Дүрбелеңнен кейін таратылған Үкіметтің 11 қаңтар күні жаңа құрамы жасақталып, жаңа Премьер-Министр тағайындалды. Артынша министрлер ауысты.
Әу баста әлеуметтік проблемалар көтерілген митингтерде кейіннен саяси талаптар қойыла бастаған. Солайша халық жаңа Үкімет жасақталатын сәтке ерекше үміт артты. Бірақ бейбіт шеру аяқ астынан мүлдем басқаша сипат алған соң елді үміт емес, үрей жайлаған еді.
Алғашқы ауыс-түйіс
6 қаңтар күні Мемлекет басшысы бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасады. Бұған дейін Қазақстан Президентінің кеңесшісі лауазымын атқарған Ерлан Қарин мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.
Ұлттық экономика министрі қызметіндегі Әсет Ерғалиев Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы лауазымына тағайындалды.
Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімов лауазымынан босатылып, бірнеше күн өткен соң күдікті ретінде қамауға алынды, оның орнына Ермек Сағымбаев тағайындалды.
Әлихан Смайылов – жаңа Үкімет басшысы
Пленарлық отырысқа дейін Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялардың фракциялары жетекшілерінің алдында сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын талқылауға ұсынған болатын. Фракция жетекшілері Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қолдау білдірді.
Бұдан кейін Президент кандидатураны Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.
– Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Әлихан Смайыловтың кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынамын. Ол – тәжірибелі маман, еңбекқор мемлекеттік қызметші. Статистика жөніндегі агенттіктің төрағасы, Президенттің көмекшісі, Қаржы министрі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болды. Қазақстан экономикасының болашағы туралы көзқарасы дұрыс. Нақты жоспары бар. Әлихан Асханұлы Үкіметтің жұмысын өте жақсы біледі. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін, – деді Президент.
Саяси партиялардың фракция жетекшілері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қолдау білдіріп, сөз сөйледі.
Сөйтіп, Премьер-Министр болып бірауыздан Әлихан Смайылов тағайындалды. Президент жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді.
Жаңа Премьер-Министр Әлихан Смайылов 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1993-1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы болып бастаған. Мемлекет басшысы атап өткендей, Ұлттық статистика агенттігінде түрлі лауазымды қызметтерді атқарған екі мәрте төраға. Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Сыртқы істер вице-министрі, Қаржы вице-министрі, «ҚазАгроның» президенті сияқты жауапты қызметтер де жүктелген екен. Одан кейін Президенттің көмекшісі болған. 2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі. 2019 жылғы 25 ақпанда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда Президент Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалған.
Әлихан Смайылов қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді деген ақпарат бар. Мемлекеттік тілді меңгергені бірден байқалды, оған ел қуанысып та қалды, себебі 30 жыл тарихымызда қазақша сөйлеген Үкімет басшылары саусақпен санарлықтай аз.
Орнында қалған орынбасарлар
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңа Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың орынбасарлары тағайындалды. Атап айтар болсақ, Роман Скляр – премьер-министрдің бірінші орынбасары, Ералы Тоғжанов – Премьер-Министрдің орынбасары, Мұхтар Тілеуберді – Мремьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі, Бақыт Сұлтанов – премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі.
Роман Скляр, Ералы Тоғжанов және Мұхтар Тілеуберді Үкімет отставкаға кеткенге дейін де осы қызметті атқарған болатын. Қатарға жаңадан қосылған Бақыт Сұлтанов болды. Ол бұған дейін тек Сауда және интеграция министрі болған еді.
Одан бөлек, Ғалымжан Қойшыбаев – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі кеңсесінің басшысы болып қайта тағайындалды. Ол бұл қызметті 2019 жылдан бері атқарып келеді.
Дархан Жазықбаев Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы лауазымына тағайындалды. Ол Ішкі істер министрлігінде түрлі қызмет атқарған, Парламент Сенаты Аппараты Әкімшілік бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Кадр жұмысы және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің меңгерушісі, KEGOC басқарма төрағасының кеңесшісі, Парламент Сенаты Аппараты Басшысының орынбасары, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеген. 2019 жылғы маусымнан бері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып еңбек етті.
Қайта тағайындалған министрлер
Пленарлық отырыстан кейін Әлихан Смайылов басқаратын Үкімет құрамына жаңа министрлер тағайындалды. Бірақ министрлердің дені, нақтырақ айтқанда, 9 министр бұрынғы қызметтіне қайта бекітілді.
2021 жылғы 31 тамыздан бастап Қорғаныс министрі болып қызмет атқарған Мұрат Бектанов орнында қалды.
Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрі қызметінде қалды, ол 2019 жылғы ақпаннан бастап осы қызметті атқарып келеді.
Бірақ аталған екі ведомствоға да жұмыстарын одан әрі жүйелеуге, қадағалауға, жауапкершілікті еселеуге күш салу керек екені тағы бір мәрте байқалды.
Биылғы қуаңшылық пен қымбатшылық кезінде Сапархан Омаровтың орнына Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне келген Ербол Қарашөкеев те орнында қалатын болды.
2019 жылғы 13 маусымда Білім және ғылым министрі болып тағайындалған Асхат Аймағамбетов те қызметін жалғастырады.
Серік Шәпкенов те Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде қалды.
2021 жылы 18 қаңтарда Қаржы министрі болып тағайындалған Ерұлан Жамаубаев та міндетіне қайта кірісетін болды.
Юрий Ильин – Төтенше жағдайлар министрі, ол 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап ведомствоны басқарып келеді.
Бағдат Мусин де Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып үшінші мәрте тағайындалып отыр.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев қызметін әрі қарай жалғастырады.
Жаңадан келген министрлер
Ішінде бірді-екілісі болмаса, жаңадан тағайындалған министрлердің дені – өз ведомстволарында вице-министр қызметін атқарғандар. Атқарған қызметтері мен еңбек жолы туралы мәліметтерге қарасақ, қай-қайсысы болмасын талай басшылық қызмет атқарып, шыңдалған сыңайлы.
Сонымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып Асқар Омаров тағайындалды. Ол әр жылдары жеке ұйымдарда басшылық қызметтер атқарған. 2008-2010 жылдары «Нұр-Медиа» ЖШС директоры, бас директорының орынбасары, 2011-2013 жылдары «Түркі академиясы» КЕАҚ вице-президенті, 2014 жылы «Астана ЭКСПО-2017» басқарушы директоры, 2016-2017 жылдары қоғамдық қор президенті, 2020 жылдың қаңтарынан бастап «ҚазАқпарат» ХАА АҚ басқарма төрағасы болған.
Әділет министрі қызметіне заңгер, аға әдiлет кеңесшiсi, қаржы полициясының полковнигі Қанат Мусин тағайындалды. Прокуратура органдарында қызмет еткен ол бірнеше облыста прокурордың орынбасары болған. Қаржы полициясы органдарында қызмет еткен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс істеген. Одан бөлек Қауіпсіздік Кеңесі аппаратында қызмет атқарған: бас сарапшы, бас инспекторы, Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы қызметін де атқарыпты.
Денсаулық сақтау министрі болып Ажар Ғиният тағайындалды. Еңбек жолын 1993 жылы Атырау қаласының №2 қалалық емханасында учаскелік педиатр болып бастаған. 1994 жылдан 1999 жылға дейін Ақтау қаласының №1 медициналық санитарлық бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-инфекционисті, одан соң бірнеше жыл орынбасар қызметін атқарып, кейіннен Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау департаментінің директоры болған. Денсаулық сақтау министрлігінің басқарма басшысы, департамент директоры қызметінен кейін ведомствоның вице-министрі лауазымына тағайындалған.
Қайырбек Өскенбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болды. Ішкі істер органдарында қызмет еткен, Ақмола қалалық әкімшілігінің коммуналдық меншік бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқарған, бас кеңесші заңгер, жекешелендіру бойынша Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік комитетінің басқарма төрағасының орынбасарынан Индустрия және сауда министрлігінің Сауда және туристік қызметті реттеу комитетінің төрағасына дейінгі түрлі қызмет атқарған. Туризм және спорт вице-министрі, Ұлттық экономика вице-министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі болған.
Мәдениет және спорт министрі болып Дәурен Абаев тағайындалды. Бұдан бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымын атқарған оның өмірбаяны да, еңбек жолы да көпшілікке белгілі. 2020 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Ұлттық экономика министрі болып тағайындалған Әлібек Қуантыров бірнеше елде жоғары білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жетекші маманның міндетін атқарушы болып бастапты. 2005-2010 жылдары Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде түрлі лауазымда жұмыс істеген. 2013-2019 жылдары Президент Әкімшілігінде түрлі қызмет атқарыпты. 2019 жылғы сәуірде Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің Ақпараттық-сараптамалық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісінің орынбасары болған. 2021 жылғы ақпаннан Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарып келген.
Жаңаөзендегі наразылыққа байланысты кінә арқалаған министрліктердің бірі Энергетика министрлігіне Болат Ақшолақов басшы болып тағайындалды. Экономист мамандығын тәмамдаған, мұнайшы. 1995-1997 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің активтерді басқару бөлімінің маманы, бөлім бастығы, директордың орынбасары қызметін атқарды. «Қазақойл» Теңіз жобасы бойынша аға сарапшы, менеджер, департамент директорының орынбасары, Commonwealth & British Services Ltd. бизнес-талдаушысы, стратегиялық жоспарлау жөніндегі менеджері, қаржы директоры болып еңбек еткен. Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі болып қызмет атқарды. 2008-2011 жылдары «Самұрық-Қазына» басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы болған. 2016 жылдың ақпан айынан бастап «KAZENERGY Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры болған.
Президент аппаратындағы өзгерістер
Айбек Дәдебаев Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысы қызметіне тағайындалды.
Бұған дейін Айбек Дәдебаев Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып жұмыс істеген. Сондай-ақ ол Парламент Сенаты төрағасы хатшылығының меңгерушісі және Президент кеңсесі бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Балаева Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды. Алматы облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы, Астана қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы болған. Ал 2010-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды. Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Президент көмекшісі болған ол 2020 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.
Ержан Қазыхан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі лауазымына тағайындалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасы Тұрақты Өкілдігінің бірінші хатшысы, кеңесшісі болып жұмыс істеген. 2000 жылдан бастап Сыртқы істер министрлігі Көп жақты ынтымақтастық департаментінің директоры. 2003 жылдан Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі, Сыртқы істер министрлігінде көптеген лауазымды қызмет атқарған, бірнеше мемлекетте елші болған.
Қиын кезде жауапты қызметтерге тағайындалған шенділерге артылған үміт те, жүк те еселенді, міндет көбейді. Қордаланып қалған мәселелердің бұлқынысынан болған жарылыс кімге болмасын үлкен сабақ болуға тиісті. Не десек те, бұл ауыс-түйіске тұтас ел үмітпен қарап отыр.