2082
Өзгерістер қарсаңында
Өзгерістер қарсаңында
18 ақпан күні партия Төрағасы Қ.Тоқаев кезектен тыс XXII съезді 1 наурызда өткізу туралы шешім қабылдады. Съезде партия жұмысын жаңғырту талқыланбақ.
1 наурыз – «Nur Otan» партиясының құрылған күні. Биыл партияның құрылғанына 23 жыл толып отыр.
Партияның құрылу, қалыптасу тарихына үңілсек, 1999 жылғы 1 наурызда жаңа партияның І құрылтай съезі өтіп, онда Тұңғыш Президент партияның Төрағасы болып сайланды. Одан бөлек, Саяси кеңес пен Орталық тексеру комиссиясының құрамдары бекітіліп, партияның Жарғысы қабылданды. Сондай-ақ съез делегаттары «Отан» республикалық саяси партиясы, Қазақстанның Халықтық бірлік партиясы, Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан либералдық қозғалысы және «Қазақстан-2030 үшін» қозғалысының бірігуі туралы резолюцияны қабылдады.
Осы жылы 18 тамызда «Отан» РСП-ның кезектен тыс II съезі өтті. 2000 жылғы 4 қаңтарда «Жас Отан» Жастар қанаты құрылды. Содан бері партияның жастар қанаты елдегі жастар саясатына белсене араласып келеді.
2001 жылғы 20 сәуірде «Отан» РСП-ның III съезі өтіп, партияның доктринасы қабылданды.
2002 жылғы 9 қарашада «Отан» РСП-ның кезектен тыс IV съезі өтті. Съезде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2003-2005 жылдарға арналған партиялық бағдарлама бекітілді. Қазақстанның Халықтық-кооперативтік партиясы, республикалық саяси Еңбек партиясы «Отанның» құрамына кірді.
2005 жылғы 31 мамырда «Отан» партиясы Орталық аппараты Алматыдан Астанаға көшті.
2006 жылғы 4 шілдеде «Отан» РСП-ның кезектен тыс IX съезі өтіп, «Асар» партиясымен бірікті.
Осы жылғы 22 желтоқсанда «Отан» РСП-ның кезектен тыс Х съезі өтіп, Азаматтық және Аграрлық партиялар қосылды. Сонымен қатар «Отан» РСП-ның атауы «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы болып өзгертілді.
2007 жылғы 11 қыркүйекте «Nur Otan» ХДП-ның Парламентаризм институтын құру (қазіргі – «Нұр Отан» ХДП-ның Стратегиялық бастамалар институты) бастамасы көтерілді.
2008 жылғы 3 наурызда партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес құрылды, 14 мамырда «Жас Отан» Жастар қанатының I съезі өтті. Ал 25 қарашада партияның Орталық аппаратының Партиялық бақылау комитеті құрылды (қазіргі – Партиялық бақылау қызметі).
2010 жылғы 26 мамырда «Нұр Отан» ХДП-ның Жоғары партия мектебі құрылды (қазіргі партияның Саяси менеджмент академиясы)
2011 жылғы 12 қаңтарда «Қазақстан – 2020» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы құрылды (қазіргі – «Қазақстан 2050»).
2013 жылғы 18 қазанда «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс XV Съезі өтті. Партия доктринасын қабылдау. Партия ребрендингі «Нұр Отан» ХДП атауын «Нұр Отан» партиясына ауыстыру болды.
2019 жылғы 27 ақпанда «Nur Otan» партиясының XVIII съезі өтті. Партияның 2030 жылға дейінгі «Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасы қабылданды.
23 сәуірде «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезі өтті. Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының атынан Президенттікке кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынып, оны 623 делегат бірауыздан қолдады.
21 тамызда Партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жандандыру бағдарламасы жарияланды.
2020 жылғы 25 қарашада «Nur Otan» партиясының ХХ съезі өтті. Партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды.
11 желтоқсанда «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» Жастар қанатының V съезі өтті. Жастардың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған 2025 жылға дейінгі «Jastar Otanga» бағдарламасы қабылданды.
23 қарашада «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы. Партия Төрағасы «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жария етті.
Партияның кезектен тыс ХХІ съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия Төрағасы болып бекітілді.
– Еліміз дамудың өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, «Nur Otan» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды ұйыстыру жұмыстарына кірісуге дайындықты білдіреді. Осы ретте мен Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік беремін. Менің конституциялық міндетім – барлық билік тармағының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету. Әрине, бұл жағдайлар Президенттің кез келген партия мен қозғалыстардың қызметінен белгілі бір дәрежеде алшақтауын талап етеді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім осы жылдың ішінде, «Nur Otan» партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз. Мемлекет басшысының тең қашықтықтағы мәртебесі саяси реформалардың ауқымды топтамасында біржола бекітілуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2021 жылғы 31 қаңтар күні партияның Саяси кеңесінің қаулысымен (Жарғының 9.4. тармағына сәйкес) «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының жаңа құрамы жасақталды.
2022 жылғы 2 ақпан күні «Nur Otan» партиясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен партияның Атқарушы хатшысы болып Асхат Оралов тағайындалды.
Ал 18 ақпан күні партия Төрағасы Қ.Тоқаев кезектен тыс XXII съезді 1 наурызда өткізу туралы шешім қабылдады.
Партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов еліміздің барлық өңірінде Саяси кеңес отырысы өткенін, олардың қорытындысы бойынша кезектен тыс XXII съезге 399 делегат сайланғанын хабарлады. Сонымен қатар съез онлайн форматта өтетіні белгілі болды.
Съезде партия жұмысын жаңғырту талқыланбақ. Осыған байланысты кезектен тыс съезден не күтетіні туралы сарапшылардың пікірін білген едік.
Расул
ЖҰМАЛЫ,
саясаттанушы:
Партияға
жан бітіру, халыққа жақындату мәселелері күн тәртібінде тұр
– Партияның өткен жолғы кезектен тыс съезінде жаңа Төраға сайланып, Саяси кеңестің құрамы қайтадан жасақталған болатын. Басшылық ауысып, партия жаңарып жатыр. Мұның барлығы – қаңтар оқиғасынан кейін болған өзгерістер. Ал осы 1 наурызда өтетін кезектен тыс съезде мәселелердің шешімі ретінде нақты бір жауап берілмек. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтты. Біз Жаңа Қазақстанды құруға бет алдық. Көптеген мәселе қордаланып қалған еді. Осындай үлкен дағдарысқа әкеліп соққан себептердің біразы әлі сақталып отыр. Әлеуметтік-экономикалық мәселелер, ел байлығының халыққа теңдей бөлінбеуі, солайша жалғаса береді.
Одан бөлек партияның өзі де талай нәрсені уысынан шығарып алды. Халықтың билеуші партияға деген сенімі де жоғары емес. Енді осы сенімді қайтару мәселесі бойынша бірқатар тың шешім қабылданатын шығар деп үміттенемін. Бұған дейін де бірталай ұсыныс болды: партияға өзгеріс керек, атын өзгерту керек, жаңадан партия құру керек деген сияқты. Менің ойымша, Президент осындай мәселелерге жауабын берді. Қызбалыққа салу, асығыс шешім қабылдау артық қыламын деп тыртық қылуға әкеп соғады. Сондықтан менің ойымша, съезде ұстамды әрі нақты, қажетті шешімдер қабылданады.
Ұнасын-ұнамасын, мойындау керек, қазір саяси алаңдағы күштердің ішіндегі бірегейі, ықпалдысы, ұйымдастырушылық мүмкіндігі бары – жалғыз «Nur Otan». Мұны мойындау керек.
Басқа саяси партиялардың аты бар, заты жоқ: әлі толыққанды қалыптасып үлгермеген. Олар да кереметтей бір халық сеніміне ие деп айта алмаймыз. Осындай жағдайда «Nur Otan»-ның орны бөлек. Жалақы төленбей жатса, дағдарыс болса, ешкім «Ақжолға» бармайды, ешкім «Ауыл» партиясына бармайды, барлығы арызын, базынасын «Nur Otan»-ға айтады. Енді осы партияға жан бітіру, халыққа жақындату сияқты мәселелер күн тәртібінде тұр. Нақты қандай ұсыныс болатынын болжамай-ақ қояйын, бірақ нобайы түсінікті. Саяси-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық. жағдайды халыққа қызмет етуге бағыттау, олигархтардың ақшасын халыққа бөліп тарату ғана емес, жалпы халықтың жағдайын оңалтудың мүмкіндіктерін қарастыру сияқты маңызды мәселелерге басты назар аударылады. Нақты қалай боларын 1 наурызда көреміз.
Динар НӨКЕТАЕВА,
Сенат депутаты:
Партиядағы құрылымдық өзгерістер жалғасын табады деп ойлаймын
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
1 қаңтар күні Мәжілісте сөйлеген сөзінде саяси реформалар жасалатынын және осы бағытта жұмыс істеліп жатқанын айтқан болатын. Партияда, Парламентте құрылымдық өзгерістер болатыны да айтылды. Сол өзгерістер басталып кетті деп ойлаймын, жүйелі түрде жүзеге аса бастады. Мәселен, Мемлекет басшысы партия Төрағасының бірінші орынбасары деген қызмет Атқарушы хатшы деген лауазымға ауыстырылатынын айтқаны есте. Сол айтылған мәселе орындалып, партияға жаңа Атқарушы хатшы тағайындалғанын өздеріңіз де білесіздер.
Енді алда партиядағы құрылымдық өзгерістер жалғасын табады деп ойлаймын. Реформалар күтіп тұр. Енді нақты қандай өзгеріс болатынын алдын ала болжамай-ақ қойған жөн, әлі ертерек деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы берген тапсырмалары және партияның бағдарламалары мен жоспарлары, сонымен қатар Үкіметтің «орындалды» деп берген есебі шын мәнінде толығымен орындалды ма, орындалмады ма деген сияқты мәселелер де кезектен тыс съезде көтерілетін болар деп ойлаймын.