Студенттік шақтан сөз зергеріне дейін
Студенттік шақтан сөз зергеріне дейін
Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың студенттік шағынан бір үзік сыр
2011 жылдың ақпанында жазған шығармалары арқылы әрі белсенді қоғамдық позициясымен қалың қазаққа кеңінен танымал тұлғаға айналып, шын мәнінде халық жазушысы атағына сай қаламгер болған Әзілхан Нұршайықов дүниеден өтті. Сол бір күндерде университетіміздегі архив бөлімінің меңгерушісі Меруерт Түсіповамен әңгімелесіп отырып, қайтыс болып кеткен. Әз-ағаңды да сөз еткен едік. Осы бөлімде көптеген жылдар бойы қызмет істеп келе жатқан Меруерт сөз арасында мен мүлде ойламаған бір жәйды тілге тиек еткен еді. Ол бір кездегі студент Әзілханның архив қорында жатқан жеке ісі туралы болды.
Әз-ағаңның өмірбаянынан ол кісінің заманында қаламыздағы пединститутта оқығанын білетін едік. Алайда бұл іс біздің университетіміздің қорына қалай түскен деген сұрағымызға бас архивариусымыз:
– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында нарық заманының талабына орай оңтайландыру деген желеумен Семейдегі үш институтты (педагогикалық, зоотехникалық-малдәрігерлік, технологиялық – Ө.С.) біріктіріп, «Семей» атты университет құрылғанын білесіз. Оған кейін Шәкәрім Құдайбердиев есімі берілді. 2004 жылы пединститут қайтадан бөлініп шыққан болатын. Ал ескі жеке істер біздің қорда қалды. Егер қызығушылық танытсаңыз сізге Әзілхан ағаның жеке ісін беруге болады, –деген еді. Мұндай жағдай, әрине, менің қызығушылығымды тудырды. Өйткені сонау жастық шақтан Ә.Нұршайықовтың жазғандарын жата-жастана оқыған, сүйікті жазушы, журналист ретінде сыйлайтын тұлға болғандықтан қалай бейжай қаласың. Оның үстіне 2007 жылы баспадан шыққан «Мұхтар Әуезов және спорт өнері» деген кітабымды Алматыға, үйіне жібергенде, ол туралы пікірін «Семей таңы» газеті арқылы білдіріп, жылы лебіз танытқан адам болса. Ол мен үшін мүлде күтпеген жағдай болған еді. Ал Әз-ағамен бірінші де әрі соңғы рет Семейге – Шәкәрімнің 150 жылдығын мерекелеуге келгенде кездесіп, аз-кем сұхбаттасып, фотоға да түскен едік. Айтылған жағдайдан кейін іле-шала рұқсат алып, архивте жатқан жазушының жеке ісімен танысудың сәті түскен болатын. Студент Ә.Нұршайықовтың іс-қағаздары, құжаттары ғалым ретінде менің расында қызығушылығымды тудырды. Сондықтан ондағы қағаздардың түгелге дерлік көшірмесін жасаттым. Ендігі мәселе жазушының шығармаларында, күнделіктерінде Семейдегі студенттік өміріне қатысты қандай жағдайлар айтылғанын анықтап алу мәселесі туындады. Өйткені Ә.Нұршайықов жәй жазушы емес, роман, повесть, әңгіме және мақалалар жазумен ғана шектелмей, үзбей күнделік жүргізіп, өткен-кеткенін бүге-шігесіне дейін жазып кеткен адам. Оны біз өз айтқандары мен жазғандарынан байқап жүретінбіз. Сондықтан біраз әдебиетті ақтарып, ізденуге тура келді. Соның ішінде студенттік шағы туралы деректер жазушының қомақты бір кітабында ( «Жеңіс» сериясы. Ә.Нұршайықов. Әскери күнделік. 1-ші кітап. Алматы: Өнер баспасы, 2010, 559 бет.) айтылады екен. Осыған орай Әзекеңнің тарихи мәні бар жеке ісін қолға алып, зерттеу және зерделеу барысында осы кітаптағы деректермен байланыста, салыстыра отыра баяндағанды жөн көрдік. Алдымен жазушының кітабынан бастайық. Онда жасөспірім Әзілхан өзінің 1938 жылы «Ақбұзау» орталау мектебінен жетінші класты барлық сабақтан (тек физкультурадан төрт алыпты – Ө.С.) өте жақсы деген бағамен бітіргенін жазыпты. Алған мақтау грамотасының көшірмесі басылыпты. Сол жылы Алматыға барып, кен-металлургия институты жанындағы рабфакқа емтихансыз түсіп, орыс тілінде оқып (бұл жерде қазақ мектебін бітірген оған орыс тілінде білім алу ауыр соққанын атап кетіпті – Ө.С.), бірінші курсын бітірген соң Семейге келіп, қолындағы рабфактан алған анықтама бойынша емтихан тапсырып, Казпедучилищенің екінші курсына қабылданады. Одан ары автордың күнделіктегі жазған сөздеріне назар аударайық: Ә.Н.: 28 август. Семейге келдім. Біздің қазақ педагогикалық училищесі Семейден Аягөзге көшетін болыпты... Студенттер қозыдай маңырап жүр: біреулер сонда кетіп жатыр, біреулердің барғысы келмейді. Барғысы келмегендер документтерін алып жатыр. Мен де документтерімді алдым. Н.К. Крупская атындағы пединституттың тіл-әдебиет факультетіне түспекпін. Ә.Н.: 5 сентябрь. Төрт-бес сабақтан емтихан тапсырып, институттың бірінші курсына қабылдандым. Сонда оқып жатырмын. Институттың Достоевский, 124-тегі жатақханасына орналастым. Сөйтіп, Әзілхан өзінің қалай студент болғанын күнделікте төрт-бес сөзбен ғана өрнектепті. Ал біз оны басында талапкер, кейін студент атанған Ә.Нұршайықовтың жеке ісі – «Личное дело» № 944 болып архивте тіркелген құжаттарымен байланыстыра отырып толықтырайық. Іс-қағазда барлығы 11 құжат тігіліпті, оның ішінде институтқа түсерде директордың атына өз қолымен жазған өтініші, автобиографиясы және мақтау қағазы және т.б. бар екен. Бір ескеретін жағдай бұл қағаздар латынша жазылыпты. Мақтау грамотасында «педучилищеде екінші негізгі курсты өте жақсы оқып, үлгілі тәртібі болғандығы үшін берілді» деп жазылған. Ал бұның алдында айтып кеткендей мектеп бітіргенде алған мақтау қағазы кириллицамен «Похвальная грамота» деп берілген. Бір атап кетерлігі Әзілханның жазуы әдемі және сөздерін қағазға түсінікті түсіреді екен. Автобиографияда ол өзінің қай жылы, қай жерде туғанын, шыққан тегін шаруа-кедей деп жазыпты. Мектепте қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін бірнеше рет сыйлық алғанын да атап кетіпті. Әзілхан күнделігінде өзі жазғандай он төрт жасында Жарма аудандық «Социалистік еңбек» газетінде «Сернешілер тобы» атты алғашқы мақаласы жарияланып, мектептен «Ақын бала» атанып, 1938 жылы сол «Социалистік еңбекте» «Жамбылға», облыстық «Екпінді» газетінде Дина Нұрпейісоваға арналған «Домбыра» деген өлеңдері шықса, келесі жылы осы «Екпіндіде» – «Қуаныш», «Досыма», «Ленинге» атты өлеңдері, ал «Ульба» деген өлеңі 1940 жылы алдымен «Пионер» (Алматы) журналында басылып, сол жылы Қазақстан пионерлері мен мектеп оқушылары творчествосының «Көрікті бақшаның гүлдері» атты жинағына кіреді. Алайда осындай шығармашылығы туралы тіл-әдебиет факультетіне түскелі тұрған жас жігітттің автобиографиясында бір ауыз сөз жоқ. Мұны не деуге болады? Біз мұны Әзекеңнің табиғи тумысынан қарапайымдылығына жорыдық. Іс-қағаздар арасында талапкер Әзілханның №211 санмен белгіленген емтихан тапсырған парағы да бар екен. Оған да көңіл аударалық. Ол 3-6 қыркүйек аралығында барлығы жеті пәннен емтихан тапсырып: физикадан «өте жақсы», орыс тілі (диктант және жазбаша), химия, тарих, қазақ тілінен «жақсы», тек география сабағынан «қанағаттанарлық» баға алыпты. Қайтадан күнделікті парақтап, жазушының өзіне сөз берейік. Ә.Н.: 1 октябрь. Ашық күнде аспаннан жай түскендей болды. Институттарда оқитын балалар ақы төлеуге тиіс деген Үкімет қаулысы шығыпты. Ақы төлейтіндер қалады. Төлемейтіндер институттан шығарылады екен... Бұдан ары ол осы жағдайға байланысты деканатқа шақырылып, Барлыбаев атты деканымен ақша төлеу жөнінде екеуара әңгіме болғанын, оның тоқетері ауылға барып, әкеңмен ақылдасып, он күннен кейін келіп, хабарын айт деген келісімге келгеніне тоқталады. Бұл күтпеген оқиғаның немен біткенін келесі жолдардан байқауға болады. Ә.Н.: 15 октябрь. Сонымен институттағы оқуды тастауға тура келді. Қимаймын. Амал жоқ. Биыл қызмет істеп, оқу ақысына ақша жинап келіп, ендігі жылы институтта қайта оқимын. Иә, білім қуған жастың қиын жағдайға тап болғаны айтпаса да түсінікті болар. Тек мұндай тығырықтан шығудың, уақытты жоғалтпаудың бір жолын деканы айтып, институт директоры Санниковтың атына арыз жаздырып, «экстернаттар бөліміне көшірілсін» деген бұйрық шығартып, көшірмесін қолына ұстатыпты. Архив құжаттарынан экстернат, яғни сырттай оқуға көшкен Ә.Нұршайықовтың қалай білім алғаны туралы күнделігінде айтылмаған қызғылықты деректер бар екен. Сол хаттар, қатынастар сырына үңіліп көрейік. Алғашқы хатты Әзілхан сол жылдың 24 қарашасында пединституттың сырттан оқыту секторына жолдапты. Ол өзінің осы оқу жылының басында тіл-әдебиет (қазақ группасы) факультетіне түсіп, барлық құжаттарын сонда тапсырғанын жазыпты. Енді экстернатқа ауысуына байланысты сол документтерді өздеріне алып, қабылдасаңыздар қашан келуге тиіс екенімді айтып, хабар жіберулеріңізді сұраймын деп өтініш жасапты. Сырттан оқыту секторына 1941 жылдың 30 қаңтарында жазған келесі хатында ол 1940-41 оқу жылының екінші жартысына оқу ақысы үшін 75 сом төлеу керектігі жөнінде олар жазған қатынасты (23 қаңтар) алғанын, ал ең бастысы ол үшін қай пәндерден сын болатындығын және толық программа жіберулеріңізді сұраймын деген өтінішін жеткізіпті. Сонымен бірге 1 курс көлемінде керекті оқу құралдарын жіберсе ақшасын аударар едім деген тілегін де айтыпты. Жалпы, экстернатта оқу да ақылы болғанын хаттағы жолдардан байқайсың. Және осы оқу ақысы біраз уақыт Әзілханның «бас ауруы» болған сияқты. Онда да ол жағдай оның кінәсінен болмағанын төмендегі жазбалардан байқадық. Сырттан оқыту секторына 3 март күні орыс тілінде жазылған хатында ол оқу ақысы үшін 75 сом ақша аударғанын, тіпті «квитанция №31, 8 февраль, Жарма станциясынан салынды» деп көрсетіпті. Содан кейін тағы да 1-курсқа арналған бағдарламаны жіберуін, қандай сабақтардан сынақ болатынын айтуды өтініпті. Әзілхан жіберген ол хатқа сырттан оқыту секторы 13 март күні №535 санмен тіркеген белгі қойыпты және сол күні бағдарлама жібергенін де жазыпты. Ол төмендегідей пәндер бойынша. Оны сол қалпында ұсынғанды жөн көрдік: Русский фольклор и история. Рус лит. По теории литературы По введению языкознания Нормативный курс казахского языка Алайда оқу ақысын төлеу хикаясы мұнымен бітпегенге ұқсайды. Келесі бір кириллицамен қазақ тілінде сырттан оқыту секторына жазған хатында ол «...осы жылдың 8 февраль күні 75 сом перевод жасаған едім. Переводты Жарма ауданындағы Жарма станциясындағы почта бөлімінің №31 квитанциясымен жібергемін. Қазірде квитанция өз қолымда. Сіздер Жарма аудандық оқу бөліміне мені оқу ақысын төлемеді деп хабарлаған екенсіздер. Неліктен! Менің оқу ақымды алған болуларыңыз керек еді. Сондықтан сұрайтыным: Сіздер мені оқу ақысын төлемеді деп сырттан оқушылар қатарынан шығарып тастамасаңыздар екен. Екіншіден, жазғы сессияға қашан баруға тиіс екендігімді айтып қат жазуды сұраймын. Менің сырттан оқушылар қатарында бар, жоқ екендігім туралы қабар күтемін. 6|v - 1941 Нуршаихов», – деп жазыпты. Кейінгі хаттардан байқағанымыз жағдай қалпына келіпті. Әзілханның май айында жіберген екі жұмысын алғандарын айта келе «...әсіресе Лениннің «Не істеу керек?» деген еңбегіне толық анализ беру керек еді, бірақ олай етілмеген. Жалпы алғанда жақсы – хорошо жазылған деуге болады» – деп Жанаков деген кісі рецензия беріпті. Жеке істегі соңғы қағаз – Әзілханның институтқа жазғы сессияға келгенде жазған диктанты екен. 14 шілде күні орыс тілінен жазылған зачетный диктант деп аталған «На родине» атты жұмысқа «жақсы» деген баға қойылыпты. Сөйтіп, басы қатты болған оқу жылы ақырында сәтті аяқталғанын жазушының кітабынан оқыдық. Ә.Н.: 30 июль. Әлі Семейдемін. Бүгін жазғы сессияны аяқтадық. Бірінші курсты толық бітіргенім туралы институт директоры Санниковтың қолы қойылған қағаз алдым. Соғыс біткеннен кейін керек болар деп ойладым. Кешкі поезбен ауылға қайтам. Оқу бітті. Өлеңім басылды. Міне, бұл жас жігіт Әзілханның орталау мектепті бітіргеннен кейінгі төрт жыл ішінде жоғары білім алу жолындағы бастан өткергендері. Ол талапты да қайсар, еңбекшіл жастың кездескен қиыншылықтарға: кен-металлургия институты жанындағы жұмысшы факультетіндегі орысша оқудың ауырлығы, уәде беріп, серттескен бойжеткеннен қаншама айлар хатына жауап ала алмай, хабарын біле алмай, сергелдеңде жүрсе де үміт үзбеуі, институтта ақылы оқу енгізілген тұста әке-шешесіне масыл болмай, ауылға барып, мұғалім болып, бала оқытып, оқу ақысын өзі төлеп, бірінші курсты бітіріп шығуы, «білім инемен құдық қазғандай» атты қағиданы терең сезініп, білім алу жолындағы азапты тағдырға тайсалмай қасқая қарсы тұрып, құмырсқадай тынбай еңбектенуі, өлеңдерінің облыс қала берді, республикалық басылымдарда жариялануы – кейінгі болашақ үлкен жазушы, журналистің университеттері, өсу баспалдақтары болғанын көреміз. Архив құжаттары осыны айғақтайды. Мен бұл аралықтағы студент Әзілханның өмір жолын, 20-жылдардағы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қаншама қиыншылықтарға қарамастан алыстағы Томскіге дейін барып, білім қуған қыршын тағдырына ұқсатам. Сөйткен Әзілхан Нұршайықовтың төрт жыл қан майданға қатысып, келгеннен соң Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, соғыстан кейінгі тұрмыс ауыртпалықтарына қарамастан 1949 жылы оны ойдағыдай бітіріп, жоғары білім алғаны белгілі. Сонымен, жоғарыдағы мұрағат құжаттарын зерттеудің тоқетеріне келейік. Елімізде тарихи маңызы бар құжаттар сақтайтын арнаулы мекемелер жүйесі – архивтер бар екені белгілі. Олардағы деректер мемлекет пен шаруашылық басқару қажетіне, ғылыми-зерттеу, шығармашылық жұмыстарына және т.б. қолданылады. Сонымен бірге мекемелердің ескі құжаттарын, жеке тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты материалдарды сақтайтын бөлімдері де бар. Міне, сондай бөлімдер жоғары оқу орындарында да бар. Олардың жоғарыда айтқан қызметтермен қатар, кейінгі кезде тарих ғылымының қосымша саласына айналған архивтану пәні мен архив ісі теориясы мен практикасын ұйымдастырып, дамытуда да маңызы артып келеді. Өйткені әйгілі мемлекет қайраткері, атақты ақын – жазушы, ғұлама ғалым, аса білікті инженер болсын жоғары оқу орнында оқып, студенттік өмірді бастан өткереді. Жоғары білім алмай өмірдің биік шыңдарын бағындыру оңай шаруа емес. Соның бір көрінісін біз осы мақаламызға арқау еткен жазушы Ә.Нұршайықовтың жеке ісін зерттеу арқылы байқағандаймыз. Бұл бір тұлғаға қатысты жағдай. Ал айтылған жоғары оқу орны, яғни 80 жылға тақау тарихы бар Семей пединститутын ғана мыңдаған адам бітіріп шыққаны белгілі. Олар тек мұғалімдікпен ғана шұғылданбай, сан-салалы қызметпен айналысуда. Оладың арасынан небір айтулы тұлғалар да шыққаны белгілі. Әйгілі абайтанушы, жазушы, драматург, Қазақстанның тұңғыш әнұранының авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қайым Мұхаметқанов, белгілі мемлекет қайраткері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Мақтай Сағдиев, көп жылдар Қазақстанның оқу министрі қызметін атқарған Қажахмет Балахметов, қазақтың «Макаренкосы» атанған Социалистік Еңбек Ері Жақия Шәйжүнісов, Қазақстан ҒА математика және механика институтының директоры болған Төлеубай Аманов, ҚР Парламентінің сенаторлары болған академик Ғарифолла Есім мен композитор Төлеген Мұхамеджанов осы білім ошағының түлектері. Міне, осындай адамдардың да студенттік білім алған шағы қызықты екендігі, оны арнайы зерттеп, зерделесе ғылыми тұрғыдан бағалы дүние боларына біз сенімдіміз. Сондықтан да жоғары оқу орындарындағы архив деректерін түбірлі өзгерістерге бейімдеп, ондағы құжаттардың ғылыми-анықтамалық аппаратын жасап, жеке тұлға өмірін терең зерттеу әдістемесін жасау, негізгі принциптерін қалыптастыру қажет іс деп білеміз. Бұл шараға болашақ тарихшы студент, магистранттарды жұмылдырсақ, ұтатынымыз анық. Өйткені сақталған құжат-деректердің неғұрлым уақыт озған сайын мәні мен құны еселеп артып, биіктей беретініне студенттік шақтан көзіңіз жете түсетініне күман жоқ. Ендігі бір жағдай, көзі тірісінде халықтың сүйікті жазушысына айналған, мемлекет тарапынан да атақ-абыройдан кенде болмаған Ә.Нұршайықовтың бақилық болғаннан кейінгі «екінші өмірі» қандай құрмет деңгейінде өрбитіндігі, халықты толғандыратыны жасырын емес. Соның бірі жазушының шығармашылығымен байланысты, білім алған және қызмет істеген орындарына қатысты. Біздің білуімізше көзі тірісінде жазушы тіпті өз мерейтойларын да саналы түрде атап өтпепті. Сондықтан да өмірлік ұстанымында қарапайымдылық пен кішіпейілділікті ту еткен әзиз жанға арналған конференциялар өзі білім алған Алматы мен Семейдегі оқу орындарында ұйымдастырылып, оның атындағы дәрісханалар ашылса, өзі оқыған, мұғалім болған Жарма ауданындағы кітапхана мен бір мектепке аты берілгені дұрыс болар еді. Ал, мұндай шаралар жүзеге асып жатса, ол егемен еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеудегі өнегелі, тағылымды істердің бірі болары анық. Өмірзақ Сұлтанов, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты