Дубляж падишасы

Дубляж падишасы

Дубляж падишасы
ашық дереккөзі
869

Халық оны алғаш дауысынан таныды

Біз секілді ауылда туып, ауылда ер жет­кен өрендер Мұхтар Бақты­гереев деген актердің бар екенін, әрине ки­но арқылы білді. Қазақ тіліне аударыл­ған кеңестік, шетелдік фильмдер ол уа­қытта теледидардан жиі берілетін. Апта­ның дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жек­сенбі күндері кешке міндетті түрде қазақ­ша кино көрсетіледі (қазір қазақтың қай телеарнасы осылай етіп жүр?). Айнал­дыр­ған қазақша бір-ақ арнамыз бар – бірде-бір фильмді құр жібермейміз. Кейбірін қайта-қайта көріп, диалогтерін жаттап ала­мыз, өзара айтысып, қалжыңдасып, қай­талаймыз. Тіпті, ести-ести келе кейіп­керлерді дыбыстаған актерлердің аты-жөні құлаққа әбден сіңіп, туысқанымыздай бо­лып кетеді. «Рөлдерді дубляж жасағандар – Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кен­же­ков, Омархан Қалмырзаев, Раушан Әуез­баева, Фарида Шәріпова, Нүкетай Мыш­баева...» – санада бәрі сайрап тұрады. Тіпті «сөзін аударған – Аяған Сағаев, редакторы – Салиха Сәмбетова» екені де есімізде. Бұлай болатын себебі – сол кездегі аудар­ма­лар мейлінше қазақы, тілі жатық, шұрай­лы. Фильмді көріп отырып оны орысша емес, қазақша түсірілген екен деп ойлап қала жаздайтынбыз. Дубляждаған ак­терлеріміз диалогтерді бүгінгідей жай оқып қана шықпаған, кейіпкерлермен біте қайнасып, солармен бірге өмір сүрген, рөл­дерді сомдаған шетел әртістерінен асып түспесе, олардан кем ойнамаған-ды. Сөйтіп, актерлерімізді дауысы ар­қы­лы-ақ ажырата алатын едік. Солар­дың ішінен Мұхтар Бақтыгереевтің ғажап қою тембрлі баритон үнін жазбай тани­тын­быз. Кейіпкері өте жылдам сөйлейтін адам болса да, ол кісінің айқын дикция­сы­ның арқасында ешбір дыбыс шашау шық­пай, құлаққа анық жетіп, түсінікті ес­ті­летін. Ұзаққа созылар монологте де, қыс­қа реплика, шағын жауаптасуларда да сөй­лем­дегі қай сөздің басты маңызға ие еке­нін сезіп, сол сөзге ерекше екпін бере білер ше­берлігі ғажап еді. Э.Рязановтың «Қыз­мет­тестер хикаясы» фильмін дубляжда­ған­да оған мекеме басшысының жаңа орын­ба­с­ары Самохваловты дыбыстау тиді. Ұжым­да өзін лайықты ұстай білетін, ептеп мансапқорлығы да жоқ емес, өзін-өзі жақсы көретіні фамилиясынан-ақ аң­ғарылып тұрған кейіпкер М.Бақты­гереев­тің үнімен сөйлегенде, болмысы тіптен ашылып, жұтынып шыға келді. Мұхаңның естіген адамның есінде қалар ерекше дауы­сымен Олег Басилашвилиден басқа Лев Пры­гунов («Пятницкий көшесіндегі трак­тир»), Владимир Зельдин («Он негр баласы»), Михаил Светин («Механик Гаври­ловтың сүйікті әйелі»), Ом Шивпури («Биле, биле»), тағы басқа кино жұлдыз­дары қазақша сөйледі. Осыдан біраз жыл бұрын біздің те­леар­наларда Қытайдың «Өзен иірімдері», «Шыңғыс хан» секілді тарихи те­ле­хикаялары көрсетілді. Оларды Қытай­дағы қандастарымыз қазақшаға аударған еді. Қазақы, құлаққа жағымды, көңілге қо­нымды аударма көпшілікті риза етті. Сол тәржімеші жігіттердің бірі, тіпті «Өзен иірім­дерінде» кейіпкерлерді дыбыстауға да қатысқан Әсемғазы Қапанұлымен сөйлескенімізде, ол: «Біз Кеңес дәуіріндегі қа­зақ дубляжын өте жоғары сападағы өнер деп білдік, сол мектептен үйренуге ұмтыл­дық. Әсіресе, Мұхтар Бақтыгереев, Фарида Шәріпова сияқты аға-апалардың шеберлігі біз үшін керемет үлгі болды», – деп еді. Яғ­ни, М.Бақтыгереевтің «Дубляж пади­ша­сы» екенін шеттегі қандастарымыз да жақ­сы біледі.

Шағын образдардың шебері

Мұхаң – киноға да аз түспеген ак­тер. Оның ішінде көрнекті образ­дар да, жылт ете қалар эпизодтық рөлдер де бар. Үлкен экрандағы жолын «Шабандоз қыз» (1954) фильміндегі жылқышының ша­ғын рөлінен бастаған М.Бақтыгереев со­сын «Біз Жетісуданбыз» (1958) карти­на­сындағы басты кейіпкер Нартайдың сенім­ді серігін, жақын досын сомдады. Актердің ба­ғын осы бейне ашты десек артық емес. Өйткені содан бастап оған киноға шақыру кө­бейді. Тек «Қазақфильм» ғана емес, «Қыр­­ғызфильм», «Мосфильм» киносту­диялары аттай қалап алдыратын болды. «Ұлым менің» (1962) фильміндегі Есен бей­несінен кейін Мұхтардың актерлік қыры жөнінде республикалық газеттерге мақалалар шыға бастады. Бір әңгімесінде актердің өзі «Шұғы­ла» (1955) фильмін ерекше бағалай­ты­нын айтып еді. Әрине, мұнда да оның рөлі шағын ғана эпизод болатын, есесіне тү­сіру алаңында ол Серке Қожамқұлов, Елу­бай Өмірзақов секілді қазақ өнері ко­рифейлерімен бірге жүрді. «Сондай ұлы тұл­ғалармен бірге болған әр күн, әр сағат, тіпті әрбір сәт мен үшін – ең бақытты уа­қыт. Олардың жандарынан қалмай, әр қи­­­м­ылын аңдап, әр сөзін бағып, мұқият есте сақтауға тырыстым. Айтқан ақыл-кеңес­терін өмір бойы жадымда тұтып, орын­дап келемін» деген-ді Мұхаңның өзі 1999 жылы «Жас Алаш» газетінде жария­лан­ған ең соңғы сұхбаттарының бірінде. «Біздің сүйікті дәрігер» (1958), «Ана туралы аңыз» (1964), «Жәмила» (1969), «Қыз Жібек» (1970), «Гауһартас» (1975) се­кіл­ді бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бө­­­ленген танымал фильмдерде де Мұхтар Бақтыгереев эпизодтық рөлдерде көрінді. Жалпы, оны «шағын образдардың шебері» десе де жарасар еді. Мәселен, «Бандыны қу­ған Хамитте» (1983) сомдаған, баяғы «Шөл даланың аптабындағы» мылтық атыл­са жетіп келетін Саид секілді, Хамитке ең қажет сәтінде ақпарат жеткізіп тұратын, сыбысын білдірмей жүріп, ұйықтап жат­қан Құдіренің үстінен түсіретін Саттар бей­несі қандай керемет! «Қош бол, Медеу!» (1981) комедиясындағы «өмір бақи жол жүру ережесін бұзып көрмеген, ал өткен айда үлгілі тәртібі үшін үлкен марапатқа ие болған», «ептеп ән айтатыны да бар» таксиші әдейі ұмытқың келсе де естен шы­ға қояр кейіпкер ме, сірә? Ал «Ауылым Көктөбенің бөктерінде» (1986) атты ба­ла­лар фильміндегі бірер минуттық эпи­зодта жарқ ететіні ше? Көлігінің астына түсіп кете жаздаған кішкентай Арманды сол ба­ла­дан көрмеген теперіші жоқ Ғұбайдол­ла­ның (Д.Ахимов) ұлы екен деп, «балаңыз­ға дұрыстап қарамайсыз ба?» деп ұрсады ғой Мұхаң ойнайтын кейіпкер. Сонда бір-бірімен қырғиқабақ екі адамның ойда-жоқта «әкелі-балалы» болып шыққанына оқиға орнына жиналғандардың бәрі ішек-сілесі қата күледі. Жұрттың қыран-топан күл­кісіне қарап тұрып-тұрып, әбден ашу үстін­дегі жүргізуші де (М.Бақтыгереев) шы­да­май күліп жібереді. Бұл – актердің өз табиғатын да аңғартып тұрған көрініс. Ашулана да алмайтын, ашуланса да қайтымы тез, шәйі орамал кепкенше-ақ қайтіп күлімдеп шыға келетін Бақтыгереев болмысының жарқын мысалы.

Ғабеңнің аузынан шыққан «Браво!»

Мұхаң – бала күнінен театрға ға­шық болған адам. Күн сайын өнер ордасына келіп, кейде рұқсатпен, кейде түрлі қулық ұйымдастырып рұқсатсыз де іш­ке өтіп кетіп жүрген қайсар балақайды Атырау театрының билет тексерушілері жақсы танып алады. Үйренісе келе олар бала Мұхтарды түрлі жұмыстарға жұмсай бастайды – афиша ілдіреді, басқа да ұсақ тап­сырмалар міндеттейді. Есесіне, күн сайын спектакльге тегін кіруге мүмкіндік береді. Бірте-бірте ұжымның өз адамындай боп кеткен жасөспірім егер әлдебір себеп­пен театрға келмей қалса, ондағылар кә­дім­гідей мазасызданып, іздейтін жағдайға жетеді. 15 жасқа толғанда, жас баланың өнер­ге іңкәрлігін байқаған Атырау облыстық дра­ма театрының директоры Мұхтарды жұ­­­мысқа алады. Алдымен сахнадағы де­корацияларды жасайтын қарапайым жұ­мыс­шы боп орналасып, сосын адам же­тіс­пеушілігіне орай көпшілік көрініс­тер­ге қатысып, сахнаға шыға бастайды. Ақыры оның актерлік қабілетін көре білген театр же­текшілері оған елеулі рөлдер бере баста­ған. 1951 жылы «Жас Абай» спектаклінде Құнанбайдың образын сомдаудағы ше­бер­лігін көрген әйгілі режиссер Асқар Тоқпа­нов жас талантты Алматыға шақырады. 1956 жылы театр училищесін бітірген соң, Ба­лалар мен жасөспірімдер театрына жұ­мысқа тұрып, 40 жылдан астам уақыт бойы сол ұжымда еңбек етті. Актердің театр сахнасындағы образ­дар галереясы да жан-жақты: Ж.Жұма­ха­нов­тың «Қарагөз қарындасымында» – Ақын Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғаниында» – Асанбай, Б.Майлиннің «Шұғасында» – Қарасай, И.Байзақовтың «Ақбөпесінде» – Құ­дияр, Н.Хикметтің «Әпендесінде» – Нұри, Р.Ғамзатовтың «Тау қызында» – Осман, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» – Дәруіш, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Клавдий, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері Ақтоқтысында» – Науан хазірет. Мұхаң­ның актерлік шеберлігіне Ғабеңнің – Ға­бит ақсақалдың өзі де қол соққан екен. Спек­такльдің премьерасынан соң, ұлы жазу­шы-драматург: «Менің 30 жылдан бері күткен Науан хазіретімді Мұхтар Бақ­тыгереев ашып берді! Браво!» – деп, актерге ри­за болыпты. 1984 жылы М.Әуезовтің пье­сасы бойынша қойылған «Алуа» спек­такліндегі Доғал образы үшін М.Бақ­ты­гереев Қазақстанның Мемлекеттік сый­лығын алды. 1991 жылы Қазақстанның ха­лық әртісі атанды. Актер 1999 жылдың жазында қайтыс болды. Содан бірнеше ай ғана бұрын шық­қан, жоғарыда аталған соңғы сұхбат­тары­ның бірінде, ол: «Әрбір сахна адамы сом­дай­тын образын алдымен жан-жүрегінен өткізіп, кейіпкерінің мінезін ұғып, бол­мы­сын танып, сосын барып сахнаға алып шығуы керек. Сонда ғана ол бейненің шы­найы табиғатын ашады. Сол арқылы көрермен санасына, адам жандүниесіне әсер етеді. Өнердің басты мұраты да осы емес пе? Мен қашанда осы қағиданы ұстан­дым. Демек, өмірімді өнерге бекер­ден-бекер арнамаған болсам керек», – деп еді. Бұл сөздер Мұхтар Бақтыгереевтің ак­тер­лік кредосын, кәсібіне шын берілген май­талман екенін аңғартады. Кеудесі – алтын сандық, ойы – ұшқыр, шығарма­шылық ізденіске бай алымды өнерпаздың өмір жолы да, өнер соқпағы да өзінен кейін­гілерге үлкен сабақ.

Сәкен СЫБАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары