1695
Бесқала қазақтарының қобызшылық өнері
Бесқала қазақтарының қобызшылық өнері
Әмудария бойындағы Бесқала өңірінде қазақтың небір айтулы өнерпаздары өткен, олар халқымыздың музыкалық мəдениетінің дамуына мол үлес қосып, кейінгі ұрпаққа мол мұра қалдырған. Аталған өңірдегі домбырашылық өнер мен күйші-композиторлар туралы біршама мәліметтер мен олардың шығармалары «Бесқала қазақтарының күйшілік дәстүрі» атты музыкалық-этнографиялық жинағымызға енгізілген болатын. Ал Бесқала қазақтары арасында әйгілі қобызшылардың есімдері аталғанмен, олардың өнеріне қатысты мəліметтер қағазға түспей, ел ішінде ауызша ғана айтылып келеді.
Бізге жеткен деректерде Бесқала аймағында халқымыздың қобызшылық өнерін өркендеткен көптеген өнерпаз болғаны айтылады. Бүгінде Қарақалпақстан аймағында өмір сүрген оннан астам қазақ қобызшыларының есімдері анықталып отыр. Олардың кейбірі әдеби мұраларды жинастырушы ғалымдардың еңбектері мен фольклорлық экспедициялар кезінде жиналған материалдардан табылса, кейбір қобызшылар туралы деректерді ел арасынан жинап жүйеледік. Бесқала қазақтары арасында қобыз аспабын серік етіп, күй тартып, жыр жырлаған өнер иелерін атап айтар болсақ, Жауырбай Қалыбайұлы (1795-1873), Жарықбас Жауырбайұлы (1819-1899), Сыдық Жарықбасұлы (1869-1945), Амантұрлы (1872-1938), шамамен ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында жасаған Жанғазар Ақназаров, Аманқұл Қазықұлұлы (Наурызбек жыраудың нағашы атасы), бибазарлық Сәрсен жырау, Жанқылыш Жалғас, Наурыз Қарашаев, Қилыбай Үрпекұлы (1895-1980), Шамұрат Бекмұратов (1925 жылы туған, қайтыс болған кезі белгісіз) тәрізді өнерпаздар өмір сүріп, қобыз өнерін насихаттаған. Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші-ғалым Меңдібай Әбілұлы 2001 жылы жарық көрген «Жауырбай бақсы» атты ғылыми-зерттеу еңбегінде Жауырбай, Жарықбас, Сыдық сынды бесқалалық қобызшылар туралы жазып, жариялады. Ғалым көмескі тартып, ұмытылып бара жатқан мәліметтерді Тақтакөпір ауданындағы көнекөз қарттар мен аталған өнер иелерінің ұрпақтарынан жинастырып, жүйелеп, хатқа түсірген. Аталған еңбекте бақсы Жауырбай Қалыбайұлының қобызшылық өнері мен оның жолын жалғаған Жарықбас Жауырбайұлы, Сыдық Жарықбасұлы сынды қобызшылар жөнінде тың деректер келтірген. Бұл өнер иелерін жергілікті жұртшылық негізінен өнерпаз ретінде емес, бақсы ретінде таныған. Аталған өнер иелері алдына келген адамдарды қобыз сазымен емдеумен қатар, көне сарындар мен Қорқыттың күйлерін шебер орындай білген. Бұл жөнінде Меңдібай әбілұлы Нөкіс қаласының тұрғыны Мырзағали Сейтекұлынан жазып алған «Мен сегіз-тоғыз жасымда оның қобызды ыңырантып, Қорқыттың күйлерін тартып отырғанын талай есіттім» деген мәліметін келтіре отырып: «Сыдық бақсының тартқан күйлерін жаздырып алу, оның өнер жолындағы жемісті еңбектері, елге жасаған қызметі осы күнге дейін ескерілмей келді» деп жазады (М. Әбілұлы. Жауырбай бақсы. Алматы: «Принт» баспасы, 2001. 15-б). Жауырбай, Жарықбас, Сыдық сынды қобызшылардың өнерін олардың туған жиені тақтакөпірлік Қилыбай Үрпекұлы (1895-1980) жалғастырған. Қилыбай нағашыларынан алған қобызды беріге дейін, нақтырақ айтсақ, 1980 жылға дейін тартып келсе де, оның орындауындағы сарындар мен күйлерді жазып алуға көңіл бөлінбеген. Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессоры Қаржаубай Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» монографиясында Бесқала қазақтарынан шыққан қобызбен ән, жыр орындаған өнерпаздар жайында деректер кездеседі. Нақтырақ айтсақ, Қ.Жұмажанов аталған зерттеу еңбегінде Амантұрлы атты өнерпаздың болғанын, оның ХХ ғасырдың бірінші жартысына дейін ғұмыр кешкенін тілге тиек ете келіп: «Амантұрлы жырау қазаққа да, қарақалпаққа да қадірменді жырау болып, домбыра мен қылқобызды тең игерген. Ол Мойнақ ауданының Махат-Шолпан деген жерінде дүниеге келген. Мойнақ, Қоңырат, Шымбай атырабындағы қазақ, қарақалпақ, аралдық өзбектерге танымал әнші, жыршы болған. Қарақалпақ бақсыларының дарынды ұстаз өкілі – Муса бақсының орындалуы қиын «Сен яр, қал енді», «Шаман шығанақ», «Жеті асырым» т.б. халық әндерін қылқобызбен орындаған, халық дастандарын жырлаған. Амантұрлының екі ұлт өнерін игеруі оны достық жыршысы ретінде танытты. Өмірінің соңына дейін «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр» және халық толғауларын қос тілде жырлаған», – дейді Қ. Жұмажанов. Біз 2020 жылы жарыққа шығарған «Бесқала қазақтарының күйлері» атты музыкалық-этнографиялық жинағымызда белгілі күйші Тоғайбай Бейсенбіұлының орындап жеткізуіндегі «Амантұрлының күйін» нотаға түсіріп жарияладық. Нөкіс қаласында өмір сүрген Шамұрат қобызшы туралы деректер болғанымен, оның орындауындағы күйлер мен жыр-дастандар жұртшылыққа кең насихаттауды қажет етеді. Бұл туралы 2012 жылы жарық көрген жүз томдық «Бабалар сөзінде» мынадай мәлімет берілген: «Бекмұратов Шамұрат – қобызшы, қобызға дауыс қосып жыр-терме, қисса-дастан айтатын байырғы дәстүрдің соңғы өкілдерінің бірі. Туып-өскен жері – Қарақалпақстанның Қоңырат ауданы. Қазір Нөкіс қаласында тұрады. Қобыз шалуды нағашы ағасы Ақназаров Жанғазардан үйренген. Ш.Бекмұратов Ұлы Отан соғысына қатысқан. Оның қобызға дауысын қосып айтуында «Қобыланды» эпосы күйтабаққа жазылған. Әйгілі сыбызғы күйшісі Сармалай күйлерін Шамұрат қобызға салып тартады» (Бабалар сөзі: Жүзтомдық. – Астана: «Фолиант», 2012.). Қобызшылар негізінен «зікір салу алдында сарын тартушылар», «күйші-қобызшылар» және «ән, жыр орындаушылар» болып үшке жіктелетіні белгілі. Әмудария бойындағы қазақ қобызшыларының арасынан осы айтылған үш бағыттағы өнерпаздарды да кездестіреміз. Жоғарыда аталған Жауырбай қобызшыны халық көбірек бақсы ретінде таниды, алайда оның асқан күйші болғанын дәлелдейтін жазба деректер кездеседі: «Қондыбай бай бүкіл ауылымен, ағайын-туғандарымен Жауырбай бақсыны ақ киіз төсеп күтіп алады. Қара қобызымен күңіренте күй тартқанда иығына әруақ қонып, күй тартып отырып, түр-түсі құбылып отырады. Біресе түксиеді, біресе жадырайды, біресе күлімдейді, біресе қап-қара боп түтігіп кетеді. Күйді тыңдаушылар ғажайып сезімге бөленіп, ұйып тыңдап отырып қалады. Дәл осы кезде көк жүзінде ұшып бара жатқан қаздар Жауырбай қобызынан таралып жатқан ғажайып күйді есітіп, қайта-қайта айнала ұшып көпке дейін кете алмай жүрген деседі» (М.әбілұлы. Жауырбай бақсы. Алматы: «Принт» баспасы, 2001.). Бесқала қазақтарының арасында қобыз күйлерінің бар екенін кезінде академик Ахмет Жұбанов та байқаған. Ол «Ғасырлар пернесі» еңбегінде консерватория жанындағы фольклор кабинетінің ғылыми қызметкері Асқан Серікбаеваның қарақалпақстандық қазақтардың арасына барып, көптеген музыкалық мұраларды жазып алғанын айта келіп: «Бұлардың ішінде «Жолаушы қоңыр», «Бозінген» күйлері» қобызда орындалады» деген дерек береді. Біз жоғарыда келтірген мәліметтер негізінен зерттеуші-ғалымдардың назарына кездейсоқ іліккенін айта кеткеніміз жөн. Алдағы уақытта Бесқала қазақтарының музыкалық мәдениетін зерттеу барысында ол аймақтағы қобызшылық өнерді де арнайы зерттеу объектісіне айналдыруымыз қажет. Бұл аймаққа тән қобыз өнерін зерттесек, әлі де тың деректер мен құнды мұраларды көптеп тауып, қазақтың мәдени мұрасын байыта түсеміз деген сеніміміз бар.Күнқожа ҚАЙРУЛЛА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы