Шымкент тұрғындары қала әкімі отырған залға басып кірді (ВИДЕО)

Шымкент тұрғындары қала әкімі отырған залға басып кірді (ВИДЕО)

Шымкент тұрғындары қала әкімі отырған залға басып кірді (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
50281
Қала әкімдігі тұтас бір шағынауданның жерін жекеменшік құрылыс компаниясына бермекші. Мемлекеттік қызметшілер Тұран шағынауданындағы 500-ге жуық жер үйді сүру үшін шаһардың бас жоспарын өзгертуге дайын деп жазды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. Халық Тұран шағынауданына осыдан 15 жыл бұрын қоныстана бастаған. Ал 2016 жылдан бастап жұрт жаппай баспана сала бастайды. Бірақ бірер күн бұрын Шымкенттің Сәулет-құрылыс басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасына Тұрандағы жер үйлердің сүрілетіндігі туралы ақпарат жарияланады. Осыны естіген халық қаланың бас сәулетшісіне барған. Шенеунік бұл жер жекеменшік құрылыс компаниясына берілетінін растады.
«Жаңадан келген әр әкім өз жоспарын енгізеді. Әрқайсысы өзінің білгенін істеп жатыр. Бұл жерде халыққа көшені, суды, газды әкеп берген кезде коммерциялық нысандарға өте тиімді болып тұр. Ал тұрғындар болса, баспаналарын бұзуға қарсы. Тіпті, қомақты өтемақы берсе де үйімізден көшпейміз», - деді қала тұрғыны Бауыржан Сәметай.
Жалпы, бұл шағынауданға қажетті инфрақұрылымның тартылғанына екі жыл болған екен. Оған дейін тұрғындар электр жарығы мен суды өздері тартып, жолды да жылдар бойы өздері жүргізген екен. Сөйтіп, басқа амалы қалмаған тұрғындар әкімдікке барған. Шенеуніктердің сабырға шақырғанын місе тұтпаған жұрт қала әкімі Мұрат Әйтенов отырған залға басып кіріп, оны қыспаққа алған. Ашынған адамдар 2016 жылы бекітілген бас жоспардың өзгермейтініне кепілдік беруін талап етеді. Халықтың ортасына микрофон ұстап кірген әкім болса, Шымкентте халық саны миллионнан тез асады деп ойламағандығын айтып ақталды. Сондықтан Тұрандағы жер үйлердің орнына көпқабатты тұрғын үйлерді салу арқылы баспана мәселесін шешу жоспары болғанын жасырмайды. Алайда, тұрғындар наразы болса, бұл мәселені елмен ақылдаса шешеміз деп құтылды. Десе де, тұрандықтар қала басшысының сөзіне илана қойған жоқ. Әкімнің сөзін уақыт ұту немесе сөзбен тыныштандыру болуы мүмкін деген тұрғындар енді петиция жариялап, жоғары жақтан көмек сұрамақ.

Серіктес жаңалықтары