Сендіре білетін жазушы

Сендіре білетін жазушы

Сендіре білетін жазушы
ашық дереккөзі
797
Сөз өнері қонған адам – Алланың құзырында болған адам. Хақ Тағала сөз өнерін өзінің сүйген құлына ғана дарытады. Пенде жүректегі ниетімен, санадаға сәулесімен, тілдегі сөзімен Жаратушымен жалғасады. Әр сөздің атауын айқындаған Алла пиғылыңа қарай сөз кептерін көмейіңе ұялатып, кезегімен ұшырады. Қанатты сөз, санатты сөздің керуенін көкке самғатады, құнарлы жерге қондырады. Ұтқыр сөзді ұртында, тапқыр сөзді таңдайында, ал көсем сөзді көмейінде сақтай білген Темірғали Көпбай осы қасиетімен әдебиеттің проза жанрына да атын байлап, түрен салып жүрген қаламгер. Ақын болудың да, жазушы болудың да азабы бірдей. Сананы солқылдатқан сөздің дерті өршімесе, тыншымайды. «Ойымда прозалық дүниелер жазу да бар еді. Кейде өлеңге сыймайтын дүниелер де болады. Сондықтан бұл жанрға ішкі дайындығыммен келдім», – деп Темірғалидың өзі айтқандай, оның бұл саладағы шығармалары да салмақты дүниелер. «Айтарыңның түйінінде не жылатарың, не жұбатарың, не күлдірерің, не күрсінтерің болмаса, сөз шығындап шашылма» деген қа­ғиданы ұстанған қаламгердің қаламынан туған «Аквариумдағы махаббат» және «Қой­шы­ның түсі» атты әңгімелері өзге әң­гі­ме­лерден өзгеше тақырыпты қозғайды. Әйтпесе, аквариумдағы балықтардың арасындағы махаббатты балықтың тілін білген адам ғана жаза алса керек. Темірғали да, оның ақ періш­тедей кішкентай қызы Айша да балықтардың тілін біледі екен. Айша аквариумдағы ба­лық­тардың әрбірімен жеке-жеке сөйлеседі. Оның айтқанын балықтар түсінеді. Қызы солай деген соң Темірғали да балықтардың өмірін бақылауға көшеді. Аквариумдағы үш балыққа Альфа, Бета және Гамма деп ат қояды. Сондай-ақ олардың әрқайсысына мінездеме береді. Мысалы, Альфа құлпырып өскен сұлу бой­жеткен болса, Бета – содыр мінезді қызғаншақ еркек. Ал Гамманың әлгілерден тегі бөлек. Сымбатты келген сері жігіт. Міне, осынау үш балықтың арасындағы махаббат майданын Темірғали қалай суреттеген десеңізші. Шы­найы өмірдегі оқиға секілді сендіреді. Бұл –жазушының шеберлігі. Нағыз суреткердің қолынан шыққан қарапайым нәрсенің өзі ұмытылмайтын, ескірмейтін іштей бір тұтастыққа ие болып тұр. Раушан шоғырынан бір тал гүлді үзіп алғанда оның тікенектерінен сақ­та­нып, қашатынымыз сияқты, бұл әңгімеден де оқырман пайдалысын ғана қажетіне жарат­пақ, ал залалдысынан сақтанбақ. Яғни, күміс ба­лық Гамманың алтын балық Альфа сұлу­дың сеніміне кіріп, сезімін оятып, өзіне ға­шық етіп, артынан сатқындық жасауы әлгі рау­шан шоғырының тікенегі сияқты зиянды еді. Өйткені Гамма аквариумға кейін салын­ған Комета есімді күміс балыққа көңілі ауып, Альфаның «көзіне шөп салады». Жазушы осы әңгімесі арқылы адамдардың арасында бо­лып жататын қым-қиғаш тағдырлардың тау­­­қыметін алдыңызға жайып салады. Бұл жан-жануарлар да қуанады, шаттанады, олар да ұялады, қызармаса да, қипақтап-си­пақтайды дегенді білдірмек. Кішкентай сә­би­дің көзімен қарасаң, шынымен де осылай еке­ніне сенгендей боласың. Сенесің. Темірғалидың ендігі бір ерекше тоқ­та­ла­тын шығармасы – «Кие» повесі. Бұл өзі үш түрлі жанрға арқау болған туынды. Ав­тор­дың өзі түсіндірме бергендей, бұл шы­ғар­мада бөрі рухын кие санап, пір тұту дәс­түрі есте жоқ көне дәуірлерден бері қазақ хал­қының арасында да бар екенін айта келіп, бөрі бейнесіндегі өршіл рух туралы поэма жазады. «Кие» деп аталатын киносценарий жазады. Енді кешегі пандемия кезінде оқ­шау­ла­нып, үйінде отырған уақытта сол тақы­рып­ты басқа жағынан қайта қаузап, «Кие» деген повесть жазып шығыпты. Бұл екі жастың ара­­сындағы адал махаббат, оларға қыз­ға­ныш­тан туған дұшпандық, қара күштердің қараулық жасап, күн көрсетпеу ситуация­лары­­на құрылған. Мұнда Желтоқсан кө­тері­лісі де сөз болады. Өйткені басты кейіп­кер­лер Ерден мен Сағыныш көтеріліске қатыс­қа­ны үшін оқудан шығарылып, екеуінің жо­лы екіге айырылады. Екі жастың арасын­дағы сүйіспеншілікке сына қаққан Қаратай – бұл екі жастың қас дұшпаны. Осы үшеуінің арасындағы жақсылық пен зұлымдықтың тар­тысы шығармада үздіксіз жүріп отырады. Түпкі идея – көк бөрінің киесі. Ол Ерденді қандай қауіп-қатерден болсын аман алып шы­ғып отырады. Темірғалидың «Кие» шығармасы автор­дың қай жанрға да, қандай тақырыпқа да әмбебап екенін және қамшы салдырмайты­нын танытады. Ал оның «Қашқын» повесі – өте ауқымды және тұтас бір дәуірдің жүгін кө­теріп тұрған көлемді дүние. Оның басты кейіпкері Қадырқожа бір қарағанда отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын, тіпті оқ та өтпейтін ажалсыз адам сияқты. Оның басынан өтіп жатқан оқиғалар аңызға берг­ісіз қым-қиғаш ситуациялардан тұрады. Ондағы оқиғалар сонау өткен ғасырдың 20-40-жылдарындағы кәмпеске мен ашар­шылық, «халық жауы» деген желеумен ұлты­мыздың зиялыларын аяусыз қырып-жойған қасіреттің тірі куәгері Қадырқожаның айна­ла­­­сында өтіп жатады. Кеңестік қызыл билік­тің құрығынан қашып, әулетімен Иранға кетеді. Ол жақтағы тұрмыстан, өмірден баз ке­шіп, шекара жабылатын болған соң түрік­мен жеріне қайта өтіп, Ашхабадта тұрақтап қа­лады. Осы кезде Ұлы Отан соғысы бас­та­лып, Қадырқожа майданға алынады. Бірақ кетіп бара жатқан жолында Қадырқожа ай­нып, әкетіп бара жатқан эшалоннан түсіп қа­лып, кері қашады. Оның майданға барудан бас тартуының басты себебі мынадай еді. Бо­­­льшевиктер мұның ата-әкелерін бай­сың­дар деп қудалауға салған болатын. «Әке­лері­міз­ді қудалады, ағайынның тоз-тозын шы­ғарды, соның кесірінен бабамыздың сүйегі жат елде қалды. Енді мен де өзімнің жас өмі­рім­ді сол қандықол большевиктер үшін құр­бан қылмақпын ба?» деп ойланады. Аш­ха­бадқа қайтып оралып, сол маңдағы таудан өзіне пана табады. Өзі сияқты соғыстан қашқандарды маңайына жинап, үлкен топ құрады. Осылайша, үш жылға жуық уақыт бой тасалаумен күн кешеді. Ал соғыстың төр­­­тінші жылында Кеңес әскерлерінің жеңісі ай­қын екеніне көзі жеткен қашқын Қа­дыр­қожа тағы да большевиктердің қолына түсіп қа­лармын деп қауіптеніп, Иранға өтпек бо­лады. Бірақ шекарада қолға түсіп қалады. Сот мұны алғашқыда өлім жазасына кеседі. Алланың құдіретімен өлім жазасы өзгертіліп, 25 жылға сотталады. Сөйтіп, атақты Карлаг­тан бір-ақ шығады. Мұнда да өліммен бірне­ше рет бетпе-бет келеді. Ақыры ретін тауып, ол арадан да қашады. Бірақ бостандықта көп жүре алмайды. Торғай даласында қайта қолға түсіп қалады.Ұзақ жылдарын түрмеде өткі­зе­ді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, басына қаншама рет ажал төнсе де, өзінің бойындағы тектілігін, ақыл-есін жоғалтпаған басты кейіпкер қайта әбден ширығып, бойын тік ұстауға үйренген бо­латын. Бүкіл елді өзінің темір уысында ұста­ған Сталин өлгеннен соң Қадырқожа да ақ­та­лып, түрмеден шығады. Отбасын құрып, ба­қытты қарттық шаққа жетіп, қайтыс бо­лады. Жарты әлемді шарлап, жердің кіндігін іздеген Асан шалдай Қадырқожа да көңілі жайланатын, тамыры байланатын елді көп іздеді. Қайда барса да, кімдермен сый­лас­са да сұңғыла ойына, сұңғақ бойына сұңқар міне­зі сай болды. Сөзінің күші жетпеген жер­де жұдырық та жұмсаған кезі бар. Сөзін кесіп айтатын шешен, түйіп айтатын көсем кісі болды. Жамандардың арасында жүріп, жақ­сылықтың сәулесін көре білді. Жа­ман­дықты жасқай алатын амалдың тәсілін өз бойындағы өнегесімен өре білді. Жауын, яғни қарсыласын жеңу үшін оның жанды жерін дәл тауып, жанына жағатын сөзбен сендіру­дің, көндірудің тәсілін де таба білді. Темір­ға­лидың осы «Қашқын» повесіндегі басты кейіп­кер Қадырқожа биліктің құрығынан қа­шып-пысып жүрсе де сабырмен алды-ар­тын ойлап, әрекет ететін адам. Сөзден қазына жиған адам. Оның әрбір ойлы сөзінің екпіні отырғанды орнынан тұрғызып, орнынан тұрғанды тура жүргізетіндей құдіреті бар еді. Иә, қазақтың қара сөзі – Ұлы даланың даналық дара ғылымы. Бұл ғылымды жазу­шы Темірғали да жақсы меңгерген. Оның таланты – осында. Өйткені таланттың тап­қырлығы, ең әуелі тауып айтқан сөзінің мә­нінде. Мәнді сөзді, шешендік сөзді кейіпкері­нің аузына салып отыр. Сондықтан оның кейіпкері де кімге не үшін, қай жерде, қалай айту­дың мәнін айыра біледі. Бұл – жазу­шы­ның шеберлігі, ойының тереңдігі. Қысқасы, «Қашқын» – терең ойдың тұңғиығына бой­лап, талмай талпынудан туған ізденістің же­місі. Ал «Сабан ақша» деген әңгімесі тәуелсіз­дік­тің таңы атқан алғашқы жылдарында бол­ған оқиғаға құрылған. Одақ тарап кет­ке­німен, ортақ айналымда әлі де Ресей рублі жүріп тұрған-ды. Бірақ оның да дәурені өтіп, құнсызданып, «сабан ақшаға» айналған кезі. Нарықтық қатынастар енді-енді басталғанда Алма Исаханқызы деген келіншек өзінше биз­нес бастамақ болады. Жеке фирма ашқан соң өзіне лайықты әрі бизнестен хабары бар коммерциялық директор іздейді. Іздегенге сұра­ған деп Сергей Платонов деген «мұн­таз­дай киінген, ақ жейдесіне қан қызыл галстук тақ­қан, ұзын бойлы, аспан көзді, келісті жі­гіт» келіп, бірден өзінің коммерциялық ұсы­ны­сын білдіреді. «Мен Ресеймен қатынас орна­тамын. Германиямен, Қытаймен алыс-беріс жасаймын... Ірі мегажобаларды қолға ала­мын. Осылайша, сіздің компанияңызды тез арада көкке көтеріп беремін» деп сұлу ке­лін­шектің алдында сергек сөйлеп, сеніміне кіреді. Шынында да, Платонов осы заманның нағыз Остап Бендері екен. «Бір нәрсенің мүйізі көрінсе, құлағымен қосып жұлып алатын таптырмас комбинатор. Ол бір жапырақ өлі қағаздан адамның басы айналатындай ақша жасайды. Осылайша, Алма екеуі де аяқастынан байып, шаш етек­тен қарық болады». Платоновтың тап­қыр­лы­ғының арқасында түсіне де кірмеген мил­лиондарды оңды-солды шашып жүріп, көңілі тұманданып, санасын шел басқан Алма сұлу аз уақыттың ішінде өзгеріп шыға келеді. «Тау етегінен үлкен үй, астына елде жоқ қымбат ма­шина сатып алды. Гауһар мен алтыннан қым­бат әшекейлер тағынды. Ақшаны күреп тауып жатқан соң майбас күйеуін мен­сін­бейтін болды. Бұрыннан араласып жүрген құр­былары мен достарына шекеден қарай­тын болған соң олар да мұның мастана бас­таға­нын сезіп, іргелерін аулақ салуға көшті». Алайда Алманың шаттығы ұзаққа созылмады. Жегені желім, ішкені ірің болуға айналды. Платоновтың банктен миллиондап сабан ақша алған чегі жалған екені анық­талып, банк қызметкерінің шағымымен Алма тергеуге алынады. Қауіпсіздік коми­те­тінің сұсты тергеушісі, капитан Телегин деген­нің жемтігіне айналады. Ең соңында тер­геуші Телегиннің қорқытып-үркітуімен арын таптатып, зорланады. Үйінен береке қа­шып, жаны қорланады... Үмітін оятып, мил­лиардер боласың деген Платоновы ішкіліктің кесірінен жүрегі тоқтап қалады. Осылайша, «Остап Бендерінен» айырылып қалған Алма сұлу: «Құрып кетсінші жанталас өмір! Ақшасы да құрысын! Мен енді бәрін қоямын. Өзіммен-өзім болып, адамша өмір сүрейінші. Бала­ларым мен жарымды аялап, туған-туыспен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысайын. Қарапайым ғана күн кешейінші» деп ақылға келгендей болады. Жазушы осы әңгімесі арқылы сенгіш кісінің көнгіш келетінін, көрінген­нің соңынан ергіш келетінін, тексізге телін­ген тегінен айырылатынын, сайран күннің ақыры ойран болып, күрсініске ұласатынын және алған сайын араны ашыла түсетін кісі­нің ақыр түбі сол аранның апанында опат болатынын оқырманының алдына көлденең тартып отыр. Оңай жолмен келген сабан ақша Алма Исаханқызының ақылымен дос­тасты, ақшаның буына мас болған ақылы айлаға көшті. Сөйтіп, абыроймен қоштасты... Мұндағы аурудың басы, әрине сабан ақша еді. Осы­лайша, Алма сұлудың соры Телегин сияқ­тылардың арам пиғылының жүзеге асып, жейтін нанына айналды. Құлаққа жағатын, көңілге қонатын әңгіме оқу мөлдіреп аққан өзенге сүң­гіп шыққандай ширататыны бар. Темір­ғалидың «Сабан ақшасы» да адамды ойлан­дыра­тын, бойын сергітетін, сананы сілкін­тетін шығарма екені даусыз. Біз, әрине оның басқа да әңгімелеріне жеке-жеке тоқталуды мақсат етпедік. Әйтпесе, Темірғалида оқыр­манының жүрегін тулататын, асау толқындай жанын толқытатын әңгімелері баршылық. Қайсы әңгімесін оқысаңыз да қазақтың қара сөзіне сусаған оқырманның шөлін басар шәрбат сусындай көңіліңе жайлы әсер сый­лайды. Сімірген сайын шөліркете береді. Өйт­кені ол сөздің сөлін сыға біледі. Әр там­шысының да сырын ұға біледі. Сөздің түбіне сөз ғана жететінін терең түсінеді. Сондықтан арзан сөзге ар-ұжданы жібермейді. Біз 60-тың несібесін қырқында қамдап қойған Темірғали Көпбайдың бүгін жазу­шылық қырын ғана баяндадық. Шын мә­нінде, ол – сан қырлы талант иесі. Талант та, талантты жетелейтін талап та, абырой мен бақ та бір Алланың құзырында екен. Сон­­­­дықтан талантты адам ізденімпаз келеді. Ал ондай адамның ісі тоқырамайды. Еңбек­тене береді. Онда уақыттан басқаның бәрі бар. Ол – ақиық ақын, қарымды журналист, педагог-ғалым, кәсіпқой баспагер. Бұл қа­сиет­тері турасында айтылып та, жазылып та жүр. Отбасында ардақты әке, абыройлы ата, адал жар. Еңбекқор адам. Тәні де, жаны да адал әрекеттен тазарады. Ауыруға да, қартаюға да қолы тимейді. 60-қа келдім деп алқынып отыр­ған жоқ. Тереңірек ойлаған адам үшін 60 дегенің жас та, қарт та, шала да, дана да емес, қадірлі де, қадірсіз де емес, керісінше ең бір сүйкімді де салиқалы кезең екен. 60-та ба­тыр тыныстаса, қаламгер қарыштайды екен. Ендеше Темірғалиға тұлпар-талантың ша­бысынан жаңылмасын, қаламың мұқал­масын дегіміз келеді.

Есенәлі ЕРАЛЫ, журналист-жазушы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты

Серіктес жаңалықтары