1807
Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» мажар тілінде
Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» мажар тілінде
Мажар оқырмандарының сұранысымен қазақтың классик қаламгері Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» деректі толғамы 2013 жылы мажар тілінде жарыққа шықты. Қазақ тарихының сүбелі тұстарын бірегей концептуалды тұрғыда, соны ұстаныммен саралаған берегей сарап тек қазақ оқырмандарына ғана емес, Тұран жұртының рухани сұранысына жауап берген бірегей туынды екені әмбеге аян. Сондықтан да бұл мажар оқырмандарының назарын өзіне аударды. Ақыры, сәтін салып, қаламгердің бұл еңбегін мажар тілінда шығып, жұрттың алқауына бөленді.
Бұл істі қолға алып ұйымдастырған екі елдің байланысы саласында ұзақ жылдан бері сүбелі үлес қосып келе жатқан «Барс» мажар-қазақ қоры. Еңбекті орыс тілінен аударған – Бенкө Михай, жалпы редакциясын басқарған – Гал Андраш. Еңбек мажарша басылымы Мажарстанның көрнекті қайраткері, жазушы, Мажар Парламенті төрағасының орынбасары Лежак Шандор мырзаның алғысөзімен ашылған. Сол пікірді қазақтілді аудиторияға ұсынуды жөн санап отырмыз.
Мажарша басылымға кіріспе
Magauin, Muhtar: A kazah történelem ábécéje. Dokumentumregény [Қазақ тарихының әліппесі. Деректі толғам]. (Budapest, 2013. 206 бет).
Менің айналамдағы үлкенді-кішілі ортада өткен онжылдықтар аясында «Діңінен үзілген тамыр солған шөпке немесе тікенекті арам шөпке айналады» «Szakadt gyökér csak kórót vagy szégyenfát nevel») деген ескертпе, тіпті тәртіпке шақыратын қанатты сөз сансыз рет қайталанған. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында Орта Азия халықтарының поэзиясын тәржімалаумен айналысқан мәртебелі шайырымыз, Кошут атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Буда Ференц Лакителекте* өтіп тұратын туысқан жұрттардың қаламгерлерінің қатысуымен өтетін кештерде бұл дана сөзді жиі тілге тиек ететін. Ресми кездесулерден кейін исі аңқыған шарап көңіл күйге дем берген шақта көңіл шіркін сан қилы шартарапты шарлап, шалғайға орағытып жататын. Мұндай кездесулер менің жан сарайымды астан-кестең етіп, туыс халықтардың байырғы байланысты дәріптейтін іргелі еңбектерді іздеуге қанаттандырды, тереңде бұғып жатқан көне әуен, орамды ой, орайлы сөз өрнегі, мақал-мәтел, жұм-бақ тұспал сөздер ойыма орала беретін.
Менің жарым Тиса дариясының сағасындағы Кіші Құманиядан (мажарша – Киш-Куншаг), құман-қыпшақтар (мажарша-кун) жұртының ұрпағы. Сондықтан құман-қыпшақтардың тарихы мен көне әдет-ғұрыптары бұрыннан қоныстанған халыққа сіңіп араласып кетуінің табиғи нәрсе екенін жақсы білемін. Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты іргелі туындысы менің жеке-дара қызығушылығымды тудыруының басты себебі де осындай ойдан өрбіді.
Менің соңғы онжылдықта жиналған үздік-создық білімім мен тәжірибем енді атақты руханият иесінің қаламынан туған ауқымды деректі романмен толысып, жүйелетінін бек түсіндім. Тарих ғылымының дәйектелген жаңа жаңалықтары мен тұжырымдарына тың көзқарастар мен батыл болжам ұсынып, соны түзетулер енгізуі табиғи жайт екендігі сүйіндірді. Мажарлар қазыналы Шығыстың тумалары екенімізге, Орта Азияда ғұн-түрік тектілердің рухын сақтап отырған туыс, қандас бауырларымыз тұратынына бекер мақтанбаймыз.
Мажар оқырмандарының назарына ұсынылып отырған бұл еңбек біршама өзгеше тың жаңалықтармен таңғалдырады, бұған дейін құпия болып келген беймәлім оқиғалардың, тіпті сан қилы қорқынышты жайттардың бетін ашады.
XIII ғасырда моңғолдардан батысқа қарай қашқан қыпшақтардың немесе құмандардың көпшілігі Мажар Корольдігі жеріне, Альфөлд деп аталатын Үлкен Мажар ойпатына қоныстандырылды. Ол аумақ Киш Куншаг және Нойд Куншаг, яғни Кіші Құмания және Үлкен Құмания деген екі аймақ қыпшақтар мекеніне айналған. Мажар королi тағына, мұрагер де өзінің шығу тегін лақап есім орнына таңдаған IV Кун Ласло отырды. Әсілі ол қыпшақтекті анасы Кун Ержебеттің сойын алды. Жылнамашылардың жазуына қарағанда жаужүрек V Иштван корольдің жұбайы қыпшақ қызы Ержебет нағыз қас сұлудың өзі болған.
Мажар жұртын «екінші татар шапқыншылығы» аталған моңғолдардың жойқын шабуылы 1285 жылы шарпып өтті. Абырой болғанда Кун Ласло король сарбаздары Дунайға дейін ентелеп келген моңғол жасағының бетін қайтарды.
Елдегі он мыңдаған адамдардың сой есімі әлі күнге дейін «Кун» ныспысын арқалап жүргені аталмыш тарихи оқиғаның сорабы болса керек. Айталық, бұл санатта Чортан, Көнчөг, Күчик, Балмаз, Бардоц, Бузогань, Чамас, Чертан, Төртель, Төржөк сияқты сой есімге айналғанын елдегі азаматтық қал-актілерінің мұрағаттары айғақтайды.
Бұған қоса тоқтала кететін тағы бір жайт – құман-қыпшақтар Еуропаның Ресей, Бұлгария, Румыния қатарлы бірнеше елінде қоныстанғанымен, тек Мажарстанда ғана Еуропадағы қыпшақ тілінің шынайы ескерткіші сақталып қалған, Жаратушы иеге жалбарыну дұғасын «Кун миатьианк», яғни «Құман-қыпшақ – біздің аталарымыз» деп атайтыны. Оның бірнеше нұсқасы өзгеше әңгіме. Мажарстандық құман-қыпшақтардың тікелей туыс-қандастары қазіргі кезде Қазақстан тұрғындарының бір іргелі тайпасы қышпақтар ғана емес, этносты құрайтын ең іргелі компонент екені тарихтан белгілі. Мажарстандық құман-қыпшақтардың жайына келсек, олардың байырғы түркі тілі ұмытылған, қазір мажар тілінде ғана сөйлейді; дегенмен, олардың шығу тегі айқын және дала халықтарын тән біршама әдет-ғұрыптары сегіз ғасырдан астам уақыт бойы сақталып келеді. Өйткені оған өткен ғасырдың ортасына дейін құман-қыпшақтардың басым бөлігі мал өсіруден қолын үзбегені себеп болғандай. Олардың арасынан бірқатар айтулы түркологтар шыққан. Карцагтың тумасы Мандоки Қоңыр Иштван 1970 жылдардың ортасынан бастап Қазақстанға жүйелі түрде барып-келіп тұратын. Онымен арадағы сырларымыз бен әңгімелерімізді сағынышпен еске алсам, ол құмандар мен қыпшақтардың, шынтуайтында, құман-қазақ туыстығына әсіре ден қоятын. Ол совет заманында қазақ санасын ояту, қазақ ана тілін сақтау жолында қолынан келгенінше көп нәрсе тындырғаны менің жадымда. ХХ ғасырдың 70-жылдары қазақ зиялыларының көпшілігі бір-бірімен тек орыс тілінде қатынасатын. Совет заманындағы қоныстандыру мен қазақ халқының үлесінің күрт кемуіне байланысты өз жерінде республикасы тұрғындарының алпыс пайызын өзге ұлт өкілдері, көбіне орыстар басты. Қазақ халқы солып, қурап бара жатқан халықтардың тағдырын кеше ме деген алаңдаушылық болды. Мандокидің Қазақ радиосындағы, теледидарларындағы сұқбаттары мен газеттеріндегі жазбалары бүкіл қазақ журналда жарияланғандары көп адамға ой салып, оларға өз ана тілінде сөйлеуге, отансүйгіштік пен ұлттық өзіндік сана-сезімін сақтауға шақырғандай әсер қалдырды. 1992 жылы Махачкалада қапелімде көз жұмған Мандоки Қоңыр қазақ топырағынан Алматыдағы Кеңсай зиратынан мәңгілік мекен бұйырды, онда қазақстандық көрнекті қоғам қайраткерлері, суретші, жазушы, ғалымдармен бірге мәңгі ұйқыда. Алматы қаласында көше, мектеп-гимназия Қоңырдың есімімен аталады.
Өзім басшылық жасайтын Лакителек қоры бірнеше жыл бұрын Мандоки оқып-үйрену мектебін (коллегиум) ұйымдастырды. Оның жұбайы қазақ қызы Оңайшамен бірлесе, байырғы құман-қыпшақ салт-дәстүрлерін қалпына келтіруге күш салып жатырмыз. Оңайша 1970-1980 жылдары күйеуі екеуі жазушы әрі ғалым Мұхтар Мағауинмен жақсы байланысты болғаны туралы әңгімеледі. Мандоки Қоңыр өмірінің соңына дейін көп томға жүк боларлық роман мен зерттеу жазып, қазақ тарихын әспеттеген жазушымен етене сыйластықта болған. Олардың мұратының тоғысқан тұсы қазақылықты ояту жолындағы күрес төңірігенде өрбіген көрінеді. Түрік халықтарының рөлінің бүкіләлемдік маңызы және олардың тілдік, мәдени және тарихи ескерткіштерін қорғаудың маңызы туралы көзқарастары тоғысқаны айқын. Үлкен жүректі, кемел руханият иесі Мұхтар Мағауин өзінің қандас түркітекті бауырларын ғана емес, мажарларды да өте жақсы көреді. Сондықтан да ұлдарының біріне Мадияр деп есім беруі тегіннен тегін емес.
Мажарстанда мүлдем жоғалып кеткен «жыраулар поэзиясының» [«regős költészet»] ауыздан-ауызға таралып, күллі қазаққа батыр бабаларының тарихы мен ерліктерін жадында тұтуға қызмет еткен тамаша үлгісін қазақтың көп баласының білетіні таңғалдырмай қоймайды. Сонымен, тамырларынан ажырамаған, қазақ халқының қайсарлығының арқасында, бар апаттарды артқа тастаған елдің нығметі мен берекесіне дем берген туынды Мұхтар Мағауиннің еңбектері екенінде дау жоқ.
Жетпіс жыл қысымға төтеп берген тамаша құндылықтар, жекпе-жек ойындары, ат спорты мен бәйге жарыстары Қазақстанда тіптен танымал болып келеді.
Біздің мәдени және тарихи қатынастарымыз арамызды өте жақындастыра түсуде. Қазақтар мажарларды ең батыстағы қазақтар десе, мажарлардың айтуы бойынша, қазақтар – ең шығыстағы мажарлар. Еуропадағы көшпелілер мәдениеті мен салтанатына арналған ең үлкен дәстүрлі іс-шара есебіндегі екі жылда бір рет өткізілетін ғұн-түрік текті халықтардың әскери-мәдени шеруі – Құрылтайда, мажар топырағында, Бугац өңірінде классик қаламгер Мұхтар Мағауинмен кездесіп әңгімелесудің бақыты бұйырды.
Қазақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Мажарстанға жасаған сапарында өзінің құрметіне арналған салтанатты дастарқанда: «Еуропаның тарихы мен дәстүр-санасы жағынан қазаққа ең жақын жұрт мажарлар екені белгілі. XIII ғасырда қыпшақ тайпаларының бір бөлігі сіздердің елдеріңізге қоныстанды және оның дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бүгінде Мажарстанның жүз мыңға жуық тұрғыны өздерін қыпшақтардың ұрпағымыз деп таниды. Мажар зерттеушілері қазақтың мадияр руы мажарлардың жақын туысы болып шығуы мүмкін деген болжам жасады. Бұл – біздің мәдени-гуманитарлық қатынастарымызды одан әрі дамытудың маңызды негізі. Бүгін сіздермен бір тілде – достық пен сенім тілінде сөйлесеміз. Белгілі болғандай, бізде ортақ сөздер, мағынасы дәлме-дәл келетін мақал-мәтелдер де көп. Мәселен, қазаққа да, мажарға да ортақ мақал бар: «Болатты сындырудан гөрі оны майыстыру оңай». Бұл біздің халықтарымыздың қайтпас рухы тәуелсіздігіміздің берік негізі болып қалады».
Сіздерге тартымы мен тағылымы ерекше еңбекті ұсына отырып: «өткен уақыт – мықты тамыр, одан бүгін және болашақ туады» дегенді айтқым келеді.
Лежак Шандор – Мажарстанның көрнекті қайраткері, саясаткер,
жазушы, драматург, ақын
Лакителектің бүгінгі келбеті Мажарстанның көрнекті қайраткері, ақын, драматург Лежак Шандордың қызметімен тікелей байланысты. Ол әлемдегі ең үлкен этнофестиваль санатындағы «Тұран Құрылтайы» өтіп тұратын Бугац елді мекеніне және Бач-Кишкун аймағының орталығы Кечкемет қаласына жақын орналасқан. Лакителек атты ауылда еңбек жолын бастаған Лежак Шандор әдеби, мәдени өмірдің қайнаған ортасында шыңдалумен қатар шығармашылығын бір сәт те толастатпаған қаламгер. Қызыл жүйенің қысымына қарсы әдеби, мәдени қауымның басын біріктірген ортада Лежакты қазаққа етене жақын Мандоки Қоңыр, Келемен Андраш сынды жүздеген мықтылармен тоғыстырды. Өткен жылы 70 жасқа толу құрметінде қайраткерді құттықтауында мажар үкімет басшысы Орбан Виктор, жаңа кезеңдегі саяси ұйымның негізін қалау Лежак үйінің ауласында жүрілгенін атап өтті. Яки, 1987 жылы Мадияр Демократиялық форумы атты саяси ұйымды құрушылардың бірі болған...
Сан алуан жанрда қалам тербейтін Лежак қаламынан тарихи тақырыптардағы туындылары – рок опера, драмалары, өлеңдері жоғары бағаланды. Әсіресе, «Аттила – Құдайдың қамшысы», «Аттила ұлы Чаба патшазада» сынды туындыларының болмысы өзгеше, кесек еңбектер.
Мажар парламентаризмнің жаңа тарихында елеулі орны бар Лежак Шандор мырза Парламенттің вице-спикері қызметін атқарумен қатар, Лакителекте қор құрып, ағартушылықты мықтап қолға алған. Онда Халық институты атты білім беру орталығы мажарлар мен шығыс халықтарымен арадағы сан қырлы туыстықты насихаттау, әдебиетін таныту ісімен дендеп айналысады. Жыл сайын қазақ тілінің жаздық университеті жұмыс істейді. Елдегі алуан түрлі білім беру, әдеби, мәдени шаралардың басы-қасында Лежак Шандор мырза ұйытқы.
Лакителекте бой көтерген Хунгарикум паркі – жасампаз істердің ордасы. Ол мәдени, сәулет, білім беру, сауықтыру орталықтарын қамтитын бірегей, өзгеден одағай ірі кешен. Әйгілі мажар сәулетшісі Маковец стилінде бой көтерген сәулетті кешендерге қоса киіз үй қалашығынан, сан ондаған мүсіндерден құралған ашық аспан астындағы интерактивті мұражай іспетті. Аумақта ғалым, өнеркәсіп, аграр, руханият саласының таңдаулы мажар қайраткерлерінің мүсіндері бой көтерген. Оның бір тобы бауырлас халықтардың көрнекті ойшылдарына арналған. Оның қатарына биыл ұлы Абай ескерткіші қосылды. Бұл Мажарстандағы Абайға арналған екінші ескерткіш, біріншісі Будапешт қаласының орталық саябағында Астана көшесіне жақын жерде.
Лежак ШАНДОР,
жазушы, Мажарстан парламентінің вице-спикері
Лежак Шандордың туындылары: Жыр жинақтары: «Тымық түн» (1983), «Қара бұлт, шөпшай» (1988), «Құтқарушыны көруге кеткен серіктер» (2015), «Миси, мылтық және кебенек» (2018) Драмалары: «Аттила ұлы Чаба патшазада» (2017), «Сексен шелек ауа» (1988) Рокопера: Сөреньи Левентемен бірге «Аттила – Құдайдың қылышы» (1993) Саяси публицистикалары: «Саясаттағы мектеп» (2007), «Әнұран сыртынан және ішінен» (2012, Петер Спангелмен сұхбат), «Тот басқан пышақтарға қарсы» (2018) Музыкалық өлеңдер: «Жүзжылдыққа ән» (2016, Әншілер ансамблі) Балаларға арналған жырлары: «Түс мектебі» (2016, Мартон Летайдың суреттерімен)