259
Бразилия Универсиадаға қатысады
Бразилия Универсиадаға қатысады
Бразилия Федеративтік Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Саржанов Бразилияның Спорт министрі Леонардо Пиччианимен кездесу өткізді. Кездесу барысында министрге Қазақстанның 25 жылдық тәуелсіздігінде қол жеткізген жетістіктері туралы баяндады және Қазақстан мен Бразилияның спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастығының дамуын талқылады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Қазақстандық дипмиссияның басшысы Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындардың сәтті өткендігін атап өтіп, қазақстандық спортшылар ойындардың ең белсеңді қатысушыларының бірі болғандығын басып айтты. Елші Қазақстан мен Бразилия үлкен олимпиадалық жетістіктерге қол жеткізіп, өздерінің Олимпиадалық ойындарға қатысу тарихтарында бірінші рет сәйкесінше 17 және 19 медальды жеңіп, рекордтық нәтиже көрсеткендеріне тоқталды. Өз кезегіңде, Бразилияның Спорт министрі қазақстандық құраманың дайындығына жоғары баға беріп, қазақстандық спортшылардың бокс, ауыр атлетика және жүзу бойынша спорт жарыстарында көрсеткен өнері тек бразилиялық аудиторияның есінде ғана қалып қоймай, әлемдегі бүкіл спорт жаңашырларын тәнті қылдырғандығын айтты.
Тараптар келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында Алматы қаласында өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға бразилиялық спортшылардың қатысуына бөлек тоқталды. Елші Министрге келе жатқан іс-шара туралы презентациялық материалдарды ұсынып, Универсиадаға бразилиялық спортшылар мен жанкүйерлердің қатысатындығына үміт білдірді. Бұл орайда, ол қыркүйек айында күшіне енген елдеріміз арасындағы азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісім Қазақстан мен Бразилия арасындағы спорттық байланыстар мен туристтер легінің артуына әкеліп соқтыратынын атап өтті.