Президенттің жалғыз тірегі – халық

Президенттің жалғыз тірегі – халық

Президенттің жалғыз тірегі – халық
ашық дереккөзі
50252
Президент Тоқаевтың «Қазақстан» ұлттық арнасына берген сұхбаты ең алдымен ел аудиториясына арналды. Біздің ойымызша, Президент сұхбатында қаңтар басында елімізде орын алған, соңы орны толмас қанды қасіретке ұласқан халық толқынысына байланысты пайым-ойларын халықтың ой-талқысына салды деуімізге болады. Бұрнағы жылдары осындайда Ел басшысы сөйлеген кездері өре түрегеліп, ду шапалақ ұрып, келсін-келмесін «қолдап» шығатын жалпы қоғамдық психологиялық ахуал-әдеп қалыптасқаны белгілі. Ел аузында «қанды қаңтар» атанған оқиға, оның себебінен туындаған әлеуметтік-гуманитарлық жағдайлар әрбір саналы, ары таза азаматтарға ой салып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, осы бір халқымыздың басына ауыр сын сағаты түсіп тұрған заманда жадағай арзан қолпаштан гөрі, салиқалы сындарлы ой-көмегімізді жасай алсақ, ел-мемлекет мүддесіне қызмет қылғанымыз болмақ. Осы сұхбат барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көптің көкейінде жүрген өткір сұрақтар қойылғанына жұртшылық куә болды. Ең алдымен, Қазақстан Республикасының азаматтарының заңды құқықтарының сақталуына кепілі болып отырған Президент  осы  қағиданың бұлжымай орындалатынына, азаматтардың әрбір ісі мұқият қаралып,тексерілетініне кепілдік берді. Ең бастысы, бейбіт шерушілер мен бұзақылық жасағандардың аражігін, ақ-қарасын анықтауға тиісті орындарға тапсырма бергені, түрлі қоғамдық зерттеу-тергеу комиссияларының жұмыс жасауына мүмкіндік берілгені  жөніндегі мәлімдемелері де жұртшылықтың көңіліне қонымды болып шықты деп санаймын. Президент қаңтардағы халық толқынысының өзегінде отыз жыл ішінде қалыптасып қалған әлеуметтік теңсіздіктің, аз ғана ат төбеліндей олигополиялық топтың ел байлығын жеке-дара иеленіп алуының салдары жатқандығына назар аударды. Бұл қайғылы жағдай Қазақстан халқының барлық әлеуметтік топтарына, соның ішінде өзіне де ащы сабақ болғанын ашып айтты. Біздің ойымызша, Ел басшысының осылайша арыла сөйлеуі – жаңа саяси басшылық стилінің бастамасы деп болжауымызға болады. Қаңтарға дейінгі Қазақстан қоғамында түбі жақсылыққа алып келмеген басшы болған адамды асыра мақтау, мадақтау сияқты рухани кесел, өкінішке орай,  зиялы қауым арасында әлі де орын алып отырғанын мойындаумыз керек. Осы ретте тілші Қасым-Жомарт Тоқаевтың ата-анасы туралы естелік кітабы бойынша бір пысықайлардың  фильм түсіруге жанталасып жатқаны туралы да сұрақ қойған кезде, Президент өзінің бұл тірлікке еш қатысы жоқ екендігін ашық айтты. Осы орайда, біздің ойымызша, биліктегі адамның зиянды культін тудыратын, қоғамға үлкен кеселді іс жасайтын осындай жарамсақ мінезді адамдар болса керек. Меніңше, осындай қоғамдық мінез-құлықтан арылған кезде ғана бізде жоғары сападағы азаматтық қоғам қалыптастыруға  жол ашылады. Саясат – тарихи дамудың  белгілі кезеңіндегі  шынайы іс-әрекеттің мүмкіндігі ғана. Президент Қ. Тоқаевтың ҰҚКҰ әскерін елге кіргізу туралы шешімі қоғамда көп талқысы мен сынына ұшырағаны аян. Алайда, Президент бұл жағдай аса ауыр саяси дағдарыс салдарынан туындағанын, ол күштердің елге бірде-бір оқ атпай, тек стретегиялық нысандарды бақылау-күзетке алып, лаңкестік күштердің бетін қайтаруға сеп болғанын атап өтті.  Осыдан сын сағаты туғанда Президентті қолдайтын нақты күштер мен кадрлардың болмауы айқын көрінді. Оның басты себебі – мемлекеттік қызметтегі кадрлардың көпшілігі Назарбаев дәуірінің кадрлары. Бұл жағдайды Президент жақсы түсінеді, осыған байланысты жаңа кадрлар резервін дайындап жатқаны да белгілі. Мұны ішкі саясаттағы оң құбылыс деп білемін. Тек, бұған біздің алып-қосарымыз, мемлекеттік қызметке жастарды, жаңа кадрларды көптеп тартуды Президент батыл жүргізген сайын, халықтың Ел басшысына, оның реформаларының нәтижелі болатынына сенімі молая түсер еді. Қаңтардағы халық толқынысынан кейін ел-жұрт Қ. Тоқаевтан жедел әрі түбегейлі өзгеріс-реформаларды талап етуде. Қазақстан қаңтардан соң зор қозғалысқа келді. Жұртшылық арасында түбегейлі саяси- әлеуметтік өзгерістерді қысқа уақыт ішінде күту феномені пайда болды. Отыз жылдық қатаң авторитарлық билік дәуірінде жиналып, қордаланып қалған проблемалардың салдарынан халықтың билікке деген сенім-кредиті азайып отырғанына сергектікпен қараған жөн. Сол себепті де, Президенттің саяси реформаларды күзде емес, қазақтың жыл басы – Наурыз айында жариялаймын деуі де осыны меңзейтін сияқты. Еліміздегі түрлі саяси күштер реформалардың түрлі нұсқаларын ұсынуда. Біздің ойымызша, мыңнан астам түзетулер енгізілген 1995 жылғы Конституция өзінің маңыздылығын жойып тынған сияқты. Елдегі реформалар Конституциялық заң аясында, халықтың кең қолдауына ие болсын десек, бұрынғы Парламент депутаты Серік Әбдірахманов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Балташ Тұрсынбай, Рысбек Сәрсебай сияқты белгілі саяси беделді тұлғалар ұсынып отырғандай, 1993 жылғы Конституцияны қалпына келтіргеніміз жөн. Біздің ойымызша, Президент билікке келген сәттен бастап қолға алынған реформаларды халық ішінен іріктеліп шыққан жаңа лидерлердің көмегімен жүзеге асырудың мүмкіндіктері туып тұр. Ол Президент жанынан құрылған «Қоғамдық Кеңес» құрамын жаңалау, кеңейту қажет деп санаймыз. Тіпті АҚШ-та «Ұлы депрессия» кезінде Президент Рузвельт ерекше өкілдік берген «Экономикалық кеңес» органын құрған болатын. Қоғамдық Кеңес жұмысының табысты болуы оның сапалық құрамы мен нақты өкілеттіктеріне тікелей байланысты. Президент Қ. Тоқаевқа ескіден мұраға қалған, жеке мүдделері капиталмен астасып кеткен консервативті кадрлармен «Жаңа Қазақстанның» реформаларын іске асыру қиын. Сондықтан өкілеттіктері кеңейтілген,сапалық құрамы жаңартылған «Қоғамдық Кеңес» реформаларды пәрменді түрде жүзеге асыруға қабілетті тетік болары сөзсіз деп білемін. Тарихта Еуропаны алғаш рет күшпен біріктірген Наполеонның жұлдызының тая бастауының себебі, оның өмірбаяншыларының жазуына қарағанда, қасында мынауың қате деп айтатын бір адам болмай, шылғи мадақшылар қалған тұстан басталды деседі... Мықты саяси тұлға ешқашан да сындарлы сыннан да, саяси бәсекеден де қорықпайды, керісінше, оны қоғам, халық үшін үлкен нәсіп пен береке деп түсінеді.  Қазақ халқы – ежелден еркіндіксүйгіш өр халық. Халықтың ішінде қаншама қажырлы, еңбекқор, дарынды адамдар бар. Президент Қ. Тоқаев өз сұхбатында айтып өткендей, «Халық – мемлекет үшін емес, мемлекет – халық үшін» қағидаты үстемдік құруы керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді  дана халқымыз. Осы бір ел тағдыры таразыға түскен уақытта ұлтымыздың жасампаздық потенциалын іске қоса білу арқылы ғана жоғары сапалы экономикалық әлеуетке, билік пен қоғам арасындағы гармониялы қоғамдық келісімге келуге болатыны айдан анық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, бұрынғы қоғамдық келісім қаңтардағы халық толқынысынан соң, өзінің саяси маңызын толықтай жойды. Ендігі жерде Президент  Қ. Тоқаевтың  саяси миссиясы, ол - жаңа қоғамдық келісім жасау арқылы қысқа мерзім ішінде жігерлі саяси-экномикалық реформаларды іске асыру. Жаңа қоғамдық келісім болашақта Қазақстандағы билік пен ұлттық байлықтың бір қолға түсіп кетпеуінің, халық теңдігінің, бақуатты өмірдің бірден-бір кепілі болады деп білеміз. Қазақстанның болашағы зор да жарқын екендігіне бүгінгі таңда әр қазақстандықтың үміт-сенімі мол. Осы мақсатты реформаларды жүргізудегі Президент Тоқаевтың басты тірегі де, одақтасы да тек өз халқы.

 Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті

Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру кафедрасының аға оқытушысы,

тарих магистрі

Серіктес жаңалықтары