1568
Жанрын тапқан жазушы
Жанрын тапқан жазушы
Әдебиет әлемінде «Алтайдың ай тағалы жыршысы» атанған ақтаңгер жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қажырлы қайраткер, қарымды қаламгер Әлібек Асқаровтың тұтас шығармашылығы жоғарыда келтірілген талаптарға толығымен жауап береді.
Оның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен көркем публицистикалық еңбектері төл әдебиетіміздің пайым-парасат деңгейін тереңдеткен, көркемдік-эстетикалық дәрежесін биіктеткен, шын мәнінде тағылымды туындылар. «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Мона Лизаның портреті», «Алданған ұрпақ», «Алтайда алтын күз еді», «Қиғаш хикаясы» т.с.с. бас-аяғы алпыстан астам ірілі-ұсақты кітаптардың қай-қайсысы да – өзіндік ерекше стилімен соныдан соқпақ тартып, соның жүлгесімен қоғам, адам өміріндегі сан қилы талас-тартыстарды, қақтығыс-күрестерді айнадай мөлдіретіп беру арқылы адам баласының жан дүниесіндегі толқыныстар мен сілкіністерге айта қаларлықтай ықпал ете алған аса мерейлі шығармалар. Әлібек Асқаров – табиғаты таңғажайып, тарихы тылсым өр Алтайдың, асқақ Алтайдың перзенті. Тегінде қазақ жерінің қай қиыры да киелі ғой. Ұлы даланың, ұлар биік таулардың, барша байтағыңыздың қайталанбас қасиеттерін, қазақ топырағының киесін айтып тауысу мүмкін емес. Дегенмен Алтайдың, оның ішінде Әлекеңнің кіндік қаны тамған Қатонқарағай өңірінің жөні бөлек, жосығы ерек. Бұл өлке туралы жерұйық іздеген әлем жиһангерлерінің қалам тартпағаны кемде-кем екен. Оның сыртында, Алтайдың барша көркем көрінісі мен киесін, тым асқақ тәкаппарлығын талмай жазу, жырлау, суреттеу үшін бұл өлке халқымызға қара сөздің хас шебері Қалихан Ысқақты, «Мұзтаудың мұзбалағы» Оралхан Бөкейді сыйлаған. Міне, осындай сұрапыл сөз зергерлерінен соң да Алтай тарапында өзіндік көркем әлем ашып, көсіле жазу мүмкін бе?! Мүмкін екен! Оған Ә.Асқаровтың сан қырлы шығармашылық әлемі айқын дәлел. Бұл жөнінде Шерағаң – Шерхан Мұртаза былайша толғанған екен: «Әлібектің сөз кестесі зерлі жіппен өрнектелген. Осы прозасынан алтайлық қаламдас бауырлары Қалихан мен Оралханның өрнегі сезіледі. Бірақ оларды қайталау жоқ. Мүлде басқа суреттер... Астанадағы үйлердің терезелеріне қазір түнгі қырық градустық аязда қыраудан суреттер салынады. Терезе шынылары бірдей болса да, ою-өрнектері әртүрлі. Сол өзі ғана салған ою-өрнек арқылы Әлібек сені күлдіреді де жылатады. Тұнып тұрған әдемі юмор. Сөйте тұра азынаған азап пен қасіреттен жүрегің сыздайды. Әдемі әзіл, жеңіл юмор арқылы ауыр трагедиямызды ашып көрсетіп отыр. Шын жазушы оқырманын осылай баурап алса керек-ті». Осылайша, Әлекең тынымсыз еңбегінің, игілікті ізденістерінің арқасында, айбоз ағалары салған сара жолды сонарламай, тыңнан түрен тартты. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келді, өзіндік әлемін қалыптастырды. Әлібек Асқаров шығармашылығының негізгі стихиясы – қысқа, деректі әңгімелер. Көп жазушы «әулие жанр» деп мойындап, ден қойып жүрген әңгіме – табиғатынан ықшам, ыңғайлы әрі кінәмшіл жанр. Жазушының қай әңгімесінде болсын, белгілі бір сюжетті басынан аяғына дейін бір уыста ұстап, ширықтырып, ширатып, айтқысы келгенін оқырманға астарлап жеткізе білуі сөз иесінің жанр табиғатын мейлінше шебер меңгергенін көрсетеді. Осы орайда Ә.Асқаров шығармашылығының шыңы іспетті, қазақ әдебиеттану ғылымының абызы, академик Серік Қирабаев «ғажайып лирикалық хикая» деп бағалаған «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы да жекелеген әңгіме-эсселерден түзілген, соның бәрі бас біріктіре келіп, бір арнаға тоғысқан тамаша көркем полотно құрғанын айта кеткен орынды. Әлібек Асқаров әңгімелерін шартты түрде, жазушы әңгімелерінің таңдамалысы іспетті «Қиғаш хикаясы» кітабында жүйеленгендей, «Әйел парасаты», «Социализм әңгімелері», «Аңшы хикаялары», «Сафари жазбалары» деп топтастырып қарастыруға болады. Жазушының ой мен сезім қатар өрілген шығармалары оқырманын бірде тұңғиық тереңге тартса, бірде асқар биікке шақырады. Олардан бірде романтикалық асқақтықты, бірде публицистік нақтылықты, бірде реалистік шынайылықты, енді бірде сағыныш-мұңға бөлейтін лирикалық әуенді айқын аңғаруға болады. Күнделікті өмірде көріп жүрген қарапайым кейіпкерлерді көркемдік ойдың өзегі етіп ала отырып, солардың бойынан басқа көзге байқала бермейтін ерекшеліктер тауып алуға құштарлық – Ә.Асқаров шығармашылығының басты қырларының бірі. Әлбетте, жоғарыда аталған топтамалардың әрқайсысы – жеке-жеке қарастыруды, талдауды қажет ететін аса арналы еңбектер. Біз бүгін соның ішінен әйел, ана, махаббат тақырыбына жазылған бірнеше әңгімесі туралы ғана сөз еткенді жөн көріп отырмыз. «Задаш пен Балғаным» кейіпкерлері – бірі кешегі майдангер, енді бірі тылда еңбек еткен, бүгінде ақ сақалды ата, ақ жаулықты ана. «Табысыңа емес, танысыңа сенетін заманда» (кейінгі тырнақша ішінде берілген тіркестер – автор сөзі) қым-қуыт тірліктің кілтін тапқан балаларының арқасында дәулеттері асып, мерейлері тасып тұрған, «былайғы көпке қарағанда іштері жарау, жондары қырау» абыройлы қарағандылық қариялар. Міне, осы бақуат өмірге көңілі тасыған ақсақал күндерде бір күн мінез шығарып, балаларынан тіленіп, әр нәрсені сылтау етіп, сонау Мәскеу қаласына барғыштап кетеді. Сөйтсе, ақсақалдың жанын сұрапыл соғыс кезінде өлімші болып жараланып, ес-түссіз жатқанында, «таста, бәрібір өледі» дегендерге құлақ аспай, шырылдап жүріп, «ағайлар, тірі ғой бұл кісі...» деп аман алып қалған санитар қыз Ленаға қатысты көлеңкелі оқиға қинап жүр екен де... Соғыстан соң іздеп барып, Ленаға үйленген, Ескендір есімді бір балалары болған... Кейінде туған елін сағынып, бір көріп қайтайын деп келген майдангер, кері қайтпай осында қалып қояды. Содан зейнетке шығып, қолы босаған соң, сол баяғы жары, баласынан бір дерек бола ма деп Задаш Мәскеуге, оның түбіндегі Серпухов қаласына үш барып, ақыры еш нәтиже шығара алмай бос қайтады. Болмаған соң бірде «жадын қозғап, жанын жеп жүрген бұл әңгімені» құрдасы Сәдуге сыр қылып айтады. Оспадар Сәду оны кезекті бір «қызу» күйінде, қызы Нағияның көзінше Балғаным бәйбішеге білдіріп қояды. Міне, осы жерде «Ақылды әйел күйеуінің ойнап айтқанын ойлап талдайды» дегендей, Балғанымның аналық пейілі, адамшылық парасаты алдыңғы қатарға шығады. «Әр сөзін санап айтатын, қадап айтатын» бәйбіше қолы ұзын балаларына әкелерінің іздеп жүрген жандарын, өздерінің туысқандарын тауып беруді міндеттейді. Сөйтіп, Лена ана қайтыс болып кеткен екен, Ескендір (Александр) бала әкесімен, қаны бір бауырларымен табысады. Ағайынның бұдан кейінгі ортақ тыныс-тіршілігі де бәйбішенің байыпты байламымен орын-орнына келеді. «Бетіне әжім түсіп, еті баршын тарта бастағанымен, жүзінде жылы мейірім, иман мен нұр шалқыған» ана ақылы бар әңгіменің түйіні, шешімі болып шығады. «Ғаббас пен Шура» әңгімесінің арқауы да – сұрапыл соғыстың зардабы. Ғаббас соғыс басталған жылы майданға аттанады. Екі-үш жыл қанды қырғынның ортасында аман-сау жүріп, артынан хабар-ошарсыз кетеді. Кейін, қызық болғанда, бір емес, екі рет «ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз келеді. Яғни, екі рет ерлік жасап, екі рет қаза тапқан... Анығында, Ғаббас қырық екінің жазында қатты жараланып, жау тылында қалып қояды. Ну орман ішінде жарты жанымен жүріп, партизандар арасынан Шура деген байланысшы қызбен табысады. Бұл кезде орталықпен байланыс мүлде үзілген, алғашқы «қара қағаз» осы тұста келеді. Жарақатынан жазылған соң алғыр, алымды жігіт взвод командирі болып тағайындалады. Қайда да өзін өлімнен арашалап қалған Шура сұлумен жұбы жазылмай, бірге болады. Сөйтіп жүргенде оқыстан жарылған минаның кесірінен екінші рет өлімші болып жараланады. Бұл жолы бір жарым жылдай емделеді. Соғыс біткен соң да госпитальде қала береді. Бір қиыны, минаның жарықшағы қос жанарын бірдей ағызып жіберген. Содан Ғаббас су қараңғы болып қалса да, сүйікті Шурасы мұны тастап кетпейді. Әуеліде үйіне алып шығып, содан соң туған елі Қазақстанға жетелеп алып келеді. Бір ауыз қазақша білмейтін, қазақы салт-санадан мүлде хабарсыз Шура мұны мін көрмей, жаңа ортасына – төркін жұртына жылдам бейімделіп, кейін қайтып кетпей, осы жерге мәңгі тұрақтап қалады. Ерлі-зайыпты екеуі «қиындықтың қысасын, тіршіліктің тауқыметін» бастарынан өткере жүріп, «барға мәзір, жоққа әзір жұрт қатарлы тату-тәтті өмір сүреді, берекелі ғұмыр кешеді». Ғаббас зағиптығына қарамастан, өз қолымен, өз күшімен, ағайынның көмегімен үй салып алады. Екеуі дүниеге он бір бала әкеліп, олардың тоғызын азамат етіп тәрбиелеп, өсіріп жеткізеді. Оқ пен отты көрген, өмірдің қиындық атаулысының бәрін басынан кешкен отағасы әбден ағарып, 86 жасында қайтыс болады. «Кереметтей көркем, теңдессіз сұлу әйел», өмір мен өлім арасында жүріп табысып, мүгедек болып қалған жарын тастап кетпей, ғұмыр бойы ардақтап өткен Шура жеңгейдің – Александра Рустикованың асыл тектілігіне таңдай қағасың. Оның аналық мейіріне, темірдей төзіміне, жүрегінің күштілігіне, жанының тазалығына қайран қала отырып, ақ шашты, ақ жаулықты, алтын басының алдында мың мәрте тағзым етесің! «Қалжан мен Ләзиза» әңгімесі басты кейіпкер Қалжанның баяндауымен өріледі. Қалжекең 30-жылдарғы қалың ел шекара асып ауа көшкен, жұртшылық қынадай қырылып жатқан дүрбелең заманды, одан соңғы ашаршылық апатын, қуғын-сүргінді, соғысты көрген, тұтқында, айдауда жүрген, тіпті «француз» да боп кете жаздаған, қысқасы «қазақы ұғымға сыймайтын бөтен өмірді» бастан кешкен ерекше тағдырлы адам. Аласапыран жылдары ұлты ноғай, омарташы Сүйіннің қызы Лизаға үйленеді. Зарығып жүріп бала сүйіп, қызметке ілігіп, колхоз басқарып, енді ел санатына қосылып келе жатқанда 1937 жылдың нәубетіне ұрынады. Содан «халық жауы» атанып, айдалып кете барады. 1942 жылы «зектерден» ерікті түрде жасақталған «штрафбатқа» ілігіп, соғысқа аттанады. Майданға алғаш араласқанда-ақ фашистердің қолына тұтқынға түсіп, Германияның шалғай шетіндегі бір концлагерьден бір-ақ шығады. 45-тің көктемінде лагерьді американ әскерлері азат етіп, босаған тұтқындарды Атлант мұхиты жағалауындағы бір портты қалаға апарып тастайды. Сол жерде жүріп Қалжан енді Жан-Дюпен деген француз жігіті болып кетеді. Бір жесір француз келіншегімен шаңырақ та көтереді. Бірер жылдан соң алдауға түсіп, елге қайтқан кезде Брест қаласында қайыра тұтқындалады. Содан «сатқын» ретінде айыпталып, тағы да кісенделіп айдалып кете барады. Хабаровскіден бастап, Магаданның, атышулы Колыманың дәмін татады. «Қасіретпен қан құсып жүріп тағы тоғыз жылды айдауда өткереді». Сөйтіп, бас-аяғы жиырма бір жыл қуғын-сүргінде болып, туған елімен, сүйікті жары Лиза-Ләзизасымен қайта қауышады. Ғажап! Алғаш тұтқындалып, ұсталып кетіп бара жатқан жолда ұшырасып, «қиналған шақта жаныңа үңіл, жүрегіңді сақта, балам!» деп шығарып салған кейуана – Бәдиша кемпір әлі тірі екен! Елін, жерін сағынып, өліп-өшіп оралғанында тағы да қарсы жолығып, «Әйелің ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондырды. Отыңды өшірмей, шаңырағыңды шайқалтпай бағып отыр ол жазған...» деп, Қалжанның қиялындағы, жүрек жарардай жаңалықты тағы да сол, Бәдиша кемпір жеткізеді. Иә, «Табаны күйген, таңдайы тиген ғана ел қадірін біледі. Жиырма жыл азап қана емес, тозақтан бетер қиындық көрген, «өмір мен өлімнің аражігінен өткен» Қалжанды ақ торғындай аппақ ноғай келіншек Лиза-Ләзиза, арадағы жылдары көз суарған, сөз салған бір де бір еркек атаулыға мойын бұрмай, артынан сөз ертпей, атына кір келтірмей, отбасын аман, адал сақтаған, бұл жоқта туған ұлымен, тұрмыс құрып үлгерген қызымен қайта табыстырады. «Тұрғабыл мен Мағиза» әңгімесіне де Сыр бойында сонау бір соғыс жылдарының зардабынан болған ерекше бір оқиға өзек болған. Жалынды жастық дәурені сұрапыл соғыс жылдарына тап келген Мағизаның «көрмегені де, көнбегені де жоқ, өмірінің жарымы қара табан батпан тірлік, бел қайыстырған ауыр жұмыспен» өтеді. Құдайға шүкір, кездескен қиындықтардың бәрін жеңе жүріп, үш ұлын аман-есен жеткізеді, жақсы тәрбие береді. Еңбегі жанып, балаларының бәрі атпал азаматтар санатына қосылады. Үлкені шаруашылық басшысы дәрежесіне дейін көтеріледі. Алпыстың бесеуіне шыққан шағында айықпас дертке ұшыраған абыралы ана, зауал шағы жақындағанда өмір бойы ішінде байланып келген бір құпиясын сыртқа шығарып, балаларына айтып кетуге бел байлайды. Қызық болғанда, көрші ауылдағы мұрап болып істеген Тұрғабыл деген домалақ шал бар балаларының әкесі екен де! Көңіл сүйген азаматы майданға аттанып, сол жақтан қайтпай қалған. Содан тағдырдың толқымалы бір сәтінде Тұрғабылға жолыққан. Сөйтіп, көңілдері жарасқан жұп үш баланы өмірге әкелген. Ақыр соңында Мағиза ананың қалауымен бұл әңгімеге бүкіл ауыл құлақтанып, Тұрғабылдың заңды некесінен туған балалары бар, екі отбасы қосылып, ұлан-асыр той жасайды. Той төрінде қос кемпірдің ортасында «салдай шалқып» Тұрғабыл шал отырады. «Қаратай мен Анна-Лиза» әңгімесінің басты кейіпкері – Созақ жерінде жарты ғасырға жуық табан аудармай еңбек еткен, ел ішінде аты аңызға айналған қабырғалы қайраткер Қаратай Көшкінов. Ал ақ торғындай үлбіреген, сүйріктей сұлу Анна-Лиза Лиукконнен – тағдырдың жазуымен Қазақстаннан пана тапқан фин қызы. Мақтаарал ауыл шаруашылығы мектебіне мұғалім болып келген жас жігіт Қаратай осында өзінен бұрын істеп жүрген, аққудың көгілдіріндей ерекше әсем, көркем келіншекке бір көргеннен ғашық болады. «Тепсе темір үзетіндей таразы жігіт» пен «жөн-жосықты білетін аңғары мол, санасы биік, ойы озық» қыздың әңгімелері жылдам жарасқанмен, бірден қосылмайды. Себебі Анна-Лиза – бұрынғы «халық жауының» жары. Бірақ Қаратай бұл кедергіге қайсарлықпен қолды бір-ақ сілтейді. Сөйтіп, екі жас қосылады. 1940 жылы Қаратай әскер қатарына алынып, артынша соғыс басталып, майданға аттанады. 1942 жылы ауыр жараланып, госпитальда жатып, ұзақ емделіп, аяғынан ақсап елге оралады. Келген бойда бейбіт еңбекке араласады. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, нағыз істің адамы болып қалыптасады. Бір шаруашылықты табан аудармай 35 жыл басқарады. Ауыл еңбеккерлері білгір басшылықтың арқасында рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізеді. Атқарған ісі, ерен еңбегі, азаматтық ерлігі Қаратайды елі-жұртының шексіз алғысына бөлейді. Қарекеңнің қасында қашанда сүйген жары Анна-Лиза жүреді. Бар баянды істің бастауында адал махаббат, ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген құрметі мен сыйластығы тұрады. Қарекең ауданның Құрметті азаматы атанады, жоғары мақтау-марапат, наградалардың барлығына дерлік ие болады. Қарағайға қарсы біткен бұтақ Қаратай мен тұрлаулы тағдыр иесі Анна-Лизаның бар байлығы балалары, қолдың бес саласындай бес баласы да, ардақты ата-ананың адал тәрбиесіне сай, зейінді, зерек болып өсіп-жетіледі. Әңгіменің түп-түйіні, айтар ойы, ұсынар ғибраты – Қаратайдай арда азаматқа арқа тірек болған Анна-Лиза ханымның сындарлы сенімі, адал махаббаты, ана көңілі! Қызыл-жасыл өмірдің қандай да өткелектерінен қол ұстасып бірге өткен екі жардың ішкі күш-қуатының беріктігі, рухының биіктігі! Жалпы «Әйел парасаты» цикліне енетін әңгімелердің негізгі арқауы, басты идеясы – «әйел затының кемел ақылын, биік парасатын меңзеу, ер адамның қолынан келмес өрлік әрекетіне, ерлік қарекетіне тағзым етуге тұспалдау». Бұл әңгімелердің бәріне ортақ нәрсе – кейіпкерлері қалыптан тыс, тосын тағдыр иелері екендігі, міне осы ерекшелікті сұңғыла суретші тап басып танып, көркем тілмен кестелеп, көпшілікке ой саларлық дәрежеде оқырманға ұсына білген. Әлекең әңгімелерінің барлығы шынайылығымен тартады. Тілі кестелі, сөздік қоры қормалы жазушы әңгімеге арқау болып тартылған мән-жайларды кейіпкерлердің жеке мінез-құлықтары, кей сәттердегі сезім күйлерін сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, тіпті табиғат құбылыстарымен берік сабақтастыра отырып суреттейді. Білтеленген балауыз шамдай баяу тұтанып, оқшау өрбіген әңгіме желісі бірте-бірте жүрісін жеделдетіп, түрлі оқиғалар төтеден қосылып, отқа май құйып, соның қызуымен оқырманды өзіне баурап, жолда қалдырмай, әңгіменің аяғына шыққанша ертіп, еліктіріп отырады. Жалықтырмайды, бір деммен оқылады. Автордың кейіпкерлеріне деген ілтипаты мен құрметі сіздің де сезіміңізді шыңдап, ойыңызды күнделікті күйбең тірліктен тыс, адамдық асыл биіктерге бастайды. Мұның бәрі, сайып келгенде, кәнігі қаламгердің қырық қатпар адам тағдырын көркемсөзбен кейіптеудегі өзіндік ерекшелігі, шығармашылық тәсілі болса керек. Жоғарыда аталған әңгімелердің барлығына ортақ бір ерекшелік – бәрінің де деректі негізде жазылуы. Әңгіме кейіпкерлерінің өмірде нақты болған адамдар екенін сезініп отырудың өзі оқырманға қосымша әсер береді. Айталық, Ғаббастың ағасынан туатын Қалихан Алтынбаев – белгілі айтыскер, Қазақстанның халық ақыны. Қаратай Көшкінов пен Анна-Лиза туралы мерзімді басылымдарда, әлеуметтік желілерде көп жазылды. Тіпті, суреттері де басылды. Ал Задаш (Зайрулла) ағайды біз танушы едік. Тіпті, сонау студенттік жылдары Зәкеңмен бірер рет көпшілік моншаға бірге түсіп, әңгімесін тыңдап, ақсақалдың арқасын ысып бергеніміз де есімізде... Ал Тұрғабыл мен Мағиза (бұл кісілердің аттары өзгертіліп алыныпты) туралы әңгімеге Қызылорданың Қармақшы өңірінің жұртшылығы жақсы таныс екен. Жазушы жекелеген әңгімелерінде оқиға шешімін толығымен ашып тастауға талпынбайды. Ар жағын ойлы оқырман өзі пайымдап алатындай бос кеңістік қалдырып кетеді. Бұл да болса көп қолданылатын көркемдік тәсілдің бірі. Қаламгердің тілі, сөз қолданысы да стильдік тұрғыдан ерекше, автор соншама мұңлы шығарма жазып отырып та өзіне тән жеңіл юморын ұмытпайды, бұл, әсіресе, қарапайым ауыл адамдарының мінез-құлықтарын кейіптегенде анық көрінеді. Қандай да бір таң-тамаша тақырып тауып алып, соны өзіндік бір тәсілмен, шебер сомдап, шымыр шығармаға айналдырып ұсына білетін Ә.Асқаровтың және бір бөлек әңгімесі «Қиғаш хикаясының» кіріспесінде мынадай жолдар бар: «Әдебиет әлемінде қанша оқысаң да жалықтырмайтын, оқыған сайын тынысың ашылып, тамырың иіп, тамсандыра түсетін көркем туындылар баршылық. Сондай туындылардың қатарына өз басым орыстың ойсаң жазушысы К.Паустовский әңгімелерін қосар едім. Бұл әңгіме-лер – оқыған жанның сезімін селт еткізетін, жүрекке жылы шуақ жайып, ұмытылмас әсерге бөлейтін талғамы биік, ертегідей мөлдір дүниелер». Осы ойды жазушының деректі көркем әңгімелеріне қатысты да батыл сеніммен айтуға болады. Жанрын тапқан жазушы деген пікір де осы жерден келіп шығады. Әлекең әңгімелерін бір ғана оқып қоймай, жақсы ән-әуенді қайта-қайта тыңдағандай, қайталап оқи беретініміздің сыр-сыпаты да осында. Сонымен өн бойында терең әлеуметтік-психологиялық тамыр бар, автордың өзіндік өзгеше әлемін танытатын, қаламгерлік қарымын көрсететін, өмірлік проблемаларды көтеруімен ерекшеленетін «Әйел парасаты» циклі қазақ әдебиетінде бұрыннан бар, ұлы М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтер қалыптастырған, Шерхан, Оралхан ағалары жалғастырған асыл аналар тақырыбына қосылған бір арна деуге толық негіз бар. Қорыта келе, мәскеулік әдебиет сыншысы, жазушы Әсел Омардың тілімен айтсақ, «Әлібек әлемі» – бейуақтай әрі сырлы, әрі мұңды заманауи гуманизм, адамды ең жоғары құндылық ретінде бойтұмардай қастерлеуге, соны мейлінше асқақ ұстауға үндеу. Заман өзгеріп, қоғам жаңғырып жатса да адам бойындағы ізгілік қасиеттер сақталып қалуы міндет. Осы ұстанымды темірқазық еткен Ә.Асқаров қалам ұстаған қалың орман көпшіліктің ішіндегі шоқ қарағайдай шағын топтың санатында. Сол топтың да ілкімдісі, бүгінгі әдебиетіміздің сергек те, сирек суреткерінің бірі.Жомарт ОСПАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі