Трансұлттық қылмыстық топ елге заңсыз жолмен 1500 көлік кіргізген

Трансұлттық қылмыстық топ елге заңсыз жолмен 1500 көлік кіргізген

Трансұлттық қылмыстық топ елге заңсыз жолмен 1500 көлік кіргізген
ашық дереккөзі
50290
Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласында Ресей арқылы Жапониядан Қазақстанға қымбат автокөліктерді заңсыз тасымалдаған топқа қатысты сот отырысы өтті, деп жазды turkystan.kz. Облыстық Экономикалық тергеу департаменті автокөліктерді заңсыз тасымалдаған топты былтыр құрықтаған болатын. Күдіктілердің қоймаларынан сатылып үлгермеген 60 «темір тұлпар» тәркіленді. Алаяқтар жылжымалы мүлікті ел аумағына қосалқы бөлшек ретінде өткізіп, кейін ресейлік жалған құжат пен мемлекеттік нөмір жасап сатып келген. Тергеу барысында Қазақстанға жалпы 1500 көліктің кіргізілгені анықталды. Олардың барлығы заттай айғақ ретінде тәркіленіп, қазір айып тұрағына жеткізілген. Әзірге көліктердің иелеріне қайтарылар-қайтарылмасы белгісіз. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 650 миллион теңге.
«Заттай айғақ ретінде тәркіленген көліктердің тағдыры сот шешімінен кейін белгілі болады. Оларды сатып алған азаматтардың еш айыбы жоқ. Олар қылмыстық істе куәгер ретінде тіркелген», - дейді СҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті тергеу басқармасының басшысы Самат Шарышев.
Топ мүшелері - Қазақстан және Ресей азаматтары. Олар сот отырысында өздеріне тағылған айыппен келіскен жоқ. Іс бойынша 4 күдікті деп танылған сотталушыға «Трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оны басқару, оған қатысу», «Экономикалық контрабанда», «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау» және «Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру» бойынша айып тағылды. Қылмыстық іс 121 томнан тұрады. Сот материалынан белгілі болғандай, сотталушылар 2019 жылдың басынан 2021 жылдың ақпанына дейін әрекет еткен. Сотталушылардың бірі - Иванов трансұлттық қылмыстық топ құрды деп айыпталды. Ол тек осы бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Айыпталушылардың адвокаттары болса, клиенттерінің заңсыз істермен айналыспағанына сенімді.

Серіктес жаңалықтары