1543
Қазақ диаспорасы және Ауғанстан қазақтары
Қазақ диаспорасы және Ауғанстан қазақтары
Жалпы, диаспора өзге елдердің саяси, қоғамдық, экономикалық және идеологиялық ортасында жүрсе де өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап, барған елінің мәдениетіне әжептәуір ықпалын жасап келеді. Өйткені азамат өзінің этникалық тегін білуге әрі өзгеге сіңбеудің тәсілін табуға талпынады. Шындығына келгенде диаспораның тағдыры өзінің қалауымен емес, өзгенің саяси қалауы ретінде қалыптаса бастайтын қырына да назар салып жүрген жөн.
Сол үшін де диаспораның алдыңғы буынының этникалық тегін сақтап қалу немесе ассимиляцияға ұшырап кетудегі психологиялық арпалысын анықтау маңызға ие. Өйткені алдыңғы буын диаспораның психологиялық қалпы кейінгі буындарға бағыт береді. Өздерінің этникалық тегіне көз жұмуға бейім буын: «Менің кінәм жоқ, тағдыр осылай жазған» деп өздерінің жанайқайын уақытша тұмшалай алады. Бірақ генетикалық қуат арқылы кейінгі ұрпақтары оның тұмшалаған тегін қайта іздеуге жетелеуі әбден мүмкін. Алайда алғашқы диаспора буын өзінің этникалық тегінен бейжай өтпек болған жағдайда оның ішкі түйсігінде бір өкініш лебі есіп тұрады. Әрине, мұндай түйсік өздерін білім-ғылыммен жетілдіре білген жеке-дара тұлғаларға тән тағдыр болмақ. Ал миллиондаған қазақ диаспорасы осындай күрделі түйсік шеңберінде тұтқын күйде жүр. Өйткені диаспора – әр қауымдастықтың бір бөлігі, тұтастың бір ұшқыны. Тура жаратылысындағы кемел рухтың бір ұшқыны, тұтас табиғаттың бір бөлігі болғандай диаспора да ұлттың бір мүшесі. Сондықтан оның азаматтық болмысы ұлттық болмысымен ұштасып жатады. Диаспораның тағы бір проблемасын өмір сүріп жатқан елінің үстем мәдениетіне жұтылып кетуінің себеп-салдарынан терең зерттеп-зерделеуді қажет етеді. Сол үшін диаспора мәселесін жоққа шығаруға да, оған немқұрайлы қарауға да болмайды.
Қазақ диаспорасы әлемдегі ең қалың қауым болғандықтан сан жағынан миллиондаған жан. Сол үшін бұл қалың жұрт Қазақстан үшін саяси-экономикалық және статистикалық тұрғыдан аса мәнге ие құбылыс. Сол себептен еліміз қазақ диаспорасын назардан тыс қалдыра алмайды және алаңсыз отырмауы керек. Қазірге дейін мемлекет тарапынан қазақ диаспорасы үшін көптеген іс-шаралар жүзеге асты және жүзеге асып келеді. Бірақ кемшіліктен де кенде емес. Мәселен, қазақ диаспорасымен айналысатын кадрлар арнайы мамандыққа ие болуымен бірге қазақ ұлтына да аты мен затына да ғашық болуды қажетсінеді. Сондай-ақ білімі мен махаббаты ұштасып тұрған маман болғандары абзал. Екіншіден, диаспорамен айналысуда тұрақтылық пен жүйелілік басты назарда болуға тиіс. Үшіншіден, ақпарат құралдары тарапынан диаспора жайында зерттеу мақалалар жарияланып тұрса, оны зерделеуде өз жүйесін таба алады. Сондай-ақ диаспора балаларын қазақ тілін үйренуге ынталандыру жолдарын тауып, олардың ана тілін ұмыттырмауын қамтамасыз етудің ең керекті әдісі мемлекеттік және мемлекттік емес мекемелер мен басқарма орындарының іс жүргізу механизмі түгелдей қазақ тілінде болуға тиіс. Сонда қазақ диаспорасында қазаққа іңкәрлік қуаты пайда болады.
Менің және мен сияқтылардың көрген-білген тәжірибесінде диаспорадағы алғашқы буын қазағымен тұтасуды армандап, елін сүйді, елін сағынып, елге оралуды арман етті. Сол арманын келесі ұрпағына аманат етті. Олар үшін «қазақ» сөзі қазақтарды біріктіретін белгі болды. «Қазақ» сөзі белгі болғаны үшін де олардың сана-сезімінде киелі сөзге айналды. Сол үшін балаларынан тәрбиеге жат, ақылға қонымсыз қылық көргенде «Балам сен – қазақсың, бұл сөзің, бұл мінезің қазақтығыңа жарамайды» деп ескерту айтатын. Бұл ұрпақты қазақ болуға бағыттаушы белгі еді. Сондықтан қазақ тарихының тереңінен бастау алған ата-бабаларымыздың өсиеті іспеттес болған. Осылайша, қазақ елі ұлттық саясатының басында қазақ диаспорасы мен жергілікті қазақты біртұтас рухани жанға айналдыру үшін зерттелетін жобаларды дайындап, қазақтану саласының ғылыми негізін қалауға тиіс.
Осы орайда қазақтардың қоныс еткен көптеген елдегі саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени ерекшеліктерінің салдарынан түрлі ортаға бейімделіп өмір сүріп жатқан қазақтардың дүниетаным мен психологиясы әртүрлі қалыптасқаны да шындық. Сондықтан олардың түрлі бағытта қалыптасқан психологиясын ұлттық идеологияның негізінде мемлекеттік мүддеге бағыттау үшін сан алуан елдердегі қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, өмірлік ұстанымы, экономикалық-қоғамдық ахуалын сол елдегі жүріп жатқан мемлекеттік саясатын назарда ұстай отырып зерттеп, зерделеген жөн. Мәселен, Иран-Ауғанстан қазақ-
тары – анау 1929-1933 жылдардағы жасанды ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін заманында ата жұртты тәрк етіп, шетелден пана іздеуге мәжбүр болған топтар. Олардың елде болып, саяси психологиясының зардабы қаншалықты ауыр болғанын қазақтың көрнекті қайраткер жазушысы Смағұл Елубай «Арыс» баспасынан 2016 жылы жарық көрген екі томдық «Ақ боз үй» және «Қиямет-қайым ғасыры» атты роман кітаптарында көркем түрде шынайы сипаттап сомдаған. Оған мысал «Ақ боз үй» трилогиясы өткен ғасырда халқымыз бастан кешкен ашаршылық туралы кеңестік кезеңде жазылған тұңғыш роман болғанымен ерекшеленеді. Қазақтың 1925-1933 жылдары көрген саяси зардабын көрсете алатын құжаттардың бар-жоғын зерттеген тарихшыларымыз бар ма әлде жоқ па? Біле бермейміз. Өйткені Маңғыстау өңірінен көшкен қазақтардың туған куәліктері Үкімет мұрағатында сақталмаған. Сондай-ақ олардың мал байлығы да хатталмаған. Сол үшін қазақтың көрген зұлматы мен тауқыметін жан-жақты зерттеуде қиын болып отыр.
Сонымен бірге Сыр бойынан Ауғанстанға көшкен қазақтардың туған куәлігі мен дүние-мүлкінің есеп-қисабы, жұмыс-тіршілігі, ата-бабаларының саяси-қоғамдық ахуалы үкіметтік мұрағаттарда хатталып сақталмаған. Мұның бәрі қазақтың көш тауқыметі мен себептерін ғылыми тұрғыдан пайымдауын қиындатып отыр. Сондықтан қазақ диаспорасының тарихын көрген-естіген жандардан хатқа түсіріп алсақ кейінгі ұрпағымызға баға жетпес тарихи олжа болар еді. Әйтпесе жоқ құжаттан тағы жоқ құжатқа тап болып, технологияның дамыған, социология мен психология ғылымымен бірге баспаның заманға сай әбден биік қабілеттерге жеткен заманда бүгінгі қазақ диаспорасын зерттеп, хатқа түсірмесек, келешек ұрпақтың алдында үлкен ұятқа қалып, қаһарына ұшырауымыз әбден мүмкін.
Ауғанстан қазақтары туралы қолға алған зерттеу екі себеп негізінде жүзеге асып отыр. 1. Менің қазақ диаспорасы туралы ниетім алғаш рет 1979 жылы Ауғанстанға сапардан басталды. Сондағы қазақтардың тыныс-тіршілігін жақынан көріп танысып қайттым. Оның жалғасы қазірге дейін жүріп келеді. Осы ізденіс мемлекет тарапынан қолдау тапса, олардың бұрынғы және елге оралғаннан кейінгі ахуалын ішкі және сыртқы ғылыми саяхаттар арқылы жақыннан зерттеп, зерделеу мүмкіндігіне қол жеткізген болар едім. Өйткені қазірге дейін өзімің әл-ауқатыма қарай біраз дүниелер жазып, жариялап жүрмін. Ал ол жұмысты ауқымды түрде жүзеге асыра алмай келемін. Сондықтан бұл іс-шараларым бірте-бірте іске асқан ұзақ жылдарымның жемісі болып келеді. 2. Ауғанстан елінің саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени, әлеуметтік және наным-сенімдерінің жағдайына байланысты заманауи мектеп, жоғары оқу орындары кең қанат жая алмаған соң оқушыларының да саны барынша аз болды. Есесіне діни сауатын ашатұғын классикалық медреселер мен мешіттерде оқушылардың саны ауыл мен қалаларында басым болғандықтан сондағы қазақтарда: а) жалпы қоғамдық ортаның әсерінен ә) және өздерінің әлеуеті төмен қоғамда күнкөрістің қамында жүріп, балаларын мектепке оқытудан гөрі діни медреселерде оқытуды жөн көрген. Өйткені діни орындарда оқу ақысыз болуымен бірге ауқаты мен жатақханалары да тегін болған жайы болды. Сол себептен қазақтар өздерінің тұрмыстық ауыртпалығы мен елдің қоғамдық ортасының әсерінен мектеп пен университетте оқуға құлқы да жағдайы да бола қойған жоқ. Ауған қазақтары кешегі диаспора, бүгінгі қонақ иесі ретінде саяси-экономикалық, қоғамдық-мәдени тұрғыдан қаншалықты өзгеріске ұшырағаны – менің зерттеу нысанамда мені аса қызықтыратын тақырып. Дәл осы салыстырма жұмысты Иран, Түркия тағы басқа елдерде жалғастыруға болады.
1979 жылы Ауғанстанның астанасы Кабул қаласында болған кезімде қазақтың ауқатты бизнес өкілі қажы Имам Полаттың көпқабатты, көпбөлмелі үйінде тұрдым. Сонда көпшіл, қазақшыл, сөзшең, жылы жүзді, әңгіменің байыбына жеткізіп айта алатын Ғұлам Айдар ағамен таныстым, ол кісі менің мақсатымды түсініп, бірден қызықты. Сосын мені өзінің Мазар-Шәріп қаласындағы үйіне қонақ болып, «сондағы қазақтармен танысасың» деп шақырды. Осылай аталған қалаға барып, қазақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен таныстым. Ғұлам Айдар: «Оқымысты болу Құдайдың берген нығметі ғой. Біз осындай үлкен нығметтен мақұрым қалған елміз. Сол үшін біздер күн көріп, тіршілік еткенімізге мәзбіз. Тіршіліктің қамымен жүріп жастарымыз оқи алмады. Сол мешіт-медресеге барып, сауатын ашып жүргендеріне де шүкір етеміз», – дейтін. Біз кейін ағалы-інілі болып, достасып кеттік. Ауғанстан 1980 жылы кеңес әскерінің елге кіруімен әбден аласапыран кезеңге тап болды. Соның салдарынан елден миллиондаған азамат босып кетті. Сол аласапыран заманда қазақтарда босқынға ұшырады. Қазақ қиын-қыстау заманда өзінің қазақ бауырын іздейтіні мәлім. Сондықтан Ауғанстаннан Иран, Түркия, Арабия елдеріне көш басталды. Ғұлам Айдар ағайындарының Түркияға көшуіне жетекшілік жасап, айтарлықтай еңбек сіңіріп, үлес қосты. Мен онымен Кабулда бірнеше күн қажы имамның үйінде бірге болғанымда сондағы қазақтар туралы әжептәуір мәлімет алдым. Соның бірі қазақ балаларының оқу мәселесі жөнінде болды. Сонда олардың көбісі діни білім алуға көбірек бейім екені, қыз балаларын мектепке мүлдем жібермей, медреседе оқытатынын білдім. Сол жылы Кабул университетінде оқып жүрген бар-жоғы екі білімгер болды. Мен университетке оларды іздеп барып, таныстым. Оның бірі – Әмин Аспан деген жігіт 1980 жылғы ішкі қақтығыстарда қазаға ұшырады. Ал екіншісі Мұхаммед Рафиһ кейінгі жылдары Иранға келіп, бірнеше жыл еңбек етіп, босқындар тізіміне ілініп, Дания еліне қоныстанды. Ол аталған елде абыройлы жұмыс пен тұрақты табысқа қол жеткізген соң бауыры мен жақын ағайын-туыстары мен жекжаттарын сонда көшіріп, ауқатты өмір сүру бағына бөленді.
Ауған қазақтары бірнеше ерекшелікке ие. Олар: 1. Діни білімі заманауи білімдерінен басым болғаны
2. Сауда-саттық жұмысында мол тәжірибеге қол жеткізгені 3. Діни ғибадаттарды орындауға берік болғаны. Осы тұста қажы Сәруәр қарияны мысалға айта аламын. Ол кісі ислам дінінің барлық парызын орындап, ғибадаттарын жасап, қазақы салт-дәстүрді ұстанып, үлкен-кішіні сыйлап, игі тілегін айтып, отбасы мүшелерін адал, жақсы болуға үгіттеп отыратын бауырмал жан. Дін мен дәстүрді тек қана игілікке жұмсауға талпынып жүреді. Дінге беріктігі, қазақы мінезімен өнегелі қария екенін көрсетіп жүреді. 4. Қазақ психологиясына сай бауырмал болғаны 5. Қоғамдық қарым-қатынаста ағайындық байланыстары басты мәйек болғаны 6. Уәде бергенде сөзден аттамай орындаулары сынды артықшылықтармен ерекшеленіп тұратын. Бұл жайында көзбен көріп, құлақпен естіген бір оқиғаны айтып бергенді жөн санаймын. Дос-аға Ғұлам Айдар ата жұртына қайта оралған соң бірнеше жылдан кейін сырқаттанып төсек тартып жатқан күндерінің бірінде туған күйеу баласы Әзиз Сәруерұлын жанына шақырып алып: «Менің бір аяғым көрде тұр, сол үшін мен саған бір аманат тапсырамын. Осы аманатты мен өлген соң орындауыңды сұраймын. Мен Иранда бір кісіге 2 000 доллар (екі мың доллар) қарызым бар. Сен күндердің бірінде менің аманатымды сол кісіге тапсыруға Иранға барып қайтуға уәде етсең, жаным тыныш табады», – деп күйеу баласының уәдесін алған. Әзиз Полат кейін қажы Құлам Айдардан алған қарызын Иранға барып, аталған кісіні іздеп, үйін тапқанда ол кісінің қайтыс болғанын білді. Содан ол кісінің мұрагерлерін іздеп, ұзақ уақыттан соң мұрагерлерін тауып, бастарын бір жерге қосып, олардың өзара келісуімен әлгі марқұм Ғұлам Айдардың 2000 доллар борышын оларға тапсырды. Міне, екі арада жазылған хаттамада болмаса да, сөзбен келісілген уәде осылай орындалды. Әрине, аталған ерекшеліктер сол кезде, сол ортада көрініс тауып тұрды. Өйткені кейін Түркияға көшіп келіп, тіршіліктің жаңа жиегіне қадам басқанда жаңаша қоғамдық-әлеуметтік психологияға ие бола бастады. Жаңа шарттар жаңа буындарды тәрбиелеп, жетілдіре бастады. Сондықтан қазақ дүниесін зерттеу ұзақ уақыт пен мол қаржыны талап етеді. Сондай-ақ ондай зерттеудің берері де мол болмақ.
Түйіндеп айтқанда, ауған қазақтары 1993 жылы Үкімет қолдауымен түгелге жуығы елге оралды. Олардың өте аз саны Түркияда тұрады. Ал ондаған отбасы қазірге дейін Ауғанстанды мекендейді. Олардың елге оралуы біртіндеп өз шешімін табады деген үміттемін. Басым көпшілігі ата жұртында жүрсе де қазақтың әдеби тіліне, жазба тарихына және оқып-жазуға көңіл бөлуге шамалары келмей жатыр.
Ислам ЖЕМЕНЕЙ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы