361
Ел тағдыры елеңдетеді
Ел тағдыры елеңдетеді
Жыл басындағы қоғамды дүрліктіріп, тіпті әлемге танылған оқыс оқиғалар ешкімді бейжай қалдырмады. Осы оқиғадан кейін Парламент Мәжілісінің отырысындағы «Қасіретті қаңтар» сабағы – қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты сөзінде ел Президенті: «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік.
Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет.
Қайғылы оқиғаның туындауы кейбір мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларды көбіне нәтижесіз, сәтсіз, дәлірек айтқанда орындай алмауында екенін мойындауымыз керек. Жекелеген мемлекеттік атқарушы органдар азаматтардың қажеттілігі мен нақты қиындықтары арасында елеулі айырмашылық пайда болды. Билік құрылымдары өкілдерінің адамдар өмірі, олардың мүдделері мен тілектері туралы пікірлері бұрмаланған түрде қалыптасты. Теңсіздік мәселесі шиеленісе түсті. Қағаз жүзінде тұрғындар табысының орташа көрсеткіші өскен сияқты болғанымен, жылдан-жылға тереңдей түсуде. Орташа еңбекақы деңгейі әжептеуір болғанымен, бірақ қоғамда мүліктік жіктелу өте қатты ұлғаюда. Азаматтардың көптеген аса маңызды проблемасы шешілмеген. Өмір сапасы мен есен-амандығын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндет-мақсаты», – деген болатын.
«Әділ сөзге айып жоқ» дегендей көптеген уақыттан бері баспасөз беттерінде жарық көрген материалдарда елімізде әділетсіздік пен жемқорлық кеңінен жайылғанын, саясатта, идеологияда, экономикада монополия үстемдік ететінін, биліктің дәрменсіздігінің арқасында көптеген мемлекеттік бағдарлама толық орындалмауы туралы ашық айтылып келеді.
Халқы 19 миллионға жеткен Қазақстан жер көлемі, ауыл шаруашылығы өнімі, мұнай, көмір, темір, асбест, вольфрам, молибден, алюминий, алтын, басқа да сирек кездесетін металдардан адам басына шаққанда дүниежүзінде алғашқы ондықтың ішінде. Еліміз табиғи уранның әлемдік қажеттілігінің үштен бірін қамтамасыз етеді. Ульба металлургиялық зауыты – уран, бериллий және танталл шығаратын әлемдегі бірден-бір зауыт. (Айта кету керек, дүниежүзінде бериллий өндіретін екі-ақ зауыт бар – АҚШ және Қазақстанда).
Басқа да байлықтар мен мүмкіншілікті айтпағанда, Қазақстанда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 2013 жылы 13890,8 АҚШ долларын құраса, бүгінде ол 9121,7 АҚШ доллары көлемінде. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық қорытындысында көрсетілген баға бойынша елдің жалпы сыртқы қарызы жылдық ЖІӨ 230 пайызын құрады. Қазақстанның сыртқы қарызының құрылымында кредиттер мен қарыздар басым, резидент еместерден (76,6 пайыз) және нерезиденттер қолындағы бағалы қағаздар (13,8 пайыз). Экспорттан түсетін түсім
10 жылдан бұрын (2012 жылы) 86 448,8 млн АҚШ долларын құраса, биылғы бұл көрсеткіш көмірсутектер өнімінің оффшорлық аймақтар арқылы саудасының бақылаусыздығынан және шикізат секторларын өңдеу саласын жою салдарынан жартылай қысқарып, бар-жоғы 47 540,8 млн АҚШ долларына теңелді.
Капиталдың елден шығарылуының өсуі және оның қайта құйылуының қысқаруы, меншікті экономиканың әлсіздігі, тұтынатын тауарлардың импортқа тәуелділігі, ұлттық валютаның ауытқымалы девальвациясы сыртқы сауда айналымының қысқаруына әкелді.
Қазақстанның банктік мәліметтері бойынша, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында төлем балансының биылғы есебі (счеты) дефицит болып және (– 2,4) млрд АҚШ долларына теңелді.
2021 жылдың шілде айында бюджеттің орындалу барысында өндіріске, құрылысқа, архитектуралық және градоқұрылыс қызметіне, отын-энергетика жинағына (комплексіне) және жерасты байлығын пайдалануға мемлекеттік шығындар қысқартылды.
Сонымен қатар тәуелсіздік алған жылдарда ел қазынасынан фермерлік шаруашылықтарды қолдауға
2 триллион теңге бөлінген. Деректерде көрсетілгендей, жылдар бойы оның басым бөлігін ұйымдасқан қылмыстық топтар иеленген. Сайып келгенде тұтыну өнімдеріне бағаның шарықтауы, жұмыссыздықтың өсуі, қаржы жүйесінің мүшкіл халі, азып-тозған ауылдар, жұмыссыздық жайлаған қалалар, жөндеуді керек еткен жолдар, денсаулық, білім салаларындағы қажетті мамандардың жетіспеушілігі билік басындағылардың дәрменсіздігін көрсетеді.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Теңсіздік мәселесі де ушыға түсті, ол жылдан-жылға қиындай берді, ал халық табысы қағаз жүзінде болса да жыл санап өсіп жатқандай көрінді. Алайда елеулі орташа табыстың артында қоғамдағы мүліктік күшті жіктелу жасырынып жатыр. Азаматтардың көптеген күрделі проблемасы шешілген жоқ. Халықты сапалы өмірмен қамту мен әл-ауқатын жақсарту – мемлекеттің басты міндеті. Бұл сөздерді шынайы іске айналдыру қажет. Халықтың табысы экономикамен қатар өсуі керек. Бұл өзгермейтін аксиома біздің жағдайымызда жұмыс істемей тұр» дегені қоғамдағы шынайы өмірдің айғағы.
Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатов: «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғанын, не істеп, не қойғанын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Егер бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болады. Дүниеде өзге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін иманы дәрежесінде ұғып-білуге тиіс», – деген болатын (Түрік баласы. «Қазақ», 1913ж, №2).
Келесі айтарымыз, бүгінде ел болып, Президент болып тұрғылықты жандар мен мемлекет жарастығын қамтамасыз ететін, ұлт мүддесін ойлайтын, қорғай білетін, таза, білімді, әрі терең білікті мемлекеттік санадағы, зиялы істерді атқаруға дайын саяси элитаны ұйымдастырып, олармен биліктің түрлі құрылымын қамтамасыз етуі – өзекті мәселе.
Адамды өрге сүйрейтін рухани құндылықтар десек, біз үшін ұлттық құндылықтарды меңгерген және оған адал жандар ғана мемлекетті игі істерге жемісті жеңіске жетелейді. Олардың саны артқан сайын саяси мәдениет деңгейі жоғарылап, қоғамымыздың дамуына, халықтың жапырақ жайып, көркеюі мен өркендеуіне әкеледі.
Мемлекеттің дамуы тұлғалықтың дамуына байланысты. Бұл туралы «мойындағы борышты білу – білім ісі, борышты төлеу – адамшылық іс. Білім мен адамшылық екі басқа нәрсе, бірақ борышын білушілер көбейсе, төлеушілер де көбеюі ықтимал», – дейді Ахмет Байтұрсынов.
Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлт, ұрпақ үшін жан аямай қызмет жасау – Отан алдындағы бәріміздің қарызымыз бен парызымыз. Өйткені атақты Гегель өзінің саяси шығармаларында көрсеткендей, «Үкімет қабілетсіз болып, жаман атақты иеленсе, халықтың да жаман болуы хақ».
Нұридін Балқияұлы, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің құрметті профессоры, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері