1039
Алмастырылмайтын адам
Алмастырылмайтын адам
Жоспарлары, мақсаттары көп еді...
Орыста «Незаменимых не бывает» деген сөз бар. Қазақшаға аударсақ, «Алмастырылмайтын адам болмайды» деген мағына береді. Яғни «орнын ешкім баса алмайтын ерекше тұлға жоқ, ерте ме, кеш пе, бәрібір ол ұмытылып, оны алмастыратын, оны жоқтатпайтын біреу табылады» дегенге саятын сөз тіркесі. Ал қазақ олай кесіп айтпайды, тек «Орнында бар оңалар...» деп, сол тұлға қалдырған іздің, дәстүрдің, ұрпақтың келешегінен үміт күтеді, қайғыра отырып, алдағы күннен жұбаныш іздейді.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығайдың дүние салғанына да жеті жылдан аса уақыт өтіпті. Қабырға қайыстырар қаралы хабарды естігелі, есіл ағаны ел болып жоқтап, көздің жасы сел болып жоқтап, қимай-қимай жер қойнына тапсырғалы, жалпы қазақ Әшірбек Сығайсыз өмір сүріп келе жатқалы сонша уақыт өткеніне көз иланып, көңіл сенбейді-ақ. Өйткені айтқан сөзі, шерткен сыры, жазған кітабы сәт сайын алдыңнан шығып отырады. Театрға барсаң, алдыңнан кездескен екі адамның бірі сол кісінің шәкірті немесе үзеңгілесі, тіпті болмаса әйтеуір лебізін тыңдаған, бағасын естіген, ақыл-кеңесін алған адам болып шығады. Баспасөзді шолсаң, «шіркін, Әшекең болғанда мынаған былай деген болар еді, ана қойылымды солай деп сойып салар еді...» деген сыңайдағы өкініш табы, сағыныш сазы сезіліп тұратын мақалаларға кезігесің. Кітапханаға кіріп, өнер тақырыбында ізденбек болсаң, қарсы алдыңда самсап Әшекеңнің еңбектері тұрады. Біреу емес, екеу емес, 18 кітап! «Іңкәр шақ» (1978), «Сыр сандық» (1980), «Сахнаға сапар» (1990), «Жарнама алдындағы ой» (1993), «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағылымы» (2003), «Толғам» (2004), «Талдықорған театры» (2005), «Театр поэзиясын пір тұтқан» (2006), сондай-ақ кейінгі он бес жыл ішінде жарық көрген «Сахна әлемі», «Актер әлемі», «Ой төрінде – театр», «Театр сардары», «Райымбек Сейтмет», «Сәбира Майқанова», «Ән-тағдыр», «Таңғажайып театр», «Қаллеки театры»...
Таяуда белгілі режиссер-документалист Қалила Омаровтың «Сын сардары» атты деректі фильмін қайта тамашаладым. Туынды Әшірбек Сығайдың көзі тірісінде таспаланған екен. Жаздыгүні жары Күләшпен бірге туған жері – Кентауға, Түркістанға барып, әбден аралапты, аунап-қунапты. Фильмнің сценарийін өзі жазып, тіпті балалармен бірге асық та ойнапты. Деректі фильмде Ә.Сығай туралы ресейлік «Театральная жизнь» журналының бас редакторы Олег Пивоваров, Мәскеудегі Б.Щукин атындағы театр институтының профессоры Сергей Яшин, Орынбор драма театрының жетекшісі Рифхат Исрафилов сыр шертіпті. Сондай-ақ Cәбит Оразбаев, Әкім Тарази, Есмұхан Обаев, Құлбек Ергөбек секілді қазақ руханиятының танымал өкілдері де сын сардары туралы ақжарма лебіздерін білдірген. Олар да деректі фильмді түсіру барысында, яғни Әшағаңның бар кезінде сөйлеген. Дауыстарынан мақтаныш лебі еседі, жүздерінен разылық табы көрінеді... Әрине, Әшағаңның өзі – басты кейіпкер. Шешен сөйлейді, кібіртік жоқ, кідіріс жоқ, түйінді ойларын түйдек-түйдегімен тастайды. Әңгіме айтуының өзі әдемі. Сөзі де сұлу, өзі де сырбаз...
Алдын ала келісім бойынша фильмге біраз сыр-сұхбат көріністері енбей қалыпты. «Бірер жылда 70 жасқа толамын, сол кезде толығырақ тоқталармыз» деген екен өзі... Жүзеге асырсам дейтін жоспарлары, қолға алсам дейтін мақсаттары, атқарсам дейтін істері көп еді. «Кейінірек...» деп, біршама шаруаны кейінге ысыруы да сол арманшыл мақсаткерлігінен шығар. Жетпіске толған жылында еске алу кеші өтетінін, өзінің мәңгілік сағынышқа айналарын алдын ала сезді деймісіз...
Ақиқатшыл азаматтың жан сыры
Қайбір жылы «Алматы ақшамы» газеті Әшірбек Сығайдың қаламына арнап «Жарық жұлдыздар» атты айдар ашқан-ды. Мен де ол кезде сол басылымда істеймін. Мәдениет саласының майталманы төрт жыл бойы газет бетінде әлем өнерінің сан алуан саңлақтары туралы сыр шертті. Және ол «жарық жұлдыздар» дегенде қазіргі жарнамасы жер жаратын, алайда бойында талант та, білім де, парасат та жоқ «жұлдызсымақтарды» емес, руханият саласына сіңірген еңбегі зор, шығармашылығы уақыт сынынан шыңдалып шығып, бүгінге жеткен, өнер әлемінде өзіндік үн, дара қолтаңба қалыптастыра білген шынайы жарық жұлдыздарды жазды. Ә.Сығай қаламынан туған эсселердегі, очерктердегі, шығармашылық портреттердегі Елубай Өмірзақов, Шахан Мусин, Жан Габен, Радж Капур, Рудольф Нуриев және т.б. сахна тарландарының өмір жолы, өнерге іңкәрлігі арқылы оқырман қауым да таным көкжиегін кеңейтіп, тәнті болған-ды.
– Мен мақаланы қолмен жазам, – деуші еді Әшекең. – Кәдімгі қаламсаппен ақ қағазға түсірем. Компьютерді үйренуге де болар еді, өзім аса қызықпадым, құнттамадым. Ойымды әбден жинақтап алмай, жазу үстеліне отырмаймын. Мақала әлде эссе көкейімде пісіп-жетілген кезде ғана жазуға кірісемін. Күндіз қол тие бермейтіндіктен, көбіне кешке немесе түнде жазамын. Аяқтап, Күләш жеңешеңе теруге беремін де, жатып ұйықтаймын. Тұрған соң, басылған мәтінді тың жанармен үстінен қайта бір қарап, қате-кемшіліктерінен арылтып, редакцияларға жіберемін.
Мақалаларын, кітаптарын, сұхбаттарын оқығанда құлағымызға үнемі Әшірбек ағамыздың даусы келіп отырады. Өйткені ол кісі қалай әдемі жазса, солай сөйлей білетін де. Ол – сұхбат алушы журналистер үшін керемет олжа, таптырмас әңгімеші еді. Оның айтқанын қағазға түсіргенде ары-бері жонып-кертіп, жөндеп әуре болмаушы едік, еш артық сөз жоқ, тіпті бастауыш-баяндауышына дейін орын-орнында тұратын.
Бар ойын, бар күшін, бар ғұмырын қазақ өнерінің мәртебесін көтеруге, мұң-мұқтажын айтуға, жоқ-жітігін түгендеуге арнаған ағаның әңгімесі де үнемі сол тарапта болатын: «Роза Әшірбекова туралы мақала жазуым керек. Мықты актриса, бірақ онша көп елеп-ескеріле бермейді». «Алдағы жылы Райымбек Сейтметовтің мерейтойы. Соны қалай атқарамыз деп ойлап жүрген бір адам бар ма екен?». «Аймақтарда жақсы режиссер, шебер актерлар бар. Соларды іздеп тауып, жазбайсыңдар ма? Не қарап жүрсіңдер?». Бірнеше рет сапарлас болдық, талай рет ресми-бейресми сұхбаттастық. Сондай бір оңашада сыр шерткен сәтінде:
– Мен адамдарды шексіз жақсы көрем, – деді. – Қызметіне, қабілетіне қарамастан, кез келген адамның пікірімен санасамын. Әрине, талантты адамдарға деген құрметім тіпті бөлек. Ал шығармашылыққа келгенде, ұлтқа, халыққа, өнерге пайда-зиянына қатысты әңгімеге келгенде – «екі туып бір қалғаным» болса да, қатып қалам. Өйткені мен үшін сол сәтінде айтылмаған пікірдің құны көк тиын. Не, кемшілікті дер кезінде айту айып па?
Бұл – жанашырлық. Бір адамның көңіліне қарап, бүкіл қоғамды ластау – қылмыс! Көмейге келген пікірді кері жұту менде болмайды, ол – мәкүрік. Ал жекелеген адамдардың реніші екі-үш күннен кейін басылады, оңаша қалып ойланады, таразылайды. Кейбіреуі сыртымнан ғайбаттайды. Ол – әркімнің арына байланысты. Сыншылықпен айналысқаныма қырық жылдан асыпты, қанға сіңген әдетімді жасандылыққа, есеп-қисапқа құрған емеспін...
Қазақ театрының құрылған күнінен бастап, бүгінгі тіршілігіне дейін талдап-таразылап, зерттеп-зерделеп берген шежіреші тұлғаның, «тура биде туған жоқ» ұстанымына адал боп өткен ақиқатшыл азаматтың ішкі жан сыры, нағыз кісілік келбеті осы еді ғой!
* * *
Қазақтың Әшірбексіз өмір сүріп келе жатқанына да жеті жыл болыпты. Сонша уақыт өткеніне көз иланып, көңіл сенбейді-ақ. Өйткені айтқан сөзі, шерткен сыры, жазған кітабы сәт сайын алдыңнан шығып отырады. Театр туралы әңгіме қозғасаң да, әлдене жазсаң да, бірдеме оқымақ болсаң да, қарсы алдыңнан қасқайып Әшекең шыға келеді. Демек, біз әлі де (бәлкім, ешқашан) Әшірбек Сығайсыз өмір сүре алмайды екенбіз. Қадам басқан сайын оның ойына, сөзіне, бағасына, мақаласына, кітабына жүгінеді екенбіз. Яғни алмастырылмайтын да адамдар болады екен («незаменимых, оказывается, бывает»)...
Әлемдік деңгейдегі театр философы
Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, КСРО және ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ әдебиеті мен мәдениетіне бір буырқанған буын келді. Сол топтың арасында алмастай жарқылдаған Әшірбек те болды. Мен оны өз саласындағы ұлы тұлға санаймын. Оның маған берген жәрдемі ұшан-теңіз. Он жастай айырмашылығымыз болса да іні-дос болдық. Мені «Аске» деуші еді. Қазір сол сөзді сағынамын. Мен әр жасаған жұмысымның, ойнаған образымның бағасын тек екі-ақ кісіден сұраушы едім. Бірі Шәкен Айманов болса, екіншісі Әшірбек Сығай еді. Бір абызымнан баяғыда айырылсам, кейін екінші ақылшымнан да айырылып, егіліп қалған жайым бар... Көңілге медет қылатыным: ел-жұрты Әшірбегін бағалайды екен. Халықтың берген бағасынан артық баға да, атақ та, даңқ та болмайды.Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
Төлен ӘБДІКҰЛЫ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:– Театр сыны, өнер сыны қазір де жоқ емес, бар ғой, ауызды құр шөппен сүрте беруге болмас. Бірақ бәрібір Әшірбектің орны бөлек-ті. Оның аты бүкіл түркі әлеміне, бұрынғы Одақ елдеріне мәшһүр еді. Сол елдердегі театр фестиваліне Әшірбектің баратынын естісе, ондағы өнер қайраткерлерінің бәрі қуанатын. Шет елдердегі фестивальдерде қазылар алқасының мүшесі болса, «Әшірбек Сығай не дер екен?» деп бәрі мұның аузына қарайтын. Сол беделімен қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің туын тік көтеріп, абыройын асқақтатып жүретін. Білмейтін саласы, меңгермеген мәселесі болсайшы! Кез келген тақырыпта кез келген адаммен пікір таластыра алатын білгір, ойшыл жігіт еді. Менің де ақылшым, сырласым болатын... Ел, ұлт осындай тұлғаларымен мықты шығар.
– Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар ғой. Сол Әшекеңе арнап айтылғандай. Ол алдымен – театр сыншысы. Сыншылығының өзі ерекше. Ұлттық театр өнерінің іргетасын қалаған ардақтыларымыз жайында тәптіштеп жазды. Одан кейін Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков бастаған саңлақтар буыны туралы тамылжыта қалам тербеді. Облыстардағы театрлардың жетекші актерлары жайында ғажап мақалалар туғызды. Оның жазғандары – қазақ театрының энциклопедиясы. Әшекең ұзақ жылдар жоғары дәрежелі мемлекеттік қызмет атқарды. Шешендік қасиетін де сағынып еске аламын. Ол бір үлкен жиындарда сөйлеп кеткенде, мәселенің түпкі мәніне үңіліп, тереңдеп, шабыттана айтатыны сонша, алдынан арқан қойып тоқтата алмайтын. Бар өмірін қазақ өнеріне арнаған аяулы азаматымыз еді...Шаура ГИЛЬМАНОВА, Башқұртстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері:
– Әшірбек Сығайды мен театр өнеріндегі бірнеше буынды тәрбиелеген адам, ұлағатты ұстаз деп білемін. Халықаралық фестивальдерде қазақ театр өнеріндегі қандай белгілі тұлғамен таныссақ та, ол актер болсын, мейлі, режиссер болсын, бәрі де кезінде Әшірбек Сығайдан сабақ алған болып шығады.Ол тіпті театр көрермендері үшін де ұстаз болған шығар деп ойлаймын, оның сыни көзқарасы, сараптау мақалалары, ашық та шынайы пікірлері арқылы қаншама адамның театр туралы, өнер туралы дүниетанымы қалыптасты, талғамы өсті! Ол – қазақ руханиятында ғана емес, арысы ТМД, берісі түркі дүниесі ауқымында орны бөлек тұлға. Мен Әшірбек Сығайды әлемдік деңгейдегі өнер сыншысы, театр философы деп айтар едім!