2474
«Ахмет. Ұлт ұстазы». Продюсермен әңгіме
«Ахмет. Ұлт ұстазы». Продюсермен әңгіме
«Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, продюсер Айсәуле Әбілдаева – «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи телехикаясының бас продюсері. Отандық киноиндустрияда маңызды тарихи оқиғаларға және ірі тұлғаларға арнап кино түсіру қалай жүргізіледі? Телехикая түсіру және бас продюсер болу қаншалықты ауыр жүк? Біз тарихи телехикая түсірудің жауапкершілігі мен маңызы жайлы кинопродюсер Айсәуле Әбілдаевамен сөйлескен едік.
– Жақында Ұлттық арнадан көрсетілген «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи телесериалы көрерменнің көңілінен шығып, әлеуметтік желіде жақсы пікірлерін жазып жатыр. Тарихи тұлғаның бейнесін таспалау туралы идея қашан, қалай туындады? – Осы жылдың басында Qazaqstan ұлттық телерадиокорпорациясының жетекшісі Ләззат Танысбай Мұрат екеумізді кездесуге шақырды. Осы орайда Ләззат Мұратқызының мықты менеджерлік қасиетін атап өткім келеді. Сериалдар жасау нарығын жіті бақылап, сұранысқа ие шығармашылық топтарды анықтағаны өте жақсы дүние. Кездесу барысында Мұраттан қандай тұлға жайлы сериал түсіргісі келетінін сұрағанда, Мұрат: «Тәжірибем толысып, білімім жетілгенде Ахмет Байтұрсынұлын түсіру ойымда бар» деген еді. Кейін екінші кездесуде бізге Ақаң туралы телехикая түсіруді ұсынды. – Шешім қабылданды. Келісімшартқа қол қойылды. Шығармашылық топ жұмысты қашан, неден бастады? Оның ішінде Сіздің, яғни бас продюсердің қызметі қалай болды? – Әңгімені сценарийдің жазылу барысынан бастауға болады. Оңай болды деп айта алмаймын. Оннан аса тарихшы-ғалыммен кездесіп, Ахметтің өмірі мен еңбегіне қатысты 50-ден аса кітап оқылды. Дерек жинауда, оны саралауда алаштанушы ғалым Ұшқын Сәйдірахманұлының еңбегін айта кету керек. Күндіз-түні сценаристердің қасында отырып, өзі де үшінші сценарист болды деуге болады. Продюсердің алғашқы міндеті – қаражатқа иелік ету, шығармашылық топты, яғни команданы жинау, қаржы мен команданы үйлестіру. Операторлар, жарық түсірушілер, дизайнерлер, арт продакшн адамдары, костюмер, суретшілер, тағысын тағы. Шығармашылық топты жасақтауға туындының атқарушы продюсері Әсет Есжан үлкен үлес қосты. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда киноиндустрияда жүрген мамандардың басым көпшілігі орыстілді және олар тарихи тұлғалар туралы терең біле бермейді. Тұлғаны танымаған соң туындының сапалы шығуына жанын салып еңбек етпейді. Осы тұрғыдан келгенде біздің басты мақсатымыздың бірі – осы жобада жүрегі қазақ деп соққан мамандардың басын біріктіру. Атқарушы продюсер бұл тапсырманы өте жақсы орындады. Әр оператормен, әр жарық берушімен, әрлеушімен, дизайнермен жеке-жеке сөйлесіп, оларға біздің компаниямыздың киномиссиясын жеткізді. Ахаңның тағдырын ел назарына ұсыну үлкен жауапкершілік екенін түсіндірді. Нәтижесінде, ұлт тарихын жанына жақын тартқан адамдардан шығармашылық тобымыз құрылды. Сенесіз бе, команданың 96 пайызы қазақтілді маман болды. Шығармашылық топты осындай принциптерге сүйене отырып, жасақтадық. – Ұлтжанды азаматтардан құралған шығармашылық топтың еңбегі туындының өн бойынан сезіліп тұрды. Енді осы ұжымның кадр сыртындағы қызықтары мен түсірілім барысында туындаған қиындықтар жайында айтсаңыз. – Режиссер қолдан келгенше детализацияны көп жасауға тырысты. Мысалы, кинотуындыда Ахаңның жетекшілігімен жарық көрген «Қазақ» газетінің бума-бумасын, сол заманда басылған кітаптарын көрсеттік. Олардың түпнұсқасын Алматыдағы ұлттық кітапханадан кеңесші-редактор Ұшқын Сәйдірахманұлының көмегімен тауып, дизайнер мамандар арқылы құшақ-құшақ көшірмесін жасаттық. Ахмет Байтұрсынов мектепте шәкірттеріне сабақ оқытатын эпизод болды. Бұл жерде оқушылар отырған парталарды таба алмадық. Себебі нарықта 30-жылдары пайдаланған парталар жоқ екен. Бізге тек 70-90 жылдардағы парталар ұсынылды. Декоратор мамандар 30-жылдары мектеп кластарында тұрған парталардың фотоларын іздеп, тауып, сол бойынша эскиздер жасалды. Сол эскиздерді реквизит жалға беруші компанияға ұсынып, 30-жылдардың партасын дайындаттық. Жалпы, тарихи кинодағы қиындық – сол заманғы заттарды табу мүмкіндігінің аздығы және тым қымбаттығы. Кейбір реквизиттерді «Қазақфильм» киностудиясынан жалға алғың-ақ келеді, бірақ олардың жалға беру бағасы күніне есептелетіндіктен, қыруар қаржы қажет болады. Содан соң әртүрлі амалға көшеміз. Суретшілер «Қазақфильмнен, интернеттегі хабарландырулардан, киностудиялардан, коллекционерлерден, базардан жинауға тырысады. Алынған дүние әрдайым сәтті бола бермеуі мүмкін. Бір ғана мысал, бір компанияға тапсырыспен пенсне жасатқанбыз, ол өте сәтсіз шығып, кейін басқа бір компаниямен келісіп, өзіміз тауып, таңдап, оларға ұсындық. Мәскеуден тапсырыс беріп, сатып алдыртты. Кинодағы Ахметте пенснеден басқа қарапайым көзілдірік те болды. Көрермен байқаған болар, бас кейіпкерді үйінен тұтқындап алып кеткен кезінде, сол көзілдірікті жендеттер таптап өтеді. Мұраттың идеясы бойынша бұл сахнада пенсне сыну керек болатын, алайда оны қалпына келтіру қиын болған соң бұл жерін түсірмеуін өтіндім. Кейін Мұрат та оңай берілмей, онда көзілдірік сынсын деп, сценарийдің сол тұсын ауыстырды. Сол көзілдірік жалға алынған еді. Кейін оны 17 000 теңгеге жөндетіп, иесіне қайтарып бердік. Мысалы, шығын тұрғысынан бас тартқың-ақ келеді, бірақ деталь тұрғысынан өте әсерлі шықты. Сериал эфирден өткен соң көп адам осы детальді байқап, жазып жатты. Демек, оларға сол жері әсер етті. Киноның соңғы минуттарында атқа мінген Ахмет пен Ғазымбек өздерін күтіп тұрған Әлихан, Міржақыптарға қосылады. Осы кадрда сценарий бойынша жүздеген, КПП (күнтізбелік түсірілім жоспары) бойынша 30 ат болу керек еді. Алайда сол күні түсірілім алаңына бар болғаны алты ат келді. Қайтеміз, барымен базар дедік. Осы ретте реквизиттерге қатысты айта кететін дүние, «Қазақфильм» кинокомпаниясы затты жалға берген кездегі бағалау жүйесін қайта қараса екен деген тілегім бар. Олар затты әр күніне есептейді және жеңілдіктер жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Мысалы, бір затты 30 күн алсаң – 30 пайыз, 20 күн алсаң – 20 пайыз, 10 күн алсаң 10 пайыз жеңілдік жасайды, одан басқа жеңілдіктер түрі қарастырылмаған. Біз ол жерден бір-екі зат алып отырмаймыз, сөмке-сөмкесімен киімдер, көлік-көлігімен реквизиттер аламыз дегендей. Сонда жалпы құны да біразға барады. Көп жеңілдік алу үшін ұзақ уақытқа жалдасаңыз да, бәрібір артық шығынға ұшырайсыз ғой, оған қоса ол киімдердің көбі өз қаржысын әлдеқашан өтеп тастаған, қанша жылдан бері жаңаланбаған дегендей. Қай компаниямен сөйлессеңіз де, олар осы мәселені айтады. Егер көп киноөндіруші компанияны мазалайтын мәселе болса, мемлекет деңгейінде шешуін табуы керек деп ойлаймын. – Түсірілім жұмыстары Алматы қаласы мен Алматы облысында болғанын білеміз. Ахмет тұлғасымен тікелей байланысты Торғай даласында түсірілім жасауға мүмкіндік болмады ма? – Әрине, Торғай даласын барып түсіргіміз-ақ келді. Ондай жоспарды да қарастырғанбыз. Алайда сол мекенде Ахметтің ескі үйі сақталғанмен іші жаңа заманға сай сырланып, жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Яғни, тарихи тұлға тұрған үйдің қазіргі жағдайы біздің талаптарға сай келмеді. Екіншіден, шығармашылық топта 40-қа жуық адам, одан бөлек актерлер құрамы бар. Сериалға бөлінген бюджетпен біз осыншама адамды алып, Торғайға бара алмас едік. – Әңгіме барысында түсірілімдердің бір бөлігі далада өткенін айтқан едік. Қаладан алыс жерде түсірілім жасау қаншалықты қиын болды? – Кинo әлемінде қиын түсірілімдердің бірі – тауда һәм далада өтетіні. Тарихи кинода, яғни қазақ болған жерде жылқы, қой деген тірі реквизит қатар жүреді. Оның әр басына төлейтін тиының бар. Бұдан бөлек, тауда жалғыз жүрген не қылған қазақ ол, жанында 20-30 адам еріп жүрмей ме, ол да аз ақша тұрмайды. Сосын тауға анау-мынау көлік шықпайтынын білесіз. Ондай көліктердің бағасы өте қымбат. Таза ауада адамның тәбеті ашылып, жиі қарыны ашады. Оны да ескеру керек. Негізі, ауыл болған соң ат мәселесі туындамас деп ойлаған едім. Олай болмады. Ауылда да уәдеде тұратындар азайған секілді. Кинода көп ақша бар деп ойлай ма, көрінген жерден қарпып қалғысы келетіндер көп. Ахмет біз үшін жанын қиған ғой, бірақ біз ол үшін ондай ерлік жасай алмайды екенбіз. Біз ол үшін «носилкамызды», ауладағы суымызды қия алмайды екенбіз. – Түсірілім барысында шаршап, қатты қиналып кеткен кездеріңізде бетіңіз қайтып қалмай ма? – Түсірілім соңына қарай қар жауатын сахнаға қажетті аппарат тым қымбатқа шығатын болып, ол сценарийден алынып қалды. Пенопласт пен желдеткішті қолданайық десек, ол шашылған соң тазалау мүмкін емес. Өрт сөндіру көлігі шашатын көбікті өзіміз алып берсек келеді. Алайда ол көбіктің кубы да аз қаржы емес, оған қоса Алматыдан жеткізу бар дегендей. Көрермен «Ахмет тек жазда ғұмыр кешкен бе?» демес үшін қыс мезгілін де қосқымыз келген. Оған көп қаржымыз реквизит пен киімдерді миллиондаған ақшаға жалдап, 40 адамның тамағы мен таситын көлігіне кеткендіктен қол байлаулы болды. Сондай сәттерде өз басымда шаршау болды. Кейін қайтадан қаражат тауып, анау айтқандай қыс жасамасақ та ретін тауып қостық. Көңілім де көншіді. – «Ахмет. Ұлт ұстазы» тарихи телехикаясын түсіру барысында өзіңізді қатты толғандырған тұстар көп болған шығар. Соның бір-екеуімен бөліссеңіз. – Ахмет туралы фильм жасауға бекінгеннен бастап «не деген рухы мықты адам?!» деген ойға келдім. Өзі 30-ға толмай түрмеге түсіп, айдалып, кейін қайта қамалып, шыға сала айдалып, тағы абақтыға отырып, қазақ әліпбиін жасап, бірнеше кітап жазып, термин ойлап тауып, газет шығарып, оқытушы болып тірлігін жасай берген. Біз мотивация десек, Илон Маск, Джек Маларды ойлаймыз, адамның қимылдап, тірлік етуіне, ұлты үшін ұлы істер жасауда табандылық танытуына Ахметтің тағдырын тану да жетіп жатыр екен. Қанша түрмені көріп, бірнеше рет айдалып, бар денсаулығынан айырылып, 65-ке келген шағында «тағы бірдеңе жасап қояр» деп атып тастағанын айтамын да. Осы тұста, Әлихан Бөкейханның: «Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер...» дегені еске түседі. Сол ұрпақ біз болсақ екен. Бұл бірінші түйін болса, екіншісі билік басында отырған азаматтарға арналатын секілді. Қазақ киноиндустриясында, соның ішінде телеарналарда түсірілетін телехикаялар, кинотуындылар үшін бөлінетін қаржы бүгінгі нарықтың сұранысынан әлдеқайда төмен. Министрліктегі жауапты мамандар осы мәселені қарастырса екен. Себебі жаңа айтқанымдай түсірілімнің әр күні, әр адамы мен әр құнды реквизиті қыруар қаржыны қажет етеді. – Сұхбатыңызға рақмет!Әңгімелескен Бибігүл Бөкенбай