615
Сұрақ көп, жауап аз
Сұрақ көп, жауап аз
Жұмыр басты пенде болғасын кейде ойға беріліп, санаңа салмақ салып, қоғамда болып жатқан өзгерістерге, өмірдегі базбір құбылыстарға зер саласың, зерделеп, сараптайсың. Иә, «Тәуелсіздік алдық, егеменді ел болдық!» деп төс қаққанымызға отыз жылдан асып жығылыпты. Уақыт бір жерде тұрмайтыны айдан анық. Тіпті, осы жылдар ішінде қоғамымызда бүтін бір ұрпақ алмасты емес пе? Жаңа толқын жастардың тәрбиесі, мүддесі, көзқарасы, менталитеті түгелдей өзгеріске ұшырады десек, қателеспейміз. Осы жылдар ішінде біз не ұттық, неден ұтылдық?
Бірінші, көпшілік кеңес заманында негізгі тәрбиелік шара болып саналған идеология мәселесінен сырт қалды. Жастар арасында патриоттық сезім, ұлттық рух, ұлтжандылық, отансүйгіштік көмескеленіп, тым бұлыңғыр болып кетті. Жас ұрпақ дүниеге (ақшаға) жақын болып, «өмірдің мәні байлықта, не болмасын бәрін ақша шешеді» деп қалыптасуда. Өйткені қазіргі мына өмірде дәл солай болып тұр. Қалтаң қалың болмаса немесе жоғары қызметте ағаң-көкең болмаса сенің біліміңе қарап қызметке алып жатқандары шамалы. Қазақтың «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» заманы жанданып тұр. Сондықтан қазіргі біраз жастар болашағына сенімсіздікпен қарайды, тіпті білімді, талантты жастар келешегін болжай алмай шетелдерге кетіп жатқандары жоқ емес. Олар «Күте тұрыңдар, жақсы заман келеді, жұмақ-пейіш күндер болады» деп айтқанымыз қол жетпес арманға, бұлыңғыр ертегіге айналғанын жақсы біледі. Әсіресе, соңғы жылдары шетел асып жатқан білімді, болашағы зор, дарында жастардың саны өсіп кеткені көпшілікті алаңдатады. Шетелдік университеттер де ойлы, білімді, перспективасы бар жастарды өз елдерінде қалдыруға әрекет етіп келеді. Ол мақсат өз жемісін беріп жатыр. Дарынды жастарымыздың біразы сол білім алған елдерінде қызметке қалып, сол елдің экономикасын, ғылымын, өнерін жетілдіруге өз үлестерін қосып жүргені өтірік емес (халықаралық «Түркістан» газетінде олар туралы тартымды мақалар соңғы жылы үзбей жарияланып келеді).
Билік иелері мен байшыкештердің басым көпшілігі бүгіндері ұл-қызарын шетелдік университетте оқытуды үрдіске, сәнге айналдырды. Енді қазір немерелеріне де сол жаққа білім алуға жіберіп жатыр. Олардың арасында елге оралатындары шамалы. Өйткені басқа елдің тұрмыс-тіршілігі бізге қарағанда жақсы, қызықты, тіпті тамаша екенін олар өз көздерімен көріп отыр. Жастар біздің еліміздің болашағына сене бермейді. Сөйтіп олар да өз туған жерінен жеріп, бөтен елге сіңіп, ел-жұртын мүлдем ұмытып, сол мемлекет үшін қызмет етеді. Әсіресе, қыз балаларын бөгде елге оқуға жіберіп, кері қайтара амай жүргендері қаншама? Елге оралмау үшін «соқыр болса да» сол елдің жігітінің біріне тұрмысқа шығып жатқандар саны азаймай, соңғы жылдары, тіпті көбейіп кеткені алаңдатады (әлеуметтік желілерде африкалық азаматтарды «күйдім, сүйдім» деп, басқа елден бақытын іздеп, байға тиіп жатқан қыздарымыз жайлы мәліметтер көбейді).
Бұлбұлдай сайраған шенеунік-шешендердің сөздері өтірік мәліметтерге, статистикаға, цифрларға толы (мысалы, денсаулық сақтау саласын 90 пайызға қағассыз цифрлық салаға аудардық, компьютер мен ғаламтормен 99 пайыз қамтамасыз еттік деген мәлімет және т.б.). Оның ондай емес екенін көріп-біліп отырған, әділдіктің, шындықтың жоқ екенін мына дүрбелеңге толы өмірден көріп жүрген халық неге ашынбасын?
Алысқа бармай-ақ, әкімдердің жылдағы дәстүрлі халық алдындағы есеп-беру жиналысында болып, баяндаманы құлағыңызбен естіп, көзіңізбен көріп, ой елегінен өткізіңізші. Бейне бір керемет жұмақта тіршілік етіп жатқандай сезінесің. Алдын ала дайындалған сұрақтарға, дайын жауап (кейде ғана біреулер дайындалған адамдармен жағаласып, микрофонға қолы жетпесе)... Мұндай есеп беру жиынның көпшілікке не пайдасы бар? Тіпті, сол жиын не береді? Одан халық не ұтады? Кім үшін, не үшін жалған есеп керек? Жоғарыға рапорт беру үшін бе? Халық арасында сенімсіздік содан туады емес пе?
Осыншама дархан, кең жеріміз бар мемлекетіміздің тұрғындар саны 19 миллионнан сәл ғана асып жығылады (кейбір мәліметтер бойынша, көрші Қытай мемлекетінде бір жылда 17 миллион сәби дүниеге келеді екен!). Ойланыңызшы, ауылдарды талақ етіп, көпшілік халықты қалаға әкеліп қамағанымыздан не ұтамыз? Бос қалған кең-байтақ далаларымызға, егіндіктерімізге, көрікті жерлерімізге ертең кім ие болады? Осы Алтайдан Жайыққа дейінгі жерді алып жатқан еліміз тамақ өнімдерін сырттан, яғни көрші елдерден алуымыз ұят емес пе? Неге өзімізді өзіміз нанмен, картоппен, етпен, балықпен, күріш пен тарымен, май мен айран-сүтпен қамтамасыз ете алмаймыз? Оңтүстікте жыл сайын мыңдаған тонна мақта жинаймыз, ол қайда, кімдерге кетіп жатыр? Неге киімді (тіпті, нәски мен шұлықты) сырттан тасимыз? Жүн мен тері өнімдерін неге өзімізде өндірмейміз? Тері мен жүнді керек етпей, тау-тау етіп сай-салаға төгіп, өртеп жатқанымызға не дейміз? Өзімізді өзіміз қолдан кедейшілікке ұрындырып отырғанымыз намысқа тимей ме?
Жыл сайын берілетін Президенттік степендия қазір кімдерге беріліп жатыр? Сараптама жасап көріңізші. Бірен-сараны болмаса кілең елге белгілі, тұрмыс-тіршілігі бар, мүйізі қарағайдай сен тұр, мен атайын деген бақуатты, белгілі тұлғалар. Олардың ешқайсысы кедейшілікке ұрынып, күнін көре алмай отырғаны жоқ. Еліміздің қай түкпіріне бармасын көпшілік алақандарына салып, құрметпен қарсы алып, иықтарына шапан жауып, ат мінгізіп, арқаларынан қағып, ардақтап шығарып салады. Оған тәубе делік. Соларға кеткен мемлекеттік қаржыны неге анау үйсіз-күйсіз, жілік майы шағылып, сіңірі созылып жүрген жас көпбалалы отбасына жәрдемақы ретінде бермеске. Әрине, «ол қаржы кімнің жыртығын жамайды?» дер бәзбіреулер мырс-мырс күліп. Бірақ жоғарыда масайрап, баршасын белден басып, дүние табудың жолына түсіп, миллиондап еңбекақы алып, мына өмірдің рахатын көріп отырғандар «төмендегілерге» де бір сәт көңіл бөліп, көпшілкке қолұшын берсе несі артық? Дүниеге қызыққандар, елдің көз жасына қалғандар ертең неге ұшырарын біле ме екен, сірә?
Кейбір мәліметтерге сенсек, қазір еліміздің тұрғындарының 70 пайызы банктерден несие алып, «шықпа жаным, шықпа» деп тіршілік етіп жатыр екен. Яғни, олар банктердің құлына айналды деген сөз. Қарыздан шыға алмай, күнделікті нәпақасын әрең тауып, есеңгіреп жүрген қалың жұрт несиеге қайтып пәтер алады? Сұрағы көп, жұмбаққа толы бұлыңғыр дүние...
Қоғамдағы жалған мәлімет, жалған сөз сөйлеу, жалған уәде өршіп, болып жатқан қайғылы оқиғаларға немқұрайлы қараудың соңы немен аяқталады?
Ел-жұрттың мүддесін ойламай, майдаланып дүниеқоңыздыққа, тойымсыздыққа, көзбояушылыққа, өтірік ақпар беруге ұрынған арсыз шенеуніктерден елді сақтасын деп тілейік.
...Қазақтың Шерағасы атанған Ш.Мұртаза ертеректе АҚШ-қа жазушы Әкім Таразимен іссапарға бірге барыпты. Нью-Йорктің биік-зәулім қонақүйіне орналасыпты. Таңертең қонақүйдің терезесінен төмен қараған Әкім аға: «Шераға, қараңызшы, мына биіктіктен төмендегі, яки жердегі адамдар құмырсқадай болып қыбырлап көрінеді екен» депті. Сонда сабырлы да салмақты Шерағамыз: «Адамдардың ұсақталғанын, майдаланғанын көргім келмейді», – деп еш қиналмастан, орнынан көтерілмей жауап қатыпты. Түсінген адамға, тіпті кімді болмасын терең ойға қалдыратын шымыр сөз. Қазіргі қоғамымызда, өкінішке қарай, майдаланған, ұсақталған берекесіз көзбояушылар, бос уәде берушілер, тойымсыздар, әділетсіздер, арсыз, имансыз жағымпаз жандар көбейіп бара жатқан көпшілікті алаңдатады. Оған, сірә, заманды кінәлеу дұрыс болмас. Заманды жасайтын адамдар, яғни мына сіз бен біздер емеспіз бе? Ойланатын жәйт...
Өмір кемесі бізді қайда алып барар екен? Лайым, барлығы жақсылықпен аяқталса болғаны...
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Тараз қаласы