65134
«Жаңа Қазақстанның» мақсаты – Мәжілістің жұмысын жүйелендіру
«Жаңа Қазақстанның» мақсаты – Мәжілістің жұмысын жүйелендіру
Мұндай кешенді трансформация ең алдымен парламент қызметінде орын алып, мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт! Сондықтан Парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және Президенттің тапсырмаларын Мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топтың құрылғанын ресми түрде жариялаймыз! – деді Жаңбыршин Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттарынан құралған топ Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан әрі тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі екендерін де жеткізген.
– «Жаңа Қазақстан» депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз. Құрметті ағайын! Қазақта «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар! Жаңа Қазақстанның жүгін ұлыс болып бірге көтерейік! Президент бастаған реформаларды саботажға жібермей, аяғына дейін жеткізейік! Баршаңызды, елдің іргесін нығайтуға шақырамыз! – деді Еділ Жаңбыршин. Ол 30-дан астам депутаттың атынан сөйлеп тұрғанын айтты.
Парламент мәртебесі туралы заңда депутаттардың топ құруға құқығы бар екені айтылған. Оның құрамында Парламенттің кемінде он бес депутаты болуға тиіс.
Ал «Жаңа Қазақстан» құрамында 31 депутат бар, олар: Е.Абаканов, К.Абасов, С.Адамбаев, Т.Адамбеков, Б.Әбдіғалиұлы, Ғ.Әміреев, Ж.Әшімжанов, Е.Бейсенбаев, Г.Бижанова, Н.Дементьева, Б.Дүйсенбинов,
Ғ.Елеуов, Д.Еспаева, Е.Жаңбыршин, С.Имашева, А.Қожахметов, Ғ.Құлахметов, А.Құспан, С.Мұсабаев, С.Нақпаев, Қ.Нұр, Е.Саиров, А.Сарым,
А.Ысқақова, Е.Смайылов, И.Смирнова, Ж.Сүлейменова, Ғ.Ташқараев, З.Сүлейменова, Д.Тұрғанов мен А.Хамедов.
«Үй ішінен үй тігу емес»
Топ не себепті құрылды? Нендей мақсат қойып, қандай бағытта жұмыс істемек? Ол жұмыстарды топ құрмай-ақ атқаруға болмас па еді? Топ саяси партияға айналуы мүмкін бе? Осы сияқты сұрақтарға жауап беру үшін топ мүшелері баспасөз мәслихатын да өткізді.
Баспасөз мәслихатына 4 депутат қатысты.
Жиында сөйлеген сөзінде Мәжіліс депутаты Айдос Сарым топтың 3 мақсатқа негізделе құрылғанын айтты. Оның біріншісі – Президенттің модернизация жөніндегі бастамаларын қолдау, екінші – Мәжілістің күшін арттыру және үшінші – аймақтағы өкілетті органдардың жұмысын жандандыру.
– Түпкілікті мақсатымыз мәжілістің жұмысын жаңа бір жолға жаңа бір арнаған бұру, оның ішінде Мәжілістің ашықтығы, Мәжілістің белсенді әңгіме қозғауы, бұл – үлкен мәселенің бірі, – деді Айдос Сарым.
Депутаттардың айтуынша «Жаңа Қазақстанның» өзі үш кіші топтан тұрмақ. Агроөнеркәсіп, экономика және экология жөніндегі бірінші кіші топты Еділ Жаңбыршин, адам құқықтары, қауіпсіздік және құқықтық реформа жөніндегі кіші топты Айдос Сарым, әлеуметтік-мәдени даму және жастар бағытындағы кіші топты Наталья Дементьева басқармақ екен.
– Сайлау туралы заңды жаңалаймыз. Cол кезде өзара сенім қажет. Cондықтан партиялар арасындағы бәсеке болмауы үшін, партиялық жобалардың бәсекесі болмауы үшін кейбір саяси тұлғалармен, саяси партияны құруға ниетті азаматтардың арасындағы осындай бәсекелестік факторын төмендету үшін осындай форматты ұсынып отырмыз, – деді Айдос Сарым.
Сонымен қатар депутат топ құрудағы мақсат «үй ішінен үй тігу» емес, яғни топты саяси партияға айналдыру жоспарда жоқ екенін де мәлімдеді.
Кездесу өтті
Ал 15 ақпан күні Үкіметте Парламент Мәжілісінің «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобымен кездесу өтті. Кездесуге Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов және мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Олар Үкімет пен депутаттық корпус арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа неғұрлым тиімді форматын талқылады.
Вице-премьер Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді сапалы жүзеге асыру үшін Үкімет пен «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы коммуникацияның заманауи құралдарын пайдалана отырып, тұрақты диалог орнату қажеттілігін атап өтті. Азаматтардың барлық сұраныстарына тұрақты кері байланыс режимінде жедел және пәрменді ден қойылуы керек.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым халық үшін маңызды және қажетті бастамалардың айтылғанын, олар толық көлемде жүзеге асырылуы қажет екенін, сайлаушылар Президент белгілеген тапсырмалар бойынша нақты нәтижелер күтетінін атап өтті. Кездесуге қатысушылар депутаттардың өңірлерге шығу қорытындылары бойынша Парламентте бірлесіп, халықты толғандыратын мәселелерді шешу бойынша нақты шараларды талқылап, оларды іске асыру туралы шешім қабылдады.
«Жаңа Қазақстан» депутаттарының мақсаты Мәжілістің жұмысын жаңа бір жолға, жаңа бір арнаға бұру екенін айтады. Депутаттар Үкімет және халықпен ашық әрі жедел кері байланыс орнату арқылы шешімін таппай келе жатқан күрмеулі мәселелерді шешеміз деп сендіріп отыр.