2021 жыл Túrkistan газеті үшін жемісі мол, жеңісі көп жыл болды. Жаңа жылға жоспардан бұрын өтер жылдың есебін бір түгендеп, тындырған ісімізге есеп беріп, жеткен жетістігімізге бір шолу жасап өтуді жөн көріп отырмыз.
Аманатқа адалдық
Газет тігінділерінде бүтін бір заман, дәуір келбеті сақталады. Сол еңбектерді жабулы қазан жабулы күйінде қалдырмай, араға уақыт салып қайта жариялау – маңызды мәселе. Оған қоса, мақалаларды сұрыптап, жинақ түрінде шығару – әлемдік тәжірибеде бар игі үрдіс.
28 қаңтар – халықаралық Túrkistan саяси апталығының жарыққа шыққан күні. Осыған орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада басылым бетінде жарық көрген материалдардың жинағы таныстырылды. Кітапқа енген материалдар 1994 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта газет бетіне шыққан мақалалар мен сұхбаттардан іріктелген.
Жинақтың таныстырылымына елімізге белгілі қоғам қайреткерлері, баспасөз саласының өкілдері қатысты.
Одан соң Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде тағы бір рет жинақтың таныстырылымы өтті.
Расында, елдік бірлікке, ұлттық тұтастыққа үндейтін сүбелі мақала, сұхбаттар топтастырылған бұл жинақ ел Тәуелсіздігінің шежіресі іспетті. Газетке жарияланған әрбір мақала – болашаққа қалдырылған асыл сөз, аманат. Соларды сақтап, зулаған заманға, зымыраған уақытқа жұтылдырмай қайта жаңғыртуды аманатқа адалдық деп ұғындық.
Жылдың үздік басылымы
Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы URKER-2021 Ұлттық бәйгесі биыл бесінші рет өткізілді. Бәйгенің «Жылдың үздік газеті» номинациясында TÚRKISTAN халықаралық саяси апталығы жеңімпаз атанды.
Ұлттық сыйлық баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы жетістіктер үшін беріледі.
Басылым соны соқпағы мен айқын бағдарынан танбай, заман талабына бейімделіп, конвергентті редакцияға айналып отыр.
Бастамашыл, белсенді ұжым – қоғамдық бастамалар көтеріп, түрлі іс-шараның ұйымдастырушысы болып жүр.
Газет тілшілері көтерген мәселелер ескерусіз қалмай, түрлі деңгейде шешімін тауып жүр. Соның бір мысалы – газетімізде тұрақты түрде жүргізіліп, елдегі ғана емес, алыс-жақын шетелде өмір кешіп жатқан ат төбеліндей қандастарымыздың мәселесін көтеріп келе жатқан Atajurt жобасы. Жоба «Nur Otan» партиясы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қорының» қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Газет қызметкерлері еліміздің барлық өнірінде іссапарда болып, қандастардың тұрмыс-тіршілігі жайлы жазды, бейнесюжеттер әзірледі. Газеттің пәрменділігімен қандастарға қатысты біраз күрмеулі мәселе оң шешім тапты.
«Әлем азаматы» жобасы аясында қазір әлем бойынша әйгілі компанияларда қызмет атқарып жүрген танымал, білімді әрі білікті қазақтар жайлы жазылып келеді. Жоба қолға алынған уақыттан бері қазақ атын шетелде жақсы жағынан танытып жүрген 100-ге жуық қандасымызбен сұхбат жарық көрді. Аталған жоба бойынша үздік сұхбаттар негізінде кітап әзірлену үстінде. Әр сұхбаттың сайттағы қаралымы 100 мыңға жетеді, материалдарды басқа да басылымдар мен интернет редакциялар да өздеріне жариялап, бөлісіп жатады.
Креатив команда газет шығару ісінің заманауи үлгісін игеріп, жаңа медиа технологиясын, әлеуметтік желіде SMM мүмкіндіктерін басылым бренді мен өнімін насихаттауға барынша оңтайлы пайдаланады.
Газет материалдарының видеонұсқасы да қоса әзірленіп, әлеуметтік желіге, сайтқа жүктеледі. Тілшілер газетке ғана емес, сайт үшін де ақпараттар, сараптама, сұхбаттар әзірлейді.
Сайт жұмысында да бір жыл ішінде ілгерілеу байқалды. 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2021 жылғы 1 желтоқсан аралығында сайтқа 1 миллионнан астам адам кірген, тәуліктік қаралым 50 мыңнан асқан.
Мерейлі мезеттер
Жылыстап бара жатқан жыл газет журналистері үшін де табысты, мерейлі мезеттерге толы жыл болды.
Басылымның қызметкерлері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бекітуімен Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапатталды.
Бұл марапат ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін беріледі.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында «Тәуелсіз елдің тілі» тақырыбында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсының бас жүлдесін газет тілшісі Әлия Тілеужанқызы иленді. Биыл 16-рет ұйымдастырылып отырған байқауға төрт номинация бойынша 131 журналистен 300-ге жуық материал түскен.
Әлия Тілеужанқызы – «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқып келген талантты журналист, бір жылдан астам уақыт бойы шетелдегі ең озық, әйгілі компанияларда әр салада қызмет етіп жүрген таңдаулы, білімді де білікті қандастардан, одан бөлек қазақ халқының мәдениетіне, тіліне қызығатын шетелдік ғалымдардан үздіксіз сұхбат алып келеді. Газетіміздің 2021 жылғы 18 ақпандағы санында (№07) «Қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмектесетін маман іздеймін» деген тақырыппен Хангук шет тілдер университетінің түлегі әрі қазіргі қызметкері Цой Ён Сонның (қазақша есімі – Нұрай) сұхбаты жарияланған болатын. Онда Оңтүстік Кореяда жүрегін емдеткен қазақ баласының орыстілді аударма-шыны түсінбей, қиналғанын естіген Ён Сон қазақ тілін жетік меңгеріп, аудармашы болуға бел буғанын, сонымен қатар қазақ-кәріс сөздігін құрастыруға көмектесетін маман іздеп жүргенін айтқан еді. Міне, Әлияның осы сұхбатын оқыған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрайға арнайы хат жолдаған еді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында газеттің осы санға дейінгі бас редакторы Қуат Әуесбай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Газет тілшісі Әлия Тілеужанқызы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталды.
Басылымды 2019 жылғы қаңтардан бастап басқарған Қуат Әуесбай ғылымға бет бұрып, жұмыс ауыстырды, басшылық оған жүйелі жұмысы үшін алғыс білдіріп, шығарып салды. Қуат Әуесбай басшы болған кезеңде газет сайтының оқырмандар қатары артып, тәулігіне 30 мыңнан астам қаралымға жетіп, жаңа медиаға ерекше мән берілді. Басылым бұрынғы бедерін сақтай отырып, заманауи стильде қайта түрленді, оқырманның ықыласына бөленді. Басылымның жинағы жарық көрді.
Газеттің бас редакторлығына белгілі журналист Бауыржан Бабажанұлы тағайындалды.
Тындырымды іс, тынымсыз еңбектің жемісін осылай қорытындыладық. Жан сарайын ашарлық жасампаз, өміршең дүние ұсынуға тырыстық. Бағасын беретін – алдияр оқырман.