2201
Қыз баланы шетелде оқыту қателік пе?
Қыз баланы шетелде оқыту қателік пе?
Жаңа жыл кешінде сыйласып, құрметтеп жүрген кісілерге телефон шалып, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жақсы игілікті тілектер айтатын әдетіммен сыйлы әріптесіме қоңырау шалдым. Аман-саулық сұрасқан сәтте әлгі ағаның көңіл күйінің төмен екенін байқап:
– Аға, көңіліңіз тым пәс қой, оған не себеп? – деп сұрақ қойдым. – Иә, оның рас. Жаңа ғана көрші қаладан келдім. Жеңгең екеуміз ұлымның жаңа құдаларымен танысып, құдалығын атқарысып келдік. – Оның несі бар? Қайта қуанбайсыз ба? Жастар өз теңін тауып, шаңырақ көтеріп жатқаны жақсы емес пе? – Ә, несін жұмбақтай берейік... Екі немере қызым да шетелдік азаматқа күйеуге шығып, өзге елдің келіні болып, сол бөтен елге қоныс аударып кеткендері көңілге қаяу түсіріп, жүрекке салмақ салады. Бірінші немере қызым әкесі мен шешесінің ақылымен Европа мемлекетінің бірінде жоғары білім алып, испандық азаматқа тұрмысқа шығып, Барселонаға кеткеніне көп жылдар болды. Ал екінші немере қызым да «Мен де әпкем сияқты шетелде оқимын, біздің елдің жоғары білім беретін оқу сапасын көріп отырсыздар ғой. Өзімнің қалауым сол, тек шетелде оқимын» деп қасарысып отырып алғаннан соң «Жарайды, қай жаққа барғың келеді?» деп өз таңдауын білгіміз келді. Әрине, біз қарсылық етпедік. Жолы болып Сеул университетіне оқуға түсіп, біздің мерейімізді өсірді. Алғыр, білімді, өжет қызымыз биыл соңғы курсында оқып жүрген болатын. Оның бұл жетістіктеріне ішімізден қуанып жүрдік. Болашағынан зор үміт күтіп жүрген сол қызымыз бір күні телефон шалып былай деді: «Айып етпеңіздер, мен өмірлік серігімді, махаббатымды осы Кореядан таптым. Болашақ күйеу балаларыңыздың білімі жоғары, текті отбасынан шыққан корей азаматы. Желтоқсан айында құдаларыңыз сіздерге арнайы барып, танысып, қазақ дәстүрімен маған сырға саламыз деп отыр. Соған дайындалыңыздар, қабақ шытпай қарсы алуларыңызды өтінемін, ұят болып жүрмесін...». «Жаңа жылға он шақты күн қалғанда кореялық құдалар мен жаңа күйеу баламыз бізге қонаққа келді. Өз қолыңды өзің кеспейсің. Барлығына көндік. Тағдырдың жазғанынан қайда қашасың? Көзіміз күліп, жүрегіміз жылап тұрса да, құдалыққа келгендерді барымызша күтіп, сый-сияпат жасап, абыроймен шығарып салдық. Бірақ, шынымды айтайын, санамыз сан жаққа жүгіріп, бармағымызды тістелеп, көңілде зіл салмақ қалды. Содан кейін «Қыз баланы шетелде оқыту үлкен қателік екен. Ол басқа елдің шашбауын көтеріп, сол елдің ұрпағын өсіруге, көбейтуге үлесін қосып кетеді екен. Өскен жеріне, өскен еліне қыз бала қонақ екен. Әттең-ай, қыз өсіріп, тәрбилеп, оған білім берген еңбегіміз сөйтіп бос, далаға кетті» деген ойға келдік. Өкінгенмен не пайда, қателік өзімізден болды. Жоғары білімді өз елімізде алып, бүгіндері жауапты қызметте жүрген қыздарымыз аз ба? Ендеше, қыз баланы шетелге оқыту дұрыс па? Олардың қаншасы ертең өз еліне оралады? Қаншасы өзге елдің азаматтарына тұрмысқа шығып, басқа елдің «шамын жағады»? Бұл – қыз өсіріп, оны шетелде оқытып жүрген әрбір азаматтың ойында жүрген ауыр сұрақ...», – деп аяқтады өз пікірін сыйлы әріптесім. Өкініштен өзегі өртеніп, күйініп тұрғаны даусынан білінеді. Шынында, бұл – кімді болмасын ойландыратын мәселе. Еріксіз таяуда әлеуметтік желіде еліміздің белгілі ақыны, жыршы-айтыскерлердің жетекшісі Жүрсін Ерманның немере қызы алғашқыда Жаңа Зеландияда, кейін Швейцарияда жоғары білім алып, сол жақта эфиопиялық жігітке тұрмысқа шыққаны, оның қайын атасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус болғаны, құданың жуырда Алматыға арнайы келіп кеткені жайлы мәліметтер еске түседі. Тағы бірде қазақтың бойжеткен бір қызы африкалық шойындай қара жігітке тұрмысқа шығып, қыз алуға келген қара нәсіл құдалар тобының асты-үстіне түсіп, мәз-мейрам болып, жылы қарсы алып жатқан қандастарымыздың іс-әрекетін әлеуметтік желі әлемге жар етті. Дәл осындай оқиғалар соңғы кезде жиі ұшыраса бастағанын байқап жүрміз. Бірте-бірте «бұл үрдіс ары қарай жалғаса бере ме?» деген күдік, тіпті үрей бізде жоқ емес. Мына ұстараның жүзіндей қалт-құлт еткен алмағайып заманда санасында саңлауы бар адамды ойландыратын, мазалайтын ой көп қой. Менің пайымдауымша, қазір еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – аралас неке, яғни өзге ұлт өкілдерінің қазақпен шаңырақ көтеруі. Кейде көшеде келе жатып ұлты бөлек жат біреудің құшағында кетіп бара жатқан қазақтың үріп ауызға салғандай жас шыбықтай солқылдаған талдырмаш сылқым ару қызын көріп, жүрегіңе тас түскендей жиі соғып, ішкі дүниең әлем-жәлем күйге еніп, санаңа түрлі ой ине қадалғандай ауыр сезімге бөлейтіні бар. Иә, бұл мына сайқымазақ – қазіргі өмірде кездесіп жатқан құбылыс. Статистикаға жүгінсек, ол жылдан-жылға өршіп бара жатқан секілді. Осы бір ушығып тұрған проблеманың себебіне зер салсақ, аралас некенің артуының басты себебі – ұлттық рухтың әлсіздігі. Байлыққа, дүниеге, «мамыражай өмірге» деген жастардың қызығушылығы оларды рухани қазынадан алыстатып барады. Баюды, «жеңіл, уайымсыз бақытты өмірді» мақсат еткен жастар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлттың «жылтырағына» қызығып тұратындары жиі байқалады. Шет елде білім алып жүрген қыздарымыздың басым көпшілігі әртүрлі себеппен қайтып елге оралмайды, сол жақта тұрмысқа шығып, «өз бақытын» табады. Тағы бір қазіргі өмірдің сорақысы, аралас некенің көбеюіне ғаламтордың, танысу агенттіктерінің ықпалы да бар екеніне күмән келтіруге болмайды. Көптеген қазақ қыздары түрік, араб, әзербайжан, дүнген, татармен отау құруға қарсылық танытпайды. Алайда зерделеп қарасақ, мұның өзі қазақ халқына қауіп төндіреді. Себебі демографиялық көрсеткішке жүгінсек, арабтар әлемде 300 миллионға жуық, ал түріктер 80 миллион, әзербайжандар 25 миллион, өзбектер 32 миллион. Олар біздің текті, қаны бұзылмаған халықтың қызын алғылары келеді. Мәліметтерге сенсек, Алматыда, Ақтөбеде, Қызылордада және Шығыс Қазақстан аймақтарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары аз емес. Бейресми мәлімет бойынша, 30 мың қытай қазақ қыздарын алып, Қазақстанда тұрып жатыр екен. Осындай үрдіс жыл өткен сайын кең тарап барады. Әлгілерден дүниеге келген «жиендер» шешесі қанша қазақ болғанмен, ешқашан қазақ бола алмайды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениетінен мақұрым болып өседі. Несін жасырамыз, «Менің қызым ағылшынға тиіп, Лондонға кетті», «менің қызым Германияда тұрып жатыр, күйеуі неміс», «күйеубалам түрік» деп мақтанатын қазақтар шықты соңғы кезде. Ал біле-білсек, сол мақтанатын нәрсе емес, қайғы-қасірет қой?! Осы бір мәселе төңірегінде әңгіме қозғалғанда бәзбіреулер «әркімнің өз таңдауы, өз хақысы бар» деп оларды қызғыштай қорғайтыны бар. Қазақстан Республикасының барлық азаматына еркін құқық берілгені жасырын емес. Бірақ, осы еркіндікті өзге ұлттар тиімді пайдаланып жүргені де айдан анық. Егер «бізде талап, ұлттық намыс пен заң күшті болғанда, олай болмас еді ғой» деп күйінетінің бар. Аралас некенің біздің халық үшін қаупі жайында келе-келе еліміздің, ұлтымыздың болашағы не болатынын ойлай беріңіз. Қорқынышты... Арабтарға тұрмысқа шыққан қазақстандық үш қыз бастан өткерген оқиғаларын NewTimes.kz басылымының тілшілеріне айтып беріпті. Олардың бірі – Талдықорғанның 29 жастағы тұрғыны Дарина. Ол Біріккен Араб Әмірліктеріне 400 мың теңгеден жоғары жалақы үшін барыпты. Сол жақта ол орта жастағы бай арабпен танысады. Сөйтіп, ер адам бір ай өткенде оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс айтқан. Осылайша тіршіліктің қамын ұмытып, қоластында қызметшісі бар зәулім үйде күйеуінен әшекей бұйымдар мен ыстық махаббаттың рақатын көру туралы мүмкіндік пайда болады. Ал ең бастысы – оған бала босанып беру, ұл бала. «Менің күйеуім бай адам, сағаттап жалақы алады. Үшінші әйел алуға бар мүмкіндігі жетеді, алайда қазір ол бізге тіпті интернеттің төлемін де бермейді. Некелескенімізге бірнеше жыл болды, үш баламыз бар, ең жаманы, ешқайсысы әкесіне ұқсамаған, барлығы ашық реңді. Қыздарымды тіпті адам екен демейді, жақтырмайды. Балаларым болса мектепке де бармайды, оқуына әкесі бола тұра ақша бергісі де жоқ. Ақшасы жоқ емес, тұрмысымызды көтеріп тастайтын жағдайы бар, мектеп пен интернеттің ақысын төлеуге, көшеде еркін серуендеуіме жағдай жасай алады. Бірақ қаламайды», – дейді Дарина. Ал Шымкенттің 27 жастағы тумасы, алайда қазір Дубайда тұратын Маржан оқиғасын былай баяндайды: «Әмірліктерде шетелдіктер тек екінші әйел бола алады, жұрты шариғат заңы бойынша араб қыздарын бірінші әйел болуын құп көреді. Күйеуім – бай адам, бірінші әйелі бар. Дубайдағы өмірімді бұлай елестетпеппін. Бастапқыда барлығы жақсы болатын, бала босанып бергеннен кейін өзгеріп шыға келеді. Күйеуімнің рұқсатынсыз ешқайда да шыға алмаймын. Өз еркім жоқ, ол қалаған киімді киемін. Ол талап еткен асты ғана ішемін. Үй жануары секілдімін. Арабтардың әйелдерінде ешқандай да құқық жоқ. Жұмыс істеуге тыйым салды. Бар шаруам – үйде отыру, ешқайда шықпай, күту ғана. Жұмысында бір мәселелер шығып қалса да, басқа қиындықтары туса да, мен кінәлі болып шыға келемін. Соңғы кездерден бері қол көтере бастаса камераға түсіріп алуға әдеттендім. Полиция шақырғаннан кейін ғана сабасына түседі. Бірақ балаларымды жақсы көреді. Көңілге медет болатыны осы ғана, осы үшін ғана өмір сүремін». Оның айтуынша, Әмірліктерге Қазақстаннан барған қыздар өте көп екен. Әйелдер өзара байланысып, бір-біріне қолдау білдіріп жүреді екен. Тәжірибе алмасып, кеңес айтады. Аралас некеде тұратын ерлі-зайыптыларды кездестіргенде әлгі бір оқиға менің есіме жиі түседі. «Оның несі бар? Екеуі мына жарық дүниеге өлшеп берілген жалған өмірде бірін-бірі бақытты етсе болды емес пе?» дейтіндер ортамызда табылар, тіпті, оларды қызу қолдайтындар да баршылық болар. Бұл – ойланбай айтылған пікір. Оны растау үшін ой жүгіртіп, таразы басына салып көрелік… Кезінде жалындаған жастық шақтың буына елітіп, «күйдім», «сүйдім» деп басқа ұлт иесіне тағдырын қосып, кейінірек, барлығын түсініп, өз ісіне өкінген, бармағын шайнаған талай азаматтарды кездестірдім. Олар өкініш отына тұншығып:«Балаларыма обал болды: не қазақ емес, не орыс емес… Әйтеуір бір дүбәра болып өсіп келеді. Тағдыры оларға келер күндерге қандай сый-сияпат даярлап тұрғанын бір Жаратқан ием біледі. Болашағы тым белгісіз, қою көк тұмандай бұлынғыр… Сол менің қабырғама қатты батады. Олардың өкініштерін жүрегіңмен ұғып, оларға не ақыл айтып, қалай түзу жолға салуды білмей қиналасың. Сэм Харисон: «Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті. Шынында да бұл сөздің жаны бар. Он миллион ғана қазағы бар Қазақстанда осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтере берер болса, келе-келе жұтылып, не орыс, не қытай болуы ғажап емес. Дәл қазір көршілес Ресейдің өзі бұл мәселені көтеріп дабыл қағуда. Себебі Ресейде таза орыс халқының саны азайып барады. Ол елдің әрбір төртінші сылқымы жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай кавказдық жігіттерге тұрмысқа шығуға құмар көрінеді. Енді бір 150 жылдан соң таза орыс қандылар тек ауылдарда ғана қалады. Ұлттың генофоны қатты өзгеріске ұшырайды деп шырылдауда. Біздің де жағдайымыз мәз болып тұрғаны шамалы. Қазақтың қаракөз бойжеткендері өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, өмірге қазақылықтан ауылы алыс ұрпақ әкелуде. Аралас некені қалайтын бойжеткендеріміз көбіне-көп шетелде шалқып-тасып өмір сүруді көздейді. Тоқсан ауыз сөздің түйіні: Қыздар, тек қазаққа келін, қазаққа жар болыңдаршы…Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі