанша өлшеп алсаңыз да, мұз үстіне көлікпен шықпаңыздар!» - дейді Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қасым Қайрат.