320
Қазақстан 50 ірі экспорттаушы елдің қатарына кіреді
Қазақстан 50 ірі экспорттаушы елдің қатарына кіреді
Қазақстан кәсіпкерлері әлемнің 118 еліне барлығы 970 тауар түрін экспорттап отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Баспасөз конференция барысында Тимур Нұрашев Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бір бөлігі және тұрақты 50 ірі экспорттаушы елдердің қатарына кіретінін атап өтті. «Әлем Қазақстанды біріншіден уран, ұн, бидай жеткізуші ретінде таниды. Шикі мұнай жеткізуші ретінде ірі ондыққа кіреді. Әлемнің 118 еліне барлығы 970 тауар түрін экспорттаймыз. Жылына шамамен 200 мыңнан аса экспорттық операцияларды жүзеге асырамыз. Бүгінгі таңда 1800 экспорттаушы жұмыс істейді. Олардың 20%-ы тұрақты 1 млн. доллардан аса экспортқа ие. Экспорттың сапалық құрылымы жақсарды. Бүгін шикізат емес өнімнің үлесі 30% - ға өсті. 5 жыл бұрын бұл үлес 24% болатын», - деп атап өтті ол. Агроөнеркәсіп кешенінде ҚР Ауыл шаруашылығымен бірге «Qazaq Organic Food», «Халал», «Ет бренді» сияқты брендтер әзірленді. Бұл үш бренд те стратегиялық маңызға ие және белгілі бір нарыққа бағытталған. «Бұл жоба отандық азық-түлік тауарларын экспортқа шығаруға қосымша серпін береді және Қазақстанды басқа елдер үшін табиғи органикалық тауар өндіруші ел ретінде танытуға мүмкіндік туғызады»,- деді Т.Нұрашев.