200
Мырзахметов италиялық компания өкілдерімен кездесті
Мырзахметов италиялық компания өкілдерімен кездесті
Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Италияның Inalca Eurasia компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда 5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның 61-қадамына сәйкес, «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту» бойынша министрлік пен Inalca Eurasia компаниясы (Сremonіni Group атынан) арасында Алматы облысында ет кластерін құру инвестициялық жобасын дамыту мәселелерін шешуде бірқатар жұмыс атқарылуда.
Мал бордақылау алаңдарының қуаттылығы 10 000-нан 20 000-ға дейін мал басын қамтып, ет комбинатында мал сою көрсеткіші аптасына 1500-2000 басты құрайтын болады.
Ағымдағы жылдың қаңтар айында Inalca Eurasia компаниясы еліміздің мал шаруашылығы саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – Ақтөбе облысындағы «Актеп» ЖШС-мен меморандумға қол қойды.
Осы келісім аясында Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жалпы қуаттылығы бір мезгілде 44 мың бас малды қамти алатын бордақылау алаңдарын салу үшін тігінен интеграцияланған компания құру, сонымен қатар ет комбинатының қуатын 20 мың тонна ет және ет өнімдеріне дейінгі шекке ұлғайта отырып жаңғырту жұмыстарын жүргізу қарастырылған.